Ұлттық негіздегі болашақ идеологиясы

Мәңгілік ел, Туған жер, Тәрбие сағаты
Джабулаев Мақсат Габдулманапович, Ұлттық негіздегі болашақ идеологиясы

Мақала авторы: Джабулаев Мақсат Габдулманапович
Жұмыс орны: Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназия
Лауазымы: Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Порталға жариялану мерзімі: 08.10.2016


Отан – отбасынан басталады. Отбасынан басталатын осынау тәрбие отанымыздың да игілігі үшін екенін әрбір ата — ана ұмытпай, жадында сақтаса игі.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс — жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат болды. «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуметін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар»- деді. Демек, бұл үшін еліміздің әрбір тұрғыны осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға қатысатыны белгілі. Отбасы мен мектеп, ұстаз бен ата — ана, ата — ана мен бала арасындағы қарым — қатынас жайлы мәселе – қашанда өзектілігін жоймайтын мәселе болып қала бермек. Ұстаз бен ата — ана бірікпей қоғамның саналы ұрпақ тәрбиелеуде жетістіктерге жете алмасы белгілі. Қазіргідей жан — жақтан технологиялық ақпараттар жаулаған заманда ұрпақ тәрбиесін мектеп пен мұғалімге жүктеп қойып бейқам жүрудің ертеңі өкінішке апарып соқтырмасына кім кепіл?

Осы тұста мектеп мұғалімдеріне қойылатын міндет те зор болмақ. Тек бала тәрбиесімен ғана айналысып қоймайтын мектеп ұстаздары ата — анамен де жұмысты қатар алып жүретіні белгілі.

Мектеп – өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлінген емес. Сондықтан оның іс — әрекеті отбасымен, жұртшылықпен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Міне, мектептің үлкен тәрбиелік қызметі осында. Тәуелсіздік-еліміздің басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірге қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі — Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғанымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. 16- желтоқсан еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсіздік Туы желбіреді. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан-ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған жылдар ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Еліміздің Туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болуға ұмтылудамыз. Осы мақсатқа жету үшін ұлттық идеяның болуы қажет. Халқымыздың әр азаматы бір мақсат, бір мүддеге ұмтылуы қажет. Ел болу мәселесі, ұлтты сақтау, жерді, туған атамекенді қорғау мәселесі қазақ халқы үшін қашанда тарихи даму тұрғысынан маңызды болып келе жатқаны белгілі. Осы аталған мәселелер ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Олар әр түрлі тарихи кезеңдерге байланысты адаптацияланып, қоғамдық ой-сананың өзегіне айналып отырған. Бүгінде осы мәселелер тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алдында тұр. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқтап өтті. « Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары — «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», — деп атап өткен болатын. Міне, осы айтылған ойға тереңірек тоқталуды жөн санадық. Біздің бұл мақаладағы басты ойымыз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәдени-философиялық негіздеріне назар аудару болып табылады.