Абай мен әл-Фарабидің үндестігі [Познание Абая]

Автор статьи : Назерке С.
Организация : Ақмешіт колледжі
Должность : оқытушы
Дата : 08.01.2020
Номер журнала : 01-10-2020
Әр кезеңнің ғасырға бергісіз біртуар адамдары болады. Сол секілді қазақтың маңдайына ұлы тұлғалары Абай мен Әл-Фараби әр ғасырда өмір сүргенімен, олардың өсиет етіп қалдырған ғибрат сөздерінде үлкен ұқсастық жатыр. Дегенмен де, Абайдың екінші ұстаз, ойшыл Әл-Фарабидің еңбектерімен таныстығы жөнінде нақтылы ақпар жоқ. «Философияға, даналыққа зор мән берген Абай Әл-Фараби, ибн Синалармен таныс болуымен бірге ғақпиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді», - деп айтылған ой-пікірлерден Абайдың Фараби шығармашылығымен таныстығын айқындай түседі. Ғұлама, дана, кемеңгер ойшылдың ғибрат сөздері, ой-толғамдары – халықтың асыл мұрасы, әдебиетіміздің айнасы іспеттес. Ойшылдарымыздың шығармашылығына назар аударар болсақ, ұрпаққа қалдырып кеткен даналық ой-толғамдары әр түрлі сөзбен жеткізілсе де, айтар ой, көздеген мақсат бір болатын. Бұл тұста, ғалым Ә. X. Марғұланның: «Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады» [1, 7б.]., - деген пікірі осы айтылған ойға саяды. Абай мен Фарабидің үндестігін сөз еткенде, ең алдымен, екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайша айтқанда «өзін танымақтық» жайында көзқарасына айрықша назар аудару қажет. «Жан қуаты» жөніндегі философиялық ілімнің алғашқы қадамы сонау ерте заман философтарынан бастау алса, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегін ерекше атауға болады. Бұл ілімге қазақ топырағында алғаш Фараби бойласа, әрі қарай ізін жалғап, терең барлап барған Абай болды. Абайдың ғақлияларында кездесетін «жан құмары», «жан қуаты», «жанның азығы» секілді философиялық ойларын дарытатын іліміне үңілер болсақ, онда дана ойшылдың өзінің ой қорытқан тұжырымдарын өскелең ұрпаққа молынан жеткізе алмаған өкінішін білдіреді. Әл-Фараби мен Абай үндестігін, шығармаларының ұқсастығын көптеген ғалымдар зерттеген. Соның ішінде ерекше атап өтетініміз, екі ойшылдың арасын тарихи сабақтастықпен жалғастыра білген, «Әл-Фараби және Абай» проблемасын зерттеумен шұғылданушы ғалым А.Машанов. Фарабидің: «Әрбір адамның дүниеде өз орны бар», - деген ой-тұжырымын, Абай жаңаша көзқараста: «Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!»,- деп әрбір адамзат баласының өмірде өзінің орны бары, ел өмірінде, тағдырында елеулі орын алатындығын тілге тиек еткен. «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек… Ал, осы екі алып тұлғаны жеке-жеке тануда едәуір істер істелгені рас. Бірақ бұлардың арасын жалғастырып тұрған ғажайып нәзік, тамаша берік рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: бірақ оның барын анық сезсек те, оны «көруден» әлі шалғай жатырмыз, – дейді зерттеуші ғалым А. Машанов [2, 7б.]. Дана Абайдың шығыс әдебиетімен кең таныс болғаны баршамызға мәлім. Шығыстың даңқты кемеңгер шайырларының туындыларын ақын ерте оқып, ойға сіңірген. Әсіресе, ол түркі, парсы тілінде жазған әйгілі данышпан ойшылдар еңбектерінен өшпес ғибрат алған. Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Науаи, Физулилер кітаптары арқылы қазақ ақыны күллі шығыс елдерінің аңыз, тарих, мифтерін де танып білген[3, 74б.].  Бұдан шығатын қорытынды – Абай тек қазақ ауыз әдебиетінің орасан байлығымен ғана емес, шығыс шайырларының шығармаларынан сол елдердің де фольклорлық аңыздауларын біліп отырған. «Ғақлия – нақлия», «ғаламның сәнді сәйкес жарастығы», «ғылым құдіреті», «жүрек таразысы – инсаф», «өмірдің өзі шындық» тәрізді қағидалар Әл-Фараби еңбегінен бастау алып, Абай шығармашылығында да өріс алған. «Абай жолын келешекте кеңейтіп адамдық, шындық жолы – Фараби-Абай жолы деп тануымыз керек…»[2, 10б.]. Зерттеуші Л.Исламова: «Әл-Фараби поэтикасы белгілі бір деңгейде логика ілімінің қалыптарымен шектелгенімен, ғалым өлең сөзді тыңдаушыға эмоциялық әсер беретін құрал ретінде де қарастырады», - деп баға берген. Тағы бір айта кететін жайт, Абай атамыздың қарасөздерінде Фараби ойлары көрініс табады. Бұл қарасөздер философиялық ойға құрылған трактаттар деп айтсақ та қате емес секілді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, тізбектеп атап көрсетсек: Біріншіден, Абай жан, ой, дін, ынсап, ләззат, ақыл, түйсік, ғылым, білім, құмарлық, еңбек, талап, ұят, ар, намыс, махаббат, қайрат, ашу-ыза, қуат, т.б. философиялық категорияларды қағаз бетіне түсіріп, мән-мағынасын айқындап көрсеткен. Сол себепті, қарасөздерін даусыз философиялық трактат деп айта аламыз. Екіншіден, философиялық трактат деп айтқанымызға дәлел ретінде: Абай Фарабиден кейін, арада мың жыл өткен соң қазақ топырағында екінші болып Сократ, Платон, Аристотель, Аристодем еңбектерін терең үңіле оқып, ой-тұжырымын жасай білген. Үшіншіден, осы еңбектің жалпы жазылу, баяндау, таңдау, дәлелдеу стиліне ой жіберіп қарасаңыз, әлемге әйгілі философтар Монтеннің, Ларош-Фуконың, Ибн-Синаның стиліне өте ұқсас. Қарапайым тілмен әңгімелеу, баяндау, түсіндіру тәсілімен жазылған. Бірақ терең ой, тартымды теңеу, тағылымды сөздер оқырманды қызықтырып отырады. Бұл да шығарманың философиялық еңбек екеніне бұлтартпас дәлел. Қорыта айтқанда, Фарабидің, Абайдың шығармаларында, ғибрат сөздерінде де – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігі басым. Бұл екі ғұламаның гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Олар ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. — Алматы, 1972.
  2. Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы, 1989.
  3. Абай және қазіргі заман: зерттеулер жинағы. – Алматы: Ғылым, 1994. – 336б.