Сындарлы оқытудың негізі — Ы. Алтынсариннен бастау алады

Білім берудің негіздері
Азиман Баян, Сындарлы оқытудың негізі — Ы. Алтынсариннен бастау алады

Мақала авторы: Азиман Баян
Жұмыс орны: ШҚО.Жарма ауданы.Әуезов кенті. "Бақыршық орта мектебі" КММ
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 16.01.2017


Шығыстың бір ғұламасы: «Бір жылдық өнім алғың келсе-күріш ек, он жылдық өнім алғың келсе – ағаш отырғыз, жүз жылдық өнім алғың келсе – адам тәрбиеле» деген екен. Сондықтан болар «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» деген цитатаны жиі қолданатын болдық. Әрі осы жолда, білім саласында ауқымды өзгерістер жыл сайын енгізіліп келеді. Жаңалыққа жаны құмар ұстаздар бірін жатсынбай қабылдап, оны ұрпақ бойына сіңіруге талаптанып- ақ жүр. Сол төгілген тердің өтемі – «тұлға» болып қалыптасқан оқушы болмақ. Ол тұлға сыни ойлана алатын, жан-жақты дамыған, өзіндің ой-пікірі қалыптасқан, көпмәдениетті, шығармашыл жан болу керек деп жар салып жаңа бағдарламалар негізінде, Кембридж тәсілімен оқытып жатырмыз. Бірақ бұған дейін де біздің ұлы даламыздан да небір ұлы ойшыл ғұламалар, ұстаздар шыққанын, олардың да сол кезде айтқан сыни ой-толғамдары өз заманының көшіне ілесе алмай шаң басқан архивтерде жатқанын ескере бермейтініміз өкінішіті-ақ. Шетелдік әдіснаманың түпнұсқасы жөнінде осындай ойлар болғандықтан, ізденіп көрдім. Әр жаңалықтың төркіні өткен шақтан, ұмыт қалған парақтардан табылатыны белгілі ғой. Сондай сарғайған кітаптың бірі «Ы. Алтынсариннің педагогикалық пікірлері және ағартушылық қызметі» (Алматы, 1950ж.). ХІХ ғасырдың 60- жылдарында Ресейде кең өріс алған қоғамдық-педагогикалық қозғалыс Қазақстанда да мектеп жұмысының дамуына зор ықпал етті. Ы. Алтынсарин сол тарихи кезенің бірден-бір ауызға алар тұлғасы болды. Әсіресе білім беру саласында мектеп жұмысын ұйымдастыру мәселелерін шешуде, мектептердің білім және тәрбие беру міндеттерін анықтауда «Бұратаналар» үшін емес, өз халқының мәдени дамуы үшін батыл бетбұрыс жасаған тұңғыш педагог «…Қазақ халқының өз ортасынан мәдениеттің берік ошақтарын құру, қалай болса солай оқытуды қою, жақсы білім беру, басқаларға қарағанда неғұрлым білімді жастарды оқытып шығару, қазақтардан мұғалім даярлау керек» деген қорытындыға келеді. Сонымен қатар, «Мектепте барлық істің тағдырын тәрбиеші мұғалім шешеді. Барлығы да соған, оның педагогтік даярлығына, оның өз сін сүюіне байланысты. Сондықтан мектеп тек қана жақсы дәстүрлерді қабылдайтын болсын» деген сындарлы пікірдің иесі осыдан 175 жыл өмір сүрген Ы. Алтынсарин еді. Одан әрі ағартушы оқу құралдары жайлы «Қазақ мектептеріндегі ең таңдаулы, іс жүзінде сыналған оқу әдебиеттері мен құралдарын пайдалану керек. Мектеп өмірге жанасымды нақтылы білім беріп, ақыл-ойдың өсуіне, баланың саналық жағынан дамуын қамтамасыз етуге тиісті… » деп көрсетеді. Бүгінгі білім беру жүйесінде «Кембридж» деп тамсанып қабылдап, бала бойына сіңіруге асығыс қабылдап жатқан жаңаша оқыту технологияларының түп негізі Ы. Алтынсариннің тағылымында жатқанын ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Өйткені сол кездің өзінде ол кісі «Білім алу – құр мақсат емес, белсенділікпен қатысатын әлеуметтік күрес» деп түйіндеген еді.

ШҚО. Жарма ауданы. Әуезов кенті.

«Бақыршық орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Баян Азиман