«Тәжірибедегі рефлексия» — мұғалімдердің кәсіби дамуының игі бастамасы

Білім берудің негіздері, Әдістемелік қоржын
Сулейменов Бердибек Бейсенович, «Тәжірибедегі рефлексия» — мұғалімдердің кәсіби дамуының игі бастамасы

Мақала авторы: Сулейменов Бердибек Бейсенович
Жұмыс орны: Алматы қаласы Білім басқармасының «№167 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Лауазымы: Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Порталға жариялану мерзімі: 03.07.2017


Алматы қаласы Білім басқармасының «№167 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің 2016 жылғы 24 тамыздағы №11-4/372 хатын басшылыққа ала отырып 2016-2017 оқу жылында «Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша деңгейлік курс бағдарламасынан өтпеген мұғалімдер үшін 100 академиялық сағат көлемінде ұйымдастырылған мектепішілік курс аяқталды. Бұл курсты 25 мұғалім оқып, заман талабына сай оқытудың жаңаша технологиялары бойынша кәсіби біліктіліктерін арттырып шықты. Бұл курсты «Мектеп тренері» курсын оқып келген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сулейменов Бердібек Бейсенұлы өткізді.

«Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасының мақсаты:                                                     Педагогика кадрларына оқушылардың шығармашылық, зерттеу, сын тұрғысынан ойлау, логикалық ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға көмектесетін педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерту.

Яғни, аталған жаңа бағдарлама идеяларын іске асыру мақсатында курс тыңдаушыларына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жинақталған тәжірибесі, қазақстандық және шетелдік жаңашыл мұғалімдердің үздік педагогикалық тәжірибелері насихатталып, таратылды.

Бағдарлама аясында ұйымдастырылған курста мұғалімдер оқыту үдерісін жоспарлауға, оқушыларды оқу үдерісіне тартуда сындарлы оқытудың 7 модулін және АКТ құралдарын тиімді қолдануға, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуға, оқушыларды тиімді түрде жүйелі бағалауға және өздерінің оқыту үдерісі туралы рефлексия жасауға үйренді.

Курстағы өткен барлық тақырыптар мен әдіс-тәсілдердің бәрі яғни,  «Аукцион» әдісі, «Блум таксономиясы», «SMART мақсат», сабақты зерттеудегі «Lesson study» үдерісі, «Сана туннелі», «Ықшамсабақ», «Тимбилдинг» әдісі және «Панельдік дискуссия» маңызды болды. Тыңдаушылар ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарларды қалай жасау керектігін үйреніп және әрбір күнделікті жоспарлаған іс-шараларының бәріне әрдайым «SMART мақсат» қойып, соның толық орындалуын үнемі бақылап отырды. Әр сабақ сайын үйренгендерін рефлексивті күнделіктеріне жазумен қатар, өткен белгілі бір тақырып бойынша түсінген ой-тұжырымдарын тірек сызбалар, суреттер арқылы қысқаша параққа түсіріп, ментальды карталар жасады.

Сонымен қатар, бұл курста мұғалімдер сындарлы оқытуда қолданылатын «Кинометафора», «Бейнеталдау», «Рөлдік оын», «Модерация», «Автобус ойыны», «Кейстер әдісін» т.с.с. басқа да әдістердің алгоритмімен танысып, қалай қолдану керектігін үйренді. «Жұлдыздар аллеясына» кезек-кезек шығып өздерін бір сәт жұлдыздарға теңеп, еркін сезініп, барлық жетістіктерімен мақтана отырып, әріптестерімен бөлісті. Топтық жұмыстарға кері байланыс жасай отырып, рефлексия берудің «Бес саусақ», «Бағдаршам», «Екі жұлдыз бір тілек», «Теңгерім дөңгелегі», «Көңіл-күй смайликтері», «Блоб ағашы» сияқты әдістерінің көптеген түрлерін тәжірибелерінде еркін қолдана алды.

Курс барысында ұйымдастырылған сергіту жаттығулары, командалық рухты насихаттаушы «Тимбилдинг» әдісіне байланысты жасалған қызықты жаттығулар және «Сана туннелі» әдісі әріптестер арасында ынтымақтастық атмосферасын мықты қалыптастырып, әрбір мұғалімнің алға қарай ұмтылысына күш беріп отырды.

Бұл бағдарламаның мұғалімдер мен оқушылардың жаңаша өзгеруіне тигізген әсері мол. Мұғалімдер мен оқушылар бойынан көшбасшылық қасиеттердің артқанын көруге болады. Курстарда ұйымдастырылған рухтандырушы «Тимбилдинг» әдісі мен топтық жұмыс арқылы мектепте коллаборативтік орта қалыптасты.

Курс соңында «Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға сараптама жасау, жаңа бағдарлама идеясын ұжымға тарату, насихаттау және жаңа бағдарлама аясында мұғалімдердің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру мақсатында «Тәжірибедегі рефлексия – жаңа өзгерістерге бетбұрыс» тақырыбында панельдік дискуссия сәтті ұйымдастырылды. Сонымен қатар ықшам сабақ және аукциондар да тиімді ұйымдастырылды.

Курста алған білімдерін мұғалімдер іс-тәжірибелерінде тиімді қолдануда.

Мектебімізде мұғалімдердің іс – тәжірибелерін тарату мақсатында бірнеше рет аудан және қала көлемінде практикалық семинарлар ұйымдастырылды.

8 ақпанда «Негізгі орта білім беру деңгейінің 5,7-сыныптарына арналған «Жаратылыстану» және «Биология» пәндерінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларын жүзеге асыру»  тақырыбында мектебімізде ұйымдастырылған аудандық семинарда биология пәні мұғалімі Ашимова Оля Жаңабайқызы өз тәжірибесін аудан көлемінде таратты. Бұл семинар «Коучинг» әдісі арқылы өткізілді. Ашимова Оля Жаңабайқызы жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары бойынша оқу пәндерінің міндеттері мен оқу мақсаттарының жүйесіне жеке-жеке тоқталып өтті, сонымен қатар ұзақ мерзімді жоспардың құрылымын нақты түсіндіріп шықты. Мұғалімдер топқа бөлініп, әр топ жеке-жеке бөліп алған тақырыптары бойынша кластерлерін қорғап, жаңа бағдарлама бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Рефлексия  арқылы өз түсініктерін берілген парақшаларға жазып, жетістік баспалдағына жапсырды. Коллаборативті орта құру және мұғалімдердің құлшынысын арттыру мақсатында «Тимбилдинг»  жаттығуы ұтымды ұйымдастырылды.

Осы күні жаңартылған мазмұндағы музыка пәнінің авторы, мектебіміздің  мұғалімі Омарова Салиха Касымханқызы жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларын түсіндіру әрі талдау мақсатында «Жаңалыққа бастаған-жаңартылған бағдарлама» тақырыбында семинар ұйымдастырып, тәжірибесін қала көлемінде таратты. Бағдарламаға қоса бұл семинарда Омарова Салиха Касымханқызы қалыптастырушы бағалау мен жиынтық бағалауға жеке – жеке тоқталып, олардың жүргізілу үдерісін тиімді түсіндіріп шықты.

Бастауыш сынып мұғалімдері Дурумбаева Қарлығаш Мұхтарқызы  №3 педагогикалық кеңесте «Бастауыш сыныпта тұлғаға бағытталған білім берудегі мұғалімнің қызметі» тақырыбындағы әдістемелік баяндамасын оқып, Абжадилова Гулнар Әділқызы №2 әдістемелік кеңесте «Жаңартылған білім беру мазмұны – болашақтағы сапалы білім кепілі» атты баяндамасын оқып, өз іс-тәжірибелерін мектеп ішіне таратты.

Курс соңында мұғалімдер бағдарламаның бір тақырыбын тәжірибелік қызметіне енгізу негіздемесі мен оқыту және оқу  тәжірибесіне  енгізілген өзгерістер тиімділігінің талдауы берілген 2000 сөздік рефлексиялық есеп пен бағдарламаның бір тақырыбын тәжірибесіне енгізгенін көрсететін 250 сөздік түсініктемесі бар 3 сабақтың қысқа мерзімдік жоспарын жасап өткізді.

Бұл бағдарламаның мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына берер әсері шексіз!