Мәңгілік ел
Жалғасқызы Бағлан, Жаңа жолдау – тиімділік тетігі

Мақала авторы: Жалғасқызы Бағлан
Жұмыс орны: Алматы қаласы, №102 жалпы білім беретін мектеп
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 14.11.2018

Жаңа жолдау – тиімділік тетігі

Елбасы қазан айының басында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған болатын. Саяси құжатта елдің өмір сүру сапасын жақсартудың тетіктері қарастырылды. Алдағы уақытта барлық саланың серпін алуы үшін қандай қадам жасау қажеттігі айқындалды.

Саяси құжатта әсіресе, білім саласына ерекше басымдық берілгенін айта кеткен жөн. Мұнда Президент бұл сала бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыру қажеттігін ескертіп, мұғалім мәртебесін көтеру жайын да қоса қамтыды. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жұмыстарын оңтайландырады. Жалпы Жолдауда Елбасы 5 жылда білім, ғылым және денсаулық салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу қажеттігін айтты. ҚР Президентінің бұл ойын өз басым тұшымды тұжырым деп білемін.

Елбасы саяси құжатта тек орта, арнаулы немесе жоғары оқу орынындағы білім саласын ілгерілету жайын ғана емес, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы қызмет сапасын да жақсартуға оң бағыт сілтеді. Расында, адамның ойлау, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеті бала кезден қалыптасады. Сондықтан, балабақшадағы білім беру жүйесін әлі де ширатудың маңыздылығын әрбір педагог сезінуі қажет.

Бізде орта білім беру жүйесінде негізгі тәслідер осыған дейін айқындалды. Ендігі міндет – солардың орындалуына аса назар аудару. Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы шарт. осындай қадамға бару арқылы біз мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңіне қадам басамыз.

Жолдауда мұнан бөлек білім алудың қолжетімділігі толық қамтылды. Сондай-ақ, төртінші бөлімде педагог мәртебесі жайында заң әзірлеп, оны қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұл өз кезегінде мұғалімдер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлеріне артылатын жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл сөзімізді саяси құжатта Елбасы да қуаттады. Біз оған әрине, қуанамыз.

Алдағы уақытта жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар да күшейтіледі. Бұл шешімнің барлығы елдегі білім сапасын ілгерілетуге және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға мол мүмкіндік береді. Елдегі жоғары және арнаулы оқу орындарында гранттар саны осы күнге дейін көбейген болатын. Енді жауапкершілікке кезек беріледі. Бұл тұста жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу маңызды рөл атқарады.

Бір сөзбен айтқанда, биылғы жаңа Жолдауда барлық саланың ілгерілеуін қамтамасыз етуге арналған бағыттар айқын көрініс тапты. Енді тек жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жұмыс жасасақ, мақсатымыз өздігінен орындалады деп ойлаймын. Бұл тұста жауапкершілікпен жұмыла жұмыс жасау бірінші кезекте болуы тиіс.

Мәңгілік ел
Алмагамбетова Айгерім Мұхамедсадыққызы, Рухани жаңғыру — болашаққа бағдар: Білім мен тәрбиенің серпілісі

Мақала авторы: Алмагамбетова Айгерім Мұхамедсадыққызы
Жұмыс орны: Ақтөбе облысы Шалқар ауданы «Оқушылар сарайы»ММ
Лауазымы: дизайн үйірмесінің жетекшісі
Порталға жариялану мерзімі: 02.02.2018

Рухани жаңғыру — болашаққа бағдар: Білім мен тәрбиенің серпілісі

Жалпы, «Рухани жаңғыру» идеясы ұзақ мерзімге жоспарланған жоба. Елбасы осынау жобаны жүзеге асыру арқылы халықтың санасын жаңғыртып, өркениетті қоғам құруды көздеп отыр. Бұл ретте жастарға үлкен жауапкершіліктің артылып отырғанын айта кету керек. Атадан қалған мына жерді, тіл мен дәстүрді,ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу өз алдына, қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы тиіс. «Рухани жаңғыру» болса осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналмақ.
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға қай пәннің болса да ыңғайы мен мүмкіншіліктері мол.Менің «Рухани жаңғыру- болашаққа бағдар»жобаға үлес қосуда технология сабақтарында қолөнерге үйрету арқылы тәлім – тәрбиедегі, оқу — тәрбие процесінде арқау ету қажеттігін күн санап сезінудемін.
Қолөнер бұйымдарын заманауи саласында дизайнді меңгертуде келешекте табиғи материалдардың бірі жүнді пайдалану арқылы қолөнер бұйымдары: киіз басу, сырмақ сыру, текемет, алаша және ұлттық киімдер мен кілем тоқу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жатқан сондай дәстүрлі колөнер үлгілерін жаңаша әдіс — тәсілдерін үйрету — оқушыны еңбексүйгіштікке, әсемдікке талпындырып, халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге баулысам деймін. Оның үстіне ұлттық колөнер өзінің тарихы терең, мазмұны сан қилы ерекшеліктерімен болашақ жастарға рухани, эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда әсер етіп, олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерін дамыта түсері сөзсіз.
Өз ойымды іске асыруда сәндік қолөнерге үйреткенде белгілі шеберлердің туындыларына талдау жасап, мүмкіндігі болса еңбектерін көрсетіп, мұражайларды аралатып немесе шеберлердің жеке көрмелеріне апарып, оқушылардың қызығушылығы мен ой — өрісін ояту қажет деп санаймын. Қолөнерді игеру арқылы кез келген істі төзіммен аяқтауға жаттығамыз және еңбек етуге үйренеміз.
Оқушыларға тәрбиелік мәні бар халықтық мұралар аз емес. Қазақ халқының өнерін, іскерлігін, өнер шеберлерінің қолынан шыққан алуан түрлі заттар мен бұйымдарды айтып, бұрынғысымен бүгінгісін салыстыра отырып, ұлттық енерді сүюге, кұрметтеуге баулу, бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбеккер, жан — жақты жетілген азамат етіп тәрбиелейді, оқушылардың жүрегіне жол тауып, олардың бойында еліне, жеріне, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін, пәнді оқып үйренуге деген ынтасын, құштарлығын арттыру, қазақ колөнерін жас жеткіншектердің санасына жеткізудің құралы.
Әлемдік өркениетке бет бұрған еліміз үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтауда жас жеткішектерге тәлім-тәрбие беру басты парызымыз деп ойлаймын.

Мәңгілік ел
Тамбай Жайнагүл, Қазақстан — көп ұлтты мемлекет

Мақала авторы: Тамбай Жайнагүл
Жұмыс орны: Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Рентабельный орта мектебі
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 18.03.2017

Қазақстан — көп ұлтты мемлекет

 

Мақтанамын тату-тәтті халқым бар деп,

Алаштың Ата Заңымен құралған құқым бар деп,

Жүз отыз ұлтпен отырғанда бейбітшілікте,

Айта алман шаңырағымның керегесі тар деп.

 

Өзге елмен Отанымның тең түсер терезесі,

Шекарасы қоршалған, нық қаланған іргесі.

Татулыққа қостайтын көш бастаса Елбасы,

Дайын тұрар қазақтың қара домалақ баласы.

 

Елбасы орнатып достықтың ордабасын,

Ассамблеямен дамытып ұлт қатынасын.

«Бейбітшілік пен достықтың» айқындап ұранын,

Көп ұлтты, ұлт өкілдері тұратын,

Қазақстан – туған жерім, мәңгі жасасын!

 

Ұлттық татулық – тұрақтылық негізі,

Саясатқа жол көрсетер анық бір ізі.

Ашық аспан астындағы ұлттардың,

Жылдан-жылға жақсарып жатыр тұрмысы.

 

Қазағым дархандығын аямаған өзгеге,

Кеңпейіл, жомарттық,тән қасиет біздерге.

Бақыт құшағында ұлы достық тербеледі

Төрінде байтақ қазақ елінің, ізгі жерде.

 

Поляк, латыш, үнгүш,еврей,

Удмурт,грек, мари, корей,

Славян, ұйғыр, болгар, қарашай,

Татумыз бәріміз – сен,мен демей.

 

Гете, Пушкин, Байрон, Абай,

Болса да өзге ұлттың өкілдері

Білімге құштарлықпен қақты таңдай,

Биік тұғырда еді достық сенімдері.

 

Қазақ, түрік, қырғыз,өзбек,

Аталас ежелден бауырмал өз ағам.

Шешен, татар, беларусь, кәріс,

Болмаған арасында ешбір керіс.

Чуваш, молдаван, армян, украин,

Мен қолымды жүрегіме қояйын:

Ант етемін дос болуға мәңгілік,

Ел-жұртым, бола гөр өзің көзайым!

                      Тамбай  Жайнагүл, Рентабельный орта мектебінің мұғалімі

 

Мәңгілік ел
Тамбай Жайнагүл, Тәуелсіздік – ғасырдан жеткен ұлы күн!

Мақала авторы: Тамбай Жайнагүл
Жұмыс орны: Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Рентабельный орта мектебі
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 18.03.2017

Тәуелсіздік – ғасырдан жеткен ұлы күн!

                          Тәуелсіздік –ғасырдан жеткен ұлы күн!

Бүгінгі күн – мерейі тасыған қазақтың,

Басына бақ қонып нұр шашқан азат күн!

Тарихтың дариясы соқса да толқынын азаптың,

Сенген  ғой бабам туарына ғажаптың.

 

Бұл күн – ғасырдың жүгін арқалаған ұлы күн,

Тәуелсіздік – шыңдағы еңсесі биік тұғырым.

Азаттық аңсаған арманы Абылайдың,

Ақиқатқа айналған қуанышты ұлы күн.

 

Тілегін қабыл алып тәңірім көктегі,

Қызғалдақ қырында гүл жайнап көктеді.

Құлпырып қазағымның дархан даласы,

Қуанды барша қазақ баласы.

 

Алақайлап дүрсіл қағып жүрек қақты,

Сүйіншілеп ел-жұрты тойлап жатты.

Шәкәрім, Ахмет, Әлихандар көксеген,

Бостандықтың арайлы ақ таңы атты.

 

Бүгінгі күн – мыңнан бір туған заңғарың,

Еңсеңді тіктеп төріңе жол бастадың.

Тәуелсіздік тірегің демеу болып,

Үмітке толып нұр шашып тұр аспаның.

Көңілімнің шабыт оты бұлқынып,

Тәуелсіздікті жырлаймын жыр қылып.

Бүгін менің асқақ рухым жанданып,

Қарыштап қанат қағам алға тік.

 

Шүкіршілк тәубесі келер санама,

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие,бағала.

Тәуелсіздік үшін жанын қиған жас қыршын,

Құрбан болған Қайраттайын жан аға!

 

Тәуелсіздігім – мерейлі мерекем жар салар,

Салтанатты думаным жетті ән салар.

Көзімнің қарашығындай қасиетті,

Тәуелсіздігім – шын бақытым, тамсанар.

 

Тәуелсіздік – көгімде самғар қыраным,

Желбіреп мәңгі тұра берсін байрағым.

Құтты болсын тәуелсіздік байлығың,

Шашуын шашып, шаттығын тойла,қазағым!

 

                       Тамбайқызы Жайнагүл, Рентабельный орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Мәңгілік ел
Садықова Сәнімкул Серікбайқызы, Жаңа буынға сенім артылуда

Мақала авторы: Садықова Сәнімкул Серікбайқызы
Жұмыс орны: №2 Облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернат
Лауазымы: Бастауыш сынып мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 19.01.2017

Жаңа буынға сенім артылуда

Бағдарламалар халықтың болашаққа деген үміті мен сенімінің артуы үшін жасалынады. Мемлекет тарапынан жасалған жоспарлар елді ұйыстырып, берек-бірлігінің нығаюына, мақсат-жігерінің бір арнада тоғысуына жол ашады. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясында ұлт ден саулығы, ауыл шаруашылығын дамыту мен еңбек саясатын
ұтымды шешу жолдары, салауатты ұрпақ тәрбиелеу, ана мен баланы қорғау, білім беру ісін
жетілдіру, кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау секілді маңызды бағыттарға мән берілді.
Еліміздің жастары Ел ба сымыздың стратегиясынан өздеріне зор қолдау мен қамқорлықты
сезініп, бұл күндері игілігін де көруде. Себебі, соңғы он шақты жылдың өзінде білім алу ға
жұмсалатын қаржы он есе ге жуық өсіп, жоғары білім алу ға берілетін грант саны да айтар-лықтай ұлғайған. 1993 жы лы қабылданған «Болашақ» бағдарламасы арқылы қаншама жастар шетелдің озық оқу орындарында оқыды. Өз елімізде де әлемдік университеттермен теңесе алатын үздік білім ошақтарын ашу, зияткерлік мектептерді көбейту мәселелері де назардан тыс қалған емес. Бұл 2050 жылға дейін жүйелі жоспар жасап отырған Қазақстанның жастар саясатына оң көзбен қарайтынын көрсетеді. Айта кетерлігі, республика тұрғындарының әрбір екінші азаматы жасы отызға толмаған адам екен. Демек, Қазақстан-жастар мемлекеті. «Жасыл ел», «Дипломмен-ауылға!» «Болашақ» сынды бағдарламалардың бәрі де жас буынға жағдай жасауда. Сондықтан, Елбасымыздың: «Мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге, жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіз дер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген сенімінің үдесінен шығуға тырысу-еліміздің әрбір жас азаматының парызы.  Жастарды білімге, еңбекке, ынтымаққа үндейтін «Мәңгілік ел» идеясы барысында кемел де келісті келешектің жарқын күндері алыс емес. Бұл жолда жастардың бірлігі мен отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіруі маңызды болып табылады.

Мәңгілік ел
Байназарова Жанар Асылбекқызы, Жаңаша оқыту — заман талабы

Мақала авторы: Байназарова Жанар Асылбекқызы
Жұмыс орны: "№3 жалпы білім беру орта мектебі" КММ
Лауазымы: Мектеп директоры
Порталға жариялану мерзімі: 18.01.2017

Жаңаша оқыту — заман талабы

Қазақ мектебінің болашағы туралы Мағжан Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі – мектебіне байланысты…» деп айтып кеткеніндей, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен мектепті қалыптастыруда ұстаздарға артылған жүк жеңіл емес.Еліміздің  елдігін   сақтап,  мәртебесін  көтерудегі  педагог    білім беру парадигмасы «барлығы баланың өзі үшін», «баланың рухани байлығы үшін» деген ізгілік ұстанымдарына негізделіп, баланың, адамның ойлау бейнесін өзгертуге бағытталған. Жаңа білім парадигмасының әдіснамалық негіздері бізден «қалай оқыту керектігіне», «неге оқыту керектігіне» тоқталуды талап етеді. Сондықтан мұғалім  беделін  көтеруді, оқу  үрдісіне  жаңа  әдіс-тәсіл  енгізуді,  ұстаздарды  еңбекке жігерлендіре   ынталандыруды  да   көздеген педагогтардың біліктілігін деңгейлік бағдарламалар аясында көтеру — ұстаздарға керекті   бастама болғаны рас.

Осы бағдарлама бойынша өзім оқи бастағанда, көзімнің жеткені- адамның,  ең бірінші, рухани жақтан өзгеретіндігі. Қоршаған ортамен жылы қарым-қатынас, айналаңдағы адамдарға мейіріммен қарай білу, ең бастысы, өзіңе деген сенімділіктің нығаюы, алдыңа мақсат қоя білу адам бойына ең керек қасиеттер болып табылатындығы. Бұл қасиеттер, әрине, адам бойында бала кезден қалыптаса бастайтыны сөзсіз. Болашақ ұрпақ бойында осындай асыл қасиеттерді қалыптастыру үшін біз де осы бағытқа өзгеруіміз керек. Екіншіден, сапалы білім бере алу -бағдарламаның басты мақсаты болып табылады. Оқушыларды алған білімдерін өмірде қолданып, игере алатындай дәрежеге жеткізу. Осыны түсініп,өзімнің де қаншалықты өзгергенімді ұқтым.

Менің ендігі алға қойған мақсатым — бар күш-жігерімді сала отырып, өзім басқарып отырған мектеп ұжымын бір кісідей жұмылдырып, заманға сай жаңа бағытқа өзгерту, жетілдіру. Әрине, бұл аз уақытта жүзеге асатын іс емес, жылдар бойы қалыптасуы, жүргізілуі мүмкін. Өйткені, қалыптасып қалған сана-сезімді, берік ұстанымды бір күнде жою мүмкін емес. Сондықтан өзімнің іс-тәжірибем барысында сөзіммен болсын, ісіммен болсын әрқашан оларға үлгі бола алуым керек деп ойлаймын. Мектебіміздегі бұрын оқып келген ұстаздармен біріге отырып, жоспар жасақтап, жүзеге асыру, барлық мамандарды бұл ісімізге тарту қажет. Біздің мектебіміз үлкен болғандықтан, жас мамандар өте көп. Жастардың жаңалыққа жаны құмар болып, заманға сай барлық өзгерістерге қызығушылықпен қарауы табиғи жағдай. Сондықтан, бұл өзгерістерді жүзеге асыруда мектеп ұжымының мені қолдап-қуаттайтынына көзім жетеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз. Осы орайда мектебімде деңгейлік оқу бағдарламасын бітірген мұғалімдермен «Ұлағат» шығармашы-лық тобы құрылып,даму жоспарын жасадық. Мектептің даму жоспарында  критериалды бағалауға және жаңа әдіс-тәсілдерді тәрбие жұмысын жетілдіруде қолдануға басты назар аударылды. І және ІІ деңгей бағдарламасын меңгерген 5 мұғалім пән циклдері бойынша шығармашылық топтармен жұмыс бастады. Жаңа форматтағы семинарлар,коучингтер өткіздік, яғни әрбір пән бірлестігіөткен оқу жылына SWOT талдау жасады, бұл бастама әр тоқсан сайын жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз.

Мектептегі атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, жалпы мұғалімдерге SMART мақсат туралы өткізген коучингтен,бірлестікте және фокустік топта «БЛУМ таксономиясы-оқытудың тиімді жолы» тақырыбындағы шеберлік сыныптан,  «Критериалды бағалау жүйесін қолдану арқылы оқушылардың белсенділік, қабілетін ашу» тақырыбындағы өткізілген коучингтерден өздеріне берілген тапсырмаларды орындау барысында өздеріне қажетті түйін алды деп ойлаймын.

«Мұғалімнің кәсіби деңгейі қандай?»деген сұрақ төңірегінде ойланар болсақ,жаңа форматтағы мектепті құру,оқу процесінде өзгеріс жасау ең алдымен оқу мен оқытудан бұрын үдерісті іске  асыратын адамдарға, олардың қарым-қатынасының қаншалықты дамығандығына тікелей байланысты . Мектепте ұйымдастырылып жатырған түрлі семинарлар, ашық сабақтар,дөңгелек үстелдер т.б. шаралардың мұғалімдердің кәсіби дамуын қалыптастыруға өз үлесін қосары сөзсіз.

Қорыта келгенде, қазіргі қарыштап дамыған әлемдік деңгейдегі өркениетті елдермен тереземізді теңестіретін күш- білім екендігі баршаға мәлім. Сондықтан болашақтың тізгіні білімді ұрпақтың қолында. Әр баланың алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін, кәсіби білігі мен теориялық білімі жетілген ұстаздардың үздіксіз білім алуына,үнемі ізденісте болуына жағдай туғызу мектеп басшысының алдындағы маңызды міндет деп білемін.

Мәңгілік ел
Сарсекеева Асель Мадатовна, Бәсекеге қабілетті ел болудың бірінші сатысы — үш тұғырлы тіл

Мақала авторы: Сарсекеева Асель Мадатовна
Жұмыс орны: М.Әуезов орта мектебі
Лауазымы: ағылшын пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 11.01.2017

Бәсекеге қабілетті ел болудың бірінші сатысы — үш тұғырлы тіл

Адамның ойын жарыққа шығаратын құрал – тіл. Ал, тіл – адамдар түсінетін құрал болып қана табылмай, сонымен бірге атадан балаға мирас болып келе жатқан өмір тәжірибесін, өнер-білімін жеткізуші құрал. Рухани байлығымыз тіл арқылы жасалады, жеткізіледі. Кез келген халықтың тілі сол халықтың ұлттық ерекшелігін танытатын қойма тәріздес. Сол қойманы ашып, қазынасын танып білу – бізге мұрат. Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Әрбір адам өз туған халқының, өзі өмір сүретін елдің тілін білу қажеттігі – ертеден келе жатқан қағида. Алайда, жаһандану қалыптасқан осы қағидаға түзетулер енгізуде. Қазіргі кезде халықаралық қатынас тілін білу қажеттігі туындап отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін аса қажет. Мемлекет басшысы: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады” деп сендірді. Орыс және ағылшын тілдерін оқып үйрену білімнің, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден-бір тетігі дей келе, жаһандануға бейімделуді, замана көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз, — деді. Бірақ «Үш тұғырлы тіл» мәселесін  дұрыс түсінбей жүргендер де бар. Алдымен ақты ақ, қараны қара деп, мәселені жеке-жеке бөліп, мемлекеттік тілге ешқандай зиянын тигізбейтінін насихаттау мәселесі жетіспей отыр. Үш тұғырлы тіл, негізінде, қазақ жеріндегі қазақ тілінің соңында қалған орыс пе ағылшын тілін қоса пайдалану болып табылады.    Яғни, орыс тілі мен ағылшын тілі қазақ тілінің көлеңкесінде, ығында жүреді. Президентіміз айтқандай, үш тілдің ішінде қазақ тіліне басымдық беріліп, қалған екі тіл сол ана тілімізге бағынышты күйде болады. Әрине, дамыған өркениетті 50 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Мәселен, Қазақстанда заң мамандары, экономика мамандары өте көп және жұмыссыз. Бірақ, көп компаниялар мен кәсіпорындар заңгерлер мен экономистерге зәру. Осы олқылықтарды толтыру мақсатында «Үш тұғырлы тіл» идеологиясы дүниеге келіп отыр. Яғни, елімізге қажетті, үштілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі, бүкіл әлем бойынша коммуникацияға түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар ауадай қажет. Аталмыш кадрлар мәселесін «Үш тұғырлы тіл» саясаты оп-оңай шешіп бере алады.Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап қуанатынымыз да белгілі. Үш тілді қатар меңгеру бәсекеге қабілетті ел азаматының міндеті. Қазақстанның білікті, білімді әр азаматын ғаламдық ақпараттар мен инновациялық ағынына ілесу ағылшын тілін үйренуге жетелейді. Әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге орыс, ағылшын тілдерінің де асыл қазынасынан сусындап, оны іске асыра білгені де жөн.Өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарғандықтан,әр сабағымда оқушыларға ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығын түсіндіріп, жаңа сөздердің  үш тілде аудармасын сұрап отырамын.Және өз тәжірибемде байқағаным соңғы жылдарда ағылшын тілін үйренгісі келетін мұғалімдер саны да ,оқушылар саны да артып келеді. Және бір қуантатын жағдай қазақ тілінде оқытатын мектептер санының артуы.Осыдан Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс деген талап қойып отыр. Бұл талаптарды орындауда елімізде шаралар жасалып жатыр. Соның нəтижесінде қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Осындай шараның қолданылу барысында, біздің ойымызша, елімізде он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сенімдеміз. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Əрине, Қазақстанның болашағы – қазақ тіліндеҮштұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. «Жеті түрлі ілім-біл, жеті жұрттың тілін біл» деген нақыл сөздің де шығуы тегін емес. Сол сияқты әр пән бойынша, әр сабақта мүмкіндігінше үш тұғырлы тілді қолдансақ, болшақта еліміздің елу елдің қатарына қосылуына үлесімізді тигізетініміз әбден мүмкін.Бірінші сыныптарда ағылшын тілі пәнін енгізу  идеясы да жақсы нәтиже береді деп сенемін өйткені қазіргі оқушылардың ақпаратты жылдам қабылдауы,жаңа сөздерді жадында сақтауы өте жоғары дәрежеде.Қазір олар жиі қолданатын гаджет,планшет,нетбук,компьютер сөздері  ағылшын тілінен алынған сөздер екенін біледі,түсінеді,ажырата алады. Интерактивті әдіс-тәсіл арқылы шетел тілінде компьютер арқылы әлемдік ақпараттар кеңестігіне шығу, әлемдегі озық технологияларды жаңалықтарды меңгеру, өмір ағымына ілесу. Білім алушыларға ана тілінің негізінде ағылшын тілін үйрету, олардың өз ойын ауызша және жазбаша дұрыс, еркін, келістіре баяндау білуіне дағдыландыру. Кітаптарды өздігінен пайдалана білу сияқты іскерлік дағдыларын қалыптастыру және ғасырлар бойы жаңа рухани мәдениетімен, білімімен қаруландыру және егемен еліміздің ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін шетел тілі арқылы таныту. Тіл арқылы өзге елдің мәдениетін, тарихын білуге болады.Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Бұл жайлы қазақтың біртуар ақыны ұлы Абай да айтып өткен болатын. Ақын «Орысша оқу керек, хикметте, мал да, өнер де, ғылым да – бəрі орыста зор», «сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады» дейді . Дəл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.Қазір шет елге бара қалсаңыз ағылшын тілін білмесеңіз де оларға  орыс тілінде   түсіндіре аласыз.Бұл да  халықтың орыс тілін қатар меңгеру керек екендігінің дәлелі. Ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі əлі де маңызды рөл атқаратынына ешкім де дау айта алмас. Сондай-ақ, əлемдік алты ресми тілдің қатарына кіретін орыс тілін меңгеруге бəсекеге қабілетті ұлттың кез-келген өкілі ұмтылуы тиіс деген отандық ғалым Н. Кекілбекованың пікірімен келісуге болады. Тіл үйрету  туралы жазылған әдістемелік және ғылыми материалдарды зерделей  келе, үш  тілде оқытудың  тиімділігіне тоқталуды  жөн  деп  санап,осы  тақырыпта  жинақтаған  іс-тәжірибемді  ортаға  салмақпын.

Ағылшын  мақалдары мен олардың қазақ, орыс тілдеріндегі баламаларын үйрену арқылы  сөйлеу  қабілетім, ұшқыр ойды жүйелі түрде жеткізе білу шеберлігім арта  түсті. Мақал-мәтелдерді үш тілде үйрену  адамның  ой-өрісі мен сөйлеу мәдениетінің көркемдік дәрежесін арттыруға көмектеседі, тілін байытып, ақыл-ой деңгейін кеңейтіп жүйеге  түсіреді. Біздер үш  тілде  мақал-мәтелдерді қызығып, зор ынтамен жаттап  үйренеміз.  Сол  себепті  біз қандай тілді  оқысақта  программалық  тілдік  материалдармен  бірге мақал-мәтелдерді үйренудің білім,  тәрбие берерлікте, тіл дамыту  үшін  тигізер  пайдасы  мол. Оқушыларды шығармашылық іздненіске  дағдыландыру үшін біздер  үш тілдегі мақал-мәтелдерді тиімді  пайдалану-  ымыз қажет. Мақал-мәтелдерді үйрену барысында сабақта «Ғажайып қоржын» ойынын ұйымдастыруға болады. Қоржынға салынған асықтар нөмірленіп, билеттер жасалынады да, қолға іліккен нөмірге билет бойынша жауап қайтарылады. Басқа тілдерден ауысатын сөздердің болатындығын ескеріп, орыстың «корзина» сөзі түбінде қазағымның «қоржын» сөзінен келіп шыққан болуға тиіс деп ұйғарып, қоржын-корзина-basket тізбегімен бұл тақырыпты ағылшынша «Wonderful Basket» деп те аудардым.Ал енді халықтық мерекелерге келсек, мазмұны сәйкес атаулы күндер де баршылық: «Thanksgiving Day», «Veterans’ Day» — Жеңіс күні – День победы, «Independence Day» — Тәуелсіздік күні, «Christmas holiday» — Наурыз мерекесімен сәйкес  келеді.

Сол сияқты қазақ халқында кісі аттары белгілі бір жағдайларға, табиғат құбылыстарына байланысты: Боранбай, Жолдыбай, Таубай, Отынбай, Сайлаубек, Жаңбырбай, Аязбай, т.б. аталып жататын болса, ағылшындарда ежелден келе жатқан әйгілі есімдер бар:

Бұлт – облако – cloud тіркесіне байланысты, Бұлтбай – Сloud – Клавдия сияқты мысалдарды келтіруге болады. Сондай-ақ: диірменші – Миллер – Miller; наубайшы – Бэйкер – Baker; ұста – Смитт- Smith; орманшы – Форестер – Forester; жылға жағасында тұрушы – Брук – Brook т.б. Сыныптағы оқушылар  әр ай  сайын шамамен 15-20 мақал-мәтелдерді  үш тілде үйреніп  отыруымыз  керек. Сабақ барысында оқушылар ағылшын тілінде мақал-мәтелдердің айтылуын үйренумен қатар, олардың мағынасын қазақ, орыс  тілдерімен  салыстырамыз. Ағылшынша, орысша,қазақша  мақал-мәтелдер бірдей  болады. Келтірілген мысалдардан кейін қазақша  мен орысша мақалдар, үшеуі  де құрлысы мен мағынасы жағынан бірдей, бір-бірінің тура аудармасы болып келетініні белгілі. Кейде 3 тілдегі мақал-мәтелдер бір-бірімен тек алынып отырған тақырып, білдіретін  мағынасы жағынан ұқсас болуы мүмкін. Екіншіден, ағылшынша, орысша, қазақша мақалдардың синонимдері  болады. Кейде мақалдар өз синонимдерімен тек образдармен ерекшеленеді, кейде мағынасы жағынан үндесіп, ұқсас болады.  Мақалдарды бірнеше тілде білу сабақ барысында өзімізге  де пайдалы.

Қазақстанның тілдер саясатындағы басты бағыт – тілдердің үштұғырлылығы. Бағдарлама қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгертуді көздеп отыр. Көпұлтты мемлекет үшін бұл қалыпты жағдай.  Тілдердің бірлік пен үйлесімде өмір сүруі және бір-бірін ығыстырмауы тілдер гармониясын құрып, солай аталып та жүр. Басымдылық мемлекеттік тілге беріліп отырғаны баршаға белгілі. Ағылшын тілін меңгеруге ден қойылуда. Алайда, Қазақстан жерінде тұратын азаматтардың басын біріктіретін тіл ретінде қазақ тілі көш бастауы керек. Келер ұрпақтың мемлекеттік тілде сөйлеуі заман талап етіп отырған жағдай.  Қорыта келгенде,мемлекеттік тілді және шет тілдерді үйренуіміз керек. «Білекке сенер заманда-ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмейік » — деп Абылай хан айтып кеткендей, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екенін естен шығармайық.  Мынандай шарықтау заманында көп тілді игергенге ешкімнің таласы болмайтыны хақ. Сондықтан қазақ, орыс және шет тілдерінің ішінде көбіне көп қолданылып жүрген ағылшын тілін жетік меңгерген ұрпақ өсіріп, оларға үлгі бола білу-бәсекеге қаблетті елдің берік іргесі мен кемел келешегінің кепілі .

Мәңгілік ел
Мәулітбекқызы Аяулым, Тәуелсіздікке 25 жыл!

Мақала авторы: Мәулітбекқызы Аяулым
Жұмыс орны: Астана қаласы №58 мектеп-гимназия
Лауазымы: Информатика пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 21.12.2016

Тәуелсіздікке 25 жыл!

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып — көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» (Н. Назарбаев).

Осыдан 25 жыл бұрын егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл ғасырлар бойы қазақ халқының аңсаған арманы еді. Ұлы қазақ елі осы күнге жеткенше үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса кеңес одағының шырмауында болды. Жер бетінде елдің бостандығын, халқының тәуелсіздігін ойламайтын жұрт жоқ болар.

Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік! Яғни егеменді, дербес мемлекет. Бүгінгі күні осы тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жыл уақытта зымырап келіп қалды. Ал осы уақыт тарих үшін қас — қағым — ақ. Қаншама ғасырларды алып құшақтаған тарих қойнау талай үлкен мемлекеттердің тәуелсіздігін көрген. Солай бола тұрса да, біз үшін өзіміздің тәуелсіздігіміз қымбат. Неге десеңіз, мемлекетіміздің сөнген отын жаққаны үшін, ата — бабамыздың рухын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін бізге қымбат. Кей кезде маған осыдан 25 жыл бұрын біздің қазақ елі қандай еді деген сұрақ ойыма орала береді? Әрине, бұдан 25 жыл бұрын алға қойған мақсатымыз даңғыл жол болды, яғни тәуелсіздік даңғылы. Осы тәуелсіздікті алғаннан кейін халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ елінің тұңғыш елбасы болды. Елбасының бастауымен қазақ халқы әлемге танылды. Елім ерлігін көрсетті, елдігін танытты. Қазақ халқы тәуелсіздігін алып, егемендігіне қол жеткізгенде өз алдына ел бола алатынына күмәндана қараған жандарда болған екен. Бірақ ар — намысты алға қойған Елбасымыз бен үкімет басында отырған елі үшін еңбек еткен ағаларымыздың аянбай еңбек етуі осы нұрлы күндерге жеткізді. Тәуелсіздік жолы тәуекелді ту етті. Сөйтіп тәуекел қайығына міндік, 25 жыл ішінде басқа халықтар ғасырлар бойы өткен жолдан өттік. Еліміздің рухы күннен – күнге көтеріліп келеді.

Жалпы мен үшін тәуелсіздік – Ту, тәуелсіздік — ауа, жер — су, тәуелсіздік ел дәулеті ұғымдары болып табылады. Тәуелсіздік — азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің қызы — өжет, ұлы — қайратты, халқы — қаһарман. Тәуелсіз елдің ғана зор, үлкен болашағы болады. Сонау атам заманға көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібек қазақ елін құрған сәттен бастап, ең бірінші алға қойған мақсат осы тәуелсіздік болатын. Тәуелсіздіктің сан қырлы жолында қанша көтеріліс, қанша соғыс болды. Осы қанды шайқастардың соңғы нүктесін қазақтың көгершін жастары 1986 жылы қойды. Тәуелсіздіктің таңы атқан сәттен бастап, қазіргі күндерге дейін сол желтоқсанның ызғары лебін есіп тұр. Әр минут сайын, тіпті секунд сайын сол қанды жолдың жолаушылары болған ата-бабаларымызды ұмытпағанымыз жөн.

Тәуелсіздік қажырлы күреспен келді. Бостандықтың 25 жылында жүз жылдарға татитын қадамдар жасалуда. Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр. Қазақстан ертең күн шыға қауызы ашылып, сосын жан — жағына әдемілік, сұлулық сыйлайтын исі жұпар гүлдердей жайнап, құлпырып кетеріне осы елдің азаматы ретінде мен кәміл сенемін. Ендігі ұрпақтың мақсаты мол біліммен қаруланып, кең — байтақ жерімізді теріс пиғылды басқыншылардан қорғау. Тәуелді қазақ жерінен, қазіргі тәуелсіз Қазақстанға көз тіксек, қаншалықты керемет, гүлдей жайнаған жерге айналғанын көре аламыз.

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт — сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті.Осының барлығы билеуші билеріміздің, ақын-қайраткерлеріміздің шолпан жұлдыз іспеттес жастарымыздың арқасы. Осы адамдардың барлығы өзі үшін күресті деп ойлайсыздар ма? Жоқ әрине, олар өздерінің жандарын келешек ұрпақ үшін пида етті. Тәуелсіздік жай атау емес, тарихтың бір бөлшегі. Сол бөлшегін көзіміздің қарашығындай сақтап, құрметтейік, дәріптейік!