Қазақ тілі және әдебиеті
Жұмағазиева Роза Бөгенбайқызы, ӘДЕБИЕТ ПӘНІНІҢ ОҚУШЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ҚАБІЛЕТІНЕ ТИГІЗЕР ӘСЕРІ

Мақала авторы: Жұмағазиева Роза Бөгенбайқызы
Жұмыс орны: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектеп
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 17.02.2016

ӘДЕБИЕТ ПӘНІНІҢ ОҚУШЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ҚАБІЛЕТІНЕ ТИГІЗЕР ӘСЕРІ

«Білімдінің сөзі үгіт, насихат, үгіт-өнеге», — дейді бір сөзінде білімдар ақын Ахмед Иүгінеки.  Бақыт жолы білім арқылы білінетіні, білімді азамат қоғам үшін бағалы, ал білімсіз наданның құны жоқ екендігі туралы баян етеді. Демек, білімді салғыртсынбай үйрену арқылы қоғам өмірінің алға жылжитындығына көзімізді жеткізеді. Бұл ойдан  кез- келген  азаматқа  сөзбен ықпал ету тек білімдінің қолынан келетіндігін түсінеміз.  Ал білімді азамат тәрбиелеп шығару ұстаздар қауымының  құзіретінде .

Қазіргі заман талабына сай оқушыға білім беру саласындағы ұлы өзгерістер арқылы  «Оқытудағы  Кембридж тәсілі» бағдарламасымен оқыту —   олардың өз ойлары мен  дәлелдемелерін нақты  жеткізе алатын, яғни ойға   еркін  айтатын ,  шешендік қабілеті басым , әрі жазбаша түрде  сөз байлығын пайдаланып,  бейнелеп жазуға төселген, сауатты ,бірнеше  тілді қатар меңгерген  бәсекеге қабілетті  жан-жақты жеке тұлға ретінде қалыптастыру болып табылады. Осындай  «Тұлға»  болашағынан сенім

күтетін , ынталы, сыни  көзқарастары  мен пікірін жүйелі түрде айта алатын , қазіргі ақпараттандыру технологияларын , өмірде өз білімі мен біліктілігін  қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең  пайдалана білетін  жан болуы тиіс.   Жоғарыда аталған бағдарлама арқылы оқытуда меңгерген   7 түрлі модульдің ішіндегі  диалогтік оқыту, сындарлы теориялық әдіс арқылы оқыту —    ойлауды дамытудың басты бағыттары  болып табылатынын білеміз.   Яғни, оқушы  өзінде бар білімді түрлі  дереккөздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан  , ғаламтордан , достарынан алған білімдерімен біріктіре отырып іске асырады.

Сындарлы оқытуда басты назар  оқушыға аударылады.. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, ізденіп,  көп талқылап, оқушылармен   көп сөйлесіп әрекеттенеді. Ал мұғалім сабақ жоспарын құрғанда өз сабақтарын  оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі.  Мұндай міндеттер  оқушылардың жаңа  тақырыптың төңірегінде  білімдерін өз деңгейінде көрсетіп,   ойларын білдіре алатындай  пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым түсініктерін  өрістетуге  орайластырып құрылады. Дегенмен,  әр мұғалім сабақ жоспарлағанда  өз пәнінің ерекшеліктерін  ескеруі қажет.Қазақ тілі сабағында оқушының  сыни ойлау, өз ойын жаттанды емес, өз сөзімен  еркін жеткізе алу,өз жауабына  сенімді болу  қабілеттерін  ашуымыз керек.

«Коммуникативтік дағды» — білім алушылар және қоғам үшін күнделікті оқуда, қатынастық міндеттерді тіл арқылы шеше білу қабілеттілігі;  мақсатты іске асыруда оқушының тіл және сөз құралдарын пайдалана алуы.   Егер білім алушы бір тілде сөйлеушілермен тікелей немесе аралық қарым-қатынас барысында сол тілдің нормалары мен мәдени дәстүріне сәйкес өзара түсінісе алса, коммуникативтік   дағдыларды  меңгергені. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту  барысында  коммуникативтік қарым — қатынас орнату, сөйлеу қабілетін дамыту оқушылардың  өзара немесе оқытушымен сөйлесуіне, сұрақтарға жауап іздеуіне құлшынысын арттыратыны сөзсіз.          Осы сөзді негізге ала отырып мен де өз сабақтарымда оқушылардың коммуникативтік сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда өз сабақтарымда қолданып, оқушыға пайдасы тиіп жүрген әдіс- тәсілдер туралы айтып өтпекпін.

Өзім сабақ беретін 7 сыныпқа әдебиет сабағына күнделікті қысқа мерзімді сабақ жоспарын жасағанда міндетті түрде топтық, жеке жұмыстардың оқушыға тигізетін пайдасын, ойлау қабілетін дамытатын тапсырмаларды негізге алып жасаймын.   Негізінен сұрақ-жауап арқылы мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас арқылы түрлі тапсырмаларды орындатуға болады .

Ең алдымен, оқушыларды әр түрлі бағытта (  Сабақта өтіп жатқан ақындардың есімдерімен, шығармаларының, өлеңдерінің  аттарымен немесе әр түрлі заттарды ) пайдалана отырып, топқа бөлу- сыныптағы оқушылардың тек күнде бір оқушының пікірімен ғана емес , күнделікті ауысып отыруы арқылы  басқа да оқушылардың  ой-пікірімен бөлісе алатынын аңғарамыз.    Сонымен қатар  топқа  берілген тапсырмаларды орындау барысында  топтағы көшбасшы оқушыны да байқап, үндемей шеткері қалып отыратын оқушыларды да тапсырмалар арқылы сөйлете білу де мұғалім шеберлігіне байланысты екендігін аңғарамыз.    Мен күнделікті оқушылардан сабақты  бастамас бұрын оқушылардан тақырыпты ашу мақсатында   өтілетін сабақтың тақырыбы  туралы өз пікірлерін, ойларын ,естіген-оқығандарын сұраймын.                                 7 сыныптың әдебиетіндегі  «Шешендік сөздер» тақырыбында оқушылардан алдымен шешендік сөздер туралы өздері не ойлайтындарын ,  Д. Бабатайұлының  «Аягөз қайда барасың ?!» өлеңін өткенде оқушыларға карта беріп, алдымен Аягөз деген атауды,  Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға»  өлеңін өткенде ұялы телефондарымен қансонар сөзінің мағынасын  тапқызып барып, бүркітші , аң сөздеріне тоқталып, тақырыпты ашқызамын.  Мұның өзі оқушыларды ізденуге, өз ойларын айтуға , ойландыруға бастама жасайды.   ЖИГСО, раундробин әдістері арқылы өтілетін өлеңді немесе шығарманы  әр топқа үзінді етіп бөліп беріп, оқып, өз түсінгендерін айтуға тапсырма беремін. Әр топ  мәтіннің  берілген жерін оқып, өз түсінгендерін айтқан кезде  келесі топтың оқушылары жалғастырмас бұрын оқушыдан мәтінді әрі қарай қалай жалғастырар едің деп сұрап, өз   ойымен сабақтатудың өзі оның сөйлеу қабілетін дамытады .  Мысалы :  «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өткенде  Қарабай өзінің дүниеқоңыздығымен Сарыбайға буаз маралды атқызғаннан кейін,  Сарыбай өліп кетті. Енді бұл қайғыны  еліне  Қарабай қалай естіртеді деп ойлайсың,-деген сұраққа оқушы :

— Егер мен адал дос болсам обалына қалып, буаз маралды аттырмаған болар едім. Қарабай досын бірден қайтыс болады деп ойламаған шығар, сондықтан  мен оның орнында болсам Сарыбайдың елінен кешірім сұрап, менің де қайғыға себепші болғанымды айтар едім деген жауабының өзі мені таңдандырды.     Әрі қарай баланың пікірін негізге ала отырып, оқиғаны келесі топқа жалғастыру, өлең жолымен жазылған жолдарды қара сөзбен баяндаудың өзі шеберлік пен шешендікті  қажет ететін белгілі .  Қазіргі оқушылардың қолындағы  2012 жылы Алматыдағы  «Атамұра» баспасынан шыққан «Әдебиет » оқулығда әр   тақырып соңында берілген тапсырмалардың өзі оқушыны алға   жетелеп, ойын жазуға бағыт береді .  Жыр мазмұны бойынша кейіпкерлерге мінездеме беретін тапсырма былай берілген.

Кейіпкерлер  Мәтін бойынша  Менің ойым
Қарабай Сөзінде тұрағы жоқ, дінін сатқан, пейілі тар, дүниеқоңыз  Қарабайдың ісіне қарап отырып мен оны уәдесінде тұрмайтын, қорқақ, өз қызынан дүниені жақсы көретін адам екендігін айтты.

Осылайша әр кейіпкерге мінездеме беру арқылы тапсырманы  орындау  бала бойында адамгершілік қасиеттер қалыптасып, жақсылық пен жамандық туралы өз көзқарастарын қалыптастырады.  Өзіндік ойын жазба түрде  жеткізіп, басқалармен бөлісе алады .  Тағы бір  берілетін тапсырманың түрі  -“Бір айналым сөйлем”стратегиясы . Бұл тапсырмада бір сөйлем арқылы бүгінгі сабақ  төңірегінде өз ойын жинақтау. «Әйтеке бидің »    шешендік сөздерін қорытындылауда

-Әйтеке бойындағы қандай қасиеттерді өз бойларыңыздан табылғанын қалайсыңдар? –деген сияқты сұрақтар беріп, оқушы ойын білсек, «Қазыбек бидің » шешендік сөздерін өткеннен кейін төмендегі сұраққа оқушылар түрлі жауап берді . Төле бидің жұмбағындағы онға дейін берілген санамаққа өз ойыңнан құрастыр дегенде бір оқушы былайша тапқырлық танытты.

Бір дегеніміз- бірлігі мықты қазақ елі,

Екі дегеніміз- елу елдің қатарында  елім енді,

Үш дегеніміз- үмітпен жалындаған жастар елі,

Төрт дегеніміз-  төрімде  көк байрағым желбіреді ,

Бес дегеніміз- бас болған Астанам бар қазақ елі,

Алты дегеніміз- алты Алаштың ұлымыз берекелі ,

Жеті дегеніміз-жеті атасын білетін дана елі,

Сегіз дегеніміз- сенеміз Елбасына халқы, елі

Тоғыз дегеніміз –текті елдің ұрпағы қазақ еді

Он дегеніміз- ортаймасын қазаны қазақ елі,-деп сабақтап, өз ойын айтқанда ол оқушының ақындық қабілетінің де бар екендігін байқадым.

Оқушылардың коммуникативтік қабілетін дамытуда көп әсерін тигізетін  әдістің бірі- диалогтік оқыту  әдісін  қолдана отырып оқушылардың сұрақтарға жауап беруі , өздерінің білетін, көрген естігендерін ұштастырып қолдану, бір-бірімен әңгімелесе білуге, мәліметтерді нақтылауды сұрауға, келіспеушілік, толықтыру, тақырыптың көлемінде өзара пікір алыса білуге дағдыландырамын. Әртүрлі типтегі кішігірім диалогтар құрастыруды тапсырамын.   Өздері сөйлегенде ойларын  дәл сол мәтіндегідей айта салмай , ойланып,  өзіндік пікірін қосып, мысалдар келтіріп, қазіргі өмірмен байланыстырып айтулары керек екендігін үнемі тапсырма үстінде естеріне салып отырамын.     Біліктіліктерді жетілдіру мен дамытуды оқушылардың еркіндігін сақтау жолымен жүргіземін.  Диалогтік оқыту оқушының тек қана бірлескен әрекетке тартылуына ғана емес,оқушының ойлау қабілетінің жоғары деңгейге өсуіне, тіл байлығы мен зияткерлік қабілетінің дамуына ықпалын тигізеді. Осы кезде топ арасында талқылау жүзеге асады. Әр топ өз пікірін айтып, дәлелдеме жасайды.Сыныпта талқылауға қатысу оқушының бәсекеге қабілетін арттырады,өз дәлелін қорғап, мәселеге сыни тұрғыдан қарауға дағдыланады.Мерсер сыныпта талқылаудағы дәлелдің үш түрін көрсетеді:

1.Пікірталастық әңгіме;                   2.Топтық әңгіме;              3.Зерттеушілік әңгіме.

Бұл үш түрлі әңгіменің түрін қолдану- сабақ өту кезінде әр түрлі әдіс арқылы жүзеге асады. Мысалы : сұрақ — жауап,рөлдік,тапсырманы орындату, жұптық жұмыс, диалогтік мәтінді оқу, ой қозғау, ой толғау, т.б

Сұрақ — жауап әдісімен әдебиет  сабағында оқушылардың ынтасын арттырады, қызығушылығын оятады. Әрбір  сабақтың басында үй тапсырмасын сұрау, қосымша ашық және жабық сұрақтар беру,  жаңа тақырыпқа байланысты кіріспе сұрақ -жауап  немесе оқушыларды ойландыратын сұрақтармен бастама жасау, тақырыпқа байланысты өзіндік ой пікірлерін айтқызу.

Рөлдік ойындар — сабақ үдерісін жандандырып,тақырыпты есте сақтауға  деген қызығушылықты туғызады . Рөлдік ойындардың басты қызметі шынайы, дайындықсыз сөйлеуге қажетті ахуалды туғызу. Оқушылар ситуацияны толық қабылдап,өзін еркін сезінуі қажет. Күнделікті сабақтарымда оқушыларға рөлдік ойын тапсырмаларын дайындаймын.Тақырыпқа сай рөлдік ойынға тура келетіндей басқа оқулықтардан тапсырмалар қосымша іздестіремін.  7 сыныпта  «Шешендік сөздер» тақырыбының бастамасымен Жиренше шешен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің  шешендік сөздері берілген.  Осы шешендік сөздерді  рөлге бөліп оқуға оқушылар өз таңдаулары бойынша бірі Жәнібек хан, бірі-Жиренше, біреуі Алаша  хан, бірі Төле би болып рөлдерін сомдап, оқи жөнелгенде өзімнің де таң қалған тұстарым болды .   Олар дауыстарын өзгертіп, байсалды қалыпқа еніп, ханды жоғары тұрғызып, өздері қолдарына қаламдарын қамшы етіп ұстап, бас иіп сәлемдескенде оқушылардың сол шешендік сөздің иелерінің ішіне енгендей кейіпте болғанын байқадым.

Диалогтың осы жұмыс түрлерін сабақтарымда қолдана отырып жалпы байқағаным; бұрынғы сабақ беру үрдісімен салыстырғанда жаңа тәсілді қолданып диалогты қолданудың  айырмашылығы бар екен.  Себебі : бұрын диалог тек жұптық жұмыс арқылы  яғни мұғалім мен оқушы арасында  ғана жүзеге асса,ал енді топтық ,жұптық жұмыста орындалады. Мұнда оқушылар берілген сұрақтарды бірлесе оқып оған жауап беріп топ басшысының шешімімен топтан екі оқушы ортаға шығып , жұптық жұмысқа өз шығармашылықтарын көрсете біледі.  Ең бір айта кететін нәрсе бұрын оқушы тек кітаптағы ережемен немесе тақырыптың мазмұнын өзі ғана айтып ,баға алып шектелетін болса, ал қазір мүлдем басқаша , тақырыпты  жан-жақты ашып айтып, толықтырып, өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік бар. Сөйлеуге  деген қажеттілік  мұғалім тарапынан да, оқушы тарапынан да бірдей болу қажет.Сөйлеуге үйретуде тек тақырыпен ғана шектелмей  тікелей өмірмен байланыстырады . Сол себепті ситуациялық көрініс өмірде болып жатқан құбылыстарды бірден түсініп, ауызша тіл арқылы жеткізіп беруге жол ашады. Сабақта сөйлеу түрлері  сөйлеушілердің ыңғайына қарай атқарыла береді. Әр сабақта тақырыпқа байланысты диалог түрлерін өзгертіп отыруға болады. Мұндай сабақ түрі оқушыларды ауызша сөйлеуге үйретудің қызықты, әрі тиімді түрі.

Қорыта келе , қазіргі білім беру саласында әдебиет, тіл сабақтарында коммуникативтік дағдыларды дамытуға қолданатын әдіс-тәсілдердің түрлерінің өте көп екендігін, оны мұғалім шеберлігімен оқушыларға тапсырма етіп беріп, қолдана білу болашақта талай шәкірттің жолына алғашқы баспалдақ болып қаланып, еліміздің белді азаматы болуына септігін тигізері сөзсіз дер едім. Сондықтан күнделікті күйбең тірлікпен күнделікті сабақ жоспарын ойланбай жасап, сабақ өте салмай кез-келген ұстаз қауымына ойланып, ізденіп, еркімізге берілген 45 минутты ептілікпен, тапқырлықпен, ізденімпаздықпен өткізіп, бала  болашағына  жақсы жол салайық дегім келеді .

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.

  1. Б.А. Әлмұхамбетова, М.А.Ғалымжанова «Білім беру жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда ақпараттық коммуникациялық технологиялардың қолданылуы»
  2. «Мұғалімге арналған нұқаулық» 2 деңгей 2012 ж

Қазақ тілі және әдебиеті
Жарылгасова Жумагул Бейсеновна, Суретші ата Қастеев

Мақала авторы: Жарылгасова Жумагул Бейсеновна
Жұмыс орны: Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп
Лауазымы: Бастауыш сынып мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 14.02.2016

Суретші ата Қастеев

Тақырыбы: Сөйлем. Сурет сабағы. Суретші ата Қастеев.
Мақсаты:
а) О.Әубәкіровтің «Сурет сабағы» өлеңімен таныстыру.
Қастеев өнеріне баулу. Сөйлем құрай білуге дағдыландыру.
ә) Өнерге, еңбекке, сауаттылыққа тәрбиелеу.
б) Логикалық, шығармашылық қабілеттерін арттыру.
Көрнекілігі: автор суреттері, фото, мазмұнды, бояумен салынған суреттер, поезд макеті.
Әдісі: сұрақ-жауап, өзіндік, дәптер, суретпен жұмыс.
Пәнаралық байланыс: ән, бейнелеу, әдеп.
Түрі: саяхат сабақ. (ойын)
Типі: Жаңа сабақты түсіндіру.
Стратегиясы: «Ойқозғау», «Өзің үшін жазу»
Барысы:
І. Ұйымдастыру: (психологиялық дайындық)
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау (өтілген ережелер мен өлеңді пысықтау)
ІІІ. Жаңа сабақ: Балалар, сабағымыздың 1-ші жартысында адам өмірінде әннің орнын бақыладық. Әннің құдіреті күшті екеніне көзіміз жетті. Ән адамның көңіл-күйін көтереді. Жан дүниесін ашады. Әннің ажырамайтын серігі бар. Ол да өнерге жатады. Серігінің аты кім деп ойлайсыздар? Иә — сурет.
Сурет арқылы біз қоршаған ортаны, табиғатымыздың сұлулығын жеткізе аламыз. Кез келген оқиғаны баяндап береміз. Әрине, оған адамның қабілеті болса, ән сабағы мен қатар сендердің сүйікті пәндерің сурет сабағы деп ойлаймын. Мысалы: сабақ кестесін қарап отырып, ертең сурет сабағы екенін білесіңдер. Соныменен не саламыз, сурет салуға не керек?
Қағаз
Түрлі түсті қалам сурет өшіргіш
Түрлі-түсті бояу фломастер
— Дұрыс балалар! Бүгін біз Сурет әлеміне саяхатқа шығамыз. Саяхатқа сүйікті ойыншықтарымызда барады.
Табиғатты ақын-жыраулар жырлап өткен. Ұлы ақын Абай атамыз табиғаттың 4 мезгілін суреттегені соншалық, көз алдымызға қазақтың кең даласы, көкорай шалғын бәйшешегі, үсті-басын қырау басқан, аязды, бұлт қаптаған аспаны елестейді.
І аялдама: «Абай және табиғат» аялдамасы.
Мұнда оқушылардың Абай өлеңдерінен түсініп салған суреттермен танысамыз.
ІІ аялдама: Жыл мезгілдерін фото суретпен байқаймыз.
ІІІ аялдама: Оқушылардың салған суретіне мән беріп, сөйлем құрап көрейік.
IV аялдама: «Жұмбақтар» аялдамасы
1. 6 қырлы, алтын сырлы (қалам)
2. Өшірді, сүртті, өзгені құртты,
Өзін де құртты. (өшіргіш)
3. Қыл басымды тықты,
Кемпірқосақ шықты. (түрлі-түсті бояу)
Ал, міне балалар сурет сабағыма да жеттік. Ең соңғы аялдамамыз «Сурет сабағы»
б) Мұғалімнің мәнерлеп оқуы:
в) Ән. Сергіту сәті: «Сурет сабағы»
г) Дәптермен жұмыс: 155 жаттығу
д) Мәнерлеп оқу. Суретші ата – Қастеев.
IV. Үйге тапсырма: Өлең, 157 жаттығу.
V. Қорытынды: пысықтау, мадақтау, баға

Қазақ тілі және әдебиеті
Жарылқасынова Гүлзат, Жазушы Д.Исабеков шығармаларындағы киім атауларының символдық мәні

Мақала авторы: Жарылқасынова Гүлзат
Жұмыс орны: №15 мектеп - лицей
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 08.02.2016

Жазушы Д.Исабеков шығармаларындағы киім атауларының символдық мәні

Адам санасының дамуымен байланысты дүниетанымның тереңдеуінің нәтижесі болып табылатын ерекше танымдық белгі символ екені белгілі. Символ мәселесі ғылым нысанасына ежелден енген. Алайда қалыптасу тарихы тым арыда жатса да, бүгінгі күні «символ» ұғымының ауқымы кеңейіп лингвистика, философия, семиотика, психология, әдебиеттану, мәдениеттану т.б. ғылым салаларының негізгі нысанына айналған. Символдың зерттелу жайы туралы тілші – ғалым Қ.Т.Қаирбаева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні» атты еңбегінде сөз етеді. Яғни «символды» тану ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келген «символизм» ағымынан әлдеқайда ерте туған. Символ туралы ой қозғау, тұжырым айту Аристотель мен Платоннан бастау алып, Кант, Шлегель, Шеллинг, Гете, Гегель т.б. философтардың еңбектерінде сипатталған» деп, символдың зерттелуін сонау Аристотель, Платон ғалымдарынан бастау алғандығын көрсетеді.
Ғалымдардың зерттеулерінде «символ» терминіне беріліп жүрген анықтама әр түрлі. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған А.Байтұрсыновтың символға берген анықтамасын қарасақ. Ол өзінің «Әдебиет танытқыш» еңбегінде символды «бернелеу» деп атайды. Ол бернелеуді: «Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын амалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту бернелеу болады. Қазақтың бернемен сөйлеп отыр дегені – осы бернелеу. Бейнелеу бернелеумен екі арасы жақын. Бейнелеу де, бернелеу де екі ұқсас нәрсенің бірін бірінің орнында айтудан шығады. Бейнелеу ұлғайғанда бернелеуге айналып кетеді», — деп түсіндіреді. Сондай – ақ ғалым Р.Сыздықова да «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиясында лингвистикалық поэтика саласында «символ» терминіне беріліп жүрген анықтаманың әр түрлілігін айтады. Мәселен, Р.Сыздықова «орыс поэтикасына қатысты зерттеулерде «символ» термині суреткердің (ақынның) белгілі бір ұғымды, идеяны заттық образбен (оның атауымен) білдіруін атайды» деп көрсетеді. Демек, поэтикалық образдың заттық белгісі, яғни символ – белгілі бір заттың атауы түрінде білдірілген поэтикалық образ [1; 5–7].
Қазақ киімі құлазыған кең даланың үскірік аязы мен аптап ыстығының, салқын самалы мен аңызақ желінің әсерімен қалыптасқан, бар өмірі көлік үстінде өткен Сарыарқа мен оған іргелес жатқан ұлан-ғайыр кеңістікте көшіп-қонған малшы халықтың, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей «жер шұқылап», мал ұстап күн кешкен Сыр бойындағы, Қазақстанның оңтүстігі мен Талас-Шу атырабындағы жартылай отырықшы және отырықшы елдің ғасырлар бойы реттеуге көне қоймаған тұйық шаруашылығы мен қарабайыр тіршілігі қалыптастырған заттық-тұрмыстық мәдениеттің бірден-бір көрінісі болғандықтан, өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлығымен ерекше.
Ал оның кешегінде халқымыздың сезімталдығын, аса зор эстетикалық талғамын аңғартатын қарқара, мұрақ, айырқалпақ, қасаба сияқты зерлі-кестелі бас киімдердің, бұрын бір ата елдің, кішігірім бір рудың ортақ мұрасы ретінде, қыз ұзатып, келін түсіргенде ғана басына кигізетін, кәдесіне лағыл, жақұт, інжу, маржан, перуза, ақық секілді бағалы тастар, алтын – күміс шытырлар жаратылған сәкәгүлді, құйма төбелі сәукеле, тіпті кемер белбеу, кісе белдік, қыздар буынатын ширатпалы нәзік белдік, күмістеген таптаурын кебіс, көксауыр етік секілді, қолөнеріндегі мүлтіксіздіктің шегінен көрінетін заттардың, алтынмен аптап, күміспен күптеген алқа, тамаша, шолпы, бойтұмар, сырға, білезік болғаны әсемдікті көрсетеді. Мұның өзі қазақы киімнің табиғатындағы екі жақтылықты – тұрмыс қажеті мен сымбатты болу қамын аңғартатын жәйт. Өйткені, заттық өндірістің өзі, сайып келгенде, халықтың сезімталдық талғамымен біте қайнасып жататын құбылыс [2; 8].
Халықтың болмыс – тіршілігінің, мәдениетінің құпия сырлары ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын тіл арқылы ашылады. Осымен байланысты, адамзат өркениетіндегі ұлттық мәдениеттің бір түрі – киім-кешек атауларын танымдық тұрғыдан талдау оның этнолингвистикалық табиғатын ашуға мүмкіндік береді [3; 15].
Ұлттық тіліміздің терең де сан қырлы қатпарларында сыры ашылмаған сөздер аз емес. Небір тарихи дәуірлердің куәгері іспетті халықпен бірге жасап келе жатқан, халқымыздың материалдық мәдениетін бейнелейтін киім-кешек түрлерінің пайда болуы, оған әр қоғамның ықпалы олардың жасалу тарихы мен тұтыну ерекшеліктері киім-кешек атауларына тарихи-лексикологиялық, этимологиялық, этнолингвистикалық т.б.талдау жасау арқылы анықталады [3; 13].
Осымен байланысты қазақ тіліндегі кейбір киім атауларына қысқаша этимологиялық этюдтар арқылы салыстырмалы-шолу жасап өтсек. Мысалы, жазушы Д.Исабеков шығармаларындағы киім атаулары келесі символдық мәнге ие: «Тоқаң жерді кебісімен қаси басып оның жанына келді де, «иә, айта бер» дегендей алақандай төсенішке құйрық басты» («Дермене», 107 бет). «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде»: «Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім» — деп түсіндірілген [4; 373]. Ә.Нұрмағанбетов кебіс сөзінің мағынасын: «Бұл сөз аяқ киім мағынасында иран тілінде де бар. Бірақ тұлғасы «кәфш» қалпында көрінеді. Әрине, бұл сөз түбірінің алғашқы мағынасы басқаша болғандығын да иран тілінен іздеп табамыз. Онда «кәф» немесе «кәфф»— аяқтың табаны деген мағынада қолданылады. Дүние жүзіндегі бірқатар тілдерде (үнді, араб, ескі ағылшын, фин, эстон сияқты тілдерде) «һоф», «кәпп», «кәппә» тұлғалы сөздер «табан» мағынасында ұғынатындығын да ескерте кетеміз. «Табан» мағынасын беретін басқа тілдердегі «кәф», одан туындаған «кәфш» сөздері қазақ тіліне ауысқаннан кейін «кебіс» іспеттес дыбыстық өзгеріске ұшырап, мағынасын дәлірек қазақшаласақ—«табандық киім» болмақ» — деп дәлелдейді [5; 14].
«Басына сең-сең бөрік, үстіне қаракөл жағалы пальто киген өкіл маңыздана басып столға жақындады» («Тыныштық күзетшісі», 268 бет). «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде»: «Бөрік – елтіріден, аң терісінен істеліп, матамен тысталған құлақсыз бас киім», — деп берілген [4; 143]. Бөрікті – қазақ халқы тек киім ретінде емес, этникалық құндылық ретінде жоғары бағалаған. Бөріктің қазақ халқы үшін құндылығы мынада: сыпайылық көрсеткенде не біреудің аяғына жығылып, кешірім өтінгенде, бөрікті шешіп оның аяғының астына тастап, кешірім алған. Халқымыздың мәдениеті жоғары екенін көрсететін бөріктің этникалық және әлеуметтік мәніне байланысты: елтірі бөрік, құндыз бөрік, кәмшат бөрік, қарқаралы бөрік, пұшпақ бөрік, шеркеш бөрік, қазақы бөрік, оқалы бөрік, сусар бөрік т.б. түрлерін кездестіруге болады.
Қазақ халқы бөрікті символ ретінде бағалаған. Осыған байланысты халқымызда «Бөркіңді теріс киме» деген тиым сөз бар. Оның себебі бас киімді теріс қаратып киген жаман істің белгісі деп санаған. Сондай-ақ «Бөркін аспанға ату» деген тіркес адамның қатты қуану, шаттану дағдысынан туған. «Бөрі соғар жігіттің бөрігінен белгілі, Балта соғар жігіттің көрігінен белгілі» – деген мақалда ой «бөрікке», яғни, киімге қатысты айтылып тұрған жоқ, жігіттің біліміне, ісіне, намысына, ақылына қатысты ауыс мағынада айтылған [6; 146].
Тілімізде ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын киім атауларының этнолингвистикалық табиғатын тануда тілдік құралдармен айшықталған күрделі құрылымын қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейіне сабақтастырудың негізі олардың ‟тілдік әлемінде” жатыр. [3; 16].
Мысалы, «Зейнеп ләм деместен, жинала бастады. Орамалын тартып, күпәйкесінің белін буды» («Тыныштық күзетшісі», 253 бет). « — Тоқта, андағыдан аяғың үсіп қалады ғой. Мә, менің байпағымды киіп ал. – Ол жалма-жан аяғындағы байпағын шешіп берді» («Тыныштық күзетшісі», 253 бет). «Өзіміз адамнан ат, шапаннан шана жасап отырсақ, сіз оған бір ат пен бір шана бердіңіз де жібердіңіз» («Тыныштық күзетшісі», 262 бет). Шапан – қазақтың ежелгі әрі кәделі киімі. Шапан үлгісіне қарай қаптал шапан, сырмалы шапан, қималы шапан т.б. түрлерге бөлінеді. Бұл киімді еркек, әйел, бала-шаға да киеді. Қазір үлкен кісілер шапан киіп жүреді. Өйткені ол пальтодан гөрі тез киюге, отырып, тұруға аса ыңғайлы, әрі жылы. Ұлт-дәстүр, салтында шапан сый-сыяпат есебінде де жүріп, үлкен символдық мәнге ие. Құрметті қонаққа, құдаларға шапан кигізу ата салтымыз. Бұл күндері мүшел жасқа толған адамдарға шапан кигізу зор құрмет белгісі ретінде қалыптасып келеді. Ежелгі «Жеті жарғы» заң ережесінде тәртіп дәстүрді бұзған шапан айып тарттырып жазалауда да шапаннның қазақ өмірі мен тұрмысында зор маңызы бар екенін дәлелдейді [6;149-150].
«Домаланған ақ торламаларды бір жерге үйіп болып, қыр басынан қылтиып көрінген күнге қарап белбеуінің ұшымен бетінің терін сүртті» (Қара шаңырақ», 313 бет). « — Бұ қайсың бұл? – деді шығып келе жатқан адам үстіндегі бешпетін жоғары бір сілкіп қойып. Қарекең дауысты тани кетті» («Шалдар», 334 бет).
Киім атаулары арқылы кейіпкерлердің мінезін, әлеуметтік жағдайын, ісін, т.б. түрлі қасиеттерін суреттеуде Д.Исабеков сынды ұлтымыздың біртуар жазушысы шығармаларында автордың кейіпкер киімін бейнелеген сөз саптауы шығармаға экспрессивті – эмоциялы рең беріп, образды айшықтай түседі. Мысалы, «Жамау-жасқау, олпы-солпы киінген жеті-сегіз бала қаннен-қаперсіз сырғанақ теуіп жүр. Жыртық етік, шолақ тон, кең шалбар, тозған малақайлардың көрмесі осы балалардың үстінде. Жастарына жетпей ерте есейген, сол мезгілсіз есейгендігімен-ақ аяушылық туғызатын балалар» («Тыныштық күзетшісі», 245 бет) – дегендегі ой киім атаулары арқылы берілген кейіпкердің образды бейнеленуін көрсетеді.
Этностың өткен жолы тілдің этномәдени қорында сақтаулы. Сондықтан да, қазақ халқы туғанда «ит көйлектен» бастап, өлгенде «ақыретке» дейін денесін киім-кешекпен қымтап, адам өмірі үшін аса маңызды киімнің жасалуына үлкен мән берген. Оны қажетіне тұтына білуінде этностың талғамы мен танымы өте жоғары болған [3; 19]. Мысалы, «Балалардың бәрі бір-біріне қарап тұрып қалды. Тымағы көзіне түскен бір кетік бала маңдайына саусағын апарып, көзін алартты» («Тыныштық күзетшісі», 247 бет). Тымақ – мал, аң терісінен тігілетін қыстық бас киім. Төрт сайлы, биік төбелі, мол пішілген маңдайы, екі құлағы және желкені жотаға дейін жауып тұратын артқы етегі болады. Тымақтың сырты дүрия, шағи, пүліш, барқыт, т.б. матамен тысталады [4; 837].
Қазақта тымақ қасиетті бас киім ретінде саналып, ұлттық ерекше символдық мәнге ие. Оны айырбастауға, аяқ тигізуге болмайды. Жақсы, белгілі кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалдырылып отырған. Ертеде халқымызда «тымаққа салу» деген ғұрып болған: «Ел арасында шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта, әдетте, шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды [3; 20].
« «Ана кіші келінім, — дейді төрде отырған кимешекті кемпір дауысын кілт төмендетіп, — ене-ау, ас аңдығандай боп қыдыра беріп қайтесіз, үйде отырсаңызшы. Сәрсенкүлдің де оянатын кезі боп қалды деп күмілжиді маған кеп»» («Кемпірлер», 337 бет). Кимешек– қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Қазақтың ұлттық танымында кимешек ардақты ана, үлкен құрметті әжелердің символы. Кимешект ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді. Жасы егделенген әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердің кимешегі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын жақ деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді [2; 106].
Қорыта айтқанда, ғасырлар бойы жер бетінде тіршілік етіп келе жатқан қай халықтың болмасын күнделікті тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, кәсібін ұлттық сана мен талғам негізінде қалыптасқан мәдениетін бейнелейтін өзіне тән материалдық дүниесі болатыны белгілі. Адамзат баласы үшін ең қажетті осындай материалдық дүниенің бір саласы – киім-кешек. Қазақ халқының киімдері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қанапина С.Ғ. Көркем мәтін тіліндегі сөз – символ қолданысы. Оқу құралы. – Қостанай: ТОО «Центрум» баспасы, 2010. – 124 бет.
2. Жәнібеков Ө. Қазақ киімі. Альбом. – Алматы: «Өнер» баспасы, 1996. – 192 бет.
3. Алмауытова Ә.Б. Қазақ тіліндегі киім атауларының этнолингвистикалық табиғаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты, Алматы– 2004. – 29 бет.
4. Жанұзақов Т. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Дайк – Пресс» баспасы, 2008. – 968 бет.
5. Нұрмағанбетов Ә. Бес жүз бес сөз. —Алматы: «Рауан» баспасы, 1994.
6. Қанапина С.Ғ. Қазақ тіліндегі мақал – мәтелдердің танымдық бейнелілігі (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде). Монография. – Қостанай. ТОО «Центрум», 2010. – 180 бет.
7.Исабеков Д. Гауһар тас. Повестер, әңгімелер. — Алматы: «Атамұра» баспасы, 2012. – 256 бет.
8. Исабеков Д. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 1993. – 496 бет.

Қазақ тілі және әдебиеті
Ибраева Гүлназ Рысқалиқызы, Көркем шығармаларға «тыңнан сюжет жасау» әдісі

Мақала авторы: Ибраева Гүлназ Рысқалиқызы
Жұмыс орны: Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылы №3 орта мектебі
Лауазымы: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 08.02.2016

Көркем шығармаларға «тыңнан сюжет жасау» әдісі

«Мектебімізді таза, берік, һәм қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, шәкірт жүрегінен жол тауып, білім нәріне қандыра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» — дейді Мағжан Жұмабаев бір туындысында.
Ендеше, шәкірт жүрегінен жол тауып, әдебиетке деген құштарлығын арттыру мақсатында, субьекті құзыреттілігін қалыптастыруда жаңа ақпараттық технологиялар мен әдіс — тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың сөйлеу, ойлау мәдениетін дамытуға, шығармашылық қабілетін шыңдауға әбден болады.
Сондай тиімді әдіс-тәсілдің бірі – тыңнан сюжет жасау.
Тыңнан сюжет жасау біріншіден, оқушылардың көркем шығармаға деген қызығушылығын арттырса, екіншіден, ой-өрісін дамытып, өз пікірін еркін айтуға, әр нәрсенің себебі мен салдарын білуге дағдыландырады, үшіншіден, жаңадан ой туғыза білуге үйретіп, оқушы қиялын ұштаса, төртіншіден, әрбір оқушы өзіне-өзі тұлғалық, авторлық көзқараспен қарап, жауапкершілік деген дүниені сезіне түседі (өйткені, мұғалім бұл тапсырманы берер кезде оқушыларға салмақты ой тастап, тәрбиелілік мәні бар сюжет құру керектігін, үлкен сенімділікпен, жауапкершілікпен орындау қажет екенін ескертеді). Осының дәлелі ретінде 10 «А» сынып оқушылары
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік — Кебек» поэмасына тыңнан сюжет жасаған туындыларынан үзінді берер болсақ…
Халлықызы Толғанайдың жасаған сюжеті өлең жолда- рымен өрілген, екі бөлімнен тұрады,.
Сол түні көшпелі ел өтіп барып,
Көріп қалды бесіктегі баланы
Ішінен бір қария алға шығып,
Сол баланы бауырына алады.
Ол қария рубасы сол елдің,
Біраз тұрып бөгелді мола басына.
Жұртына айтайын деп бір нәрсені,
Жиып алып, сәбиді қойды қасына.
Жұртына айтты, «Ей, ағайын, жамағат,
Бұл баланың есімі болсын Қанағат.
Мұрагерім осы бала ендігі»,
Деп шешімді айтты сөзбен жанап-ап.
(Осылайша қария қамқорына алынған сәби Қанағат ер жетіп әке-шешесі жөнінде қариядан біледі.Кейін батыр атанып, Хадиша есімді аруға бас қосады.)
Хадиша жарлы әулеттен болған екен,
Батырдың көңілі оған ауған екен.
Екеуі танысқанда бір ғажабы,
Аспаннан моншақ боп нөсер жауған екен.
Жылдар өтті Қанағат сәби сүйді,
Көкейіне меңзетіп бір ой түйді.
Есімін Ер Кебек деп қойды оның,
Бұл сәби жұмақ қылды осы үйді.
(Оқиға шешімі ата-анасының кегін алу мақсатында Тобықты мен Матай еліне жауға шабады.Әлсіреп қалған Қанағат қолға түседі.Оның игі сөздеріне ұйыған екі елдің жұрты татуласады.)
«Еңлік пен Кебектің шырылдап қалған баласын 50 жас шамасындағы аң аулауға шыққан ер адам тауып алады.Он екі жылдан кейін Матай елі баланы тауып алып,оны өлтірмек болады. Себебі,бала ержеткен соң Матай елінен кегін алады деген мақсатпен баланы да ата – анасы сияқты ат артына байлап, сүйреп өлтіреді.Осылайша баланы Еңлік-Кебек бейітіне алты қадам жақын жерге жерлейді.» — деп Бектұрған Нұршат өз қиялын өрбітсе,
Білбала Айткүл: «Еңлік пен Кебектің баласының арқасында екі ел татуласып, сәбиді Кеңгірбайдың қолына беріп, Еңліктің соңғы тілегін орындайды.Кейін бала ер жетіп, әкесі Кебек секілді батыр атанады»-деп қазақтың қара өлеңімен қорытады.
Ал, Итбатырова Гүлмира: «Құдайдан бала сұрап жүрген бір отбасы екі елдің бесігінен шырылдатып тастаған күнәсіз сәбиді түн ішінде ешкімге білдірмей алып кетеді. Бір жағынан қуаныш,бір жағынан қорқыныш билесе де азан шақырып,сәбидің атын Ескендір қояды. 18 жасқа келген Ескендір нағашы атасымен аң аулауға шығады. Осы кезде Матай елінің бір азаматы мұны көріп,Кебектің әруағыма деп шошынады. Сонда далада шырылдап қалған сәби есіне түсіп, іздестіреді.Асырап алған Жәнібек әкесі мен Ұлжан анасынан бар шындықты біледі.Бірақ Ескендір қаны бір ағасымен еріп кетпей,20 жасында Тоғжан атты арумен отау тігіп,екі ұл,екі қызды болып ата-анасымен сол елде бақытты ғұмыр кешеді»- деп өз сюжетін жасайды.
Бұл жұмысты сараптау барысында оқушыларға мынадай сұрақ қойылды: «Тыңнан қосылған кейіпкерлердің есімі неліктен Ескендір, Жәнібек, Ұлжан қойылды?». Сол тұста оқушылар әдеби кейіпкер Ескендір, Ұлжандарды талдап, мінездеме бере жөнелді. Демек, Ұлжан десе, Абайдай дара ақынның мейірімді, қонақжай, өнерсүйгіш, дана анасы ойымызға бірден оралатын- дығының, көз алдымызға елестейтіндігінің дәлелі.
Сол талдаудан кейін, менің де шәкірттерімнің есімдері ұлылыққа тән, ойға оралымды болса екен деген тілек болды…
Міне, жеке адамдар басындағы трагедияны суреттеген әлеуметтік астары терең реалистік шығармаларға болсын, классикалық туындыларға болсын тыңнан сюжет жасау оқушы үшін қызық әрі шығармашылық деңгейімізді көтереді деп ойлаймын.

Қазақ тілі және әдебиеті
Сатубалиева Айнур Набиуллиновна, Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі

Мақала авторы: Сатубалиева Айнур Набиуллиновна
Жұмыс орны: БҚО, Бөрлі ауданы, Березов МБК
Лауазымы: Қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 02.02.2016

Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі

Сабақтың тақырыбы: Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі

Сабақтың мақсаты

Білімділік: Ғ.Мүсірепов шығармасынан алған білімдерін шыңдап,ана бейнесін ашу.Әдебиет ұғымдары бойынша шығарманы талдау.

Дамытушылық:Оқушыны жеке жұмыс жасауға, ізденуге  ойын анық еркін айта білуге үйрету;

Тәрбиелік: Ананың бөбегіне деген киелі махаббатын ұғындыра отырып, ананы қадірлей білуге,үлкендерді сыйлауға,өз халқының салт-дәстүрін  құрметтей білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: білімді жинақтау, қорыту сабағы

Сабақтың әдісі: сұрақ – жауап, іздендіру.талдау, жинақтау

Сабақтың көрнекілігі: электронды оқулық  интерактивті тақта, слайдтар.

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі,

Сабақтың жүрісі:

І. Ұйымдастыру. Оқушылармен амандасу, түгендеу.

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау. «Ой толғау» стратегиясы.

Зымыран сұрақтар:

  1. Ғабит Мүсіреповкім?
  2. Әңгіме неге “Ананың анасы” деп аталған?
  3. Әңгімедегі басты кейіпкерлер кімдер?
  4. Әйтілес кім?
  5. Әңгімедегі оқиға қай кезеңді суреттейді?
  6. Әйтілес қандай әңгіме айтты?
  7. Бала би Жалпақ батырға не деді?

8.Бидің тілегі қандай, батырдың тілегі не?

  1. Сауға деген не?
  2. Қырық жігіт пен Жалпақ батырды тізе бүктірген қандай күш?

 

ІІІ. Жаңа сабақ:   Бүгінгі сабағымыз да Ғ.Мүсіреповтың «Ананың анасы»туралы өрбиді. Шығарманы талдаймыз.

Ой өрбіту.

Ана деген-құдіретті ұғым,құдіретті күші бар сөз.Кім де болса ана деген киелі сөздің алдында кішірейеді.Небір мықтылығымен әлемді ауызына қаратқан билеушілер де ұлы ананың алдында тізе бүккен.Ананың аяулы алақаны мен мейірлі жүрегіне тең келетін ештеңе жоқ.Оқушыларға ой өрбіту барысында ортаға сұрақ тастау.

«Ана»деген сөзді естігенде ойларыңа ең бірінші қандай сөздер оралады?

Оқушылар:

Ана-өмір сыйлаушы.

Ана-асыл жан.

Ұрпақ әкелуші.

Сұлулық атаулының иесі.

Ана-ардақты жан.

Ананыңа аялы алақаны  мейірімге толы.

Кешірімшіл,жүрегі кең,баласы үшін отқа да,суға да түсуге даяр тұратын,батыр,батыл жандар.

 

 

Топпен жұмыс

I топ: Әңгіменің тақырыбы мен идеясын ашу.

Шығарма авторы: Ғ.Мүсірепов.

Түрі: Проза/әңгіме/

Тақырыбы: Қазақ анасының ұлттық бейнесін жасауы.

Идеясы: Ананың балаға,адамзатқа деген ұлы махаббатының шексіз екенін паш ету.

 

II топ: Әңгімені композициялық құрылысына талдау.

Композиция/латынша:құрастыру,шығарма/-сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып,реттеп,қиыннан қиыстырып тұратын тәсілі.Сюжеттің құрылымы болады.,оны композиция дейді.

Шығарманың құрылысы:

Басталуы 1.  Әңгіме қалай басталады?
Байланысуы 2. Әңгіме қалай байланысады?
Шиеленісуі 3. Барымташылар қолында кеткен қыз тағдыры  немен аяқталады?
Шарықтау шегі 4. Ана сөзіне қарсы тұрған кім?
Шешімі 5. Жалпақ балуан қандай шешімге келді?

 

Оқушылар әңгіменің компазициялық жоспарын құрады.

 

1 Басталуы:Әйтілес ақсақалдың өткен өмір оқиғасын баяндауынан   басталады.

2 Дамуы:Жалпақ балуанның Ергенекті елін шабуы,жылқы  барымталап,қызды олжалауы

3 Шиеленісуі:Жылқышының мерт болуы,ананың барымташылардың  алдын орап,тоқтатуы.

4Шарықтау шегі:Кейкінің үкімі.

5 Шығарманың шешімі:Сөзден жеңілген Жалпақ балуанның анасы  мен қызына бостандық  беруі.

 

Мәтінмен жұмыс:

І топ 1.      Портрет дегеніміз не?

2.      Ананың портретін тауып оқы

ІІ топ 1.      Жалпақ балуанға, Кейкіге мінездеме беру
ІІІ топ 1.      Диалог дегеніміз не?

2.      Ана мен Жалпақ батырдың диалогін тауып оқу

 

 

 

Әңгімедегі теңеу, эпитетдисфемизм, көнерген сөздерді табу.

І топ Әңгімедегі теңеуді табу.

Тұрақты тіркесті табу.

ІІ топ Әңгімеден эпитетті табу.

Географиялық атауларды ата.

ІІІ топ Дисфемизм, көнерген сөздерді табу.

Әңгімедегі салт-дәстүрді ата.

 

Венн диаграммасы

 

«Әдебиет үйірмесі»

І топ Ана туралы мақал – мәтелдер жазу.
ІІ топ «Бес жолды өлең» стратегиясы.
ІІІ топ «Әлемдегі асыл жан» (ойтолғау)

Ана – жұмысшы, ана-ақын, ана-жазушы, ана – батыр, ана – әнші, ана – дәрігер, ана-депутат, ана – мұғалім, ғалым, ел басқарушы.

Жүректен – жүрекке. Анаға арналған тілектерін жазу.

Сабақты тест тапсырмалары арқылы бекітемін.

1.Ғ.Мүсірепов шығармаларын ата?

а/ «Саятшы Ораз»

б/ «Ананың анасы»

в/ «Есіл бойында»

  1. «Ананың анасы»шығармадағы ананың есімі қалай аталады?

а/ Ақлима

б/Аты аталмаған

в/Майра

  1. «Ананың анасы»әңгімесінің кейіпкерін тап?

а/Ақан сері

б/Жалпақ балуан.

в/Ораз

4.Шығармадағы қыздың жасы нешеде?

а/13

б/15

в/18

5.Бала бидің батыры кім?

а/Жалпақ балуан

б/Әйтілес қарт

в/Жанай балуан

6.Ергенекті елінде Жалпақ балуанның қандай құнды дүниесі бар?

а/Анасы

б/Қалыңдығы

в/Әкесі

7:Әңгімеде батылдығымен, ақылымен көзге түскен кім?

а/Ана

б/Молда

в/Кейкі

Y.Сабақты қорытындылау:

Ғ.Мүсіреповтің ана тақырыбына жазылған әңгімелері қазақ әдебиетінің төрінен ойып тұрып орын алды.Оның Аналары қайсар,төзімді,қажыр-қайратымен оқырман қауымды баурап алады.

Иә,Ана деген құдіретті ұғым,құдіретті күші бар сөз,ғасырдан- ғасырға жалғаса беретін сарқылмайтын бұлақ.Сиқырлы да сырлы махаббаттың иесі де,сұлулық атаулының киелісі де –Ана.

Мұхаммед пайғамбарымыздың с.ғ.с хадистерінде ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады.«Кімде-кім ата- анасының ризалығын алған болса, Алла соның өмірін ұзартады» деген сөз де бар.

Ана керек,о,адамдар,ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптықта дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

/Төлеген Айбергенов

Үйге тапсырма: «Ана – бәйтерек, ана- аққу, ана — жүрек» тақырыбына шығарма жазу.

 

 

Ашық сабақтар, Тәрбие сағаттары, Тәрбие сағаты, Қазақ тілі және әдебиеті
Жақсыбаева Н.М., Абай- адамзаттың ақыны

Мақала авторы: Жақсыбаева Н.М.
Жұмыс орны: Астана қаласы «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ колледжі
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Порталға жариялану мерзімі: 22.01.2016

Абай- адамзаттың ақыны

Астана қаласы «Қазақ технология және

 бизнес университеті» АҚ колледжінде

 қалалық ашық есік күні өткізілді.

 Қала колледж оқытушыларымен

іс-тәжірибе алмасу мақсатында

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

оқытушысы Жақсыбаева Н.М.

                                                                «Абай –адамзаттың ақыны» 

                                                            тақырыбында ашық сабақ өткізді.

 

                Абай- адамзаттың ақыны

 

Ұлы   Абайға  170  жыл                               

Абай-адамзаттың өркениет тарихын-

дағы ұлы тұлға. Абай- қазақтың

ғана емес,адамзаттың ақыны.

                                                                                  Федерико Майор,ақын.                            

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Дана,дара ақын – Абай шығармашылығын қортындылай отырып,өз ойларын нақты жеткізе білу. Ақынның лирикалары мен қара сөздерінің көркемділігімен терең астарлы, салмақты сырларымен философиялық ерекшеліктерін қаншалықты меңгергендіктерін білу.

Дамытушылық: Әр студенттің ой еркіндігін, эстетикалық сезімін ояту,кәсіби шеберлік   деңгейлерін дамыту. Қысқаша  мазмұндау арқылы тіл дамыту.

Тәрбиелік:Ұлы Абайдың шығармаларын талдай отырып  жақсы мінез – құлық, орынды іс-әрекеттерге, адамгершілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа, қомқарлық жасауға баулу.Ақынның өлең-поэмалары,қара сөздері арқылы студенттердің ой-өрісін дамыта отырып,күллі адамзатты,тіршілікті, туған жерді,табиғатты сыйлауға, қадірлеп-құрметтеуге тәрбиелеу.

 

Сабақ  түрі: кредиттік оқыту жүйесі бойыншаОСӨЖ сабағы

Сабақтың әдісі:сұрақ-жауап, сұрақтар арқылы  проблемалық жағдай туғызу, пікір айту, өз шығармашылықтарын көрсетіп,оны қорғау.

Көрнекіліктер:техникалық құралдар, суреттер, «Абай әлемі» кітап көрмесі, (слайд арқылы) цитаталар, бейне фильм.

Пән аралық байланыс:Қазақстан тарихы, саясаттану, география.

Сабақ барысы:  І.Ұйымдастыру кезеңі. (3мин)

А) Амандасу, сабаққа даярлықтарын тексеру

                   Б) Сабақ мақсатымен танысу.

Мұғалім:

— Балалар, бүгінгі  сабақта қазақтың ұлы ақыны– Абай Құнанбаевтың  өмір жолы мен шығармашылығы туралы алдыңғы сабақта алған білімімізді қысқаша әңгімелеп, талдап өзіндік баға беріп,қандай нәтижеге қол жеткізгендеріңізді, саралап қортындылайсыздар.

-Иә, Абай- тұңғиық теңіз, шексіз мұхит, оны оқып, танып білу үшін таусылмас уақыт,ол туралы толық білу әркім үшін сарқылмас бақыт екенін бәріміз де жақсы білеміз.Өздік зерттеу жұмыстарыңыз бойынша Ұлы Абай туралы ойларыңызды ортаға салыңыздар.Сіздерді журнал беттері бойынша таныстырып өтейін:

Жобалаустратегиясы бойынша:

І-жоба.

  1. Абай туралы ойлар. (3 мин)

              2.Абайдың дүниеге келуі.  (5мин)

ІІ-жоба.

  1. Абай – ақын. (6мин)

              2.Абай- аудармашы.  (6 мин)

ІІІ-жоба.

              1.Абай- сазгер.   (6 мин)

  1. Абай- ұлы данышпан. Абай- ойшыл, ғалым. (6 мин)

YІ. Ойқозғау. (5 мин)

YІІ. Бекіту,қорытынды. (6 мин)                           

YІІІ. Мұғалім сөзі.  (2 мин)

ІХ. Бағалау.Үй тапсырмасы.  (2 мин)

І-жоба

1.Абай туралы ойлар.   (3 мин)

Студенттер алдын ала ізденіп, ақын жазушылардың Ұлы ақынАбай  туралы жазған ой толғауларымен таныстыруы.

Нұрсұлтан Назарбаев

Абай- қазақтағы суретті сұлу сөздің, терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы.

    Қазақ өлеңіне үлгі — өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыпты молайтқан дарын.

                                                                                           Мұхтар Әуезов.

Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні.

Халқымыздың  заңғар жазушысы

                                                                      Мұхтар Әуезов.

  1. Абайдың дүниеге келуі. Абайдың өміріне шолу. (5 мин)

(Абай туралы бейне фильм)

Студент.Бұл көріністен ұлы ақынның дүниеге  келуінің өзінде табиғаттың адамзатқа деген тылсым үлкен сыры мен сыйы бар екенін, Абайдың жастығына қарамастан ерте есейгенін, халқының бақыты үшін мың наданмен, озбырлықпен  жалғыз күрескенін, Абай өкінішін көруге болады.

ІІ-жоба.

1.Абай – ақын.    (6мин)

Абайақын, жай ғана ақын емес,суреткер ақын.

1- студент.  Жамбыл Жабаевтың «Абайдың суреті»

 

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең, сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Қарсы келер Абайдың кім бетіне!

 

Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,

Соңғыларға қалдырған үлгінұсқа.

Арғын,найман сөзіне таңырқаған

Қандай арман бар дейсің бұл туыста.


2-студент.Жасымда ғылым бар деп ескермедім. (Мәнерлеп оқу)

         Күз бен қыс  айларының суреттері.

3-студент. Күз.    (Мәнерлеп оқып,суреттеме беру)

4-студент. Қыс.  (Мәнерлеп оқып,суреттеме беру)

  1. Абай- аудармашы. (6 мин)

Ақынның аудармаларынан үзінділер.

5- студент.(Ақынның аудармалары туралы мағлұмат беру).

6- студент.Абай. Қараңғы түнде тау қалқып. (қазақ тілінде үзінді оқу)

7- студент. М.Ю.Лермонтов. Горные вершины. (орыс тілінде үзінді оқу)

ІІІ-жоба.

  1. Абай- сазгер. (6 мин)

8- студент.(Ақынның сазгерлігі жайлы мәлімет беру)  Әнкүйсіз адам өмірін елестету қиын.Абай ән,күй–  адамның адамшылығын арттыратын,жанжүрегін билейтін рөлін өте жоғары бағалаған, «Әнді сүйсең, менше сүй» дегені осыдан.Ән мен күйді құрметтеген адамның терең ойлары оянып, дүниені басқаша сезініп, ғажап сырларды ашады, әнкүй шығарады, көркем туындылар,ғылыми жаңалықтар ашады.

9-студент. Иә,Абай композитор ретінде қазақ музыка мәдениетіне үлкен үлес қосқан.Ол өз әндерінде махаббат және табиғат суреттерін, жыл мезгілдерін жырлаған. «Желсіз түнде жарық ай»,  «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы»,  «Сегіз аяқ», «Өзгеге көңілім тоярсың» және де Абай орыс ақындары Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақшаға аударып, оған музыка да жазған.

10-студент. Ғұлама ғалым Ақжан Машанов атамыздың тұжырымы бойынша шығыстың Аристотелі атанған Ұлы ғалым бабамыз Әбу Насыр әлФараби дің ілімдерімен Абайдың ғылыми мирастары  бірбірімен байланысты деп қарастырады. Екі бабамызда әнкүйдің тамаша құдіретін сезген.

11-студент.Ақын Мағжан Жұмабаев атамыз өлеңінде былай деп жырлаған:

«Тұранның кім кеміткен музыкасын,

Фараби тоғыз шекті домбырасын.

Күңірентіп тоқсан тоғыз күй тартқанда,

Тебіреніп кім төкпеген көзден жасын».

Осымен  байланысты  Абайдың сегіз аяғында былай келеді:

Өткірдің жүзі, кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас,

Білгенге маржан, білмеске арзан.

Надандар баһри ала алмас,

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлейін десең өзің біл.

Осы арада тоғыз, тоқсан әл-Фараби- Абай- Мағжан үшеуінің үндестігін

көруге болады.

Топтық жұмыс.  «Көзімнің қарасы»  әнін орындау.

  1. Абай- ұлы данышпан. Абай- ойшыл, ғалым.(6 мин)

(Шығармаларындағы асыл сөздерге тоқталу.)

12-студент.Абай- ұлы данышпан, қазақтың ақылшысы,ұстазы, досы,халқымыздың тірегі,сенімі,арымыздың әділ таразысы. Абайдың:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла…   дегендегі жұмбағы осы арнада жатқан сияқты.Абайдың  бұл жұмбағын  тура түсіне білу, батыл көзді, ақылды, қайратты, жүректі бірдей ұстаған дарынды түсіну, ол бір ғана адамның бір саладағы істейтін адамдардың қолынан келмейтін нәрсе.


13-студент.«Отыз сегізінші сөзінде», Абай: «Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ дүние тануда басқаланады», дейді. Яғни, ол басқалану Абайдың түсінігінде бұрыннан айтылып келе жатқан қағидалы өсиет (нақыл) сөзге жүйріктер ғана ғалым аталады.


14- студент. Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз…

Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз…

Надандарға бой бермей, шын сөзбенен өлсеңіз», дейді.Абайдың ең басты жұмбағының шешуі ізденушілік, зертеушілік, ол хакімдік, данышпандық- философиялық жол. Ол даму жолы, ол ғылым жолы… . Абайдың өзімен сөзі бір жерден шығады. Абайдың даналығы осында.

15-студент.Халықтың қамын ойлағанАбай алдымен бірлікке, достыққа шақырады:                 «Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос».

Осы ұстаздық жолынан Абай жалықпай өтті.

YІ. «Тіл өнері»      

  1. Ойқозғау. (5 мин)

Бұл бөлімде ақынның өлеңдерінен үзінділер беріледі. Жыр жолдарында жасырынған  сөздерді тауып, қай өлеңнен үзінді екенін анықтап,үш тілде жауап беру.

 

YІІ.Бекіту. (6 мин)

Мұғалім. (2 мин)

Абай — қазақ халқының ұлы ұстазы.Ол халқымыздың қамын ойлаған қамқоршысы. Барлық адамзат баласына әділетті жол көрсеткен, өмірден шындық іздеген дана.Халқымыздың басынан кешкен жақсы-жаман тағдыры Абай жырынан орын алған. Халқымыздың  тілі де, өнері де, тарихы да, діні де, ғылымы да тіршілік- қарекеті де, ойы да, бойы да Абай жырынан көз алдымызға келеді,елестейді.

Абай жыры — халық дастаны.

Абай жыры — адамның ар-ұятын оятатын нұр сәулесінің шапағаты. Қазақ  «Талапты ерге нұр жауар» десе, сол жауатын нұрдың көзін Абай даналығынан  табамыз. Абайдың: «Ұятың, арың оянсын,

Бұл сөзімді ойлансын…» дегені сол ғой, адамдық арды ойлаған жандар Абай сөзіне тебіренбей қоймайды.

Сабағымызды қорыта келе Ұлы бабамыз Абайдың ұлылығын еске алу, Абайды толғау,Абайдан үйрену, оның рухани байлығын меңгеру- жан дүниемізді жаңарту.

YІІІ.Үй тапсырмасы: «Ұлы данышпан,кемеңгер бабам Абай — менің жүрегімде, ойымда» деген тақырыпқа шағын шығарма жазу.

ІХ. Үй тапсырмасына түсініктеме.

Х. Бағалау.