Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту

Бастауыш сынып
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту

Мақала авторы: Хакимова Алия Джумагалиевна
Жұмыс орны: Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кенті, №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебі
Лауазымы: Бастауыш сыныптардың оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі
Порталға жариялану мерзімі: 26.01.2016


Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған ролі атап көрсетілсе, осы заңның 41-бабында: «Педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көздеген деңгейден төмен емес білім, білік, дағды алуын қамтамасыз етуге, жеке шығармашылық қабілеттерінің дамуы үшін жағдай жасауға міндетті», — делінген. Бастауыш сынып мұғалімдерінің алдында оқушыға білім, білік дағдыларын игертіп қана қоймай, олардың қабылдауын, ойлауын, қиялын, сезімдерін, ерік-жігерін, яғни жан-жақты, шығармашылығын дамыту міндеттері де тұр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, яғни тәрбиенің түпкі мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарында жеңіп шыға алатын, ізгілігімен XXI ғасырды құрушы, іскер, өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деп тұжырым жасағаны бекерден бекер емес. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының негізгі міндеттерінің бірі баланың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуды міндеттесе, Қазақстан Республикасының дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетіп дамыту концепциясы шығармашылық қабілетті дамытуға бағытталған білім беру кеңістігін туғызуды талап етеді. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының білім саласындағы нормативті-құқықтық құжаттары адамның шығармашылығын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Сондықтан жеке тұлғаның шығармашылық ойлауын әрбір адамның жаңа білімді игеруіне, интеллектісі мен ойлау қызметінің артуына қажетті ықпал ретінде дамыту өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. 12 жылдық білім беру жүйесі арқылы жеке тұлғаның шығармашылық белсенділігін көтеру және білім алушының шығармашылығын қалыптастыру мәселесін біртұтас педагогикалық процесс тұрғысынан қарау қажет деп санаймын. Себебі, оқыту барысында адамның дамуы қазіргі білім берудің басты мақсаты ретінде қарастырыла келе, білім беру процесін ұйымдастыруды ерекше гуманизациялау, дамыту бағытының басымдылығы тұрғысынан қарау керектігін айқындадым. Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған сәйкес оқушыны шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту бүгінгі күннің талабы. Шығармашылық дегеніміз – адамның өмір шындығына, өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Олай болса, шығармашылық қабілеттің дамуы оқушылардың интеллектісін дамытуымен байланысты екендігін негізге ала отырып, оқу үрдісін тиімді ұйымдастырудың, іс-әрекеттің субъектісінің шығармашылық сапалық ерекшеліктерінің сабақ кезінде және сабақтан тыс кездерінде диагностикалық және шығармашылық тапсырмаларды ұтымды қолданудың мәні зор. Өйткені, қазіргі кезеңдегі қоғамның жедел дамуы ғылым, техниканың дамуымен байланысты болса, ал болашақта ғылым мен техниканы, өндірісті дамытатын бүгінгі мектеп оқушыларынан үлкен жауапкершілік пен білімдарлықты қажет етеді. Бастауыш мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетінің дамуы оқу барысының дұрыс ұйымдастыруымен байланысты. Қазіргі заманда шығармашылық тұлға қалыптастыру оқу процестерінің ең басты талаптарының бірі болып саналады. «Қызықтырар ұстаз болса, қызықпайтын шәкірт болмас»,-деп К.Д.Ушинский айтқандай, негізгі талап оқушыларды қызықтыра білуде. Оқушыларды жаңа заманға сай тәрбиелеу үшін ұстаз қауымы оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, оқытудың жаңа әдістемелерін қолдануы керек. Сабақ – қашанда жетіліп отыратын шығармашылық сипаттағы үрдіс. Сабақ – білім беруді ұйымдастырудың негізгі жолы. Мұғалім – сабақта басты тұлға, өйткені ол оқушыларға жүйелі түрде білім алу дағдысын, іскерлігін қалыптастырады. Сабақты түрлендіріп өткізуде оқушылардың танымдық белсенділігін арттырады. Негізінен шығармашыл тұлғаны қалыптастыратын бірден бір нұсқа сабақ болса, сабақтың нәтижелі болуына ықпал ететін нұсқа – сол сабақты өткізудің әр түрлі әдіс-тәсілдері, яғни жаңашыл сабақ. Оқушыны шығармашылыққа үйрету үшін мынандай жағдайларды ескертемін: • Ең алдымен, сыныпта шығармашылық көңіл күй тудыру үшін баланың назарын бір нәрсеге бағыттауы керек. • Әрбір шығармашылық тапсырманы оқушыға ұсынудың мазмұны жеткіншектердің жас ерекшелігіне, қызығушылығына үйлесу қажет. • Оқушының шығармашылықпен айналысуына мектепте, сабақ үстінде, үйде қолайлы жағдай туғызу. Бастауыш сынып оқушысының шығармашылық мүмкіндігі зор, өйткені, олар шығармашылықпен тұрақты, белсенді айналысуға икемді келеді. Шығармашылық қызығуы қалыптасқан оқушылардың мынандай ерекшеліктері болады: • балалардың өзіндік ойлау ерекшеліктері басым, түрлі болжамдар жасауға қабілетті, қиялы ұшқыр, өзін танытуға құштар; • шығармашылықпен айналысуға ұмтылым тұрады, шығармашылық күшін сынауға тырысады; • қиялдары жүйрік, бейнелер сомдауға шебер, жан дүниесі нәзік, лирик болып келеді, болмыстары поэзиядан құралады; • бұл жастағылар ақыл-ой қабілеттілігін тек өзін қызықтырған іске бағыттайды, ал қызықтырмаған істе қалыпты білік-дағдыларымен шектеледі; • оқушылар мазмұндама, мінездеме жазудан гөрі әңгіме, өлең, ертегі жазуға бейім. Оқушыларды шығармашылыққа баулу үшін тағы бір қажеттілік баланы психологиялық дайындықтан өткізу. Психологиялық дайындық, яғни педагогтің психологиялық әсері шығармашылық кезеңде баланың шабытын оятып, құлшындырып, еліктіріп отырады. Шығармашылық шеберлік үшін оқушыға ұстаздың берер психологиялық әсері мынандай болмақ: • «сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен қабілеттісің», «жаз», «үйрен» деп, баланың еркін билеп, сенім білдіру; • оқушының кішкентай жетістігі болса да жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеу, оқушылар басылымында өлең, әңгімелерінің жарық көруіне көмектесу; • шығармашылық сәтте оқушыға құптаушылық көзқарас білдіру, сезім күйін бақылау, қамқорлық таныту; • ақын-жазушылардың, өнер адамдарының шығармашылық дәстүрінен қызғылықты оқиғаларды әңгіме ету; • оқушылар үшін педагог өзін қарапайым жан есебінде таныта білу, оқиға, сюжет, образ жасауда оларға сенім білдіру; • оқушының қойған сұрақтарына пейілімен дұрыс жауап беру, олардың психологиялық еркіндігін қамтамасыз ету. Шығармашылық – бүкіл тіршіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкілхалықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы келдік. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекеттерінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді. Шығармашылық дегеніміз – адамның өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Оқушы шығармашылығы үнемі ұстаз, сынып ұжымы, ата-аналар тарапынан қолдау тауып отыруы тиіс. Оқушылардың қызығушылығын арттырып отыру үшін сабақ үстінде, сабақтан тыс уақыттарды мынадай әдіс-тәсілдерді қолданамын: 1. Тақырыпты терең ұғындыру, түсіндіру. 2. Сабақта немесе сабақтан тыс уақыттарда әр түрлі тақырыптарда пікірталас тудырып отыру. 3. Логикалық ойлауын жетілдіретін тапсырмалар беру. 4. Ойларынан тест тапсырмаларын құрап келу, есеп құрау, ертегі құрау, шағын мәтіндер құрау, өлең жолдарын құрау. 5. Қиялдау арқылы сурет салғызу. 6. Ана тілі сабақтарында мінездеме беру. 7. Авторлар туралы толық мағлұмат жинау, реферат жазу. 8. Әр түрлі тақырыпта сайыс, пікірталас өткізіп, алған әсерлеріне шығармалар жазу. 9. Сабақ үстінде қосымша тапсырмалар беріп, орындауын қадағалау. Шығармашылық тұлға бойында батылдық, еркіндік, ұшқырлық, сезімталдық сияқты қасиеттермен қатар ерекше ой қызметтері, қайшылықтарды түсіну, заңдылықтарды анықтау, шығармашылыққа деген құштарлық болуы керек. Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы керек. Олар: • шығармашылық қабілетін ерте бастан қолға алу; • жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы; • ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейде болуы; • шығармашылық іс-әрекетке жағдай туғызу. Оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай тудыру дегеніміз – оқушыны ойлай білуге үйрету деген сөз. Оқушының шығармашылық қабілеті тәжірибелік әрекеттері, ізденімпаздығы арқылы дамиды. Шығармашылыққа үйрететін сабақтар жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Енді шығармашылық тапсымалардың бір қатарына мысал келтіріп көрелік: 1. «Арыстан мен тышқанның» мысалындағы кейіпкерлердің мінезіндегі ерекшеліктерді Венн диаграммасы арқылы салыстыру.

Арыстан Тышқан

2. Жаңа тақырып беріп, оның мазмұны бойынша өлең құру. 3. Мәтінге байланысты сурет салу. 4. Медниктің «Ассоциация» әдістемесі. 5. «Қызықты ертегі» ойлап көр. 6. «Суретті жалғастыр». Оқушының шығармашылық қабілетінің пайда болуы оның іс-әрекеті- нен айқын аңғарылады. Ең әуелі оқушының іс-әрекетке деген көзқарасы өзгеріп, танымдық белсенділігі арта түседі. Оқушының шығармашылық қабілеті қалыптасқанда, баланың бүкіл болмысы жаңа сипатқа ие болады. Оқушының шығармашылық қабілетті қалыптастырудың мәні мынада деген тұжырым жасауға болады: • білім алуға, шығармашылық жұмыстарға тұрақты қызығушылығының артуы; • оқушының танымдық ойлау белсенділігінің дамуы; • жеке тұлғаның дербес интеллектуалдық ой-өрісінің кеңеюі; • тұрақты ізденімпаздық шығармашылық іс-әрекетінің нәтижелі дамуы; • оқу танымдық міндеттері мен мақсаттарын орындауға талпыну. Мен өз шәкірттерімнің басқаға ұқсамайтын қасиеттерін аша білуім керек. Шығармашылық жұмыстар оқушыларға: • еркін ойлауға мүмкіндік береді; • ақыл-ойын дамытады; • шығармашылық белсенділігін арттырады; • тіл байлығын жетілдіреді; • жан-жақты ізденушілігін арттырады. Міне, осы қасиеттердің барлығын оқушылардың бойынан көруге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Майлышева И.М. Оқыту үрдісінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың ерекшеліктері. Алматы: «Бастауыш мектеп» №12, 2008ж. 2. Садуақас Ж. Сабақты меңгерту әдістері. Алматы: «Бастауыш білім» №2, 2008ж. 3. Қани Ж. Шығармашылыққа баулу. Алматы: «Бастауыш білім» №3, 2012, №3. 4. Ахметжанова А.Қ. Ана тілі сабағында оқушылардың шығармашылығын дамыту. Алматы: «Қазақ тілі мен әдебиеті қазақ, орыс сыныптарында» №1, 2012ж. 5. Ерубаева А. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін қалыптастырудың негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері. Алматы: №2, 2012ж. 6. Ордабаева И, Сеткереева Ғ. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту бағыты. Алматы: «Қазақстан мектебі» №8, 2012ж. 7. Рустамбекова Ш. Бастауыш сыныптарда пәнаралық байланыстар арқылы оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту. Алматы: «Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі» №2, 2012ж. 8. Қосаева А.С. Оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттырудағы қолданылатын әдіс-тәсілдер. Алматы: «Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі» №3, 2012ж.

Конкурстар мен олимпиадалар - https://talimger.kz

Республикалық қашықтық олимпиадалар — http://clever.zti.kz

Республикалық конкурстар, курстар, конференциялар мен олимпиадалар — https://ukz.kz

Конкурстар, конференциялар және олимпиадалар — https://tarim.kz

Халықаралық семинарлар, олимпиадалар мен конкурстар — https://mriks.ru

Халықаралық педагогтар ассоциациясы - https://iae.su

Атаулы ертегілер - https://hansunqar.kz