Үштілдік білім беруді ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қолдану

Ағылшын тілі
Ауелбаева Айгерим Булатбековна, Үштілдік білім беруді ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қолдану

Мақала авторы: Ауелбаева Айгерим Булатбековна
Жұмыс орны: Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, С.Сейфуллин атындағыжалпы орта мектебі
Лауазымы: Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 24.12.2018


Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынды. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор. Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. «Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде.

Президенттік «Тілдердің үш тұғырлылығы» бағдарламасының басты мақсаты-қазақ тілінде қысым жасау емес,керсінше оның бәсекеге қабілеттілігін орыс және ағылшын тілі дәрежесіне дейін көтеру. Оның үстіне қазақ тілінің бәсекеге қабілеті осындай міндеттерді қоюға толық мүмкіндік береді. Сондықтан, халықтың орыс тілін білу деңгейін  жоғалтпауымыз керек, ал ағылшын тілін – болашаққа жаңа даму шыңдарына бағытталған жол,себебі ол әлем мойындаған халықаралық қатынастар тілдерінің бірі. Сондықтан Н.Назарбаевтың Қазақстандықтарың өскелең ұрпағына үш тілді меңгеру: қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде,орыс тілін ұлтаралық қатынас тіл ретінде және ағылшын тілін халықаралық қатынас тілі ретінде білу мүмкіндігін жасауға деген ұмтылысы өте дұрыс деп ойлаймыз.

Осыған орай оқушы өзін жан-жақты дамыған, шығармашылығы мол,өз бетінше іздене алатын тұлға ретінде көрсетуі тиіс. Сол себепті оқушы бірнеше тілді меңгеруге тиіс.

Көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру  тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

Үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның еліміз үшін болашақтағы алары да, берері де мол. «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады». Осынау мүмкіндіктерді игеру мақсатында орта білім беру мазмұнының жаңарту жағдайында үштілді білім беруді енгізудің тиімді жолдарын іздестіруде. Мектепте ағылшын тілін оқыту барысында қазақ тілі, орыс тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушы-субьектінің ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.

Өз іс-тәжірибемізде оқушылардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор. Өнімді нәтиже беріп жүрген іскерлік ойындары: «Полиглот», «Кім тапқыр?», «Үздік тілші», «Кел, сайысайық!», «Тілдер сөйлейді» сынды тағы басқа ойындарды өткізудің үштілді меңгертудегі маңызы айрықша. Оқушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген сөзжұмбақтар, анаграммалар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болды. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, тест т.б түрлері оқушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды. Шығармашылық жұмыстарға жетелейтін тапсырмаларды да оқушылар қызыға орындап, еркін аударма жұмыстарын жасауға дағдыланды. Мәселен, Мақал-мәтелдерді салыстыру жұмысы оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұсынылып, сыныбына орай күрделеніліп отырады. Бұл тапсырмада мақал-мәтелдерді тақырып бойынша табу, үш тілде аудармасын ұсынуға болады.Бұл жерде оқушылардың сөйлеу тілдері мен сауаттылықтарына назар аударылады. Ал осы тақырып бойынша қабілеті жоғары оқушыларға шығармашылық бағыттағы тапсырма «Мақал-мәтелдердің баламасын жаз» деп ұсынуға болады.Оқушылар өздері таңдаған тақырыпта үш-тілде мақал-мәтел ойлап, баламасын жазуға талаптанады.

Үштілділікті  сабақта жүйелі түрде қолдануға болады. Мәселен,«Holidays» тақырыбын өткенде іздендіру-зерттеу бағытындағы тапсырма ұсынуға болады. Яғни, «Қазақ халық мерекелері мен Орыс және Ағылшын халық мерекелері» тақырыбы бойынша оқушылар салыстыру жұмысын жасап, тапқан деректерін топпен бірлесе отырып, үш тілде еркін баяндап беруге талаптанады. Yштілділікті  қолдану аясында оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін, зерттеушілік әрекеттерін дамытып, салыстыру, талдау, дәлелдеу сынды дағдыларын қалыптастыруға түрткі болады. Сондай-ақ, ұқсастықтарын табу, салыстыру жұмыстары оқушылардың қызығушылығын оятады. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар: модель, презентация, жоба құру сынды бағытта да ұсынылуы тиіс.

Қорытындылай келгенде, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейте түсері сөзсіз. Олай болса бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілейік.