Бастауыш класс оқушыларына мазмұндама мен шығарма жаздыру жолдары

Бастауыш сынып
Бастауыш класс оқушыларына мазмұндама мен шығарма жаздыру жолдары

Мақала авторы: Сельбаева Жанагул Елтаевна
Жұмыс орны: Ақтөбе қаласы,№51 гимназия
Лауазымы: бастауыш класс мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 03.04.2016


Оқушылардың өз ойын ауызша және жазбаша тиянақты  айтып,жазып беруге үйрету- бастауыш класс  бағдарламасының басты талабы.Таза ,әрі дұрыс сөйлем жаза білу үйретуге байланысты.Ол 1 кластан басталады.

Оқушы өз ойын тігісін жатқыза,терең,шебер,толғана айтып,жазып бере алмаса,онда біздің әдебиеттік оқу мен қазақ тілінен берген біліміміздің бір жақты болғаны.Әдебиеттік оқу  сабағы-оқушылардың логикалық  ойын,ойлау қабілетін,білімін жетілдірудің,сезімталдығын арттырудың басты құралы.Сондықтан бұл пәннің білімдік,тәрбиелік мүмкіндіктерін сарқа пайдалануымыз керек.

Оқушыларға мазмұндама,шығарма жазуды үйретудегі басты мақсат-білетін сөздерін қаншалықты дұрыс қолдана алатындығын анықтап,ойын жүйелі жазуға үйрету.

Шығарма жаздыруды ең алдымен мазмұндамадан бастау дұрыс.Мазмұндама жазуға әуелі оқыған  мәтіннің мазмұнын оқушы ауызша айтып төселеді.Онда мұғалім мәтінді әуелі өзі көрнекті етіп оқып,одан соң мазмұнын қысқаша айтады да,кейін тағы оқушылардың өздеріне қайталатып оқытады.Егер мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер кездессе ,оған түсінік беріледі.Мұғалім сұрақты класқа қояды.Жауаптың бір сөйлемнен болғаны тиімді.Сонда оқушылардың ойлануына жеңіл тиіп,мәселенің түйінін шешуге жетелейді.Кейде сұраудың жауабын мәтіннен таптырудың да пайдасы бар.

Мәтінді ауызша мазмұндауға жаттықтырған соң ғана жазбаша мазмұндауға ауысамыз.Мұғалім мәтінді оқып,ауызша түсіндіреді немесе оқушылардың өздеріне қайта оқытып,айтқызып мазмұнын толық түсіндіргеннен кейін тиісті сұраулармен мәтіндегі түсініксіз және жазылуы қиын сөздер  тақтаға жазылады.Оқушылар тақтадағы жоспардың ретімен мәтіннің мазмұнын жаза бастайды.

Қысқасы,әдебиеттік оқу сабағында кез келген мәтінді өткенде,сұрауды бір-біріне,оқушылардың өздеріне қойдыртамын.Дұрыс қойылмағанг жерлерін түзеймін.Мысалы,2 класта кластан тыс оқуға берілген немесе өз сөздерімен айтып беруге  арналғанықшам мәтіндерге оқушылар үйден жоспар құрайды.Мұғалім оны тексереді.

Оқушыларды мазмұндама жазуға  дағдыландырудың тағы бір жолы –өлең жолдарын қара сөзге айналдырту.Мәселен,Крыловтың  «Шегіртке мен құмырсқа» өлеңін оқушылар қара сөзге былай айналдырды:

«Шегіртке жаздың жайдары,әдемі күндерінде еңбек етпеді.Бір көгалдан екінші көгалға ұшып-қонып,дайын тамақты жеп,уақыт өткізді.Ал,құмырсқа болса,бұл кезде өзіне күн суытқанда тұратын үйшік жасады.Азық жинады.Күз басталғанда ол осы үйіне кірді.Жазда жинаған тамағын қорек етіп тұра берді. Бұл кезде шегіртке тоңып,кіруге орын,жеуге тамақ таппады.Құмырсқадан келіп тамақ пен үй сұрады.Құмырсқа сұрағанын бермеді. «Қыс боларын жаз  неге ойламадың? –деп ұрысты».Мәтінде стильдік  кемшіліктер бар.Оны мұғалімнің көмегімен қайта мазмұндатып,түзеген соң ғана жазбаша орындауға көшеді.

Мазмұндама жазуға толық төселіп,меңгеріп алғаннан кейін ғана балалар жақсы білетін тақырып бойынша шығарма жаздырта бастаймын.

Шығарма жазғызу-оқушыны өздігінен жұмыс істеуге үйретудің ең күрделі түрі.Сондықтан шығарма жазуды үйретуді жеңіл де ең қарапайым,балаларға бұрыннан таныс тақырыптардан бастаған дұрыс.Мұндайда көрнекіліктің пайдасы зор.

ІІ класта оқушылардың  көрген білгендері мен сюжетті  сурет картина бойынша жаздырудан бастап, бірте-бірте күрделендіріледі.

Шығармадағы сөйлем,сөйлемдегі сөз саны да  солай молаяды.Қарапайым жай жоспарлы сұрақтармен қатар,бір сұраққа үш-төрт ,кейде одан да көп сөйлемдік жауап қайтаратындай да жағдай жасалады.Бұдан оқушылардың логикалық ойды қадағалап ,толықтыра білу қабілеттері жетіле түседі.Олар өмірден көргенін,табиғаттан сезгенін,адам тіршілігінен түйгенін байыптай алатын дәрежеге көтеріледі.Мқндайда кітаптан оқығандары,мұғалімнен естігендері,саяхат,еңбек үстінде көріп қаныққандарының да жәрдемі көп.Шығарма жазушы өмір,табиғат,тіршілік құбылыстарын бақылаушы ретінде ғана емес,соған тікелей араласып,тиісті қорытынды жасаушы болып та сезінеді.

Ауа-райы мен табиғат күнделігін жүргізу,жыл мезгілдеріне қарай орындалатын шаруашылық туралы жазғызу:Әжесінің айтуымен хат жазу т.б  жұмыстар шәкірттерді машықтандырады.

Демек,көрген-білгендері бойынша еркін тақырыпқа шығарма жаздыру-оқушылардың шығармашылық ойын дамытудағы айрықша мәні бар,қолайлы әдіс.

Тәжірибеде шығарма жаздыруда көбінесе мынадай тақырыптарды пайдалануға болады: «жаз», «күз», «Орманда» «Біз шыршаны қалай безендірдік», «Бүгінгі ауа-райы»,т.б

Тақырып қиындау болған жағдайда жай жоспар жүргізуге болады.Мәселен, «Жайлау»тақырыбы бойынша мынадай сұраулар беріліп,қысқа әңгіме жүргізілді.

1.Жайлауда не көрдіңдер?

2.Қойшылар не істеді?

Ауызша әңгімеден кейін былай жоспарладық;

1.Жайлау.

2.Қойшылардың жұмысы

3.Бөрі басар

Осы жоспар бойынша бір оқушының шығармасын келтірейін.

Жайлау.

Біз жайлауға бардық.Ауыл көлдің жағасында екен.Самал  жел соғып тұрды.Қойшылардың өмірімен ,тіршілігімен таныстық.Біреуі қой жайса,екіншісі күзетеді.Қойшының Бөрібасар деген үлкен иті бар.Түсі суық,айбынды-ақ.Өзі қойшының  жанынан қалмайды.Ол-қойларды қасқырдан қорғайды.

Бұдан шығатын қорытынды:оқушылардың көрген-білгені мен сурет бойынша жазған шығарманың арасында елеулі айырмашылық аз.Тек шығарма жаздыруға алынған суреттің мазмұнына ,эстетикалық құрылымына ерекше көңіл бөлінеді.Яғни,сурет сюжетінің оқушы өміріне,жас ерекшелігіне ,ой өрісіне,біліміне лайық болғаны мақұл.Мысалы; -«Мұз үстінде» дегенсурет алдымен төмендегіше ауызша мазмұндалады.

Мұз үстінде бір ересектеу бала тұр.Аяғында коньки.Екінші бала қасында құлап жатыр.Оның аяғында да коньки.Үлкені кішісіне коньки тебуді үйретіп жүргені байқалады.

Үлкені кішісін сүйемелдей ұстаған.екеуі қатарласып барады. Кішісі коньки тебуді аздап үйренген сияқты.

Осы шамалас мазмұндама балалар суретті көріп,түсінген ойын жүйеге келтіріп,қағаз бетіне түсіреді.Мұнда қажетті сөз,сөйлемдерді талғап,таңдап алады.тақтаға әңгіменің мынадай жоспары жасадық:

1.Ағасы мен інісі қайда барды?

2.Інісі неге құлады?

3.Інісі коньки тебуді қалай үйренді?

Оқушылар осы жоспарға орай суреттің мазмұнын ретімен жазбаша баяндайды.Әрине жоспарды өзгертіп,басқаша да құруға да болады.

Класта шығарма жазуға арналған суреттердің ішінде мазмұны күрделілері де кездеседі.Мұндайда шығарманың жоспары  тақырып жүйесімен де жасалады.Экскурсия материалдары да пайдаланады.Оқушылар барған жерінің табиғат жағдайларын,көріністері мен сол күнгі ауа райын,жыл мезгілін,желдің соғуы мен күннің батуын,кім бастап апарғанын,қай жерге барғанын т.б. дәптерлеріне жазып алу күні бұрын ескертіледі.Экскурсия жөнініде әңгімелесіп,оны шығарма етіп жаздыру қолайлы.Бұл туралы балалар ұмытып қалмау үшін,ізін суытпай жаздырған дұрыс.

Кей ретте балаға жазылатын шығарманың тақырыбын беріп,шығарманы өздігінен жазуға көшеміз.Мұндайда тақырып жеңіл,баланың өзінің таныс  істерінен бастау жақсы.

Мазмұндамада бала бір адамның ойын айтып не жазып беруге үйренсе,шығармада өзінің ойын жүйелі көрсетуге дағдыланады.Шығарма баланың шығармашылық ойын,қиялындамытады.Бастауыш кластарда шығарманы оқыған,естіген,көрген,өмірлеріндегі кездесетін оқиғаларына,әр түрлі өнер саласы мен табиғат құбылыстарына бақылау негізінде де жаздыру пайдалы.

Мен шығарманы көбіне табиғат құбылыстарына,жыл мезгілдеріне жазғызамын.Бала табиғат туралы көп нәрсені жақсы біледі.Сондықтан білетіндерін қағаз бетіне оңай түсіреді.Мысалы 3 класта «Алтын күз» тақырыбына шығарма жазу жоспарланса,балаларға 10-15 күн бұрын

Хабарлап,тапсырма бердім,ауа райы,күздің белгілерін жазып жүреді,яғни табиғат календарын жүргізеді.Кластағы кезекші сабақ алдында күнделікті 2-3 минут хабарлап тұрады,ал оқушылар оны толықтырады.

Грамматика сабағында да оқушылардың  сөздік қорына назар аударып,оның молығуын қадағаладым.Класқа әр түрлі ағаштардың жапырақтары мен бұтақшаларын,піскен жемістердің әр түрін әкеп,олардың түр-түсін,аттарын,өнімдері жайлы сөздерді дәптерлеріне жазғыздым.Мысалы:құрғақ ,күз,ашық,сарғылт,түсті алма,қызғылт,піскен,хош иісті,күзгі күн т.б. сөздер жөнінде мағұлмат беріп отырдым.Түрлі түсті суреттер көрсетілді.

Сөйтіп,бастауыш кластарға оқушыларға мазмұндама және шығарма жаздырып үйрету өте үлкен жауапкер шілдікті,мықтап еңбектенуді және шеберлікті тілейді.Бастауыш кластың ең басты міндеті-оқушылардың ойын,тілін ауызша және жазбаша дамыту екендігін естен шығармау керек.

Конкурстар мен олимпиадалар - https://talimger.kz

Республикалық қашықтық олимпиадалар — http://clever.zti.kz

Республикалық конкурстар, курстар, конференциялар мен олимпиадалар — https://ukz.kz

Конкурстар, конференциялар және олимпиадалар — https://tarim.kz

Халықаралық семинарлар, олимпиадалар мен конкурстар — https://mriks.ru

Халықаралық педагогтар ассоциациясы - https://iae.su

Атаулы ертегілер - https://hansunqar.kz