Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Барлық жаңғырту үрдісіндегі табыстың негізгі факторларының бірі – ұлттық білім беру жүйесін жаңарту болып табылады», – деп атап көрсеткендей, жыл сайын білім беру үдерісі жаңару үстінде. Қазіргі кезде білім беру саласына жаңа көзқарас, жаңаша талап қойылып отыр. Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің стратегиялық мәселелерінің бірі он екі жылдық оқыту үлгісіне көшу болып табылады. Оның үш бағытта жүзеге асып жатқандығы белгілі.Бірінші бағыт білім беру жүйесі мазмұнын жаңарту болса, Республика көлемінде «Мектепалды даярлықтың білім беру бағдарламаларын, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын, оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін апробациялау бойынша 30 пилоттық мектептің қатарына» көш бастап Павлодар облысы Баянауыл ауданы №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебі де еніп, жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бірінші сыныптарында апробацияны өткізіп жатыр. Қазақстан мектептерінің білім беру үдерісіне енгелі отырған жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» деп Ж. Аймауытов айтқандай жас буынға білім беру саласында жаңаша түрде білім беруге ұмтылу қажеттігі туындайды. Бастауыш білім беру стандартының басты ерекшелігі – нәтижеге бағытталған. Бастауыш мектептің міндеттері кеңейтілген, жаңа идеяларға негізделген. Тәрбие мен оқыту бірлесе қамтылған. Жалпы орта білім беру мазмұнын жаңартуды көздеген жоба әлемдік озық үрдіске сәйкес әзірленген. Онда мектеп оқушыларын жоғары адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, сын тұрғысынан ойлай алатын, ғұмыр бойында жеке басының мәдениеті мен білімін жетілдіруге дайын, өмірдің өзгерістеріне бейімді, қоғамға өз пайдасын тигізе алатын белсенді тұлға етіп тәрбиелеу мақсаты көзделген. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ -мен Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 13 мұғалім курстан өтті. Жаңа стандартты жүзеге асыру механизмі мен мұғалім жұмысының нұсқаулығы болып табылатын пәндер бойынша оқу бағдарламалары мен жоспарларының құрылымы ұсынылып, курстан алған білімдері мен тәжірибелерін жаңа мазмұнды білім беру үдерісінде қолданып жатыр. Апробацияны Астана қаласында ПШО-да «Жаңартылған білім беру мазмұны» бойынша курстан өткен ұстаздар: ІІ (негізгі) деңгейлі курстан сертификатталған ұстаз Сулейменова Г.Т, ІІІ (базалық) деңгейден сертификатталған ұстаз Ж.Е Мұратова, А.А Арынжанова, А.М. Оразбаева оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін әр түрлі қолжетімді рсурстарды пайдаланып, оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып жұмыс атқаруда.
1-сыныптарда екі сынып «Алматыкітап» баспасымен, екі сынып «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасымен, «Мектеп» және бір сынып «Атамұра» баспасы оқулықтарын апробациялауда. Оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған сабақ мазмұны жеңіл формада құрылып, біртіндеп күрделену принципіне негізделген. Оқыту үдерісінде тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым дағдылары жүзеге асырылады. Өнер сабағында аспаппен сүйемелдеп айтқан әндері балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыруда.1 сыныптарда өткізілген психологиялық жағымды атмосфера оқушыларды ынтымақтастықта жұмыс жасауға жұмылдыруда.
Көптілді меңгерген тұлға қалыптастыру мақсатында – тілдің біліктілік шеңберіне сәйкес деңгейлі оқытылуы мен тілдерді сөйлеу іс-әрекетінің төрт дағдысын (тыңдау, сөйлеу, оқу, жазуды) дамыту арқылы үйрену іске асырылуда. Үш тілді меңгеруді ерте жастан оқытуда ағылшын тілі, орыс тілдері пәнінің енуінің өзіндік ерекшелігі бар, оқытуда тірек сөздер қазақ, орыс, ағылшын тілінде беріліп, пәнаралық қолданысқа енгізілуде. Оқушы білімін бағалауда критериалды бағалау жүйесі қолданылады.
Бастауыш сынып оқушыларына лайықты мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралау, бала жанына жақын қарым-қатынас арқылы оларды дамыту мәселесін ғылыми жолға қою оңай мәселе емес екендігіне, оқу-тәрбие үрдісінің небір қиын проблемаларына тап болып, оны шешу жолындағы басқару әрекеттерін дұрыс ұйымдастыра білгенде ғана жұмысымыз нәтижелі болатыны сөзсіз.
Жаңартылған білім мазмұнын апробациядан өткізуде Павлодар қаласындағы химия – биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» А. М. Жалмағамбетова бастаған шығармашылық топ ұстаздарымен ынтымақтаса отырып, «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге енгізуде оқу мен оқытудағы әдіс-тәсілдердің тиімді қолданылуына әдістемелік көмек көрсетуде. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» базасында бастауыш сынып мұғалімдері үшін «Жаңартылған білім беру мазмұнында «Музыка», «Өнер» пәндерін беру тәсілдері», «Бастауыш сыныптарда CLIL техникасын қолдану арқылы командалық оқыту жүйесі» және «Тәрбие үрдісіндегі диагностикалау технологиясы» тақырыптарында семинар-тренинг өткізіліп, мұғалімдер іс-тәжірибелерімен бөлісті. «НЗМ» ДББҰ-мен және Павлодар облыстық инновациялық орталықпен пилоттық мектептер арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оқыту мен оқу үрдісінде кездескен проблемаларды шешу жолдары қарастырылып, әдістемелік көмек көрсетіліп, І жартыжылдық қорытындысы жасалып, алда бірлесіп атқарылатын іс –шаралар жоспары талқыланып, әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары жалғастырылуда.
Павлодар қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының тренері О. Ертисхан «Оқыту мен оқуда қолданылатын белсенді әдістерді бастауыш мектеп жағдайында тиімді қолдану» тақырыбында семинар практикум өткізіп, семинарда бастауыш сынып мұғалімі Г.Т.Сулейменова «Оқытудың белсенді әдістерінің жаңартылған білім беру мазмұнында алатын орны» тақырыптарында өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісті.
Жаңартылған білім беру мазмұнынын оқу мақсаттарына жетуде бастауыш сынып ұстаздары оқыту мен оқудың белсенді әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану арқылы, оқушының өз ойын еркін айта алатыны, командамен жұмыс жасай алу дағдыларының дамығанын және оқушының өзін-өзі бағалау арқылы жетістікке жетуге ұмтылатынын байқадық. Сабақ барысында оқу мақсаттарына жетуге талпынатын оқушыларға оқу жетістіктерін жақсартуға көмектесетін кері байланыс пен қолдау үнемі көрсетіледі.
Жаңартылған білім беру мазмұнын апробациялауда оқытудың белсенді әдістерін бастауыш мектеп жағдайында тиімді қолдану тәжірибесімен ұстаздар үнемі алмасып отыру арқылы белсенді әдістердің оқушылар шығармашылығын арттыруда тиімділігіне көз жетіздік. Шығармашылық қабілет баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз- бастауыш сынып оқушысы бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерді ашып көрсету.