Мәңгілік ел
Реметова Лала Аптайқызы, Қазақстан — достық мекені

Мақала авторы: Реметова Лала Аптайқызы
Жұмыс орны: №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектеп
Лауазымы: мұғалім
Порталға жариялану мерзімі: 15.12.2016

Қазақстан — достық мекені

Ұлы Дала Елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Қазақстан — достық мекені»
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларға отанын сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, отанымыздың байлығын қорғауға, елімізді өркендетуге білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу.
Тәрбие сағатының көрнекілігі: Қазақ елі суреттері, Қазақстан Республикасының рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н. Ә Назарбаевтың суреті, нақыл сөздер, 2050-стратегиясының символы,
Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

— Қазақстан халқы Ассамблеясы — ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассамблея — мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етуші ұйым. «Дамудың сыры — бірлікте, Табыстың сыры — тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар — сол шаңыраққа шаншылған уықтар.
— Ортақ ордамыз — Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру — елдік мақсат. Сонда ғана Қазақстан «2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз — ортақ, тілегіміз — бір, мақсатымыз — жалғыз. Ол — жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!
— Қазақстан халқы ассамблеясы қазақстан республикасы президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы жарлығымен мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Елбасы нұрсұлтан назарбаев қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған қазақстан халқының бірінші форумында жариялады.
Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Бұл бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Он тоғыз жылдық тарихында ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында н.назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде қазақстан халқы ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол – халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде ассамблея ел президенті төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл – оның ерекше мәртебесін айқындайды.
— Мемлекет басшысы көп ұлтты Қазақстанда 140-тан астам ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында атап өтеді. Өткен жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында да Қазақстан Мәңгілік Ел атану үшін мемлекетте бейбітшілік пен келісім бекем болуын басты назарға ұсынды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деп аталған сессияда рухани келісімнің айрықша жеті жоғары мәдени қағидатын айтып өтті. Онда діни тұрақтылық, ортақ жауапкершілік, мемлекеттік тілді өзге ұлттардың меңгеруі, конфессияаралық толеранттылық пен ішкі тұтастық, барлық ұлттың өмір сүру сапасын арттыру, әр ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өнерін дамыту және этномәдени бірлестіктердің жұмысына серпін беру қағидаттарына кеңінен тоқталды. -Ассамблея халық егемендігін шоғырландырушы саясатүстілік органға айналды. Ассамблеяның депутаттық тобының құрамына бүкіл парламенттік партияның өкілдері болып табылатын 25 мәжілісменнің кіруі үлгі тұтарлық жағдай. Ассамблея мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді. Тек өткен жылы ғана Ассамблея 10 мың іс-шара ұйымдастырып, оларға 3,5 миллионнан астам адам қатысты. Көптеген өңірлерде Достық үйлері құрылып, жұмыс істеуде. Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Бұл енді біздер өз ұрпақтарымызға ұлт байлығы ретінде беретін ортақ мәдени мұрамыз,- деді Мемлекет басшысы.
— Сондай-ақ, Елбасы бейбітшілік пен келісімді нығайту — 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың басты критерийі екендігін тілге тиек етіп, бес мызғымас шындықты атап өтті. Әлемдік саяси ахуалды сарапқа салып, этносаралық тұрақтылықты сақтап қалудың жолдарын көрсетті. -Ассамблеяның бай халықаралық байланыстары бар. Мен барлығыңызды G-GLOBAL идеясын ілгерілету үшін өздеріңіздің халықаралық байланыстарыңызды пайдалануға шақырамын. Сондай-ақ, Ассамблеяда еліміздегі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесі мен Алматыда өтетін Универсиада-2017 сияқты аса ірі халықаралық шараларға дайындыққа қатысу бойынша өзінің нақты Іс-қимыл жоспары болуы тиіс. Осы шараларда біз әлемге мәдениетімізді, еліміз халқының полиэтностық толеранттылығын, бейбітшілік пен келісім жағдайындағы табыстарымызды көрсетуге тиіспіз,- деп Ұлт Көшбасшысы барлық қазақстандықтарды бірлікте жұмыс жасауға шақырды.
— Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес, журналистер мен сарапшылар клубы құрылған. Барлық аймақтарда Достық үйлері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада «Бейбітшілік және Келісім сарайы» салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді. Ассамблеяның тағы бір ерекшелігі, этностық топ өкілдерінің мүдделерін жоғары заң шығару органы — ел Парламентінде білдіру болып табылады. Осыған орай 2007 жылы еліміз Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлауға құқылы. Ассамблея сайлаған Мәжілістің тоғыз депутаты, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық, бастамашылық құқығын жиі пайдалануда. Еліміз тарихынан ойып тұрып айрықша орын алатын оқиғаның бірі Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз еліміз дамуының ұзақмерзімдік «Қазақстан — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын маңызы орасан зор құжатты халық назарына ұсынып, алда атқарылатын ауқымды да асқаралы міндеттерді белгілеуі болды. Міне, сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы осы құжаттың мәдениет, бейбітшілік, руханият және келісім мәселелерін талқылауға арналуы тегіннен-тегін емес. Себебі, Елбасы айтқандай, Тәуелсіз Қазақ елінде бәрі бар. Тек қана көпұлтты ұлттар мен ұлыстардың арасында өзара түсіністік, тату-тәтті береке-бірлік пен ынтымақ және рухани құндылықтарға деген адалдық ауадай қажет. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде көпұлтты қазақстандықтардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырған татулық темірқазығына айналып отыр. Туған елі — Қазақстанды әлемдегі өркениетті елдер қатарына қосуды жоспарлаған Елбасының басты арман-мұраты да міне, осы!
Сонымен балалар,тәрбие сағатымызды жалғастырайық
әрбір топ өз білімдерін ортаға салады.
Таныстыру уақыты әр топқа 2 минут беріледі
1 топ «Мақсат» тобы
Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.
2 топ «Болашақ»
Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді
Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.
Мемлекеттік елтаңбаның орталық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
3 топ «Арман» Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
4 топ «Ақ жол» Қазақстан Республикасының Президенті — ҚР мемлекеттік басшысы және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртұтас жүйесін басқарушысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға; сондай-ақ республика азаматтарының құқығы мен бостандықтарының, Конституциясы мен заңдарының сақталуына кепіл болады; ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады.
Сұрақ жауап кезеңі: (5 минут)
Біз қандай елміз? (Тәуелсіз)
Астана қаласының бұрыңғы атауы? (Ақмола)
Қазақстан қай жылы тәуелсіздігін алды? (1991)
Мемлекеттік тіл қандай? (қазақ)
Қанша ұлт өкілдері тұрады? (140 астам)
Қазақстаннаң қандай спортшыларын білесің? (Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Ольга Шишигина, Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекпаев, Илья Ильин, Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Ольга Рыпакова және т.б.)
Қандай ұлттық аспаптарды білесің? (қобыз, домбыра, жетіген, сырнай және т.б.)
Елімізде өтетін мерекелерді атаңыз? (наурыз, айт мерекесі, тәуелсіздік күні, халықаралық әйелдер күні және т. б.)
Бірлік сөзі қандай мағана білдіреді? (достық, біріккен, бір шаңырақ астында деген мағыналар береді.)
«Мен қазақпын мың өліп мың тірілген» — өлең жолдарының авторы кім? (Жұбан Молдағалиев)
4 кезең «Қазақстан- достық мекені» (Жоба қорғау, оқушылар берген тақырыпқа алдарында жатқан парақтар, суреттер, желім, түрлі – түсті қағаздар арқылы жоба жасайды. Жобаға әр топқа 2 минут уақыт беріледі.)
5 кезең «Сенесің бе сенбейсің бе?» (Әр топ Қазақстан жолы – 2050достық пен береке жылы дегенге өтірік әңгәме құрайды. Әр топ 1,5 минут уақыт қолдана алады.)
2050 жылы Қазақстанда барлығы қазақша сөйлепті тіпті өзге ұлттар елге кіру үшін тіл емтиханын тапсырыпты …….. (шіркін-ай)
2050 жылы Қазақстан әлемдік біріншілікте 1 орында тұрыпты…….
2050 жылы Қазақстан халқының саны 116 миллионға жетіпті……
2050 жылы қазақстандықтар орта есеппен 90 жыл өмір сүретін дәрежеге жетіптті …..
2050 жылы қазақстанда әлемнің барлық түпкірінен жиналған 190нан астам ұлт өкілдері өмір сүріпті
2050 жылы қазақ тілі мемлекетаралық байланыс құралы болып сайланыпты………
Мұғалім:
Тарих ол – уақытқа ұқсас толмайтұғын,
Қадайды қасыңа әкеп шалғай туын,
Тарих ол – бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын. -деген Жұбан Молдағалиев ағамыздың жырымен
« Қазақстан -достық мекені » атты тәрбие сағатымыз аяқталды. Келесі кездескенше!

Мәңгілік ел
Атахан Қанат Аханұлы, «Мәңгілік ел» — ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу

Мақала авторы: Атахан Қанат Аханұлы
Жұмыс орны: Шығыс Қазақстан Облысы, Өскемен қаласы әкімдігінің "№1 орта мектебі"КММ
Лауазымы: Оқу-ісі меңгерушісі. Тарих және география пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 30.10.2016

«Мәңгілік ел» — ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу

Аңдатпа:

Рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде оқушыларға ұлттық және жалпы адамзаттық құндылыққа негізделген тәрбие кеңістігін құру арқылы жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастырып, өмірді құндылық ретінде бағалауға бағыттайды.

Аннотация:

Формирование разносторонней личности на основе духовно-нравственных и общечеловеческих ценностей, учит ценить жизнь, как ценност.

Annotation:

The formation of the diverse personality on the basis of moral and human values learns to appreciate the life as a value.

Кілт сөздер:

Мәңгілік ел, Рухани мұралар, әдет-ғұрып пен салтымызды сақтау

Ключевые слова:

Вечная страна, Духовные наследия, Сохранение обычаев и — традиций

Keywords:

Eternity country, Spiritual heritage, Custom and tradition and to keep traditions

Бағзы заманда елінің болашағы үшін қатты алаңдайтын бір патша елінің данагөй қартынан: Елімнің болашағын болжап берші, деп өтінген екен. Сонда қарт: Сен маған алдымен, еліңнің жастарын көрсет, содан соң жауап берем деген екен. Осы қазыналы қарияның сөзін бойтұмардай ұстанған Елбасы өз сөзінде: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды, ал жас ұрпақтың тағдыры-ұстаз қолында» деп атап көрсетті.

Еліміздің болашағы-ұрпақ тәрбиесінде. Бүгінгі таңда жастарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін ойлай білу мүмкіндігін жетілдіру, сонымен қатар әр адамның кәсіби біліктілігі мен білімділігін, іскерлігін арттыру — әділетті қоғамның міндеті болып табылады.

Жаһандану үрдісінде жастар арасында әлеуметтік тоқырау, яғни саяси және қоғамдық өмірден алшақтау, отбасылық өзімшілдік мінез көрсету, адамгершілік құндылықтар дағдарысы, шындықтан, адалдықтан бас тарту, зорлық-зомбылық сияқты құбылыстар, дәстүрлі емес діни ұйымдардың жастарымыздың санасына әсер етуі, жастардың маскүнемдік, нашақорлық секілді залал дүниелерге құмар болуы, ауыр қылмыстар жасау, адамгершілікке жатпайтын қылықтар кеңінен етек жаюда. Міне, сол себептен де жас ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Бұл мәселені ұлтының болашағы үшін жаны ауырған, аты аңызға айналған Б.Момышұлының жандауысы дәлел бола алады. «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Біріншісі, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, содан қорқамын»,-деген.[2, 25-б]

«Мәңгілік ел» деген сөздің ұғымы аса терең. Әл-Фараби да өзінің «Ғажап ел» туралы кітабында егжейлі-тегжейлі жазып кеткен. Қысқаша айтқанда, «Мәңгілік ел» дегеніміз, бұл-ғұмыры мың жылға созылып, тұғыры таймаған алдыңғы қатарлы алпауыт ел деген сөз. Бірақ ол үшін ерекшеліктердің төмендегідей бес ұстанымы болуы шарт. Бірінші-діннің сақталуы. Екінші-нәпсі, жанның сақталуы. Үшінші-нәсілдің қорғалуы. Төртінші-мал-мүліктің қорғалуы. Бесінші-ақыл мен ой-сананың, оның ішінде, сана еркіндігінің сақталуы. Бұған қоса айтарым, «Мәңгілік ел» болу үшін билік пен халықтың арасында алынбас қамал, ешкім кіре алмайтын жабық қақпа болмауы тиіс. Яғни, билік басқа әлемде, халық басқа бір әлемде ғұмыр кешпеуі қажет. Мұның басты белгісі-билік өзі үшін емес, өзгелер үшін, туған халқы үшін өмір сүруі керек. Бірақ, Пайғамбарымыз: «Қандай болсаңдар солай басқарыларсыңдар» дейді. Физиканың, химияның, астрономияның өзіне тән өзгермейтін «жаратылыс заңы» деген бұлжымас тәсілдері болатынындай, қоғамның да өзіндік тәсілдері бар. Мысалы, бір сұйық зат неден шықса, оның қаймағы да содан! Айранның бетінде айранның қаймағы, сүттің бетінде сүттің қаймағы болады. Ендеше, басты нәрсе-басқарылған халықтың мінез-құлқына байланысты. Егер олар мінез-құлық жағынан өздеріне жүктелген мәселелерді тиянақты түрде шешсе, онда биліктегілерді де мазалайтын мәселе қалмайды. Егер биліктің қарапайым халыққа рақымы мен шапағаты, халықтың оларға деген бағыныш, құрмет және сүйіспеншілігі болса, онда мұндай ел сол құндылықтар жоғалғанға дейін «Мәңгілік ел» болып қала бермек! Мұның соңы ақыретте, жұмақта да жалғаса беретіні даусыз.

Біз тәуелсіз елміз. Мақсат-мүддеміз-тәуелсіздігімізді мәңгі сақтау. Ол үшін не істеу керек? Ұлттық рухымызды асқақтатып, әдет-ғұрып пен салтымызды сақтауымыз қажет. Оның барлығының өзегі не? Мемлекеттік тіл! Елбасының «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деп атап көрсеткені бекер емес. Шын мәнінде, бай тілі, бай жері, даласындай дарқандығы бар, сонша этностың өкілдерін бауырына басып, қамқорлық көрсетіп отырған қазақтың «Мәңгілік ел» атануының мәні үлкен. Біздің бар бақытымыз да осы. Тәуелсіздіктің іргесін қалаған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының жарқын бастамаларының баянды боларына сенетін адаммын. Демек, Президент жолдауында айтылған «Мәңгілік ел» болудың өзегі мемлекеттік тілдің баянды болуында жатыр. Өйткені қазақтың тілі-қарым-қатынас құралы. Елбасы айтқандай, «Бабалардың ерлігі, жас ұрпақтың жасампаздығы арасындағы сабақтастықты», «мәдениетті де, әдебиетті де жалғастыратын» да қазақтың тілі. Тіл-ұлттың ең құнды дүниесі. Себебі тас мұқалады, темір тозады, адам өмірден озады, ал ұлттың құндылығын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын таңдайдағы тіл ғана. Сондықтан тәуелсіздігіміздің тірегі де, жаршысы да-тіл. Демек, мемлекетіміздің «Қазақ елі, яғни «Мәңгілік ел» ел боларына мен өте сенемін.

-Демек, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырудың бір жолы ұлттық дәстүрді ұлықтауда жатыр.

-Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп өсиет еткен. Бесік-ұлттық тәрбиенің негізі. Салтымыз мықты болса, халқымыз да мықты болмақ. Қасиетті қазақ елінің рухы халықтың салт-дәстүрінде, наным-сенімінде, әдет-ғұрпында сақталған. Халқымыздың өмір сүруі де осы рухани байлығымыздың күш-қуатына байланысты. Елдің салт-дәстүрі әлсіресе, рухани орталықсыз, бағыт- бағдарсыз қалатын болса, онда ол ел өз сипатынан бірте-бірте айырылып, жойылып кетуі де мүмкін. Осы қауіптен сақтану үшін халқымыздың барынша бай рухани қазынасы болып саналатын салт-дәстүрімізді берік ұстау болмақ.[2, 29-б]

Қазақтың дәстүрлі салты мен әдет-ғұрпы, наным-сенімі қалай болса, солай атүсті орындалмай, оның байыбына терең бойлап, мәні мен мағынасын түйсінуді қажет етеді. Жан-жақтағы күллі қазақты біріктіретін де-осы дәстүріміз. Тарих қойнауында көмескілене бастаған кейбір салт-дәстүрлерімізді қайта қалпына келтіру, жаңғырту, насихаттау-бүгінгі күнгі «жүрегі қазақ» деп соғатын әрбір азаматтың ең басты парызы болуы керек. Еліміздің болашағы халықтың өткен өмірі мен басынан кешкен тарихымен астасып жатыр. Өткенге зер салмау жетістіктер мен кемшіліктерді зерделемеу болашақтың жарқын болуына көлеңке түсіретіні сөзсіз.

Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырудың бір жолы-ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру болып табылса керек.

«Ұлттық мәдениеті (салт-дәстүрі) жоғары дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады» деген түрік ағайындардың ұстанған берік қағидасы бар. Олардың замана ағыстарында жұтылып кетпей, ұлтттық этнопедагогика, ата дәстүрді осы күнге дейін сақтап қарыштай дамуының мәнісі де осында. Бүгінгі күндері адамгершілік пен имандылықты ту еткен түрік мектептері, лицейлері дүние жүзін оң тәлім-тәрбиелік тұрғыда «жаулап алып» отыр. Осындай өзінің түп-тамыры, ата-тек болмысынан айнымайтын, Көк Тәңірі мен аруақты ата-бабаларға, әулиеге сыйынып, ұлттық рухын, ар-намысын асқақ та бекем ұстайтын халық қана біртұтас ұлт болып ұйысып, баянды болашаққа түзу жол түзе алмақ. Бүгінгідей өз тізгініміз өз қолымызға тиіп, зайырлы, унитарлық, ұлттық мемлекет құрамыз деген тұста ұлттық саясатымыз, ұлттық идеологиямыз қандай болуы керек? Үш ғасырлық бодандық пен жетпіс жылдан астам уақыт кеңестік өпірем саясат кезінде жоғалтқан есеміздің орнын толтырып, рухани мерейімізді қандырып, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, әдеп пен иман секілді тектілік қасиеттерімізді жаңғырта дамыту-бүгінгі күннің басты талабы. Нағыз Қазақ болудың, Мәңгілік Қазақ елі болудың алғы шарты.

Тарихта “жаңа кезең” деп саналатын кезең болады. Ондайда белгілі бір саяси құрылыстардың ғана емес, күллі қоғамдық тіршіліктің тұтастай түгел өзгеруі талап етіледі. Біздің бүгінгі кезеңдеріміз сондай құбылыстардың жақындағанын сездіреді. Осыдан туындайтын ұлттық мемлекет идеясы ұлттың дәстүрі мен салт-санасына, әдет-ғұрпына келіп тіреледі.

Кейбір азаматтарымыз жаһандану дәуірі басталды, ұлттық мемлекеттер тарих сахнасынан кетеді деп сәуегейлік айтады. Ал, екінші ойшылдар керісінше кейінгі өзгерістер ұлттық мемлекеттің салт-санасының, дәстүрінің өшуі емес, өршуінің айқын көрінісі екенін дәлелдеп отыр. Ендеше адамзат қоғамында болып жатқан әлгіндей құбылыстарға байланысты біздің өз ұлттық болмысымызда, ұлттық санамызда қандай өзгерістер болуы ықтимал? Бұған жауап табу үшін өзіміздің өткен жолымызға, ұстанып келген салт-дәстүрімізге көз жүгіртпей болмайды. Ұлттық сана дегеніміздің өзі де әр адамның жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі деп түсінеміз. Осыған орай Ә.Кекілбаев айтқандай, “дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу-өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар”-деген еді

Біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен психологиямызда тәуір қасиеттермен қатар арылатын кемшіліктеріміз бар екенін білеміз. Олардың қауіпті де, қауіпсізде жақтары болып келді. Мысалы, отызыншы жылдары таптық қатынастар әлі кеңінен етек жая қоймаған біздің қауым тап жауларын құрту жолындағы күресте басқа жұрттың бәрінен озып кеттік. Өзіміздің тамырымызға өзіміз балта шаптық. Сол сияқты жаһанданамыз екен деп өзіміздің ең жоғарғы адамгершілігімізді асқақтатып келе жатқан адам тәрбиесінде үлкен маңызы бар салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызға да өзіміз шабуыл жасаудан сақтанған жөн.

Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінің үш мың жылдық тарихының барлығына, оның түрлі жалғастық пен сыбайластық нәтижесінде кейінгі ұрпаққа, бүгінгі кезеңге қандай деңгейде келіп отыр деген ой кім-кімді де мазалайтын болуы керек. Мәдениетті ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан бөлек алып қарау, ол үлкен қателікке ұшыратады. Мәдениеттің көзі болып келген ата-бабаларымыз бірін-бірі өте жоғары сатыда сыйлап, соның арқасында рухани құндылықтарды бойларына жинап, тұқымнан тұқымға дарыта білді. Бізге жетіп жүрген ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың бәрі де осыны аңғартады. Қазіргі кезеңде өз ұлтымыздың мәдени деңгейін алып қарасақ көңіл толыңқырамайды. Мәдениетіміздің асыл мұраларын жәдігер (экспонат) түрінде ғана көріп шын мәнінде жастарымыз түсінбей таңданатын сияқты. Батысқа еліктеушілік біздің басқа халықтардан жоғары тұрған салт-дәстүріміз бен мәдениетіміздің өресін күннен-күнге тарылтып, қауіп туғызуда.[5, 16 б]

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет-ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында жаһандануға қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан-бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қойып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек»-деген болатын. Сондықтан да егеменді ел болып, өз тіліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілгендіктен, мәдениетімізді жабайы көріністерінде жаңғыртуға тырысатындардың жолын бөгеп, оны ата-бабаның салт-дәстүрімен суарып жандандыра алсақ қана оның ұлттық тарихи бейнесі сомдалмақшы.Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі дүние жүзі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрінен көп ілгері болып келді, оның тұнып жатқан асыл маржандарын толықтай жинақтап қазіргі жастарға жеткізу біздер үшін парыз деп түсінеміз.[1]

Ескіден келе жатқан, санаңа сіңіп қалған әдет-ғұрыптардың барлығын дұрыс, еліміздің қазіргі ұстанып отырған саясаты мен ұлттық идеологиясына сай деп толықтай қолдану керек деген тұжырым жасауға әрине болмайды. Кейбір қолданылып келе жатқан үрдістерге Әйтеке биден бастап наразылық көрсетіп, оны өзгертуін талап еткен. Әсіресе, қазақ қауымын өрге басуға кедергі келтірер кертартпа дәстүрлерге батыл қарсы шыққандығында. Адамды, азаматты ата-тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдар мен шын арыстардың көбейе түсуін көксегенінде. Әсіресе қазаққа өз-өзін тұтас ел қылып басқарар уақыттың келгендігін айрықша баса көрсеткендігінде. Ешкімге есесін жібермес би, батырлықпен қоса, көрші елдермен тату болып, тіл табыса алар мәмілегерлікке де қатты мән беруде біздің Әйтеке сияқты билеріміздің мүдделі болғандығын айтқанымыз жөн болар. Біздің еліміз-қазақтың көсемі халықтық мұраттың көксеген биігіне емін-еркін көтеріле алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты жолындағы сол ұғым, сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе болар еді деп уайымдады. Сол бабаларымыздың көксеген армандары қазір орындалып отырғанына тәуба дейміз.[3, 18 б]

Сонымен қазақ жұртының қазақ болып, біртұтас елге айналуында, өркендеуінде айтулы хан-сұлтандарымыз, батырларымызбен бірге көсем билеріміздің де айрықша үлес қосқанын айту егемен елдікке қолымыздың жетуі арқасында ғана мүмкін болып отыр. Біз темір қоршау, жабық қараңғы түрме салмаған халықпыз. Бұл көріністер турасын айтқанда әлемге әйгілеп, ту етіп көтеруге тұратын қоғамдық адамдық мәдениеттің ең жоғарғы шегі десек қателеспеспіз. Дүние жүзі халықтарының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының адам тәрбиесіндегі өресі, қазақ деген халықтың адам баласына деген ғибратты ойынан туындаған философиялық тұрғыда зерделенген, ақылшы билеріміздің өте жоғары мәдениетпен сусындаған асыл қазына болып есептелетін өсиеттерінен әлдеқайда төмен жатқандығын кейбір ойшылдарымыз мойындауда. Халқымыз өскелең ұрпақ тәрбиесінде ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани мұралар сабақтастығын сақтауды мақсат тұтқан. [5, 12 б]

Ата-бабадан қалған өшпес мұра мен қазынаны қабілеті жоғары ұрпақтың бойына дарыту-менің және мен тәрізді оқуын бітірген әрбір маманның міндеті. Мысалы, мектеп педагогикасында ғасырлар бойы екшеленіп, өмір сынынан өтіп келген халықтың дәстүрлі қолөнер үлгілері жастар үшін өткеннің елесі болып, оқу-тәрбие жұмысында пайдаланбай қалып жатыр. Осыған орай жастардың жат елдік мәдениетке еліктеушілігі рухани кедейшілікке әкеліп соқтыруда. Сондықтан жалпы білім беретін қазақ мектептерінде оқушыларды халқымыздың рухани байлығымен, мәдениетімен, қолөнері, салт-дәстүрімен терең таныстырып, педагогикалық тәжірибені оқу-тәрбие ісінің тірегіне айналдыру, яғни адамгершілік-эстетикалық тәрбиенің жаңарған жүйесін жасау бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр.

Егер, ғұламалар мен ағартушылар, қоғам қайраткерлері, бүгінгі заман ғалымдарының еңбектеріндегі рухани-адамгершілік құндылықтары жүйеге келтіріліп, тағылымдылық мүмкіндіктеріне қарай жіктеліп, мектептің оқу-тәрбие үрдісіне енгізіліп, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатына пайдаланса, онда рухани-адамгершілік құндылықтарды бағалай білетін, ұлттық сана-сезімі жоғары, инабатты, адамгершілігі мол, рухани жан-дүниесі бай, рухы биік жеке тұлға қалыптастыруға мүмкіндік туындайды. Себебі мектептің оқу-тәрбие үрдісі, тәрбиелік шаралар, мектептен тыс тәрбиелік жұмыс мазмұны рухани-адамгершілік негізінде құрылады және сол арқылы бүкіл мектептің тыныс-тіршілігіне оң ықпал жасай алады.

Қазіргі заманда «Мен жастарға сенемін» деген Шәкәрім мен Мағжандардың арманы орындалғандай заман туды.

Қорыта келгенде, Елбасы Н.Назарбаевың: «Мағжанның жүрек тебірентерлік мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңқалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың түпсіз терең философиялық толғаулары сияқты осынша мол рухани қазына әрбір адамның ішкі жан дүниесін байытып, сана-сезімін шарықтата көтеретініне күмән келтіре алмаймыз» деуінің өзі ұлттық құндылығымызға толық дәлел бола алады. Ендеше, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясында «Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын» деген сөзі жастарымыздың ерік-жігеріне қанат беріп, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға және де болашағы жарқын, Отанына адал, алдына мақсат қоя алатын білімді ұрпақ тәрбиелеуімізге негіз болды. Отбасының ірге тасы мықты болсын десеңіз, бесігіңізді түзеңіз. Ертеңгі ұрпағым саналы да мәдениетті болсын десеңіз, отбасы тәрбиесіне көңіл бөліңіз.

Қолданылған әдебиет.

1.    Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауы.

2.    Есжанов А.Е. Қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтары жайында.Жинақ. 2011. С.18-22.

3.    Губашева С.Г., Отарбай А.Ж. Тәрбие жұмысының әдістемесі.

4.    Игенбаева Б.Қ. Адамгершілік сабақтары. Алматы. 2000ж

5.    Сатыбаев С. «Халық әдебиетінің тарихы негіздері» Алматы ;1992

Адам және қоғам, Мәңгілік ел
Кенжебаева Бақытгүл Нұрдығалиқызы, Білімді ұрпақ — Мәңгілік ел тірегі

Мақала авторы: Кенжебаева Бақытгүл Нұрдығалиқызы
Жұмыс орны: Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды қазақ орта мектеп-лицейі
Лауазымы: Жоғары санатты тариx пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 21.10.2016

Білімді ұрпақ — Мәңгілік ел тірегі

» Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз,
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!»,- деп, серке сөздің серісі, ұлтымыздың тіл жанашырларының бірі де бірегейі, қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжолов атамыз ата-бабаларымыздан қалған осынау ұлан-ғайыр атырапты жайлаған халқымыздың батыл рухты, қайсар да ержүрек мінезін, сақ заманынан қанына сіңген өжет бітім-болмысын сипаттай келе, қазіргі жас буынға еліне адал, анталаған жауға аяғын таптатпай жерін қорғар, бүгінімен емес, болашағымен өмір сүріп, ел ертеңін ойлар шыдамы берік, өрісі биік азамат болуын өсиет етіп қалдырғандай. Иә, ұлтымыз не көрмеді? Сонау Жоңғар заманының құйтырқы әрекеттерін, қатыгез істерін көріп, бертін келе кеңестіктердің езгісіне түсіп, аштық пен қорлықты, зорлық-зомбылықты, қан майдандағы жанкешті тірлікті басынан өткерді емес пе? Сол бір азапты кезеңде талай боздақтарымыздан, ел жыртығын жамаған қайраткерлерімізден айырылып та қалдық. «Ұлтым» деп еңіреген, «елім» деп еміреніп өткен қайталанбас тұлғаларымыз ел тарихынан орын алды. Сонау сақ заманынан қанымызға сіңген қайсарлық, өжеттік, өр мінез- талай арыстарымызды азапқа толы мұз құрсаудан суырылып шығуларына септігін тигізді. Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабаларымыз бастаған ұлт мүддесі үшін болған күрес бермен қарай Желтоқсан оқиғасымен жалғасын тапты. Сол кездегі Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды жалындаған жастардың, өжет ұл-қыздардың арқасында еркіндікке, теңдікке қол жеткіздік. Бұғаудан босап, шылбырымыз шешіліп, талай жылдар армандап келген тәуелсіздікті алдық! Бүгін, міне, сол тәуелсіздіктің арқасында ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман етіп, жанын аямай күрескен еркіндікке, асқақ арманымызға қол жеткіздік, соның арқасында болашаққа нық қадам басып, елімізді көркейту үшін айқын, ауқымды жоспар құрудамыз. Бұл Елбасымыз көрсетіп берген үлгілі дамудың өзіндік моделі, ел болашағының сара жолы-Мәңгілік ел ұлттық идеясы болып табылады.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,-деп атап көрсеткендей бұл жол елімізді Мәңгілік елге айналдырып, соған бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол болмақ. Бұл жол халқымызды рухтандыратын, ар-намысын қамшылап, ерік-жігерін асыратын патриоттық жол. Ендеше оның міндеттерін жүзеге асыру ұрпақ тәрбиесін дамытудан бастау алуы керек. Бұл орайда білім ордалары мен әсіресе онда оқытылатын тарих пәнінің ролі ерекше болмақ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауында «Біз Жалпыұлттық идеямыз-Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық. Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Төныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты-Мәңгілік ел»деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиістіміз»,-деп тарихшылар алдына үлкен тапсырма беріп, ел тарихын ұрпақ бойына аса жауакершілікпен меңгертіп, Мәңгілік ел болуға жол салуымыз керек екендігін атап өткен. Әрбір жас ұрпақ халқымыздың аты тарихтан өшпей, жалғасып, шарықтап дамуы үшін аянбай күресіп, тер төгуі қажет екенін сезуі тиіс. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болып, еркін дамыған, әлем таныған елге айналарымыз хақ.
Тәуелсіздік! Бұл ұғым- біздер үшін, қаймағы бұзылмаған қазақ жұрты үшін ел тарихынан ойып орын алған, терең із қалдырған киелі де қастерлі ұғым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей: «Бұл-біздің барлығымыз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз! Бұл-біздің шексіз сүйетін ұлы туындымыз!» Оны сақтап, қорғай білу, одан әрі дамытып, көркейту, әлем мойындаған Мәңгілік елге айналдыру бүгінгі жастардың міндеті болмақ. Сондықтан әр жасқа тарих тағылымын, ата-бабаларымыздың өткен жолын үлгі ете отырып, санасында ұлттық рухты, патриоттық сана-сезімді қалыптастыру басты парыз деп санаймын. Ал тарих пәні осынау стратегиялық маңызы зор Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыруға бағыттайтын сара жол болмақ.
Қазіргі аумалы-төкпелі, сынағы мен қайшылығы көп заманда елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналар кез келіп отыр. Өткенімізден тағылым алмай мұндай қыйын-қыстау заманда алға жылжу мүмкін емес. Бабаларымыздың қалдырған әрбір ізі, ерлігі, қайсарлығы бізге сабақ, үлгі болады. Ендеше әр сабағымызда осыған баса көңіл бөліп, халық ерлігін насихаттау керек. Оқушылар бойында туған жерге деген елдік санасын, сүйіспеншілік сезімін қалыптастыра отырып, өз халқы мен Отанының бақыты үшін аянбай күресетін ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болмақ. Ол үшін:
1.Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғай білуге үйрету;
2.Әрбір жастың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін қалыптастыру;
3.Халқымыздың ұлы істерінің арқасында қалыптасқан жасампаз Қазақстандық патриотизмді дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу керек.
Ұлттық идея-ұлт тарихын терең білуден бастау алады. Сондықтан әр ұрпақ өзінің төл тарихын жан-жақты оқып, терең білуі тиіс. Тарихтың әр беті болашаққа үлгі, оған бағыт беретін бағдар шам десек те болады. Елбасымыздың ең басты мақсаты да ұлтымызды сапалық жағынан жоғары деңгейге көтеру болып отыр. Сол үшін Елбасы өзі бастап Арқа төрінен жаңа Астана бой көтерді, «Еуропаға жол», «Әлемдегі дамыған 50 және 30 ел қатарына қосылу», «Мәңгілік ел» сияқты өміршең саясатты атап көрсетті. Әр оқушы тарихты оқи отырып, осы ұзақ мерзімді өміршең саясаттың шынайы мағынасын терең ұғынуы қажет. Мұндай жарқын болмысты баянды етіп, Отанымызды Мәңгілік елге айналдыру біздің буын өкілдерінің білім-білігіне байланысты екенін еш естен шығармауымыз қажет. Бізге жүктелген сенімнің жүгі ауыр. Елбасымыз жастар бойынан ұдайы биікке ұмтылатын жігерлі, батыл, өжет, өр мінездің болуын, қоғам, ел мүддесін жоғары қоятын, жауапкершілігі мол құндылықтардың болуын талап етуде. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін-білім»,-деп заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезов айтқандай Тәуелсіздіктің туын тіккен елімізді өркениетке бастайтындар білімді жастар болмақ. Ендеше бүгінгі ұстаздар әр шәкіртке Елбасымыз қойып отырған осы талаптарды дарытып, білім беруде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізуге ұмтылып, әлемнің ең үздіктерінің бірі болуға қол жеткізуіміз керек. Бізден білім алған әр Қазақстандық: «Біздің мақтан тұтатын қасиетті тарихымыз бар, біздің сүйікті Тәуелсіз Отанымыз бар!» деп мақтанышпен айтып, оны көркейтіп, қорғау үшін әрқашанда дайын болуы керек. Себебі біздің мақсатымыз айқын, оған жету жолдары да нақты көрсетілген. Ол-«Мәңгілік ел», Тәуелсіз, Гүлденген Қазақстан!

Мәңгілік ел, Туған жер, Тәрбие сағаты
Джабулаев Мақсат Габдулманапович, Ұлттық негіздегі болашақ идеологиясы

Мақала авторы: Джабулаев Мақсат Габдулманапович
Жұмыс орны: Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназия
Лауазымы: Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Порталға жариялану мерзімі: 08.10.2016

Ұлттық негіздегі болашақ идеологиясы

Отан – отбасынан басталады. Отбасынан басталатын осынау тәрбие отанымыздың да игілігі үшін екенін әрбір ата — ана ұмытпай, жадында сақтаса игі.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс — жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат болды. «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуметін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар»- деді. Демек, бұл үшін еліміздің әрбір тұрғыны осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға қатысатыны белгілі. Отбасы мен мектеп, ұстаз бен ата — ана, ата — ана мен бала арасындағы қарым — қатынас жайлы мәселе – қашанда өзектілігін жоймайтын мәселе болып қала бермек. Ұстаз бен ата — ана бірікпей қоғамның саналы ұрпақ тәрбиелеуде жетістіктерге жете алмасы белгілі. Қазіргідей жан — жақтан технологиялық ақпараттар жаулаған заманда ұрпақ тәрбиесін мектеп пен мұғалімге жүктеп қойып бейқам жүрудің ертеңі өкінішке апарып соқтырмасына кім кепіл?

Осы тұста мектеп мұғалімдеріне қойылатын міндет те зор болмақ. Тек бала тәрбиесімен ғана айналысып қоймайтын мектеп ұстаздары ата — анамен де жұмысты қатар алып жүретіні белгілі.

Мектеп – өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлінген емес. Сондықтан оның іс — әрекеті отбасымен, жұртшылықпен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Міне, мектептің үлкен тәрбиелік қызметі осында. Тәуелсіздік-еліміздің басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірге қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі — Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғанымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. 16- желтоқсан еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсіздік Туы желбіреді. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан-ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған жылдар ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Еліміздің Туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болуға ұмтылудамыз. Осы мақсатқа жету үшін ұлттық идеяның болуы қажет. Халқымыздың әр азаматы бір мақсат, бір мүддеге ұмтылуы қажет. Ел болу мәселесі, ұлтты сақтау, жерді, туған атамекенді қорғау мәселесі қазақ халқы үшін қашанда тарихи даму тұрғысынан маңызды болып келе жатқаны белгілі. Осы аталған мәселелер ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Олар әр түрлі тарихи кезеңдерге байланысты адаптацияланып, қоғамдық ой-сананың өзегіне айналып отырған. Бүгінде осы мәселелер тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алдында тұр. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқтап өтті. « Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары — «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», — деп атап өткен болатын. Міне, осы айтылған ойға тереңірек тоқталуды жөн санадық. Біздің бұл мақаладағы басты ойымыз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәдени-философиялық негіздеріне назар аудару болып табылады.