Елшінің ерлігі мен бірлігі [Эссе]

Автор статьи : Жұманұлы Ә.
Организация : «Нәзір Төреқұлұлы» Халықаралық қоры
Должность : Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор
Дата : 13.12.2021
Номер журнала : 01-14-2022

Қай кезде болсын белгілі бір қоғамның даму жолын алға жылжытуда жекелеген тұлғалардын феномені ерекше орын алатындығы баршаға белгілі. Өз елінің тәуелсіздігі мен ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді.

“Аса көрнекті тарихи қайраткерлердің, шын мәніндегі мемлекетшілердің тұтас бір шоғырының” – жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген тұлғалардың ұлттық мүдделерге қызмет етуінің ұлы тарихи үлгісі көз алдымызда тұр”, деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” деген еңбегінде жазғанындай, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың қоғамда алған орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын көрсете білу – біздің парызымыз. Осы орайда Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған аса көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтарының бірі Нәзір Төреқұлұлының да ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен алаш қайраткері Нәзір Төреқұлұлы ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды. Кешегі патшалық Ресейде, 70 жылдан астам үстемдік құрған өктемшіл саясат дәуірінде тарих сахнасына шыққан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды қайраткерлер бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолдарын, амалдарын анықтап берген болатын. “Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмет етудің ізгі мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Н.Төреқұлұлы болып табылады”, – деп жазды халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов дипломат, саясаткер Т.Мансұровтың “Елші Н.Төреқұлұлының Арабия дастаны” атты кітабына берген алғы сөзінде.

Нәзір Төреқұлұлы Ресей отаршылдығының Түркістан халықтарына қаншалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінген. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығып тұрған басылымдарда жариялаған мақалалары мен биік мінберлерде жасаған баяндамаларында бүкпесіз айтқан. Патшалық Ресей мен большевиктер билеген Ресей Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет айтып, ашық әшкерелеген. Нәзір Төреқұлұлының осындай саяси әрекеттері арқылы XX ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері. Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқан­дай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді “сен тұр, мен атайын” дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір кезеңдерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияға дейін жалғасты. Ол негізінен ағартушы, білгір баспагер, ел мен елді елдестірген елші болып өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының қақ ортасында шоқтығы биік тұрды. Қандай қызмет атқарсадағы халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті. Нәзір Төреқұлұлы қарымы үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып “Қазақ мұңы” газетін шығарды. 1916-1917 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны көпке мәлім. Демек, Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға — Нәзір Төреқұлұлы! Ташкентте “Темірқазық” журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұлұлын жалынды публицист ретінде танимыз. Нәзір Төреқұлұлы қазақ, өзбек, тәжік тілдерін “ана тілім” деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, меңгерген білімін іске жаратқан үлкен ғалым. 1926 жылы Бакуде өткен І түркологиялық конгреске арнайы қатысып алфавит жайында баяндама жасады. Онда латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. “Түрік халықтары кіндік баспасы” бас редакторы кезінде 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарып отырды. Нәзір Төреқұлұлы Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт респуб­ликасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәскеуде 1922-28 жылдары “Күншығыс халықтары Орталық баспасында” бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Бөкейханов, Жұмабаев, өзбек Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. 1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға қатысқан. Қоқан Ревком төрағасының орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болды. 1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1922 ж. Түркістан Республикасының Оқу-ағарту комиссары болып сайланды. 1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Мәскеу жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ берді, ғылыми еңбектер жазды. Оның “Бұхара Советтік Халық Республикасы”, “Қоқан автономиясы”, “Ферғана мәселесі” деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы “Темірқазық” журналын шығаруды қолға алды. Бұл журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. “Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады” (С.Мұқанов. “Қызыл Қазақстан”. №16, 1923 ж). Көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлұлы партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы “Түркістанның қызыл жылнамасы” журналын шығарды. Сауаттылығы төмен елде қоғам құрып, мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедовтер оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлұлы тұрды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес, мәдени шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды игеруді қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырған. Нәзір Төреқұлұлының Түркістандағы қызметі аса бір күрделі кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай жергілікті саяси топтарға “орталықтан жіберілген басшылар… дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты… орталықтың саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды…”.

Мұндай аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті. Сол қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақтауды насихаттады, қорғады, қолдады. “Ислам және коммунизм” атты мақаласында ислам діні мешеу қараңғылықта қалдырады деген қағиданы өмірден тәжірибелер келтіре отырып теріске шығарды. 1921 жылдың 7 ақпанында Үкімет басшысы Н.Төреқұлұлы мұсылман жамағатының ыңғайын бағып, бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырған №14 декретке қол қояды. Сонымен бірге, Құрбан айт күндерін мереке деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен бірдей еді. Өкінішке қарай, Н.Төреқұлұлының бұл бастамасын сол дәуірде жүзеге асыру мүмкін болмады. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен мұсылмандар айты демалыс күні болып жарияланды. Сонымен қатар Нәзір Төреқұлұлы Прежевальск қаласының Қарақол атауын қолдаған. Н.Төреқұлұлының оқу-ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды. Нәзір Төреқұлұлы Ташкентте әуелі қазақ ағарту институты аталған, кейіннен жоғары педагогикалық институтқа айналған оқу орнын құрудың басы-қасында жүрді. Бұл қазақ халқының тарихындағы тұңғыш жоғары оқу орны еді. Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғылым академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қойды. Н.Төреқұлұлы 1922-1926 жылдары Мәскуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл-ой алыптары, “алашордашылдарды” қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкінішке қарай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып, жазықсыз атылып кетті. Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлұлы толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда одақтық деңгейде басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықтармен етене араласып, оларды мәдениетке, әдебиетке баулыды. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттерінде жарияланған мақалалары езілген халықтарды жігерлендіріп, бойларына күш-қуат берді. Түркістан Орталық комитетінің төрағасы болып жүріп жерді пайдалану жөніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе, жеке қожалықтар құру жөніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда. Нәзір Төреқұлұлы Түркістан Үкіметін басқарып тұрғанда Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезі мен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді де көндіре  білген. Яғни, Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №4, 5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түркіменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшілігі мен этнографиялық құрамына қарай ендігі кезде Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру туралы №341 декретімен бекітіп, осылайша қазақ жұртының ресми территориялық картасына қабылдатқызған. Cол кезеңде бүгінгі Маңғыстау облысы Закаспий облысының құрамында болды. Закаспийдің бергі беті – Түркіменстан, Маңғыстау жері болса, арғы беті Дағыстанның жері болатын. Мұндай тарихи маңызы зор құжаттың бастамасында 1920 жылдың 16-қазанында Түркістан Республикасы Кеңесі ОАК төрағасы Нәзір Төреқұлұлы тұрған еді. Осылайша, ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының ерен еңбегінің арқасында, еліміздің үштен бір байлығын иеленіп отырған кең байтақ қасиетті Маңғыстау жері қазақтың бағына айналып отыр. Осылайша, Маңғыстау түбегінің Қазақстан аумағында қалуына Нәзір Төреқұлұлының сіңірген еңбегі зор. 1927 жылы 15 желтоқсанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы Нәзір Төреқұлұлын Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) елші етіп тағайындайды. Сегіз айдан соң Нәзір жаңа қызметке Таяу Шығысқа аттанады. 1928 жыл маусымда Сауд Арабиясында КСРО Бас консулы – Сауд Арабиясында КСРО Төтенше елшісі және Өкілетті министрі болып болып тағайындалады. 1928 жылдың 3 қазанында Мекке қаласында корольдің ұлы Фейсал ханзадаға сенім грамотасын табыстайды. Нәзір Төреқұлұлы КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу қарапайым кезекті қызметке тағайындалу емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі – бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті. Елшілік міндетіне кіріскен Н.Төреқұлұлы елшілік жанынан емдеу клиникасын ашуға күш салады. Артынша, балаларға арналған тіс емдейтін кабинет аштырып, Мәскеуден Мерзон деген маманды алдырады.

Елші Нәзір Төреқұлұлы араб түбегіне келгенде, жергілікті саяси ахуал Англиямен барынша шиелініскен кезеңі еді. Мұсылман дүниесінің жан сырына қанық, хас иманды, аузы уәлі елші ғаламдық дау-дамайға батыл араласты. Арабша білмейтін Нәзір көп ұзамай аудармашысыз-ақ байланыс орната білді. Мұнысы еуропалық елшілерді, әсіресе, ағылшыш Бонд мырзаның өзін таңғалдырды. Сонымен қатар, Нәзір корольдің аса ықпалды тұлғасы, қаржы министрі Абдулла Сулейманды КСРО-мен  сауда қатынасын жасауға көндіреді. Нәзір Төреқұлұлы 1930 жылы Меккедегі Фейсал ханзадаға өзінің КСРО-ның төтенше елшісі және өкілетті министрі екенін айғақтайтын сенім грамотасын тапсырады. Оның үстіне, Нәзірдің дипкорпустың дуайены (бір мемлекеттегі бүкіл елдің елшілерінің жетекшісі) болып тағайындалуы ағылшындармен арадағы «тарихи тартысты» өз пайдасына шешкендігінің нәтижесі еді. Осы қызметте жүріп, әлденеше рет үлкен және кіші қажылыққа барып, мұсылмандық парызын да өтейді. Сегіз тілді еркін меңгерген азулы елдің елшісі Н.Төреқұлұлының жастайынан қалыптасқан мәмілешіл, бітімгершілік қасиеті екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды биік сатыға көтергені тарихи шындық. Академик, Ресейдің мемлекет қайраткері Е.Примаков өз еңбектерінде келесі тұрғыда айтып өткен болатын. Қайсыбір мемлекетке қатысты саяси бағдарымыз көбіне оның кімнің әрі қалай жүзеге асыруына қатысты келеді. Бұл ретте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі Нәзір Төреқұлұлының орны айрықша екендігі даусыз. Сол жылдардағы басшылықтың Ислам жеріндегі өз өкілі ретінде біріншіден, діни нәзіктікті тереңнен түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар, революция ісіне адал мемлекет қайраткерін дұрыс таңдаған кадр саясатын атап өтуге міндеттіміз. Бұл өзін толайынан ақтаған таңдау еді. Нәзір Төреқұлұлы 8 жыл бойына (1928-1936) өз елін Сауд Арабиясына лайықты таныта білді – бұл сол уақыттағы рекордтық мерзім. XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қазақ интеллигенттері ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлұлы өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды. Н.Төреқұлұлының КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлұлы да Кеңес өкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлұлы дербес мемлекет құруды армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдері өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандық дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолынан мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды. Әрқилы себептермен, еліміз егемендігін алғанша Нәзір ойдағыдай насихаттал­мады.

Қоғам қайраткері Ыбырай қажы Ысмаилұлы 1995-2005 жылдары Н.Төре­құлұлы атындағы халықаралық қор ұйымдастырып, нәзіртану жұмыстарын үлкен көрегенділікпен жүргізді. Мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, түркі тектес халықтың мақтанышы Нәзір Төреқұлұлының өмірін зерттеп, көпшілік қауымға жария етіп, Қазақстан тарихынан өз орнын алып беруде Ыбырай қажы зор еңбек сіңірді. Сонымен қатар Нәзір Төреқұлұлы есімін алғаш еске салған, естелік жазған жазушы Жүсіпбек Арыстанов, профессор Бейсембай Кенжебаев, зерттеп кітап жазған Жолтай Әлмашұлы мен Сәрсенбек Сахаббат еңбектерін арнайы атау қажет. Сондай-ақ Нәзір Төреқұлұлының өмірі  жайлы көркем кітап жазған баспагер Нұрмахан Оразбектің есімі де ілтипатқа лайық. Сонымен қатар, «Нәзір Төреқұлұлы» Халықаралық қоры да Н.Төреқұлұлы еңбектерінің бес томдығын құрастырып жарыққа шығарды. Белгілі ғалымдар Б.Кенжебаевтың, Т.Қожакеевтің, Р.Бердібайдың, Ф.Бәкіровтің, С.Тілеуқұловтың, Ш.Оразымбетовтің, Н.Назаровтың, Д.Ысқақұлының, Б.Қойшыбаевтың, т.б. еңбектерінде Н.Төреқұлұлының өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы бірсыпыра бағалы пікірлер айтылды. Сонымен қатар, белгілі жазушы Ж.Әлмашұлы Н.Төреқұлұлының шығармашылығынан диссертация қорғап, көркем шығарма жазғаны белгілі. Сондай-ақ, С.Қирабаевтың, Т.Кәкішевтің, Ш.Елеукеновтің, т.б. әдебиетші ғалымдардың еңбектерінде арнайы болмаса да ішінара Нәзірге қатысты пікірлер кездесіп қалып отырады. Олардың ішінде Қазақстан дипломатиясының жарық жұлдызы, саясаткер Н.Төреқұлұлының есімін әлемдік аренаға алып шыққан тарихшы-дипломат, мемлекет қайраткері Т.Мансұровтың еңбегі ерекше. Ол архив деректеріне, дипломатиялық хат-қағаздар мағлұматтарына сүйене отырып тұңғыш рет нәзіртануға тың тараулар қосты. Оның “Елші Нәзір Төреқұлұлының Арабия дастаны” түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде бір мұқабаға жинақталып Мәскеуден жарық көруі, сондай-ақ “Жизнь замечательных людей” секілді абыройы асқақ баспадан азаматтық ғұмырнамалық кітабының жарық көруі тіпті қуанышты жағдай. Ол аударылып “Қазақстан” баспасы арқылы басылып кең тарады. Енді нәзіртану саласында жасалған осындай игілікті істер жалғасын таба түссе дейміз. Себебі, Нәзір Төреқұлұлының ғибратты өмірі мен қызметі – әлі тиісті бағасын толық алмаған, терең зерттелмеген тың да соны дүние. Ендігі сол жәдігерлікті толықтай жинастырып, халыққа ұсынатын кез келді. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, артына өшпейтін мол мұра қалдырған Н.Төреқұлұлы жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай асыл азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал.