Мақсаты: Жарақаттың алдын алу жағдайында психологиялық көмек көрсету.
Әдіс тәсілдері: Жаттығу, баяндама, ситуациялық сұрақтар, видео слайд, постерлер.
Көрнекіліктер: слайд, интербелсенді тақта, смайликтер, жүрекшелер, бақыт ағашы.
Сабақ түрі:психологиялық кеңес беру сабағы.
Ұйымдастыру кезеңі:
- Психологиялық ахуал
Баяндама: Жарақаттың алдын алу жағдайында көрсетілетін психологиялық көмек.
- Ситуациялық сұрақтар
- Видео слайд
Қорытынды:
Кері байланыс постер қорғау.
Бекіту: Сабақты ауызша қорытындылау.
3.Психологиялық ахуал. Оқушыларды кәмпиттің түсіне қарай топқа бөлу.
- Баяндама
Балалар денсаулығын сақтауда қоғамның алаңдаушылығын тудыратын бір мәселе – балалардың жарақат алуы. Өйткені, барлық балалар ауруының ішінде жарақат алу пайызы тым жоғары. Денсаулығы да, көңіл күйі де жақсы болып жетіліп келе жатқан жас ағза әйтеуір бір жағдаймен жарақат алудың салдарынан мүгедектікке ұшырап, кейде тіпті өмірмен де қоштасып жатады.
Ата-анасына да, жақындарына да орны толмас өкініш әкелетін ауыр жәйт. Балалар жарақаты туғаннан, тұрмыста, көшеде, балабақшада, мектепте, көлікте, спортта болған деп бөлінеді. Соған орай әрқайсының өзіне тән алдын алу шаралары бар.
Балалар жарақатының алдын қалай алуға болады? Бұл сауал әрбір кездесуде, форумдар мен конференцияларда сөз етіліп келеді. Астанада құрылыстардың көптеп салынуы, қала көшелерінде көліктердің көбеюі балалардың жарақат алуының да себеп-салдарын арттыруда.
Өкініштісі, жұртшылықтың мәдениеті, әлеуметтік дамуы өскенімен, балаларды қадағалау жағы кеміп кеткендей көрінеді. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер не нәрсені де алдымен қолымен ұстап, әйтеуір танып-білуге деген әуестіктерінің салдарынан тұрмыстық жарақаттарды жиі алып жатады. Сондықтан қорқу білмейтін балдырғанның әр ісін қадағалап отырмаса, оқыс оқиғаға ұшырауы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда сәбиге қауіптің не екенін айтып, ұстама, қозғама, деп бағыт, тәрбие берудің аздығынан баласы жарақат алған ата-ананың өзін кінәламасқа амал жоқ.
Ал енді мектеп жасындағы балалардың жарақатын сөз етсек, онда олардың ұрыншақтығы мен өз қауіпсіздіктеріне мән бере бермейтін салғырттықтарының әсері мол. Сондықтан мектеп әкімшіліктері, ұстаздар қауымы балалармен жиі әңгіме өткізіп, өкініштің алдын алып, сабақ уақытында кезекшілік ұйымдастырулары, мұқият болуды көбірек ұғындырғандары абзал. Бала үшін 45 минут сабақта отыру оңай емес, олардың осы уақытта милары ғана шаршап қоймайды, олар қимылдамай отырудан да жалығады, сондықтан да әр сабақ сайынғы үзіліс осындай физиологиялық қажеттіліктен туған. Міне, осы үзіліс уақытында балалар асыр салып ойнайтын, күшін жетілдіретін арнайы бөлмелер қажет. Осылайша балалардың жарақат алуын азайтуға болар еді. Оқу үдерісінде сабақ кестесін жасаған кезде оқушылардың баспалдақпен жоғарыдан төменге немесе төменнен жоғарыға (кабинеттен кабинетке) көшуін мейлінше азайтып, кабинеттердің орналасуын жас ерекшеліктеріне байланысты жасаса жарақат алу да азаяр еді.
Дене шынықтыру сабағында оқушылардың жарақатының алдын алуда құлап қалған жағдайдағы қауіпсіздік бастауыштағы кезеңнің өзінде үйретілуі тиіс. Және де мұғалім әрбір сыныптың жас ерекшелігін ескеріп, жынысына, денсаулығының жағдайына қарап әр 45 минутінің бағдарламасын зерделесе, қоғам да, мектеп те, шәкірт те ұтқан болар еді.
Балалар жарақатының ең бір күрделісі – жол-көлік оқиғаларына ұшыраулары. Түрлі ауырлық дәрежедегі бұл жарақаттардың салдары да сан алуан.
Осындай жан ауыртатын, кейде өмірлік қасірет шегуге апаратын оқиғаларды болдырмаудың амалын қалай қарастыруға болады. Қоғамдаса отырып, ата-ана, мектеп ұжымы, жол полициясы қызметкерлері, дәрігерлер бірлесе балалардың жарақат алмауының жағдайын қарастырып, жолда жүру ережелерін, тағы да басқа алдын алу шараларын қолға алып, семинарлар, кеңестер өткізсе, оны жеріне жеткізе жеткіншектерге ұғындыра білсе, жарақат азаюына септігі тиер еді деп ойлаймын.
Балалар жарақатының алдын алу – тек медициналық қана емес, әлеуметтік те міндет, оны шешуге қоғамның барлық мүшелері атсалысуы қажеттілік екендігін ұғыну оң нәтижелерге қол жеткізбек.