Әдістемелік қоржын
Мендигалиева Г.М, Іс–әрекетті зерттеу жобасындағы қоғамдастықтың рөлі

Мақала авторы: Мендигалиева Г.М
Жұмыс орны: Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Лауазымы: модератор
Порталға жариялану мерзімі: 03.05.2018

Іс–әрекетті зерттеу жобасындағы қоғамдастықтың рөлі

Бүгінгі таңда еліміздің білім саласында әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуға байланысты айтарлықтай өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы орайда Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру басты назарда және ол «Педагогикалық шеберлік орталықтарының» деңгейлік бағдарламасымен жүзеге асырылуда. Біздер ІI деңгей тыңдаушылары ретінде аталған бағдарламаның еліміздің білім беру жүйесін дамытуға оң ықпал ететініне үлкен сеніммен қарап, бағдарлама идеясын жүзеге асыру жолында еңбектеніп келеміз. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – көшбасшы мұғалімдерді әзірлеу арқылы мектеп тәжірибесіне жаңа өзгерістер енгізу болса, мектепте мұғалімдердің кәсіби қоғамдастық құруына осы көшбасшы мұғалімдердің ықпалы зор екенін айта кеткен жөн. Мұғалімдер кәсіби қоғамдастыққа бірігіп, оқытудағы ортақ мәселелерді шешуде бірлесіп, ынтымақтастықта жұмыс жасауы, тәжірибе алмасуы олардың кәсіби дағдыларын шыңдай түсері сөзсіз. Сондықтан оқу жылының басында әдістемелік бірлестікте іс-әрекетті зерттеу жұмысын бірге жүргізу жоспарланып, кәсіби даму мақсаттары ортақ мұғалімдер шағын топтарға біріктірілді. Оқушылардың өзін-өзі оқыту мен дамыту мақсатын белгілеген біздер осы бағыттағы жұмысымызды жоспарлау үшін алдымен материалдармен танысуға келістік. Бірнеше ақпараттарды зерделеу барысында «Flipped classroom» («төңкерілген сынып») технологиясының негізгі идеясы біз көздеген мақсатты жүзеге асыратындығын байқап, осы технологиямен жұмыс жасауды ұйғардық [2]. Бұл оқыту технологиясында тікелей оқыту мен қашықтықтан оқыту компоненттері қатар жүргізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – мұғалімнің берген дайын білімін тыңдау емес, оқушының сабақтағы белсенділігін, тақырыпты тиімді игеруін арттыру. Ол үшін үй тапсырмасының мазмұны мен сабақтағы жұмыс мазмұнының орындары ауысады. Оқушы үйден сабақтағы тапсырмаларға ұқсас көп есептер шығарудың орнына келесі сабақта өтілетін тақырыптың теориялық материалымен мұғалімнің өзі жасаған немесе ғаламтордан алынған видео-сабақ арқылы танысып келеді. Келесі сабақта мұғалім оқылған теориялық материал бойынша практикалық бағыттағы жұмыстар: есептер шығару, мини – жоба дайындау, тәжірибе жасау, т.с.с. бірлескен қызмет түрін ұйымдастырады [2].
Бірлескен әрекет арқылы технологияны қолданудың тиімді және тиімсіз жақтарын болжай отырып, өз мектебіміздің миссиясы мен ұстанымына сәйкес өзгертіп, бағытымызды нақты айқындадық. Содан соң әрқайсымыз сабаққа керекті материалдарды енгізетін чат немесе басқа да сервистік бет ашып, оған өз оқушыларымызды тіркедік. Және де қауымдастықтағы өзара қарым – қатынасты тиімді жүргізу үшін What’s Up қосымшасында «Төңкерілген сынып» тобы құрылды. Осы орайда қоғамдастықта жұмыс жасаудың тиімділігі өте маңызды екенін айта кетуге болады, біз «төңкерілген сынып» технологиясының негізгі идеясын пікірталас арқылы жақсы түсіндік, бір–біріміздің ескермей қалған тұстарымызды толықтырдық және бірлескен жұмыс жоспарының үлгісін жасадық.

Жұмыс жоспарының үлгісі төмендегідей болды:
 Оқушы үйден мұғалім ұсынған оқыту мақсатымен танысады;
 Сабақтың теориялық материалымен таныстыратын видео-сабақты немесе көрсетілімді қарайды;
 Теориялық материал бойынша дәріс жазады және сұрақтар дайындайды;
 Сабақта оқушылардың дайындаған сұрақтары, мұғалімнің тақырыпқа қатысты сұрақтары бойынша талқылау жүргізіледі. Бұл жұмысты қандай формада ұйымдастыру керектігі сабақ тақырыбына, сынып белсенділігіне т.б. себептерге байланысты өзгеріп отырады;
 Оқушылар топпен не жұппен тапсырмалар орындайды, яғни теориялық материалды есептер шығаруда қолданады;
 Сабақ қорытындыланады.
Осы жоспардың үлгісін негізге ала отырып, топтың әр мүшесі өз сыныптарында сабақтар топтамасын әзірледі, содан соң топ отырысында барлық сабақ жоспарлары талқыланды, ұсыныстар жасалып, өзгерістер енгізілді және де өзара сабақтарға қатысу графигі құрылды. Сабақ жоспарларын талқылауда біріміз ұйымдастыру бөлімін сәтті құрастырсақ, бірімізде сұрақтарды (жуан, жіңішке) дайындау, ал келесі топ мүшелерінде практикалық бөлімді жоспарлау тиімді шыққанын байқадық. Әдіс – тәсілдерді таңдауда да ұсыныстар айтылып, сабақтың қорытындылау бөлімі туралы ортақ шешімге келдік. Барлығымыз үшін туындаған қиындық ол қазақ тіліндегі видео – сабақтардың тапшылығы болды. Алайда мектеп оқушыларының орыс тілі және ағылшын тілі біліктілігінің жоғары екендігі ескеріліп, осы тілдердегі ресурстарды да қолдану туралы келістік.
Жоспарланған сабақтарға өзара қатысу барысында бірлескен жоспардың тиімді және әлсіз тұстары анықталды. Олардың бірнешеуіне тоқтала кетсек,
— Бір сабақта оқушы сабақ материалына сай дайындап келген сұрақтарға басқа оқушының жауабы тыңдалды. Екеуінің талдауын бақылау барысында сұрақ беруші де, жауап айтушы да бұл тақырыпты жете түсінбегенін, тек анықтамасын ғана меңгергені байқалды.
— Басқа сабақта сыныптың бір оқушысы орыс тілін жақсы білсе де (орыс тілі пәні мұғалімінен оқу нәтижесі туралы сұралды), «мен орысша ештеңе түсінбедім» деп, үй тапсырмасын орындамағанын мойындағысы келмеді.
— Келесі сыныптағы бір оқушы ғаламтор желісінің үзіліп қалуына байланысты тапсырманы аяғына дейін орындай алмады.
Сондай – ақ «төңкерілген сынып» технологиясын пайдалануда кандай бөлімдерге басты назар аудару керектігі анықталып, сабақтан кейінгі талқылауда кеткен кемшіліктерді түзету және келесі сабақтарда оны болдырмау жолдары қарастырылды. Бірімізде болып, екіншімізде болмаған кемшіліктерді ортаға салып талқылау, келесі сабақтардың сапасының жоғары болуына әсер етті. Сондай – ақ топпен жұмыстану арқылы сабақ кезінде теорияны жете меңгеретіндей практикалық жұмыстарды таңдаудың маңызды екені, видеоны қарау мүмкіндігі болмай қалған оқушылар үшін қандай оқулықтармен жұмыстануды жоспарлау маңызды екені анықталды.
Технологиямен жұмыстануда белсенділік танытқан сыныптар да аз болмады. Мысалы, 9в сыныбында «Пифагор теоремасы» тақырыбында өткізілген сабақта оқушылар өз бетімен ізденуге, тақырыпты өздері үйренуге қызыға кірісті. Олар теорема дәлелдеуінің бірнеше нұсқасын тауып, сыныпта теореманы әртүрлі тәсілмен дәлелдеп берді. Ал 10а сыныбында өткізілген «п-ші дәрежелі түбір» тақырыбындағы сабақта оқушылар теориялық материалды жақсы түсініп келгендерін түбір қасиеттеріне есептер құрастыруда көрсете алды. «Жазықтықтағы түрлендірулер» тақырыбында видеодағы аннимациялардың көмегімен түрлендірулерді орындауды жақсы меңгергені сабақтағы практикалық жұмыстарды сапалы орындауда көрінді. Осылайша бірігіп сабақтарды жоспарлау және өзара сабаққа қатысып жоспардың жүзеге асқанын бақылау өзіміздің кәсіби дамуымызға да, оқушылардың өздігінен оқу дағдысының дамуына да оң ықпал етті.
Сонымен мұғалімнің кәсіби дамуында педагогикалық қоғамдастық үлкен жол ашатынына көзіміз жетті. Мұғалімдердің қоғамдастықта жұмыс жасауы мектептің білім көрсеткішіне және оқушылардың білімді меңгеру деңгейіне зор ықпал ететінін көптеген педагогикалық зерттеулер мен әдебиеттерден алынған деректер дәлелдейді. Кәсіби біліктілік пен білімді арттыру жай қабылданбайды, ол мұғалімдердің өз қолымен жасалады. Оқыту мен оқуға қажетті әдіс-тәсілдерді бірлесіп таңдау, пайдалану арқылы кез-келген мұғалім өзін де, айналасындағы әріптестерінің дамуына да ықпал ететінін өз тәжірибеміз дәлелдеп отырғанын алға тартқымыз келеді.
«Төңкерілген сынып» технологиясын іс – әрекетті зерттеу арқылы бірлесіп жүзеге асыруда туындаған қиыншылық та жоқ емес. Топтағы мұғалімдердің сабақ уақыттарының сәйкес келмеуі және таңдалған сынып оқушыларының белсенділігінің әр түрлілігі жоспарымыздың кейбір тұстарын жүзеге асыруға кедергі болды. Әсіресе, мұғалімдер жүктемесінің өте тығыздығына байланысты осы технологиямен өткізілген сабақтардың саны аз болды. Сондықтан болашақта осы бағытты жетілдіру мақсатында жұмыстану керек деген бағыт анықталып отыр.
Мұғалімдер біліктілікті арттырудың деңгейлік курстарынан алған білімдерін одан әрі дамытып, ұжымдағы кәсіби қоғамдастықты дамыту қажеттігін орындаса, яғни әріптестерінің жұмысына ықпал ету арқылы өзара қарым – қатынасты тиімді жүзеге асырса, бүгінгі таңдағы қоғам алдына қойылған міндеттің орындалғаны. Осы орайда мектептегі кәсіби қоғамдастықтың негізгі мақсаттары анықталды:
— желілік орта құру, сол арқылы тез ақпарат алмасу;
— озық іс-тәжірибелермен танысып, өз жұмыстарына қолдану;
— инновациялық жаңа технологияларды таңдап, бөлісу;
— мұғалімдер арасында өзара сенімділікті, ынтымақтастықты нығайту.
Тәжірибе көрсеткендей, мұғалімдер қоғамдастығында ортақ мақсаттармен біріккен, проблемаларды бірлесіп шешетін, өз құзырын дамытатын, креативті ойлайтын мұғалімдердің ортақ жұмысы жүзеге асырылады.
«Жаңа нәрсе біле алмаған және біліміңді толықтыра алмаған күнді немесе сағатты бақытсыз деп біл» деп Ян Амос Коменский айтқандай, мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығындағы ұйымдасқан еңбегінің арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын мойындаймыз.