Әліппемен қоштасу [Букварь]
Редактор: Жақсы жазылған. Редакциядан өткізіп, журналға жариялаңыздар. «Әліппемен қоштасу» ертеңгілігі. Мұғалім: Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы – Әліппе. Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі – әліппені бітіру тойына қош келіпсіздер дей отырып, ертеңгілігімізді бастайық. (Ұшақтың даусы естіледі.) Дауыс: Құрметті жолаушылар, «Әліппе» аэропортынан «1 Г» ұшақ рейсіне отырғызу басталды. Сіздерге ұшақ стюардессалары Асқарбек Нұржан мен Аманбек Назарбек қызмет көрсетеді. Алдымен жолқұжаттарыңызды көрсетіп, орындарыңызға жайғасу сұралады. 1 стюардесса: Құрметті жолаушылар! Біздің ұшағымызға қош келдіңіздер! 2 стюардесса: Ұшағымыздың білім кеңістігіне көтерілуіне аздаған ғана сәттер қалды. Осы сәтті қызықты да, көңілді өткізу өзімізге байланысты. 1 стюардесса: Назарбек, қарашы, экипажымызға келген біздің жолаушыларымыз қандай әдемі! Өсті, міне, бойларың, Өсті ақыл-ойларың. Қуанышқа ортақпын, Құтты болсын тойларың. 2 стюардесса: Құрметті жолаушылар! Ұшуға дайындықтарыңызды тексеру үшін сіздерге қояр сұрағым бар: Іші толы әріпке, Білімдегі жарық не? Хормен: Болашаққа жол ашар, Ол – сүйікті Әліппе! Ол – сүйікті Әліппе! 1 стюардесса: Олай болса, бәрімізге ең қымбат, «Әліппе» аэропортының бас директорын ортаға шақырайық! Хормен: Ә-ліп-пе! Ә-ліп-пе! «Әліппе» әнінің әуенімен ортаға «Әліппе» келеді. 1 стюардесса: Самғамақ боп білімнің көгіне біз, Жақсыдан артқа қалар мәңгілік із. Білімнің белесіне жетелейтін, Әліппеге алғыс деп бас имекпіз. (Оқушылар бас иеді.) Әліппе: Армысыздар, жас достар, Армысыздар, ата-ана! 2 стюардесса: Әліппе, әріппен таныстырып, оқуды үйреткеніңіз үшін сізге біздің жолаушыларымыз дән риза! Өзіңізге арналған өлеңдерімізді қабыл алыңыз! 1 оқушы: Әліппем, менің, Әліппем! Сені қолға алып мен. Есігін аштым мектептің, Ертеңгі сәуле жарықпен. 2 оқушы: Келгенде алғаш мектепке, Білмеуші едік әріп те. Оқимыз қазір ертекті, Үйреткен оны Әліппе! 3 оқушы: Әліппе деген алтын жол, Апарар сені алысқа. Жеңіл емес ауыр жол, Тырысып бақ намыс 1 стюардесса: Құрметті жолаушылар! сүйікті әліппемізді ренжітпей, рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету - біздің міндетіміз. Сондықтан, осы уақытқа дейін алған білімдеріңізді көрсетіп, ән- күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерлеріңізді ортаға көрсетіңіздер! Әліппе: -Рахмет, балалар! Өнерлі, талапты екенсіздер! Әліппе: -Ал, балалар, менің мына сұрақтарыма жауап беріңдерші? Сыйлап үлкен ағаны Сәлем берген баланы Кім дейміз? Хормен: Әдепті екен бұл дейміз! Кітап, дәптер, қаламы Кір шалмаған баланы Кім дейміз? Хормен: Ұқыпты екен бұл дейміз! Таудай биік талабы Жақсы оқитын баланы Кім дейміз? Хормен: Үлгілі екен бұл дейміз! Өтірік сөз айтпаса Уәдесінен қайтпаса Кім дейміз? Хормен: Шыншыл екен бұл дейміз! Әліппе; -Өте жақсы , балалар . Мен сендерге ризамын. Әрқашанда әдепті, ұқыпты,үлгілі,шыншыл болыңдар! «Әліппе» әні 2 стюардесса: -Оқушылар, сендер тек әліппені оқыған жоқсындар, сонымен қоса қандай пәндерді өттіңдер? (Дүниетану, дене шынықтыру, математика, музыка) 1 стюардесса:: Ендеше, осы пәндерге байланысты өлең жолдарын тыңдайық! (4қыз) 1-оқушы: Музыка атты пәніміз, Айтылар онда әніміз. Марғұлан ағай үйретсе, Шырқатамыз бәріміз. . 2-оқушы: Зыр жүгіріп футбол қуып жүргенде Секір, жүгір шымыр болар денең деп, Жүреді Динара Темірбекқызы қашанда, Салаутты өмір салтын уағыздап. 3-оқушы: Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан, Математикаға орын бер сен басыңнан. Барлық ғылым саған үйір болады, Досың солар табылатын қасыңнан. 4-оқушы: Қоршаған орта, табиғат, Жануар, өсімдік, адамзат Сүю, қорғау – парасат, Білейік мұны азамат. 5-оқушы: Ұсынғаны адалдық, Үйреткені адамдық Бар ұстазға тілейміз, Бақыт, табыс, адамдық! Мальвина: -Жүр,деймін жүр.Мен саған балалар мектепте қалай оқиды екенін көрсетемін. Жүр, ұшаққа мінейік. Буратино: -Туу, Мектеп,мектеп деп немене қақсап қалдың. Мен онсыз-ақ бәрін білемін. – Ой, мыналар неге жиналып отыр, а? Әліппе: -Сәлеметсіңдер ме, Буратино мен Мальвина! Бүгін балалар менімен қоштасып, «Білімпаздар» ұшағымен білім кеңістігіне ұшқалы тұр. Буратино: Не дейді? Ұшақ дей ма? Менің де ұшаққа мінгім келеді. Әліппе: -Буратино, бұл ұшаққа тек білгір, ұқыпты, әдепті балалар ғана мінеді. Ал, сен, әріп танисың ба? Буратино: -Неге білмеймін, білем. Мынау – доңғалақтың суреті. Ал мынау – рогатка. Мынау – есік. Бұлардың бәрін мен Әліппені оқымай-ақ білемін. Мальвина: -Түү,Буратино!Мынауын,тіпті ұят екен!Сен өзің дым білмейді екенсің! Мұғалім: -Қане, балалар, Буратиноға бәрі түсінікті болу үшін «Әліппе әнін» айтып берейікші. «Әліппе әні» видео Мальвина: -Көрдің бе,Буратино! Балалар бәрін біледі. Ал сен болсаң,үп-үлкен болып ештеңе білмейсің! Буратино: -Иә,расында да ұят болды. Есесіне мен ойынның түр-түрін білемін. Ойын ойнаймыз ба? - Қазір балалар сендермен «Иә, иә» «Жоқ, жоқ» ойынын ойнаймыз. Мен сұрақ қоям, сендер сұрақтың жауабына қарай иә, немесе жоқ деп жауап бересіңдер. 1. Мектепке біз барамыз ба? 2. Кілең бестік аламыз ба? 3. Айтқан тілді аламыз ба? 4. Ақылды бала боламыз ба? 5. Нан жеймін деп жылаймыз ба? 6. Ертеңгісін тұрамыз ба? 7. Сабақ та отырып ұйықтаймыз ба? 8. Ойыншықтармен ойнаймыз ба? 9. Екі алғанда жылаймыз ба? 10. Оқушы біз боламыз ба? - Ата – аналармен де «Иә, иә» «Жоқ, жоқ» ойынын ойнайық. 1. Балаңызға әрқашан тірек сіз бе? 2. Сабақ оқып, есепке сіз жүйрік сіз бе? 3. Тамағын уақытылы бересіз бе? 4. Төзімділікке сіз әр уақытта төзесіз бе? 5. Сериал көріп жатасыз ба? 6. Ұрып, нұқып үйретуге барасыз ба? 7. Оқыту мұғалімнің жұмысы деген кері тартпа сөзді айтасыз ба? 8. Сен оқыт, мен оқытып шаршадым деп ұрысуға дайынсыз ба? 9. Балаңыз үшін балаларды соғасыз ба? 10. Бала үшін асулардан асасыз ба? Буратино: - Керемет, бұлар бәрін біледі екен ғой! 2 стюардесса: Бізді осы күнге жеткізіп, бірге қуанып, бірге ренжитін, әріптерді меңгеріп оқуымызға көмектескен ата-аналарымызға айтар алғысымыз шексіз! Ұрпақтарға бақыт жолын аңсаған, Тілейтұғын сыртта жүріп бақ саған. Тіршіліктің тынысы мен ажары, Әкем - шешем теңдесі жоқ жақсы адам! Қош келдіңіздер ақ жаулықты аналар, Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар. Алдарыңда жауқазындай құлпырған, Біз алаңсыз балғын шақты балдырған. Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың, Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенің анашың. Тіл алмасаң кешірген, ол да сенің анашың, Мәпелеген баласын, аман болсын анашым! 1 стюардесса: Ендеше, ата-аналардың ыстық лебізді тілегін естіп, батасын алайық! Ата-аналар атынан сөйлеу үшін ортаға ………………………………………….. әжесін шақырамыз. (Ата ана сөз сөйлеп, шашу шашады.) 2 стюардесса: Сіздерге шашу ретінде «Қуыршақтар» биін ұсынамыз! Мың бұралған биші жолаушыларымызға қошемет көрсете отырыңыздар! (Би биленеді) 1 стюардесса: - Құрметті Мальвина мен Буратино, жолаушыларымыздың дайындаған көрінісін тамашалаңыз! Көрініс: « Үйшік» тышқан, бақа, қоян, түлкі, қасқыр, аю жайлы ертегі Жазық далада бір үйшік тұр. Шиқылдауық тышқан тоқтай қалып сұрайды: — Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады? Ешкім үн қатпады. Тышқан үйшікке кіріп өмір сүреді. Бақылдап бақа келеді: — Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады? — Мен, шиқылдауық тышқанмын. — Ал мен, бақылдаған бақамын. — Кел, бірге тұрайық! — деп бақа мен тышқан үйшікте бірге өмір сүреді. Секеңдеп қоян келеді. Тоқтай қалып сұрайды: — Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады? — Мен, шиқылдауық тышқанмын. — Мен,..бақылдаған бақамын. — Ал сен кімсің? — Мен, секеңдеген қоянмын. — Кел, бізбен тұр! Енді олар үшеуі үйшікте тұрады. Терезені түлкішек-әпке тоқылдатады: — Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады? — Мен, шиқылдауық тышқанмын. — Мен, бақылдаған бақамын. — Мен, секеңдеген қоянмын. — Ал сен кімсің? — Мен түлкішек-әпкемін. — Кел, бізбен тұр! Енді олар төртеу болады. Жүгіріп келіп есіктен сұр қасқыр сұрайды: — Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады? — Мен, шиқылдауық тышқанмын. — Мен, бақылдаған бақамын. — Мен, секеңдеген қоянмын. — Мен, түлкішек-әпкемін. — Ал сен кімсің? — Мен, сұр қасқырмын. — Кел, бізбен тұр! Енді олар бесеу болады. Барлығы көңілді өмір сүріпті, ән айтыпты.Бір күні қорбаңдаған аю үйшіктен шыққан дауыстарды естіп, тоқтап айқайға салады: — Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады? — Мен, шиқылдауық тышқанмын. — Мен, бақылдаған бақамын. — Мен, секеңдеген қоянмын. — Мен, түлкішек-әпкемін. — Мен, сұр қасқырмын. — Ал сен кімсің? — Мен, қорбаңдаған аюмын. — Кел, бізге! Аю кірейін-кірейін деп, кіре алмайды. — Мен, шатырда тұрайын. — Бізді басып қаласың. — Жоқ, қорықпаңдар. — Жарайды, шық. Аю отыра қалғанда үй: «тарс» — етіп құлады. Үйшіктен аман-есен: тышқан, бақа, қоян, түлкі, қасқыр қашып шықты. Барлығы бірігіп бөрене тасып, тақтай аралап үлкен үй салуға кірісті. Үйшіктері үлкен, биік, әдемі болып шықты! Мальвина: -Қалай Буратино ұнады ма? Буратино: -Иә,иә, қатты ұнады, қандай қызық! Бірақ, тағы да қызықты бір зат көргім келіп тұр. Тағы қандай өнерлері бар екен? 2 стюардесса: -Онда біздің жолаушыларымыздың өнерін тамашалаңыздар! Би: ХА ВА НА НА Мальвина: -Балалар, біз сендерге ризамыз. Қоржындарыңыз тек игі жақсы сөздер мен істерге тола берсін. Жолдарыңыз болсын! Білім әлемінің биігіне қанаттарың талмай, самғай беріңіздер! Сау болыңыздар! Буратино: -Достар, бәрекелді қандай білімді едіңдер! Мен сіздерге өте ризамын .сіздерге арналған азғантай сыйлығым бар еді, бұл, кілт жай кілт емес, бұл кілт – білім кілті! Сендердің білімдерің арта берсін деп, білім кілтін сіздерге табыс етемін! Сау болыңыздар! 1-оқушы: Мен намысшыл баламын, Тек үлгілі боламын, Білім іздеп жалықпай Кең дүниені шоламын! «Балдырған» әні Әліппе: -Балалар, 4 ай бойы өздеріңізбен бірге болдым. Мені ұқыпты ұстағандарыңызға, ерінбей оқығандарыңызға көп рахмет! Сендердің келешекте сауатты болатындарыңызға сенемін. 1 стюардесса: Құрметті, Әліппе! Сіздің досыңыз, көрші аэропорт директоры «Ана тілі» байланысқа шығып тұр. Әліппе: -Балалар, сендер менімен қоштасып, енді келесі аэропортқа ұшқалы отырсыздар! Ол «Ана тілі» деп аталады. Ендеше, оның сөзіне құлақ түрелік! Сәлем, Ана тілі! Ана тілі(экраннан): Сәлем, Әліппе! Сәлеметсіңдер ме, балалар! Туған елдің тілімін, Ақылыммен танылам. Түсіндірер бәріне, Ана тілі мен болам. Менің сендерге үйретерім көп. Қазақ тілінің қыр-сырын ұғындырамын. Ақын-жазушылармен , олардың шығармаларымен таныстырамын. Жаттығулар орындап көбірек жазатын боламыз. Сендер оған дайын деген сенімдемін. Ең бастысы, табандылық пен шыдамдылық керек. Мен сендерді күтемін, балалар. Кездескенше! Әліппе: Ал, балалар, жол болсын! 5 болсын алар бағаңыз, Білімнен бақыт табасыз. Өнер, білім көп тоқып, Өсе берсін санаңыз. Сіздерге «Әліппені» оқып бітіргендерің үшін рахмет айтып, медаль тағамын. (медаль тағылады.) Хормен: Қош бол, құтты Әліппе! (Ортаға 2 стюардесса шығады.) 1 стюардесса: – Әріптерді үйретіп, Жақын болған кім бізге? Жамандықтан жирентіп, Ақыл берген кім бізге? 2 стюардесса: – Әліппені оқуға, Үйреткен әр күні. Үйретіп санауды Көп еңбек сіңірген. Ол кім? Хормен: Ол – мұғалім Эльмира Қайратқызы 4 оқушы: Үйретіп бәрімізге әліппені, Мұғалім ғылымға жол салып берді. Адамның ақыл-ойы, мақсаттары, Оқудың сәулесімен жарық көрді. 5 оқушы: Әліппе даңғыл жол ашты, Жаңадан пәндер жалғасты. Әліппе сырын ұқтырған, Рахмет, ұстаз, алғашқы. 1 стюардесса: Келесі концерттік нөмірлер ұстазымызға және бізді шығарып салуға келген баршаңызға арналады. Қабыл алыңыздар! Ән: Ұстазым Би: Түрік биі 2 стюардесса: Құрметті Гүлмира Алпысбайқызы, Өзіңізді мақтан етіп жүреміз біз. Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз, Сөз береміз құрметпен өзіңізге, Балаларға арналсын тілегіңіз. (Мектеп директорының құттықтау сөзі) Мұғалім: Құрметті жолаушылар, осындай көтеріңкі көңіл күймен жолға шығамыз! Ата-аналар келгендеріңізге көп рахмет! Сау болыңыздар! Ұшағымыз ұшуға дайын. Сәт, сапар, жас бүлдіршіндер! (Ұшақтың ұшқан дыбысы естіледі.) Осымен ертеңгілігіміз аяқталды. Көңіл қойып, тыңдағандарыңызға көп рахмет!