Тамырымен қопарып ап жалбызды,
Отырғыздым үйіме әкеп ыдысқа.
Жабайы шөп,-деді жарым мынауың,
Бала емессің,-деді осының дұрыс па?
Отырғанмын кеуде кере тыныстап,
Мұндай жайға әйел заты тырысқақ.
Ерсі емес пе, дала шөбі бөлмеге,
Гүл әкеліп екпейсің бе, дұрыстап?
Досым көріп: – қиялисың сен, – деді,
Гүл күту ме, ер адамның ермегі.
Қалжың керек, қайдан ұқсын ол бірақ,
Балаға тән құмарлықты мендегі.
Өгейсінбей өзге түрлі гүлдерден,
Өніп жалбыз, өзіне тән түрге енген.
Мен отырдым дала демін сезініп,
Кең бөлмемнен, жұп-жұпыны іргемнен.
Жалбыз – жалбыз, ауыл жырын жырлады,
Есіме алдым Сарбұлақты жылғаны.
Сол жылғадан жылы ағыстай көрініп,
Бала күнім маған қолын бұлғады.
Көңілімнің тапқандай боп қалауын,
Жалбыз шөпке сүйінішпен қарадым.
Жылбыз өніп тұр бөлмемде бүгінде,
Бітістіріп қала әні мен дала әнін.
Жалбыз
Creativity
Жалбыз
Author: Өскенбаев Құрманбек Мұхаметбекұлы
Job: "Әдістеме" журналы
Position: Құрметті редактор
Date of publish: 20.02.2022
Publisher: Құрманбек Ө.