Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

Педагогика
Жайлаубаева Индира Жубаткановна, Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

Мақала авторы: Жайлаубаева Индира Жубаткановна
Жұмыс орны: Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік -гуманитарлық колледжі
Лауазымы: арнайы пәндердің оқытушысы
Порталға жариялану мерзімі: 08.01.2018


Ахметтей алып, Міржақыптай талантты тұлғалар дүние есігін ашқан киелі Торғай топырағының мақтан тұтар ұлдарының бірі де бірегей қараңғы қазақ даласына рухани сәуле шаша біліп, халықты білім алуға шақырған , жүрегінде жігер оты бар ұрпақты арман еткен ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин. Оның қазақ балалар әдебиетінің атасы, ақын, этнограф, қазақ алфавитін жасаушы жаңашыл педагог ,қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтың негізін қалаушы екендігін , мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыдан бастап , есейіп , егде тартқан қарттарымыздың да білетіні айдан анық. Алтынсаринның өз халқын оқуға, өнерге үндеуі, надандыққа, зұлымдыққа қарсы шығуы, сол кездегі әлеумет өміріндегі теңсіздіктің бетін ашып, өмір шындығын көрсетуі, жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі оның шығармашылығының негізгі арқауы десек, сонымен қатар қазақтың қазіргі ержеткен проза жанрының және балалар әдебиетінің де ең алғашқы негізін салушысы болды. Ыбырай Алтынсарин – жазба әдебиетіміздің төрінен берік орын алатын педагог-жазушы. Ұлтының ұлы ұстазы –бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті,мәдениетті елдердің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің педагогтік, ағартушылық, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен талантын , үміт күттірер жас ұрпақты оқытып , сол заманның озық ғылымымен қаруландыруға белсене ат салысқан. Ұлы ағартушының өмір жолы мен халқына сіңірген адал қызметі мен рухани шығармашылығы жайлы қаламы жүйрік ,озық ойлы ғалымдар жете танысып ,зердеге түйіп зерттеп жүрген жайы бар. Мысалы, Кеңес дәуірінде де Ы.Алтынсаринның өмірбаяны, оның ағартушылық жолындағы жұмыстары, жазушылығы, педагогтік еңбектері, әр мәселеге көзқарастары жайлы жазылған мақала, таныстыру, зерттеулер көп: М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Жолдыбаев, Ғ.Тоғжанов, Ә.Қоңыратбаев, Т.Тәжібаев, Б.Сүлейменов, Қ.Жармағамбетов, тағы басқалардың еңбектері бар. Алтынсаринға әр жағынан келіп, көптеген бағалы пікірлер айтқан — профессор А.Ф.Эфиров («Ыбырай Алтынсаринның педагогикалық қызметі», 1945 жыл)болса , ал Алтынсаринның өмірбаянын, ағартушылық, педагогтік ой-пікір, көзқарастарын молырақ қамтып, тереңірек зерттеген — педагогикалық ғылымдардың кандидаты Ә.Сыдықов болды Оның «Педагогическая идея и просветительство Ибрая Алтынсарина» (1949ж.) атты еңбегі ұлы ағартушының ұлылығын асқақтатып , тәрбиелік мәні зор шығармаларын тануда құнды еңбектердің бірі болып табылады. Бұл авторлардың екеуі де педагогика ғылымдарының маманы. Шындығында да аталмыш ғалымдардың зерттеулері оқырмандардың көңілін аударарлық жақсы еңбектер болып шықты. Жалпы, ғылымда ұлы ағартушының педагогикалық көзқарастары толығымен ашылды деуге негіз бар. Бірақ әлі күнге дейін аз зерттеліп келе жатқан –оның психологиялық көзқарастары жайлы мәселе.Бар өмірін ағарту тәлім тәрбие саласына арнаған осы қызметті өз өмірінің негізгі арқауы деп ойлаған үлкен жүректі ұстаздың адам жанын нәзік сезетін аса сезімтал психолог болғандығы айдан анық. Әйтсе де Ы.Алтынсаринның психологиялық көзқарастары жайлы зерттеу жүргізген ғалымдар қатары сирек. Солардың қатарынан оқ бойы озық тұратын көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Жарықбаев Құбығұл Бозайұлы болды. Ол Алаш қайраткерлерінің психологиялық және педагогикалық мұралары жөнінде бірқатар ғылыми еңбектер жазған.Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты:Қазақстандагы психологиялық және педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихы,этнопсихология мәселелері. Ол өзінің С.Қалиевпен бірге құрастырып жазған «Қазақ тәлім-тәрбиесі» атты кітабында Ы. Алтынсаринның психологиялық көзқарастарына кеңінен тоқталған болатын. Бірақ Ы.Алтынсарин псхологиядан арнайы тақырып зерттемеген, керісінше оның тәрбиелік мәні зор шығармаларының астарында психологиялық ойдың тамыры тереңге тартқан. Әсіресе, бала және оны тәрбиелеу жолдары, оқыту процесінің психологиялық педагогикалық негіздері, ұстаз мәселесі, қоғамдық психология мәселелері сияқты т.б жатқызуға болады.Алтынсаринның айтуынша, адамның сана сезімін негізінде тәрбие билейді де,оның жан-жақты тұлға болып қалыптасуына материалдық өмір жағдайлары емес,ағартушылық әрекетпен тығыз байланысты екенін аңғартады. Оның бір ғана «Бір уыс мақта» деген әңгімесінің көздеген мақсаты жастарды еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу болса, ал, «Асыл шөп» деген әңгімесінің мазмұны психологиялық түйінге негізделген. «Сабыр» термині психологиялық процесс болып табылатын еріктің сапаларының бірі ұстамдылыққа синонимдес болып келеді.Өмірде сабырлы бола білген адам , қандай жағдай да болмасын ұстамдылық танытса , қай кез де де ойлаған арманына, діттеген мақсатын жетеді. [3,75-82б]
Психологиялық мәнге толы тәрбиелік маңызы зор әңгімелерінің тағы бірі «Аурудан аяған күштірек».Мұнда жасөспірімінің шыдамдылық,сабырлылық,имандылық, адамгершілік сынды ерік-жігер қасиеттері көркем тілмен баян етіледі.Әңгіме желісінде абайсызда бір баланы арба қағып кетіп, аяғын сындырады.Болған жағдайды көзімен көрген анасы қатты қапаланып,есінен танады. Анасының жылап жатқанын байқаған бала бірден жылағанын қойып,тіпті сынған аяқты салып жатқанның өзінде дымын шығармайды.Ер жігітке тән шыдамдылық, сабырлылық, ұстамдылық таныта білген жас баланың бұл қылығы сынықшыны қайран қалдырады. Сынықшы баладан: «аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың ғой деп сұрайды.Анасына білдіртпей бала : «Ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп тұр,бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе,әжем де қиналып,жүдемесін деп шыдап жатырмын»-депті. Кіп-кішкентай бала түн ұйқысын төрт бөліп тәрбиелеп өсірген анасының қабағына еш кірбің түспегенін қалап отыр. Ағартушының шағын ғана әңгімеде айтар ойы бала жүрегінің аңғарымпаз, сезімтал екендігімен ерекшелеп тұр.
Ы.Алтынсарин әңгімелерінің барлығы да балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып жазылған. Тілі жеңіл, мазмұны тартымды. Әңгімелердің негізгі көздеген мақсаты- ұстаз бен ата-ана ынтымақтаса отырып,баланың бойында ең ізгі қасиеттерді қалыптастыру. Сондықтанда болар, ұлы ағартушы жасөспірімдердің терең білім мен өнегелі тәрбиені бойға сіңіруі және де ақыл ой белсенділігін арттыра отырып, жан-дүниесін жақсарту мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті екенін ескертеді.
Ол –маңдай термен ,адал еңбекпен келген еңбек ғана өнімдірек болып адамның өмірге деген көзқарас көкжиегін кеңейтіп, оның бойында кішіпейілділік,мейірімділік, зеректік, әдептілік ,жинақтылық, жомарттық, шыдамдылық, табандылық сынды жақсы қасиеттердің қалыптасуына өздігінше әсері бар ,сондықтан ата-ана отбасында баланы кішкентай күнінен бастап ұғындырып тәрбиелеу қажеттілігін баса ескертеді. Мысалы : »Қыпшақ Сейітқұл»тақырыбындағы әңгімесінде де аянбай еңбек еткен адам ғана,өз мұратына жете алатынын баян еткен. Аталмыш әңгімесінде қазақ ауылының еңбексүйгіш ,отыз үйлі тобырдың басшысы Сейітқұлдың ақылдылығы мен тапқырлығын тамаша суреттеген. Ол адал еңбектің нәтижесінде өзіне де, өзгелерге де қол ұшын беріп, қиындықтан шығар жолды оңынан іздестіріп, өзен-сулы Қабырға деген жерге елін көшіріп келіп қоныстандырады.Аз уақытта халықтың еңсесін көтеріп, малды ауылға айналады. Халықтың тұрмыс тіршілігінің жақсарғанын аңғарғандар ойдан-қырдан көшіп келе бастайды. Сөйтіп тынымсыз еңбек , ұстамдылық пен шыдамдылық өз жемісін берді. Ал, кейіпкердің ағасы ұрлықтың жетегінде , ақыр аяғында қолға түсіп мерт болады. Ағартушы өз әңгімесінде « еңбек түбі жеңбек» дегендей, қандай қиындық болса да өз адал еңбегімен үлкен жетістіктерге жетуге болатынына оқушысын сендіре білген. Көркем әңгіменің шебері Ы.Алтынсарин дидактикалық әңгімелерінде кейіпкерлерінің жан сарайын, кәсіби ойлау қабілетін ұлттық рухта сипаттайды. Шағын әңгімелер жастарды еңбексүйгіштікке,ізгілікке,тапқырлық пен әрекетшілдікке ,ізденімпаздылыққа ,дұрыс өмір сүре білуге тәрбиелеуге негіздейді. [2,45б ]
Мектеп білім берудің негізгі буыны ретінде маңызды қызмет атқарады.Сондықтан да болар Ы.Алтынсарин тәрбиеші ,ұстаз , мұғалімдік өнер жөніндегі айтқандарында да психологиялық түйіндер аз емес. Ол оқу тәрбие процесінде мұғалім роліне айрықша маңыз берді, мектеп ісінің сан саласындағы жетістіктерді мұғалімнің білімі мен іскерлігіне ,беделі мен өз қызметін жан тәнімен сүйе білуінде деп түсінді. Ы.Алтынсарин мұғалімдердің оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруын олардың педагогикалық және оқытушылық тәсілдерді меңгеру қажеттілігін баса айтты. Ұлтының ұлы тұлғасы өзінің ұстаздық қызметіне байланысты қазақ жастарын оқытып тәрбиелеу мәселесін ең басты мәселе деп есептей отырып , адам және оны тәрбиелеу жолдары, оқыту процесінің психологиялық ,педагогикалық негіздері;ұстаз мәселесі, қоғамдық психология мәселелеріне қалам тартқан.Білім беру ісінде ұстаздар қауымы бала жанын дұрыс түсіне алмай асығыс шешім қабылдап жатады. Оның салдары оқушының оқуға деген қызығушылықтың болмауына әкеп соғады .Осы орайда, ұлтының ұлы тұлғасы «Оқушылардың түсінбеушілігін оқытушылардың өз кінәсі деп білмей, оқушылардың зер салмайтандығынан деп білетін мұндай оқытушылардың қатты адасатыны айтпай-ақ түсінікті,-деп орынды айта білген. Бұдан шығатын қорытынды мұғалімнің әр кез жадында жүретін жәйт бала тәрбиесі, ұлт тәрбиесі, себебі бүгінгі мұғалім алдында отырған білімді, тәртіпті бала , елдің келер күнгі сенімі мен нұрлы болашағы. Қорыта келе ,шағын мақалада Ы.Алтынсаринның психологиялық көзқарастарын толық қарастыру мүмкін емес. Жалпы , айтылған ойдын түйіні ұлы ағартушының кез-келге жанрдағы еңбектерінің астарында психологиялық ойдың бар екендігін анықтап бергендей.[1,15-20б ]
Ғылым үздіксіз даму үстінде. Осыған орай, XXI ғ ғалымдары үшін зерттеуге тұрарлық , қаламмен қағазға түсіретін тақырыптар жетерлік Соның бірі Ы.Алтынсаринның психологиялық көзқарастарының өзі бір төбе, ауқымды тақырып .Ол енді уақыт еншісінде. Ұрпақ жалғастығы деген осы болар сірә!Қаншама жылдар, ғасырлар тарлан тарихтың қойнауына енсе де Ыбырай Алтынсарин есімі еш ұмытылмайды. Керісінше, оның тау тұлғасы жылдар өткен сайын биіктей түседі.

Әдебиеттер тізімі:
1. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев «Қазақ тәлім-тәрбиесі» – 1995;
2. Тарихи тұлғалар. Танымдық — көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматы кітап баспасы”, 2009 ;
3. Дербісәлин Ә. Ы., Ыбырай Алтынсарин. Өмірі мен қызметі туралы, А., 1965;
4. Тажибаев Т. Развитие просвещения и педагогической мысли в Казахстане во второй половине ХІХ века, А.-А., 1958.
5. Орынбеков М.С.»Ежелгі қазақтың дүниетанымы»А.1996ж