Заманауи әдіс — тәсілдердің тиімділігі

Қазақ тілі және әдебиеті
Сандыбаева Альбина Баймулдиновна, Заманауи әдіс — тәсілдердің тиімділігі

Мақала авторы: Сандыбаева Альбина Баймулдиновна
Жұмыс орны: "Михайловка орта мектебі" КММ
Лауазымы: қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 17.11.2018


 Ұлы педагог: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал, оқуды іздеуді тоқтатса, мұғалімдігі де жойылады» деген болатын. Сондықтан, қазіргі мұғалім білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жетекші тұлға болуға тырысу керек.

Бәсекеге түскен дамыған қоғамда адамзат баласын алға жетелеуде білімнің алар орны ерекше. Дәл қазіргі уақытта білім беру үдерісінде болып жатқан түрлі өзгерістер адамның мүмкіндіктеріне жол ашу, дамуына, өзіне-өзі сенуіне мол мүмкіндіктер беріп отыр.  Ал үйреніп келе жатқан жас буынға жол сілтеп, бағыт-бағдар беру жан-жақтылықты талап етеді. «Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана, шәкірт жанына нұр құя алады» — деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, мұғалімнің ізденісі жан-жақтылығы, құзіреттілігі арқылы айқындалады. Бүгінгі күні білім берудегі өзекті мәселелердің бірі — педагогтың білімін көтеру, оның заманауи технологияларды жете меңгеріп, сындарлылыққа, көшбасшылыққа бейімдеу. Сондықтан заманауи мұғалім өз кәсіби қызметінде, жаңа жағдайларда жұмыс істеуге даяр болу үшін,  дәстүрлі оқытуды ғана емес оқытудың жаңа әдістерін қолданысқа енгізуі, біліктілігін арттыруы керек. Озық технологиялардың енуі мұғалімнің ойлану стилін, оқыту әдістемесін өзгертеді. Жаңа тәсілдерді пайдалану негізінде мұғалім де, оқушы да табысқа жетіп, білімін шыңдай түседі. Қазіргі заман талабына сай әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тиімді, әрі тартымды, қонымды болары сөзсіз. Білім сапасы оқушының білімге деген құштарлығы мен қызығушылығына байланысты. Баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін бүгінгі күні мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасауы қажет.

Тиімді педагогиканың басты тәсілі – әр оқушыны жеке тұлға ретінде қарастыру. Біздің міндетіміз барлық оқушының білім алу, мақсатқа жету мен сынып өміріне қатысу қабілеттерін арттыру үшін оны тұлға ретінде ерекше дамыту болып табылады.

Жаңа білім мазмұнын енгізу арқылы оқыту үдерісін өзгертуге ықпал ете отырып, диалог негізінде білім беру арқылы пән бойынша оқыту тиімділігін арттыру. Мысалы мұғалімдер оқытудың диалогтік әдістерін енгізуге арналған әдіс-тәсілдерді тиімді жол деп қарастырады. Оған  жауап алу мен топпен жұмыс жасау тәсілдері жатады.  Нәтижесінде сабақ барысында оқушылардың еркін сөйлеуін, өзіндік пікірін айту, тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасауға, ұшқыр ойлауын қалыптастыруға, оқушыны ізденімпаздық пен шығармашылыққа, дәлелді сөйлеуге дағдыландыруға болатынын байқайды. Ғылыми зерттеулер нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Оқушы диалог кезінде білім алатынын Выготскийдің оқыту моделі жорамалдаған.

Жалпы, жаңашыл технологиялар оқушыны оқу құралының нысанына, өзіне болашақта жол, бағдар таба алатын тұлғаға  айналдырады.  Осылайша оқытудың заманауи технологияларын қолдану оқыту әдістерінің көптеген түрлерін қолдануды талап етеді, ол оқытудың сапасын көтеруге, оқушылардың сабақтағы жұмысының нәтижелілігіне, оқушылардың оқытылатын пәнге тұрақты қызығушылығына әсер етеді.