ЕЛІМІЗДІҢ ТІРЕГІ — ТӘУЕЛСІЗДІК

Тәрбие сағаты
ЕЛІМІЗДІҢ ТІРЕГІ — ТӘУЕЛСІЗДІК

Мақала авторы: Рахымбаева Зауреш Толеутаевна
Жұмыс орны: "Ш.Уалиханов атындағы орта мектеп" КММ
Лауазымы: Бастауыш сынып мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 19.12.2016


Еліміздің тірегі – Тәуелсіздік
Сабақтың мақсаты: 1. Қазақстан республикасы туралы оқушылардың алған білімін жинақтап, одан әрі танымдылығын арттыру.
2. Оқушылардың ойлау, сөйлеу дағдысын дамыту өз ойын мәдениетті түрде жеткізе білу.
3.Туған халқына, Отанына, оның тарихи тағдырына деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Сабақтың көрнекілігі: интеракт. тақта, слайттар, балалар салған суреттер.
Сабақтың әдісі: топтастыру, сұрақ-жауап, ой додасы, түсіндіру, эссе жазу, сурет көрмесі.
Сабақтың барысы: 1.Ұйымдастыру кезеңі.
А) Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеріп, көңілдерін сабаққа аудару.
Ә) Психологиялық дайындық.
Кәне, сабағымызды бірі-бірімізге жақсылық тілеуден бастайық. Балалар, жүрек тұстарыңды ұстаңдар. Қолдарыңды кеуделеріңе қойыңдар. Қалай соғып тұрғанына құлақ түріңдер: дүрс-дүрс жүректеріңнің орнында мейірімді күннің бір бөлшегі тұр деп елестетіңдер. Оның жылы да жарқын сәулесі денелеріңе, қолдарың мен аяқтарыңа таралуда. Көптігі сондай, бойымызға сыятын емес. Келіңдер, аздап жылу мен жарықты бір-бірімізге сыйлайық. Ал күлімсіреу арқылы бір –бірімізге жақсылықты да тілейік.

Кіріспе сөз. Отан — адамның ата — бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп — өніп келе жатқан жері. Сондықтан да қай елдің адамы болсын өз Отанын дүниедегі қымбатты, ең қасиеттісі, ең аяулысы – анасына балайды.
— Балалар, сендер «Отан», сөзін естігенде көз алдарыңа нені елестетесіңдер? (топтастыру)
— Ия отан дегеніміз-әр адамның туып – өскен жері, туған туыстарымен , жақындарымен бірге тұратын атамекені.
Отан – белгілі бір адам үшін оның өзінің елі ғасырлар бойы ғұмыр кешіп және солай болып қалуы үшін жанын пида қылып келе жатқан байтақ өңір, өлке ғана емес, оған шаңырағы,жер қосағы, дос -жаран, ағайын-туысы, солармен бірге жалғанған көретін қызығы мен бақытының шырағы, кейін ұрпақтарына рухы жар болып жататын топырағы.
Олай болса тарихқа көз жүгіртейік.
Қазақстан кеше, бүгін , ертең…
Кеше. (тарихқа шолу).
Құс ұясыз адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным-сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан. Қазақстан – тәуелсіз, азат ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр, қайғыға толы кезеңдерімен есте қалады. (Оқушылар Қазақстанның кешегі күніне, яғни тарихқа шолу жасайды)

Оқушы : Сонау XVII ғасыр басында жоңғарлар қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұрындырды. Олар қазақтарды атамекенінен қуып, тоздырып жіберді.
Оқушы:1916-шы жылы ұлт-азаттық көтеріліс, одан 1917-ші жылы Ақпан, Қазан төңкерісіне ұласты.
Оқушы: 1931-33-ші жылдары елімізде ашаршылық болды. Ата-бабаларымыз бас ауған жаққа кетті.
Оқушы:1937-38-ші жылдар жаппай жазалау болды. Бұл жылдары біздің қазақ зиялылары, арыстарымыз қудаланды. А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Ш. Құдайбердиев асылдарымыз арада 50 жыл өткенде ақталып, қазір шығармаларын оқып жатырмыз.
Оқушы: 1941-45-ші жылдары тұтқиылдан неміс фашистері тыныш елімізге соғыс ашты. «Ер есімі – ел есінде» демекші қазір біздің ауылымызда үш ардагеріміз бар. Бұл аталарымыз болашақ сендердің өмірлерің үшін соғысқа барды. Бейбіт өмірді алып берді.
Оқушы:1986-шы жылы желтоқсан оқиғасы болды.
Алматының бас алаңына жастар жаман ойме барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев апаларымыз бен ағаларымыз қатысты.
Мұғалім сөзі: Елім деп, қазағым деп, айдай әлемге жар салып, ұлтының намысын қорғаған жалынды, жігерлі азамат Қайрат Рысқұлбековтың сот үстіндегі ақырғы сөзі бейнелейтін көрініске назар аударайық.
Көрініс.
Тергеуші: Рысқұлбековты тергеуге алып келіңдер. Күзетшілер: Рысқұлбеков тұр, жауапқа жүр.
Тергеуші: Рысқұлбеков Савицкийді өлтірген сенсің, мойында!
Қайрат: бұл дегенің қып қызыл қиянат кой, мен тышқан да өлтіріп көрген жоқпын.
Тергеуші: мойында! Мойындасаң жазаң жеңілдейді.
Қайрат: мен ешкімді де өлтірген жоқпын. Жасамаған нәрсені неге мойындаймын. Бұл маған жабылып отырған жала.
Сот: айыпкер Қайрат Рысқұлбеков қылмыскер деп танылып, қазақ кеңестік кодексінің 60-бабы бойынша 3 жыл бас бостандығынан айырылсын; 173- бабының 1- тармағы бойынша жазалаудың ең ауыр түрі өлім жазасына, ату жазасына кесілсін !
Тергеуші: ал, декабрист, соңғы ақтық сөзіңді айт.
Қайрат: Ақтық сөзді енді мен,
Сотқа да бір айтайын
Күнәдән таза басым бар,
21 де жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар,
«Қайрат» деген атым бар,
«Қазақ» деген затым бар
«Еркек тоқты құрбандық»
Атам десең атыңдар.
Анасы: менің ұлым бұзақы емес, қанышер емес. Жоқ-жоқ, Қайрат ұлым…… жоқ-жоқ (отыра қалып жылайды). Қайрат, ұлым, мені кімге тапсырдың? Жолыңды тосқан әкең мен бауырыңа не айтамын? Жоқ-жоқ ұлым не дейді мына жауыздар…. ұлым –ұлым!
Қайтейін енді қайтейін,
Құлыным – ау,
Қыршыннан қиылып кетесің бе, құлыным – ай!
Елім – ау жаратқан ием,
Менің шырқыраған құлыныма өзің жар бола көр!
Құлыным ……………….

КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының шешімі мен 1988 жылғы 28 сәуірдегі указымен Қайратқа кешірім жасалып, 20 жыл бас бостандығынан айыруымен ауыстырылды.
1988 жылы 21 мамырда Семей қаласындағы түрменің 21- камерасында Қайрат 21 жасында қаза тапты.
Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың қайсар ұлы Қ.Рысқұлбеков халқымыздың ұлттық батыры ретінде өз есімін ел жадына мәңгілік жазып кетті.
Қыршын кеткен Асанова Ләззаттың, Сыпатайұлы Ерболдың, Мұхаметжанова Сабираның, Рысқұлбеков Қайраттың аңсаған армандары мен үміт-тілектері бұл күнде толық жүзеге асты.
Ән. Желтоқсан құрбандары.
Оқушы: Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында
Сойыл таяқ ойнаса да жанында,
Отан ұшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың.

Оқушы : Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан – ау ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме
Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке.

Оқушы: Әр қазақтың есіне сақталады,
Желтоқсандық өркендер ақталады.
Ер намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.
Мұғалім: иа, желтоқсан көтерілінің арқасында 1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш тәуелсіз ел дүниеге келді.

Оқушы :Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Жұртым менің не қиындық көрмеді
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.

Оқушы:Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні бұл,
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні бұл.
Жұпар шашқан гүлімнің
Жаңа ашылған күні бұл
Менің ана тілімнің
Бағы ашылған күні бұл
Дүбірлетсін өңірді
Дүбірлесін дүлдүлі
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын бұл күні

Қазақстан кеше, бүгін, ертең…
Қазақстан бүгін.
Мұғалім сөзі: Қазақ елінде тәуелсіздік таңы атты. Қазақ елі егемен ел болды. Бұл күн талай-талай қилы заманды басынан кешіріп келген қазақ халқы үшін ақ жарылқаған күн еді. Тәуелсіздік-ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші-ең қадірлі күш. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды.
Бүгін Қазақстан әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды.

— Жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді.
— Мемлекеттік рәміздеріміз, ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елді өзінің тез көркейіп өсуімен таңқалдырып, жаңа астанамыз дүниеге келді.
— Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан республикасы» деген асқақ рухты ел екенің мойындаттық.
— Ел экономикасы да жылдан-жылға ұлғайып мәдени, рухани даму деңгейіне көтерілуде. Өзіне тән барлық рухани, мәдени қасиеттері бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.

Оқушы : Қазіргі таңда Қазақстан өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет. Еліміз тәуелсіз, дербес ел атанды. Ел өз қалауымен президентті сайлап, ата заңмен мелекеттік рәміздерді қабылдады. Ана тілі – қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды.

Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар! Тәуелсіз, дербес мемлекетіміздің бір белгісі, бір нышаны — мемелкеттік рәміздер. Биыл ҚР рәміздеріне 20 жыл толып отыр. Олай болса экранға назар аударайық.
Оқушы:Қ.Р мемлекеттік туының түсі ашық аспанның , тыныштықтың белгісін көрсетеді.Тудың ортасындағы алтын күн- баршаға ортақ , бәріне нұрын шашып сәулесін төгеді. Оның жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Алтын күнді қанатымен жебеп , өрге көтеріп , ұшып бара жатқан ақиық қыран құс – ерліктің белгісі.матаның сол жағындағы ою-өрнек біздің халқымыздың ашық келешегі мен бай-берекесі , тыныштық пен байлықтың белгісі. Мемлекеттік Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков.
Оқушы:Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашан да
Биікке іліп қояды.
Көк аспанда –қызыл күн,
Көк аспанда – жас қыран.
Естілгендей біздің үн
Сол ғарыштың астынан
Жанатындай өзі отша,
Жалын шарпып бетінді
Туымызда қазақша
Сөйлеп тұрған секілді.
Туымызға жас тұнған
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк тудың астында
Көгереміз көктейміз.
Оқушы:
Қ.Р мемлекеттік елтаңбасындағы жарық жұлдыз- Отанымыздың жұлдызы биіктеп бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын бейнелейді.
Қанатты тұлпардың баламалық мәні қазақтың аңыз ертегісінен алынған. Аңыз бойынша , қанатты тұлпарға мінген алып батыр алты қабат аспанға ұшып, жеті қат жер астына түсіп халықты қасіреттен азат еткен , еліміздің азаттығы мен жеңімпаздығының белгісі , бидай сабақтары тоқшылықты , молшылықты білдіреді.
Ал төменгі жағындағы «Қазақстан»деген жазу еліміздің ежелден әлемге танымал екендіген көрсетеді.
Мемлекеттік елтаңбаның авторлары- Жандарбек Мәлібеков , Шота Уәлиханов.

Елтаңба

Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй.
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.
Бұл – таңба елімнің,
Елдігімнің белгісі.
Мұнда да бар ерлігім
Мұнда да бар жер күші.
Қара шаңырақ –ел күні
Асқақтаған тұр мұңы
Елтаңбасы –елдігім,
Елдің тыныш тірлігі.

Оқушы: Әнұранды түрегеліп тұрып айтады. Бұл мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын ,мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.
Әнұранның сөзі: Жұмекен Нәжімеденов,Нұрсұлтан Назарбаев. Әні: Шәмші Қалдаяқов.
Мұғалім:Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.
1-желтоқсан күні Тұңғыш президент күні болып белгіленуінің де мәні өте зор. Өйткені, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап, Отанымыздың игілігі үшін аянбай еңбек етіп, ортақ үйіміз Қазақстанның күн санап көркейіп, қуатты мемлекетке айналуы –Елбасының ерен еңбегінің арқасы.Президентіміз бүгінгі күнге дейін халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне көп күш салды.

Ән орындайтын Мирас «Көк тудың желбірегені»

Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О Тәңірім , бізді баққа жолықтыр!
Бүгін, міне, Тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі деп соғып тұр.

Қазақстан кеше, бүгін, ертең….
Қазақстан ертең . Болашаң біздің көзімізбен (ойтолғау, сурет,шығарма, өлең)
Өз Отандарыңды сүйіп, оның көркейуіне барлықтарың өз үлестеріңді қосқыларың келеді екен. Оған және оқыған өздеріңнің шығармаларыңнан естідік.
«Отан менің ауылым», «Отан – менің ата-анам» деп ақындар жырлағандай, бәрің кішкене отандарың ауылдың болашағы туралы жазыпсыңдар,өте жақсы, рахмет сендерге.
Қорытынды:Тәуелсіз еліміз дамыған өркениетті 50 елдің арасынан орын алуымыз сіздердің ұлттық тәрбие мен тиянақты білімдеріңізге байланысты. Ертеңгі сіздер ұлтымыздың ізгі қасиеттерін, рухани құндылықтарын бойларыңа сіңіріп өз Жері мен Елін қорғай алатын ұлтжанды, мәдениетті болып өсулерің керек.
Қазір Қазақстан білім мазмұнын жаһандандыру мен ақпараттық өркениеттің талаптарына лайықтап әлемдік деңгейге көтеру үшін жұмыстануда. Мемлекет пен ата-аналарың сендердің сапалы білім алуларың үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Сондықтан ел алдындағы, аға ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ұмытпайық. Қоғамымыздағы бар жаманат атаулыдан жиреніп, олармен келіспейтін болыңыздар.Жаман әдеттен безіңіздер. Ел болашағы мына сіздердің қолдарыңызда!

Конкурстар мен олимпиадалар - https://talimger.kz

Республикалық қашықтық олимпиадалар — http://clever.zti.kz

Республикалық конкурстар, курстар, конференциялар мен олимпиадалар — https://ukz.kz

Конкурстар, конференциялар және олимпиадалар — https://tarim.kz

Халықаралық семинарлар, олимпиадалар мен конкурстар — https://mriks.ru

Халықаралық педагогтар ассоциациясы - https://iae.su

Атаулы ертегілер - https://hansunqar.kz