Тақырыбы: «Аяулы Анашым»
Мақсаты:Тіршілікті жалғастырушы аналардың өмірі,олардың қасиеті,құдіреттілігі неде екенін оқушыларға түсіндіру.Ананы сыйлау,құрметтей білуге тәрбиелеу.8- наурыз мерекесін қастерлеу сезімін дамыту.Өздерінің сүйікті аналарына деген балалық махаббатын,бірге оқитын қыздарға деген сыйластық сезімін дамыту.
Көрнекілігі:плакат, «Ана»сурет көрмесі, «Ауылдың ардақты аналары»буклеті,Ана туралы нақыл сөздер, Ана туралы өлең жолдары,шарлар.
Жүрісі:
І.Ұйымдастыру.
ІІ.Мұғалімнің кіріспе сөзі: Асыл аналар,қыз қызғалдақтар,қадірлі ұстаздар!Көктемгі күндей жарқырап,гүлдей құлпырған гүл мерекелеріңіз құтты болсын!Отбасыңызға береке,бірлік тілеймін.
Бала,бала,бала –деп Түнде шошып оянған Түн ұйқысын төрт бөліп, Түнде бесік таянған Аялы қолда талпынған Қаймақты сүтін қалқытқан Дымқыл болса жөргегін Қорғасын оттай балқытқан Бұл кім?
-Ана(оқушылар хормен)
-Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымыз осы аналарымызға арналады.
І жүргізуші:
Қош келдіңіздер қонақтар мен ақ жаулықты аналар! Жүздерінен мейірім мен нұр тамар, Алдарыңда жауқазындай құлпырған, Алаңсыз да балғын шақта балалар . Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді, Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.
ІІ жүргізуші:
Қош келдіңіз әзиз жан аналар Бала үшін саялы жан, паналар Құтты болсын мейрамыңыз бүгінгі Әніміз де сіздер үшін арналар. Сіздерден өскен балалар Батырлар мен даналар Құттықтаймыз мейраммен Құрметті аналар!(хор)
І бөлім.Ауылдың ардақты аналары.
І жүргізуші:Шырылдап жерге түскенше жақының,досың,ұстазың-ана.Қара жерді баспай жатып,тырмысып бауырыңа жабысатының-ана.Ана- өмірдің қайнар бастауы.Ана-бала бақытының бағбаны.
ІІ жүргізуші:Ана өз басын,өз саулығын ұмытып,өзгелердің қамын жеуді бәрімізге үйретуші.Аналық парызын ақтаудың біздің үлкен әжелеріміз,туған аналарымыз әсем үлгісін танытып өткен.Қазір де кемеңгер көңіл,пейілді аналарымыз қаншама?!(Ауылдың ардақты аналары туралы оқушылар бір бірлеп айтып шығады.)
ІI бөлім.«Ана-алтын қазық».
І жүргізуші:Сонымен құрметті қонақтар, келесі бөлім «Ана-алтын қазық».Қазақ халқы әсіресе,өмір гүлін үздіксіз егетін алтын ананың ақ сүтін айырықша атайды.Мысалы: «Ажалды ана жеңеді,ана жеңбесе бала жеңеді», «Ана сүті -бал,бала тілі-бал.»
ІІ жүргізуші:Ержеткен ұл,бойжеткен қыздың ешбір жарғымен бекітілмеген халық әміршінің өзі шығарған заңында аталған парызы- «Ана алдындағы құрмет,ата алдындағы қасиет.»Осы парызды бәріміз де жадымызда ұстап,ақтауға міндеттіміз.
Қане, ана туралы мақал-мәтелдер айтып көрелік!
1-оқушы: Анасына орын ұсынбаған,әкесіне қолын ұсынбас.
2-оқушы: Ағайын алтау ,ана біреу.
3-оқушы: Ана сүтін ақтамағанды, ешкім мақтамайды.
4-оқушы: Ағайынның қарғысын алған, ағайынның алғысын алмас.
5-оқушы: Ағайынның алтын сарайынан
Анамның жыртық лашығы артық
6-оқушы: Анаңа ауыр сөз айтпа!
Атыңа ауыр жүк артпа!
7-оқушы: Анадан артық дос бар ма,
Ашудан артық қас бар ма?
I жүргізуші: «Ананың көңілі-балада, баланың көңілі-далада» демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, анасының көкірегін қарс айырғандар бұрын да болған, қазірде жоқ емес. Өміріне есірткі, ішімдік араласқаннан кейін, ата-ана, үлкен, әйел, қыз баланы сыйлау, қадірлеу сияқты әдеп-инабат дәстүрлерін ұмытқандар қаншама?!
Көрініс: «Ана қасіреті»
Екі көрші әңгімелесіп отырады:
-Аяжан, сен естідің бе? Мына Гүлнардың баласы есірткіге ақша таппай, адам тонапты дейді.
– Ой, сұмдық-ай мына өмір не болып барады? Ақыр заман деген осы ғой, ә.
Ана ұлын келеді деп тосып тұрады. Бір ауылдас қыз бала келіп сұрады:
– Сәлеметсіз бе, апа, кімді тосып тұрсыз?
– Балам келер деп автобусты қарап тұрмын.
– Ұлыңыз қазір қайда, не істеп жүргенін білесіз бе?
– Иә, қарағым, ол Алматыда оқып жүр. Қарны ашып қалмасын деп пенсиямды
салып тұрамын.
-Ай, апа, балаңыздың ақша үшін өз анасы сізді өлтір десек өлтіруге баратынын
білесіз бе?
-Ой, тоба не дейсің? Жоқ,жоқ! Сенбеймін,-деп үйіне қарай аяңдайды.
Жаным, балам, жазған хатым бара ма?
Ақ кептерім адасты ма арада?
Қарт анаңды ұмыттың ғой, қарағым,
Көп оқумен қолың тимей қалада
Көп оқудан қолың тиіп бір уақыт,
Хабар беріп қолың тиіп бір уатып,
Қарт анаңды қойсаң еді қуантып,
Көңілімді құстай әнші жырлатып.
Сағынғанда жүрек тағат таба ма?
Сары белге шығам күнде далаға.
Жаным, балам, жазған хатым бара ма?
Ақ кептерім адасты ма арада?
Баласын милиционер алып келеді.Анасы баласына ұмтылып:
-Балам саған не болған?Бет-аузың көкпеңбек .Кім ұрды? Айтшы, жаным.
-Апа ,кешір .Мұндай қылмысқа барам деп ойламадым .Бас кезінде жолдастарыммен дәмін
көремін деп ,өміріме балта шапқанымды білмей қалдым.Кешір,кешір…
-Балам-ау,бар үмітім болашағым жалғыз өзің едің .Бұл не істегенің?
Ана жылап қалады. Баласын алып кетеді.
I жүргізуші:Міне ,қаншама жасөспірім өзінің өміріне балта шауып қана қоймай ,туған-туысқандарына ,анасына қасірет шектіріп,аңырап артына қалдырды.
II. жүргізуші:Анамызға қасірет, қайғы емес ,қуаныш сыйлайық,көңіліне кірбің түсірмейік.
Енді ,оқушылардың «Ана» тақырыбына салған суретін тамашалайық!(сурет көрмесін көру)
ІII бөлім. «Анаға сыйлық »
I жүргізуші:Тәрбие сағатымыздың «Анаға сыйлық »атты бөлімін бастаймыз.Ана.Осы жалғыз ауыз сөзде талай сыр , талай терең мағына жатыр .Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті .Дүниеде не тәтті?
II жүргізуші:Ананың сүті тәтті.
I жүргізуші:Жұмсақта не жұмсақ?
II жүргізуші:Ананың қолы жұмсақ.
1 жүргізуші:Ендеше аналарыңа қандай сыйлық сыйлар едіңдер,балалар?!
1-оқушы:Ана –тіршіліктің қайнар көзі ,махаббаттың шуақ күні,мейірімнің кәусар бұлағы.Сондықтан Ананы ардақтамайтын халық та жоқ.Ана баланы тоғыз ай көтеріп,толғатып дүниеге келтіріп қана қоймайды.
Бала,бала ,бала деп
Түнде шошып оянған ,
Түн ұйқысын төрт бөліп .
Мұздай бесік таянған,-
да ана.Көзінің қарашығындай қорғап,аялап өсіріп ,аяғынан тік тұрғызатын да ана.Туған елінің тілін үйретіп,сазына қандыратын да ана .Сондықтан әр ұлттың тілі де ана тілі аталады.
Сүйесіңдер ме ананы?
Сүйіңдер тілін ананың.
Сатпайсыңдар ма ананы?
Сатпаңдар тілін ананың
Ана тілі ананың ,
Тұр ғой атын көтеріп .
Анаңды сүй, тілді сүй ,
Жүрмеуің үшін екі өліп.
2-оқушы:Дүниенің ең қымбаттысы ана екен ,
Ананың ең тәттісі бала екен ,
Түн ұйқысын төрт бөліп тәрбиелеген .
Ананың еңбегі зор дара екен.
Ананың ақ сүтін ақтау парыз деймін ,
Еңбегі бізге болар қарыз деймін
Меккені үш айналса да өтелмеген
Ұрпаққа бұл өсиет аңыз деймін.
3-оқушы:Ана сен –алтын күн шуағы
Ана сен-өмірдің бұлағы
Жүрекке ақ жарқын сол бейнең,
Сөнбейтін асыл нұр құяды.
Жан ана мен саған бас идім,
Көзі деп адалдық асылдың.
Өзіңнен нәр алып өстім де,
Жолыңа жыр болып шашылдым.
Ән « Ана туралы жыр »
4-оқушы:Жарық әлем сыйладың аяулы анашым,
Мөлдір бұлақ тірегім, сая-панам.
Бар жылуын аямай-ақ жаратқан,
Айналайын,шебер қып құя салған.
Әнім болып жүректі тербеттің сен,
Тұла бойым тұңғышым!-сөзіңменен
Гүлдей жайнап шуақтай Күн көзінен,
Ешқашанда мұң-қайғы сезінбеген.
Жасара түс,қызық көріп ұрпағыңнан
Бұл мереке көп күткен сен сағынған.
Сағынғанда тұрасың сағымдардан,
Ана деген хас-қамал алынбаған.
Еңбегіңді ақтармын тірі жүрсем,
Терім сіңген адал қол еңбегіңмен
Мәпелеген ақ сүт беріп беріп өсіріп ең,
Мұны қалай жадымнан өшірем мен.
5-оқушы: Өмірге ана-бұлақ, ана-пана
Өмірді өркендетер ана ғана
Өсірген талай көсем, талай дана.
Ана! Ол – біздің елде ардақты адам
Кіші де, үлкен де оны ардақтаған
Өзінің аяулысы – Отанына
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған
6-оқушы: Кеудеңде мені тербеттің,
Жас шыбық енді көктеді.
Мінеки менде ер жеттім,
Еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын
Аяулым сенсің анашым.
Болмаса мейлі зор даңқың,
Мен бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің
Тұрғандай сезем жаныңда
«Адал бол, – деуші ең, жұлдызым»,
Сақталды сөзің жадымда.
Көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай мәңгі жасай бер
Мәңгілік Күндей, анашым!
ІІ жүргізуші:
Жүрек біткен желпінсін жүйрік аттай,
Сезім біткен серпілсін дамыл таппай!
Дәл бүгін өлең айтпай, ән шырқамай
Қандай жүрек қалғандай қанат қақпай
деп келесі кезекті «Асыл әже» әніне береміз.
7-оқушы: Түн ұйқысын төрт бөледі,
Көкірегін өрге сүйреп
Мехнат, азап көп көреді,
Балам азап көрмесін деп
Анаң сенің, анам менің,
Өскеніңді жүреді аңсап,
Өмір бойы мәпелейді
Өңіңді бір кірбің шалса,
Дәрігерге жетелейді
Анаң сенің, анам менің,
Ақ көңілін кірлетпейік,
Ақ анамыз аман болсын
Анамызды құрметтейік.
Досым менің, бала досым!
8-оқушы: Нұрына шомылдырып алтын күннің,
Жан анам мені өмірге талпындырдың.
Бір тамшы шуағың да жетіп жатыр,
Тірлікте сонымен-ақ шалқып жүрмін.
Анашым, бір өзіңді мақтан етем,
Жол шықсам, қия алмаймын шаққа кетем
Санамды сарғайтады жалғыз арман,
Қайткенде ақ сүтіңді ақтар екем
Ешкімге ұқсамайды ай қабағың,
Өзіңмен ештеңені байқамадым.
Өзің боп қалса егер арманым жоқ,
Шерткен күй, жазған жырым, айтар әнім
Өзіңмен Алатаудай еңсең биік.
Өзіңмен шетсіз-шексіз өлшем биік.
Мен сенің қарызыңды өтермін бе,
Әлемнің жақсылығын берсем жиып…..
І жүргізуші: Ерлік еткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін,
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді.
Анамызға мың алғыс
ІІ жүргізуші: Адал бол деп балдырған
Әділдікке баулыған
Жүрегінде махаббат
Тілегінде мархабат
Анамызға мың алғыс
Оқушылар өздері қолдан дайындаған сыйлықтарын аналарына тапсырады.
І жүргізуші: Құрметті аналар, Ұстаздар!Сіздерге арналған ашық тәрбие сағатымызды аяқтай келе, мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мына өлең жолдарын арнаймыз.
Ана деген – бұл өмірдің иесі
Қасиетті табиғаттың киесі
Тылсымдайын дүниені жаратқан
Пәк жүректің жер әлемнің жүйесі.
Аяулы анашым
Тәрбие сағаты
Аяулы анашым
Мақала авторы: Дауымшарова Айгул Бакытовна
Жұмыс орны: Маңғыстау облысы,Бейнеу ауданы , Бейнеу селосы "Күйкен орта мектебі "ММ
Лауазымы: І санатты ағылшын тілі пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 30.01.2017
Журнал қорына жариялаған: Д.