Бағдарлы оқыту – білім беру үрдісінің құрылымын, мазмұнын, ұйымдастырылуын өзгерте отырып, оқушының бейімділігін, қабілетін, қызығушылығын ескеріп, жоғарғы сынып оқушыларының өздерінің кәсіби білім таңдауына, оқуларын ары қарай жалғастыруына жол ашатын білімді саралап, даралап берудің негізгі құралы.[1,3]
Ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды игеру қазіргі заманда әрбір жеке тұлға үшін оқу және жазу қабілеті сияқты сапалармен бір деңгейде тұратын және әрбір адам үшін қажетті шартқа айналды. Алынған білім мен дағдылар бұдан әрі көптеген жағдайда қоғамның даму жолдарын анықтайды. Бұл өскелең ұрпақты ақпараттық қоғаммен зиялы қарым-қатынасқа оқытып, тәрбиелеуге және ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасайды. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында қазіргі кезде жалпы білім беретін орта мектептерде оқушылардың қызығушылығы, ынтасы мен қабілеттілігін ескере отырып, жоғары сынып оқушыларын олардың білімін ары қарай жалғастыру, болашақ мамандық таңдауына жағдай жасау үшін бағдарлы оқыту курсы қолға алынуда.
Бағдарлы оқыту – жеке тұлғаға бағдарланған оқу үрдісін іске асыруға бағытталған. Мұнда оқушының жеке білім траекториясын таңдау мүмкіндігі артады.
Қолданбалы курс және таңдау курсы – бағдарлы оқыту жүйесінің маңызды рөлін атқарады.
Қолданбалы курс – оқу жоспарының жаңа элементі және оқушылардың әртүрлі қызығушылығын қанағаттандырады. Жақсы жоспарланған қолданбалы курстан оқушы өз қалауымен бір білім саласында білім алуына болады.
Таңдау курстары оқушылардың талап-тілегін, қызығушылығын қанағаттандыруға арналған. Олар таңдалған сыныптың бағыты мен бағдарына байланысты болуы да, болмауы да мүмкін. Таңдау курстары оқыту бағдар аясында тыс жүзеге асырылатындықтан, оларға бір сынып оқушыларының барлығы қатысуы міндетті емес. [2,4]
Информатика пəнінің мұғалімдері информатиканы бағдарлы оқытудың қазіргі тұжырымдамасымен таныс болуы тиіс; информатиканың бағдарлы, қолданбалы, таңдау курстарын қазіргі техникалық, программалық жəне əдістемелік қамтамасыз етуге сай шығармашылықпен оқытатын білім, іскерлік жəне дағдылармен қамтамасыз етілуі тиіс; информатика пəнінің мұғалімдері өз бетімен информатиканың бағдарлы, қолданбалы, таңдау курстарын жобалай білуі жəне оқушыларды дербес оқыту траекториясын жоспарлай білуі тиіс. [3,3]
Енді, жаратылыстану–математика бағыты бойынша «Macromedia Flash және дизайн» таңдау курсының бағдарламасын ұсынғым келеді.
Бүгінгі таңда технологияның қарқынды дамуына байланысты компьютерлердің графикалық мүмкіндіктері күннен-күнге үлкеюде. Қазіргі компьютерлердің мүмкіндігіне байланысты программалар да аз жасалып жатқан жоқ. Соның ішінде, анимация жасауда көп қолданысқа ие Macromedia Flash программасы. Бұл программаны көбінесе Web-сайттарды құруда көп қолданады. Соңғы кезде электронды оқыту өнімдері нарығында, Macromedia Flash технологиясы негізінде жасалған және тәжірибесі жоқ компьютер қолданушысына программалық өнімдер жасау мүмкіндігін беретін оқу құралдары мен мультимедиялық оқулықтар саны көбейіп барады. Қазір Macromedia Flash-технологиясы ең жаңа және кең қолданылып жатқан технология болып табылады.
Курстың тақырыбы: Macromedia Flash және дизайн
Курстың мақсаты:
Компьютерлік жүйелер архитектурасын, компьютерлік жүйелерде жұмыс жасау тәсілдерін, сонымен қатар компьютерлік жүйелер ресурстарына қол жеткізу әдістерін зерттеуге үйрету.
Міндеттері:
- Компьютерлік жүйелер архитектурасын, олардың түрлері мен мүмкіндіктерінің негіздерін зерделеу;
- Ақпаратты сақтау және түрлендірудің теориялық негіздерін меңгерту;
- Компьютерлік жүйелердегі ақпарат алмасудың теориялық негіздерін меңгерту;
- Ақпаратты сыртқы тасымалдауыштарда сақтау және олардағы мәліметтерді қорғау әдістерінің негіздерін меңгеру;
- Компьютерлік жүйелерде жұмыс істеу үшін практикалық дағдыландыру.
Күтілетін нәтиже:
Macromedia Flash бағдарламасын меңгерген және оны кәсіби мамандығына қолдана алатын тұлғаны тәрбиелеу.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМДІК ДЕҢГЕЙІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Білуі тиіс:
- Компьютерлік жүйелер архитектурасын;
- Компьютерлік жүйелерде жұмыс істеу тәсілдерін;
- Компьютерлік жүйелердегі ақпарат алмасудың теориялық негіздерін;
- HTML-тілінің қарапайым тегтерін;
- Web-парақтарды ашу және дизайнын құруды.
Меңгеруі тиіс:
- Macromedia Flash жүйесімен жұмыс істеуді;
- Macromedia Flash МХ технологиясының айырмашылығын;
- Macromedia Flash командаларының қызметін;
- Macromedia Flash –тің принциптері мен мүмкіндіктерін,
- Flash-те анимация құру тәсілдерін;
- Macromedia Flash программасында фильм жасау тәсілдерін;
- HTML тілін пайдаланып, Web-парақтар құруды;
- Web-парақтарға Macromedia Flash программасында жасалған файлдарды жүктеуді.
Түсіндіре алуы тиіс:
- Векторлық графиканы пайдалана білуді;
- Flash-фильмдегі іс-әрекеттерді басқаруды;
- Анимация мен мультипликация ұйымдастыру негіздерін;
- Мультимедиалық фильм құрастыруды;
- Компьютермен жұмыс істеудің дағдысын.
Сағат жүктемесі: аптасына 1 сағаттан, барлығы 34 сағат.
Курс бағдарламасының тақырыптық-мазмұндық бөлігі
Macromedia Flash технологиясына кіріспе (1 сағат)
Үлкен көлемді ақпаратпен алмасу, анимациялық (қозғалыстағы бейнелер қатары) ақпаратпен жұмыс істеу, үлкен көлемді жадыны қажет етуіне байланысты мәліметтердің көлемін қысқартуға мүмкіндік беретін Flash технологиясын пайдалану тиімді.
Компьютерлік графика (1 сағат)
Компьютерлік графика – әртүрлі кескіндерді (суреттерді, сызбаларды, мультипликацияларды) компьютердің көмегімен алуды қарастыратын информатиканың негізгі саласы.
Қазір танымал программалардың ешқайсысы компьютерлік графикасыз жұмыс істемейді. Статистикаға сүйенсек, жаппай қолданыста жүрген программаларды жасап шығарушы бағдарламалық ұжым қызметкерлері жұмыстарының 90 пайыз уақытын осы графикамен шұғылдануға жұмсайды.
Қазіргі компьютерлік графика тек көркемдеу мен безендіру үшін ғана емес, ғылым мен медицинаның барлық саласында, коммерциялық және әкімшілік қызмет орындарында алуан түрлі ақпаратты көрнекі түрде көрсету үшін сызбалар, графиктер, диаграммалар жасау үшін қолданылады.
Macromedia Flash программасы (25 сағат)
Бүгінгі таңда технологияның қарқынды дамуына байланысты компьютерлердің графикалық мүмкіндіктері күннен-күнге ұлғаюда, соның ішінде, анимация жасауда көп қолданысқа ие Macromedia Flash программасы. Бұл программаны көбінесе Web-сайттарды құруда қолданады. Macromedia Flash технологиясы тәжірибесі жоқ компьютер қолданушысына программалық өнімдер жасау мүмкіндігін беретін оқу құралдары мен мультимедиалық оқулықтар құрастыруға мүмкіндік береді. Қазір Macromedia Flash технологиясы ең жаңа және кеңінен қолданылып жатқан технология болып табылады.
HTML форматы (7 сағат)
Web-дизайн, жүйелік программалаушы, әкімшілік және т.б. мамандардың қажет екендігін түрлі жарнамалардан, ақпарат құралдарынан көруге болады.
Мектеп бітірушілер компьютерлік сауаттылықты меңгеріп шығады, бірақ келешекте олар бағдарламашы, инженер, жүйе әкімшісі болуы міндетті емес. Дегенмен, кез-келген шығармашылық мамандық сізден қазіргі заманға сәйкес компьютерлік технологияларды меңгеруді талап етеді. Мысалы, Web-сайттардың күрделі білімдік, ғылыми, коммерциялық мүмкіндіктері.
Практикалық жұмыстар
- Құрал-саймандармен түрлі әрекеттер орындау,
- Жұмыс аймағына векторлық бейнелерді орналастыру.
- Бейнелерге түрлі мәтіндер жазу.
- Мәтіндер мен бейнелерге анимация қою.
- Анимациялық суреттерге дыбыс қою.
- HTML-тілінде құжат құру және анимациялық суреттерді орналастыру.
- Web-беттің дизайнын ұйымдастыру.
- Сайт жобаларын ұсыну.
Пән аралық байланыстар
Сызу және сурет – компьютерлік графикамен жұмыс жасау кезінде түрлі сызбалар қолданылады. Түрлі нысандарды салу мақсатында пайдалану.
Информатика – ақпараттық кеңістікке еркін бойлап, қолданбалы бағдарламалар көмегімен түрлі ақпараттарды жазу.
Ағылшын және орыс тілі – компьютер тілдерін толық меңгеру және қолдану жүйесін жасау.
Білімді меңгеру деңгейін бақылау
Оқушылардың білім, білік дағдысы тоқсандық, тарау тестілері және деңгейлік тапсырмалар арқылы тексеріледі.
Әрбір тарау соңында оқушылардың білім, білік дағдылары электрондық жүйеде дайындалған 50-60 сұрақтан тұратын тест бойынша жүргізіледі. Сұрақтардың жеңіл және күрделілігіне байланысты 1 сұрақ 3-5 ұпай аралығында бағаланады.
Жұмыстың практикалық бөлімінде қолданбалы курстардың мазмұны мен оқыту әдістері беріліп, мысалдар арқылы көрсетіледі. Жалпы білім беретін орта мектептерде бағдарлы оқыту үрдісін ұйымдастыру, оның оқу-әдістемелік жүйесі енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан, жұмыста қарастырылған материалдар орта мектептегі информатика пәні мұғалімдері мен бағдарлы оқытумен айналысып жүрген ізденушілерге септігін тигізері анық.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да ақпараттық қоғамға қажетті білімді ұрпақты дайындауда бағдарлы курстарды оқытудың пайдасы мол деп есептеймін.