Шоқантанудағы жаңа әдеби-ғылыми он томдық (декатом) роман-эпопея ұлағаты

Білім берудің негіздері
Темірхан Сақаұлы Тебегенов, Шоқантанудағы жаңа әдеби-ғылыми он томдық (декатом) роман-эпопея ұлағаты

Мақала авторы: Темірхан Сақаұлы Тебегенов
Жұмыс орны: Абай атындағы ҚазҰПУ
Лауазымы: филология ғылымдарының докторы, профессор
Порталға жариялану мерзімі: 21.01.2017


Шоқантанудағы жаңа әдеби-ғылыми он томдық (декатом)

роман-эпопея ұлағаты

Ғалым-жазушы Әбен (Әбдіәлі) Алдабергенұлы Нұрмановтың

«Шоқан сагасы» онтомдық роман-эпопеясы туралы

Темірхан Сақаұлы Тебегенов

 филология ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Республикасының Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі,

Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының академигі,

«Бейбітшілік әлемі — Планета мира» Халықаралық Бірлестігінің Лауреаты,

«Ел ардақтысы» медалінің иегері,

Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты,

Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты,

Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі 

 

Шоқантану — жалпытүркілік және жалпыәлемдік жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарына ортақ ғылыми зерттеулер мен көркем әдебиет салаларының өзекті, кешенді әлемі бар танымдық кеңістік. XIX ғасырдың екінші жартысындағы әлем өркениеті кеңістігіндегі жаратылыстану, техникалық, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салаларында ашылған жалпыадамзаттық маңызы зор жаңалықтардың ашылулары қатарында небәрі отыз жыл ғана өмір сүрген Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) Шыңғысұлы Уәлихановтың  (1835-1865) да ғылыми шығармашылық жетістіктері даралана бағаланады. Оның түркіхалықтарының фольклоры мен әдебиетіне, тарихына, этнологиясына-этнографиясына, сонымен бірге Орталық Азиядағы әлем жұртшылығына беймәлім өлкелер туралы географиялық жаңалықтарды ашуы-мәңгілік дамудағы әлем өркениетіне зор үлес болып қосылды. Әсіресе, оның Шығыс Түркістан (қазіргі Шыңжаң) өлкесінің географиялық кеңістігін, ондағы табиғаттың флорасы мен фаунасын, мекендейтін халықтардың этнологиялық-этнографиялық ерекшеліктерін тұңғыш рет толық қамтып анықтағаны-бүкіләлемдік географиялық картаның, әлем тарихының жаңа деректермен толығуына зор үлес боп қосылғаны мәлім. Ш. Ш Уәлиханов түркі халықтарының (қырғыз, қазақ, татар, т.б) фольклор мұралары мен әдебиеті тарихындағы жыршылық-жыраулық, ақындық өнер дәстүрі, қазақ халық поэзиясының жанрлық түрлері туралы өте маңызды ғылыми еңбектер жазды. Әсересе, қырғыз халқының алып эпосы «Манастың» сюжеттік бөліктерін («Көкетай ханның асы») жазып алып, орыс тілді оқырмандарға  жариялап ұсынуы, еуропалық ғылыми айналымға түсіруі қазақ ғылымының мәңгілік беделін танытты. Шоқанның қазақ тарихи жырлары, түркілік наным-сенімдер, сахарадағы мұсылмандық, төрт түлік малды өсіру, көшпелілік пен отырықшылық мәдениеті, қазақ шежірелері, т.б материалдық және рухани мәдениет салаларын қамтитын өте мол ғылыми-танымдық мәні зор мұрасы — қазақ өркениетінің алтын қазынасы. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы — Елбасы Н.Ә.Назарбаев ХІХ ғасырдағы қазақ өркениетінің көрнекті тұлғаларының, оның ішінде хакім Абай мен Шоқан мұрасының қазақ ұрпақтары үшін мәңгілік өнегелі тағылымына «Тарих толқынында» атты кітабында арнайы баға берген-ді: «…ХІХ ғасырдың ортасында ұлттың рухани өмірінде бұрын білінбеген, жаңа бір нышандар пайда бола бастады. …Бұл кезеңнің соңына, ұлттың рухын өзін-өзі бүліншілікте емес, бүтіндікте, жасампаздықта көрсету талабы ретінде екі бірдей рухани жұлдыз – Шоқан мен Абай жарқ етіп көрінді.

Абылай ханның тікелей ұрпағы – Шоқан Уәлихановтың бойында ата-бабаларынан мұра боп қалған аса мол рухани күш-қуат бар еді. Оның осы қасиетті сезінуі қарекетке толы қысқа ғұмырынан айқын көрінеді. Дәл сондықтанда ол,  ең алдымен, қазақ рухының өте тереңде жатқан ежелгі түп тамырларын – зороастризмді, шаманизмді, мұсылмандықты зерттейді. Қазақ шамандығының тереңдегі зороастралық табиғатын ең бірінші болып анықтаған Шоқан болатын.

…Өз даналығының күшімен табатын аяқ алысын аңғарып, барар бағатын бағалай білетін сондай адамдар табылуға тиіс еді. Олар жеке өз бастарының шығармашылық тағдыры мен екі мәдениеттің басын қосуға тиіс еді. Олардың шыармашылығының өзі жеке адамның санасындағы тұйықталған драма немесе шалқыған патетика емес, мәдениеттердің, өркениеттердің бір-біріне өзара ауысуының тарихи сәтті сағаты болып табылмақ және ол сәт жаңағы ауыс-түйіс өмірдің өзінен өріс тауып, кеңінен қанат жаюынан бұрын болмақ керек.

Кереғар екі түрлі жосығы және сонымен қатар екі түрлі құндылықтары бар екі дүниенің текетірес қарсыласуының емес, өзара түсінісуінің қисыны ретіндегі жаңа қисынның бастау бұлақтарын осындай адамдар тудырады. Олра өздерінің кедергі атаулыны бұзып жарған ғаламат шығармашылық тегеурінімен жаңа, бұрынғыдан әлдеқайда жоғары бейнелер мағыналар мен құндылықтар қалыптастырады» (Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.; 278-281-бб.)

 

     Абылай хан                              Шыңғыс Уәлиханов

Шоқантанудың бірнеше салалары бар. Біріншісі — Шоқан Уәлихановтың әдеби бейнесін сомдаған көркем шығармалар: Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» тарихи драмасы, «Аққан жұлдыз» роман-дилогиясы; Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан», Сәуірбек Бақбергеновтың «Ақ боз атты ару», т.б. — бәрі де әдебиетіміздің тарихындағы өзіндік орындарымен бағаланатын туындылар. Шоқантанудағы кинодраматургия туындысы (сценарий авторлары – Юлий Николин, Асанәлі Әшімов; режисссерлері – Асанәлі ӘшімовГук Ин Цой, Шоқан (актер Сағи Әшімов) оның әкесі Шыңғыс (актер Асанәлі Әшімов) да тарихи тұлғаның тағылымын  кинорэкран арқылы миллиондаған көрермендер көңілдеріне ұялатты.

Шоқантанудағы көрнекті сала – ғылыми-зерттеу еңбектер. Мұхтар Әуезовтің «Манас» -героический эпос киргизского народа, Әлкей Марғұланның «Шоқан және Манас» атты монографиялары әлем өркениеті жетістіктері құрамындағы ғалымның ұлағатын танытқан іргелі классикалық зерттеулер. Академик-жазушы С. Мұқановтың «Жарқын жұлдыздар» (1964) кітабындағы «Шоқан Уәлиханов»,  ғалым Ш. Қ Сәтбаеваның «Чокан Валиханов и русская литература» (1987) моногрфиялары ғалым мұрасы туралы іргелі зерттеулер қатарында танылады.Шоқан Уәлиханов шығармаларының әуелгі басылымы «Собрание сочинений Ч.Ч Валиханова» (1904, құрастырып жариялаған академик Н.Н Веселовский), академик Ә.Х. Марғұланның алғы сөзімен, құрастыруымен, жарияланған шығармаларының бестомдықтары, таңдамалы біртомдығы (1985), Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген шығармаларының алтытомдығы (2007) — бәрі де ғалым мұрасының халық игілігіне айналуының жарқын көрсеткіштері.

 

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында Шоқантану әдеби және ғылыми ойлау тұтастығымен жалызған жаңа іргелі туындымен толығып отыр. Ол — белгілі ғалым-қалемгер экономика ғылымдарының докторы, профессор, ақын, прозашы,драмматург Әбен (Әбдуәлі) Алдабергенұлы Нұрмановтың «Шоқан сагасы» атты онтомдық (декатом) роман-эпопеясы. Онтомдық әдеби және ғылыми ойлаудың тұтастандырылған өрілімімен стильдік ұстанымдағы бұл шығарма өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленеді. Шоқантанудың әлем өркениетіне жаңаша танылуына бағытталған сипаттағы бұл туынды қаламгердің өзіндік дүниетаным болмысын аңғартады. Онтомдықтың «Шоқан сагасы» аталуы да аққан жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмырындағы ғылыми мұрасы адамзат ұрпақтары мәңгі жалықпай оқитын сан-салалы өрнекті мұра иесі тарихи тұлға тағылымна арналуымен маңызды. Онтомдық әдеби-ғылыми туындының жанрлық-поэтикалық болмысын энциклопедиялық анықтамалалар аясында да бағалауға болады: 1. «Саги, древне-исландские прозаические повествование. Т.Н. Родовым (или исландским) сагах авторства  которых не установлен присущи исторической и бытовой реализм, психологизм, эпическая простота. Существуют также саги о корольях Норвегии (среди них «Хеймскрингла» Снорри Струлусова) и сага о эпископах Исландии» (Советский энциклопедический словарь/Гл.ред. А.М Прохорова. 4-е из. М.: Сов.энциклопедия, 1986.-1600 с.; с.1158 б). Ал жалпыхалықтық қолданыс сөздігінде мынадай анықтама берілген: «Сага, ж.лит.сага, жыр (ежелгі Скандинавия мен ежелгі Ирланд халықтарының аңыз-дастандары») (Орысша-қазақша сөздік: 70000 сөз. //Н.Т.Сауранбаев, Г.Г.Мұсабаев, Ш.Ш.Сарыбаев редакциялық басшылығымен өңделіп, толықтырылып үшінші басылуы. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2005. – 1152 б.; 881-б.).

Ғалым-қаламгер Ә.А.Нұрмановтың «Шоқан сагасы» –  көркем тарихнамалық күрделі құрылымды туынды. Автор онтомдықтың композициясын өзара сабақтас жерлердің өрілуімен жүйелеген: біріншісі –  Шоқан Уәлиханов шығармашылық ғұмырнамасының 1850-1865 жылдар арасындағы сан салалы істер ортасындағы қоғамдық-әлеуметтік қызметтерін әдеби-көркем шындық поэтикасы аясында суреттеу; екіншісі – Шоқанның Шығыс Түркістанға және Қырғызстанға, сонымен бірге Қазақстанның оңтүстік өңірі аймақтарына барған сапарлары, соның нәтижесінде туындаған ғылыми-зерттеу еңбектерінің түпнұсқаларын оқырман назарына ұсыну, солардың жазылуына сабақтас ғалым — кейіпкер тұлғасын даралау; үшіншісі – Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) Уәлихановтың Шығыс Түркістанға, орталық Азиядағы болған жерлерін аралаған автордың фотокүнделік деректері.

Әбен (Әбдуәлі) Алдабергенұлы Нұрманов – танымал жазушы-ғалым. Әлем өркениеті тарихында 30 жас қана өмір сүрсе де артына мол ғылыми мұра қалдырған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың әдеби-тарихи бейнесін өзіндік шығармашылық шешіммен даралай мінездеу мұратын ұстанған. «Шоқан сагасы» онтомдық роман құрылысында Шоқанның көркем әдеби бейнесінің даралана мінезделуі кешенді тәсілдермен жүзеге асырылған. Жазушы Шоқанды онтомдықтың барлық кітаптарында да үнемі сапарда жүрген қалпымен суреттеген. Бұл – өмір философиясының заңдылығы. Адам Ата мен Хауа Ана ұрпақтарының бәрі де миллиондаған жылдар бойы фәни дүниеден бақи дүниеге ауысатын тіршіліктің мәңгілік ұлы қозғалысы сапарында келеді. Шоқанның отыз жылдық ғұмырының соңғы онжылдығы сөз арқауындағы онтомдықтың негізгі желісі. Басты кейіпкер Шоқанның әжесі Айғанымның, анасы Зейнептің, әкесі Шыңғыстың, ұстазы Әубәкір молданың тәлім-тәрбие ұлағатымен өсіп-қалыптасқаны, балалық шақта бірге асық ойнап, тайға мініп жарысып өскен Жайнақ, Мысық, т.б. достары, туған жер (Көкшетау, Сырымбет, Айыртау, «Құсмұрын» көлі, т.б.) – жазушының көркемдік ойлау дүниетанымы аясында суреттелген. Шоқанның Омбыдағы кадет корпусында оқып білім алғаны, одан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығысы кіретін губернияның генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты, бас басқарма бойынша төтенше тапсырмаларды орындайтын офицер қызметін атқаруы, ұстазы К.К.Гутковскийдің қызы Катеринамен сәтсіз махаббаты, бала кезінен бастап өмір бойы жанында болған досы Жайнақтың қарындасы Айжанды шын ұнатуы, т.б. оқиғалар кейіпкердің ойланыс сәттерінде қамтыла баяндалады. Атбасар округінің аға сұлтаны қызметіне сайлауына қатысып, қарсыласы 14, ал Шоқан 25 дауыс алып тұрып, бірақ сол қызметке губернатордың бекітпегені, т.б. – әлеуметтік-тұрмыстық қайшылықты-қақтығысты мәселелер кеңінен қамтылған.

Романда Шоқанның Санкт-Петербургте, Уфада, Семейде, Қашғарда, Шығыс Түркістан өлкесінде, одан кейін Францияда, Германияда болған сапарлары да авторлық баяндаулармен берілген. Сонымен бірге, 1856 жылдың жазындағы мамыр айының екінші жартысында бастаған жеке саяхат сапарларында Алакөлде, Орталық Тянь-Шаньда, Ыстықкөл бағытында, Құлжада үш ай тұрғаны (ІХ том, 3-бет) – бәрі де деректер бойынша баяндалған. Шоқан – ілім тарихындағы көрнекті саяхатшы ғалымдар қатарындағы шығармашылығы мен қайраткерлігі тұтасқан тұлға. Жазушы Шоқан бейнесінің әлемдік дәстүрге сай екендігін дәлелдеуде жанама кейіпкер П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің сұхбаттасу кзіндегі пікірін келтірген: «Саяхатшының тапқырын, әбжілін, сезімталын, қайратты, қажырлы болғанын қалаймын… Саяхатшы – әрқашан да публицист болуымен қатар, суретші, топограф, құпия сақтағыш, өзгенің бойындағы жақсылықты байқағыш әрі жаңалықты көргіш, жаңалыққа жаны құмар жан болғаны дұрыс екенін өзің де қолдарсың…» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы: Декатом (Он томдық).- Бішкек: Авангард, 2013.-ІХ том.-208 б.; 13-б.).

Онтомдық роман-эпопеяда Шоқан Уәлихановтың 1854-1864 жылдар арасындағы арнаулы экспедицияларлдың құрамында болған деректері негізге алынған. 1854 жылы Гудков экспедициясына қатысып, Қапал қамалына, 1856-1858 жылдары Жетісу өңірлерін арнайы аралап, ежелгі Алматы, Қойлы, Алмалық қалаларының орындарын зерттеп, көне ақшалар үлгілерін жинағанын, Таңбалытас, Жоңғар қақпасы маңайындағы Шолақтау мекенінің суреттерін салғанын, Ыстықкөлдің солтүстік жиегі мен Аягөз өзендері жағалауларындағы тас белгілердің кескіндерін сызбалық бейнелеулермен жазбаға түсіргенін академик Ә.Х.Марғұлан «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» ғылыми очеркінде (1985) атап көрсеткен-ді. Жазушы Ә.А.Нұрманов тарихи деректерді негізге ала отырып, роман кейіпкері Шоқанның жан ділі әлемін баураған аталған өңірлердің пейзаждық суреттерін, жазық даланы, орманды, тауды, өзенді көргендегі кейіпкерлік толғаныстарының, тебіреністерінің эстетикалық әсерлену ықпалындағы психологиялық құбылыстарын оқырманның көз алдына романтикалық-реалистік тұтастқ болмысымен елестетеді.

Онтомдық құрылысындағы жазушының тарихи тұлғаның әдеби бейнесін сомдауына негіз болған көркемдік шешім кейіпкер жан ділінің психологиялық құбылыстарына арналған авторлық баянжаулардан аңғарылады: «Ұзақ жолдан шаршаған адамдар бір-бірінен жеріген түрі болар, ешқайсысы сөзді қалар емес. Бұл сапарда алдымызда енді қандай қызық болар дегендермен қатар енді бәрі бітті ме деп үмітін мына дүниеден үзгісі келмегенмен қабаттасып келе жатқан арпалыс бар еді. Шоқан кезбе арманының сауырын сауып іше алмағандардың бірі екенін сезсе де… Бетпақта су іздеген жайрандай болғанша елімнің еңбегі еш болмасты көздегендердің бірі болатындардан болаййын деп іштей өзіне өзі серт айтты.

Шоқан саяхатшының өзіне-өзі бұлай серт беруге атасы Абылайдың түсі себеп еді. Абылай атасы үш жүздің басын қосқанмен оның ханы бола алмағаны… әрі үш жүздің жері картаға түспегендігі еді… Алла да бір кезде болашағымыздың Тәуелсіздігіне қол ұшын созар.

Шоқан ары-бері ойлап бір тұйыққа тірелді: «Адамды қорлаған адамды … Құдай ұрмай ма? Құдай-ау, біреуді жылатқан адам қалай көктемек?! Арамдық болса мінезінен онда көрсін көресіні өзінен!..» Бар адамның қорғаны адалдық емес пе? Олай болса, жетер жерге жеткенше мен адалдыққа ту тіктім!» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы: Декатон (Он томдық).-Бішкек: Авангард, 2013.- ІҮ том.- 256 б.; 214-б.).

Онтомдық романның басты кейіпкері Шоқанның балалық және жастық шағы, қызмет істеген жігіттік кезеңдеріндегі білім деп, ғылым игеруі мен нәтижелері, алыс-жақын елдерге барған сапарларынан туындаған шығармашылық еңбектеріне ұласқаны деректі құжаттармен дәйектеле өрілген. Шоқан ғұмырының соңғы кезеңінде болған Ресей патшалығының империялық-отаршылдық саясатының жүзеге асырылуына арналған полковник Черняев басқарған әскери-экспедициялық жорыққа қатысқаны романның Х томының басталуын да берілген. Қоқан хандығының қаруындағы Қазақстанның оңт.стік өңірлерін, Әулие Ата (Қазіргі Тараз), Шымкент, Ташкент, Түркістан қалаларын Ресей империясына қарату үшін жасақталған бұл әскери-экспедиция жорығы арқылы аталған аймақтардың географиясын, халқының этнологиялық-этнографиялық болмысын жан-жақты жинақтау үшін қажетті адамдар іріктелген қажетті мамандарды (зоолог Северцов, этнограф Южаков, суретші Знаменский,географ Красовскиий, кен инженері Фрезе, т.б.), сонымен бірге Шоқан Уәлихановтың да бірге болуының ресми шешімімен тіркелгені көрсетілген:

«Жорықтың алға қойған ең басты мақсаты — шама келгенше жергілікті тұрғындармен қақтығыспай, татулықпен тыныш келісімге келіп, ынтымақтастықта болу-тын. «Мұндай істі сәтті келістіру тек Шоқан Уәлихановтың қолынан келеді» — деуімен Петербурга аттанайын деп тұрған жерінен соғыс министирі Милютиннен Омбы генералынан уақытша осы жорықиың жол көрсетушісі әрі тұрақты халықпен бітімдестірушісі есебінде көмектесер деген оймен қатынастырып қойған еді!» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы: Декатом (Он томдық). — Бішкек: Авангард, 2013.- Х том.- 144 б.; 3-б.). Полковник Черняев бастаған бұл жорықшылардың Қоқан хандығы билігіндегі Оңтүстік өңірлерін Ресей құрамына қосып алу жұмысын жүзеге асыру үшін әскери күш шоғырландырылады. Романның оныншы томының басталуындағы осы бөлікте Алатау округіндегі Верныйдан шыққан полковник Черняев бастаған 68 офицер мен 2571 солдаттан құралған отряд, олардың 22 зеңбірегі, …Сырдария желісі жақтан Перовскы фортынан полковник Веревкин бастаған 44 офицер, 1593 солдат, 150 қазақ жігіті, 18 зеңбірек жиналған дерек берілген (Х том, 5-б.).

Ресейдің отарлаушы әскери отрядының Мерке бекінісін ұрыссыз алғаны,көршілес Токмак, Бішкек қалалары төңірегіндегі қырғыздың Жантай, Құдияр, Бәйбек, Корчу, Жанқараш есімді бай-манаптарының, билерінің Ресей патшалығына қосылатындарын мәлімдеулері де назарға алынған. Шоқанның Бішкектен бергі Қарабалта мен Меркенің ортасындағы қырғыз бен қазақ арасындағы жер дауы мен мал дауын шешкен бітімгершілік ісі де баяндалған. Роман сюжетінің осы бөлігінде Шоқан мен Черняев екеуінің тұңғыш рет бетпе-бет керісіп қалғаны, оның себебі — Әулие Ата қаласына Черняевтің рақымсыз отаршыл пиғылмен зеңбірекпен оқ жаудырғаны. Бейбіт халыққа рақымсыздықпен оқ жаудырған, қазақ халқын қорлаудан,қырудан рахаттанатын озбыр отаршыл полковник басқаратын Черняев басқаратын әскери-экспедициялық отрядтан Шоқанның кетіп қалатыны да тарихи шындықтың көркем шындықпен бейнеленуі негізінде көрінеді.

Он томдық романның композициялық-сюжеттік желілерінде басты кейіпкер Шоқанның даралана бейнеленуіне онымен қарым-қатынастағы жанама кейіпкерлердің де әр алуан мінез-құлық психологиясы ерекшеліктері сабақтаса өріледі. Өркениет тарихындағы белгілі ғалымдармен (П.П Семенов Тянь-Шаньский, Г.Потанин, т.б), көрнекті ақын-жазушылармен  (Ыбырай Алтынсарин, Ф.М Достоевский, т.б.), танымал ақын-жыраулармен (ақын-жыршы Мұсабай, т.б.), күйші-композиторлармен  (Тәттімбет, Дәулеткерей, т.б.), бірге болған сәттері де тарихи деректілікке негізделген көркем баяндаулермен, суреттеулермен өрнектелген. Көрнекті тұлғалармен Шоқанның сұхбаттасуы диалогтарынан қазақ тарихын, көркем өнерін әлемдік құндылықтар құрамында бағалаудағы ғалымның өзіндік ұстанымдары дәйектелген (8-том, 25-34-бб.).

Әлем өркениетіндегі озық жетістіктерді қазақ халқының да игеруі үшін жас ұрпақты оқытып, өнер-білім жетістіктерін жүзеге асыру жолына баулуға арналған ағартушылық-ұстаздық қызметтің қазақ топырағындағы оқу-әдістемелік озық негіздерін қалыптастырған Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов сұхбаттарының романдындағы (9-том) суреттелуі де әсерлі: «Е, Ыбырай-ау! Қазаққа жаны ашитын нағыз ұстаз сенсің! Бөгде жан байлыққа орап жүрегіне гүл ексе де… менің көз жасым болашағымның терезесін өзгелермен тең болуға жүрегін суаратын тамшы…

— Шоқан-ау, Сіз елімді сақтап қалам деп жүрсіз. Ал мен жұртымды сауатты етсем деп, түн ұйқымды төрт бөліп жүрмін» (Нұрманов Ә.А Шоқан сагасы… 9-том, 113-б.). Романда аталған көрнекті ақын-жазушылардың, ғалымдардың халықтық өнер қайреткерлерінің жанама кейіпкерлер қатарында бейнеленулерінен, олармен Шоқанның сұхбаттасуларынан шығарма арқауына алынған дәуірдегі талантты тұлғалардың шығармашылық ықпалдастық байланыстарының сипаты да байқалады. Шоқанның дүниетанымына әсер еткен орыстың клаасикалық әдебиеті алыптарының (А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Н.В. Гоголь, В.Г. Белинский, А.Н. Майков, т.б.), антикалық, орта ғасырлар, 12-19 ғғ рухани мұралар деректері мол қамтылғанын оқимыз.

Романда өркениет кеңістігіндегі бұрынғы-соңғы көрнекті ғалымдарың, ақын-жазушылардың адамзат ұрпақтарына ортақ мәңгілік рухани құндылықтары өнегесін бойына сіңірген Шоқанның өзінің де табиғи тума дарынынынң, ақыл-парасатының кемелденген тұлғалық болмысын сезінеміз. Онтомдық кітаптарындағы сан алуан оқиғала желісінде басты кейіпкер Шоқанның әлемдік ақыл-ой алыптарымен иықтас, деңгейлес дүниетанымы, қайраткерлік болмыс бітімі мінезделе дараланған. Басты кейіпкер Шоқанның өзімен тілеулестерімен де өзіне қарсыластарымен де болған диалогтарынан, монологтарынан ақыл-ой алыбына тән кемеңгерлік-көсемдік, шешендік пен өрілген көркемдік-эстетикалық дүниетаным ұлағаты қамтылған. Мысалы, үлкен қалада білім алып жүрген әр түрлі ұлт өкілдері жастарының (қазақ Хаиолла Өскенбаев, орыс Аркабий, ағылшын Арнольд, неміс Георг, венгр Эдмунд, қырғыз Бейшенбек, Бектұрған, цыган Тубян, ұйғыр Тұрсын, өзбек Ергешбай, хакас Лафенген, грек Исократ Попандопула) өзара сұхбаттасуларын оқырман назарына ұсынған. Онтомдық романның тоғызыншы томындағы баяндалған білім алушы әр алуан ұлт өкілдері жастарының әрқайсының туған халқының мәңгілік рухани құндылықтарын мақтаныш ететінін оқырман көңіл күйіне ерекше әсер етерліктей дерекпен сөйлеткен. Кейіпкерлер сұхбатында қырғыз Бектұрған «Манас» эпосын Гомердің «Илиадасынан» кем емес екендігін мақтан етсе, ал кейіпкер грек жігіті («…қоңқақ мұрынды, шашы бұйра-бұйра, шегір көз, қара торы жігіт… Исократ Попандопула», 9-том, 122-бет.) адамазат өркениетінің жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымы салаларын, сөз өнерін, рухани құндылықтарымен байытқан өз халқынан шыққан дарынды тұлғалар тағылымын ұлттық мақтанышпен баяндайды: «…Бір заманда гректердің аты әлемге мәщһүр болғаны рас қой. Жаңа Бектұрған айтқан Гомерден басқа Гесиод, Перниандр, Солон, Феогнид, Фелас Хилон, Биант, Анахарс ис, Пифагор, Эзоп, Клеобул, Гераклит, Питтак, Эсхил, Софокл, Геродот, Еврипед, Демокрит, Бионд, Аристипп, Фукидид, Антисфен, Аристофан, Исократ, Платон, Диоген, Тиофаст, Эпикур Менандр, Плутарх Лукиандар әлем мақтанышы деуіме болады. Тағы да айтсам болады, Спартак құлдық дәуірдің шынжырын ең алғаш үзген адам. …Әлемнің ең алғаш ұстазы болған Аристотельді ұмытуымыз мүмкін емес. Одан кейін … Гиппократтың дәрігерлігі мен оның халықты емдеушілерге арнап жазған анты ше?.. Сонау терең қойнаудан бастау алған Олимпиада ойыны ше?!» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы…9-том,122-123бб.). Қырғыз жігіті Тұрсын Махмуд Қашғаридың «Диуани Лұғат ат-түрік», Жүсіп Баласағұнның «Құтты біліг», М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітаптарындай әлемде туындылар жоқ екенін мақтан етеді. Жазушы басты кейіпкер Шоқанның әдеби көркем бейнесін тарихи деректер аясында ала отырып, көркем шындық поэтикасы заңдылығымен, онымен байланыстыра бейнеленген жанама кейіпкерлер дүниетанымы арқылы әлем өркениеті тарихындағы жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтар ұлағатын оқырмандардың қабылдау зердесіне сіңіру мұратын байқатады. 10 томдық кітаптан құралған роман-эпопеяның көркемдік-эстетикалық  желісін құрап тұрған Шоқан жан-ділі болмысын, соның негізінде сол тектес даналар дүниетанымын, адамгершілік-имандылық ұстанымын оқырман ұрпақтардың ұғынуына ұсынылыған. Роман авторының көркемдік қиялы аясындағы логикалық қисындылықпен суреттелген Шоқанның аманат тілегін-ақылын тыңдауға өзіне келген әр ұлт жастарына сүйсінуі («А, жігіттер! Байқаймын, әрқайсысың әр ұлттың өкілі екенсіңдер. Қандай жарасып тұрсыңдар. Осы ынтымақтарыңды Алла жазбасын! Бір-біріңе тіреу болыңдар! Терезесі тең достар болыңдар!») – хакім Абай ұстанымымен («Адамзаттың бәрін сүй, «бауырым» деп») үндес көзқарас бірлігі. Романның басты кейіпкері Шоқанның алдына келген әр алуан ұлт өкілдеріне ұстаздық-тәрбиешілік, тәлімгерлік тілек-ақыл айтқаны – туынды авторының бас кейіпкер монологы арқылы ұрпқтар тәлім-тәрбиесіне арналған гуманистік-эстетикалық берік ұстанымын танытады: «Онда, мына сөз жадыларыңда жүрсе жаман болмайсыңдар. Бірінші: Әрқашанда жақсылықты ақша үшін емес, адалдықты Алла үшін істеп… Соны Алла мен екі ортаға қойып: «Алла, мен Сіз үшін мынандай нәрсені адал ниетпен істеп едім, енді маған әділ де, адал болып бақытты өмір сүруіме көмектес!» — де. Бітті! Сенің жолың ашылмаса маған кел, о, дүниеде… Екінші: Алладан кейінгі орында сендердің ата-аналарың қасиетті. Міне, сол кісілердің ризашылығын алыңдар. Солар сендерге жақсы тілеуде болса болды. Бақыттың есігі өзінен-өзі ашылады. Әрине, жаманшылық істемейтін болсаңдар. Үшінші: Сендерге үлкен абыройлы, елге сыйлы кісі тілеулес болса, сол адамның аузы дуалы екенін ұмытпаңдар. Міне, менің сендерге тілеуім де, айтарым да осы. Жолдарың ақ болсын! Біз де еркіндігімізді, Тәуелсіздігімізді аламыз! Заман да өзгерер, бүгін бе, жоқ ертең бе, қарсыласа бермей, осынша жылаған жанды жұбатар, Тәңір жарылқар!!! Басымызды біріктірмеген қара тұман ой да серігер. Ақ көңіліміз қара ниетке ұрынбасын дейік те, жүріңдер бақытты болып айналып кетпей зәлімге!» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы…9-том, 205-б.).

Академик Ә.Х.Марғұлан «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» атты ғылыми очеркінде сібірлік қырғыздар облысын басқарған генерал-майор  Фридрихстің ақылсыз, түйсіксіз екендігі туралы Ф.М.Достоевскийдің досы Врангельдің әкесіне жазған хатындағы бағалауын және оның ықпалындағы тобырдың Шоқанға жасаған жауыздықтарын айтқан дерегін берген еді: «Осы әскери есерсоқтың қолтығын паналаған секретары Кури, генерал кеңесшілері Ивашкевич, Майдель, Нестеров сияқты жыртқыш-парақорлар әрекет етті. Кейіннен олар өлкенің ең үлкен бастықтары генерал Дюгамель мен Кройерустың қолтығына кіріп алады. Дюгамель мен Кройерус бастаған бұл тобыр Уәлихановтың ізіне түсіп, оған жауыздық пен қаскөйлік жасады» (Уәлиханов Ш. Таңдамалы. 2-бас. – Алматы: Жазушы, 1985, — 560-б.; 29-б.)

10  томдықтың жетінші томында (78-80 бб.), сегізінші томында (5-11бб.) бір кабинетте қызмет істейтін Ивашкевичтің, Куридің әдепсіздігіне, озбырлығына  сөзімен де, қимылымен де тойтарыс берген Шоқан әрекеті бейнеленген. Тарихи деректі шығармадағы кейіпкерлер қақтығыстары арқылы басты кейіпкердің күрескерлігі, қайсарлығы, қайраткерлігі дараланған.

«Шоқан сагасы он томдығы кітаптарының сюжеттік-композицицялық желілерінде басты кейіпкерлердің психологиялық толғаныстары да мол орын алған. Эпикалық шығармалардағы кеіпкерлердің жан-ділі әлеміндегі лирикалық сыршылдық сарындары мол ішкі монологар түп тұлғалық негізі айқын ақыл-ой иелеріне тән биологиялық-психологиялық табиғи болмыс заңдылығына негізделген. Әдебиеттану қисыны бойынша: «Монолог – кейіпкердің өзімен-өзі сырласқандай, ойланып-толғанғандай болып айтылатын сөзі… Монологтың мағыналылығы – сол адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кеіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды  кезеңдегі жай-күйі айқынаңғарылады» (Әдбиеттану. Терминдер сөздігі./ Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384-б.; 231-232-бб.). «Шоқан сагасы» романының басты кейіпкері саяхат сапарларында да, туған даласында жүргенде де өзімен-өзі оңаша қалған сәттерінде ішкі жан-дүниесіндегі ой талқысымен арпалысып жүреді. Романның жетінші томында Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгамельдің өзін шақыртып, бірақ бес күн бойы күткізіп қойған күндерінде  жүрегінің дүрсілін тыңдауының, ақырында көңіліндегі екі ұдай пікірлер таластарының өрбуін баяндау да туындының психологиялық сипатын айқындай түседі. Басты кейіпкердің ішкі әлеміндегі бір дауысы тіршілік қозғалысының қайшылыққа құрылған заңдылығын дәлелдесе, оған қарсы айтылатын сыншыл, әділ ой бағалау да өктем үнемен өрнектелген: «…Өмірге келгеннен соң өсіп-жетілу әркімнің парызы, бірақ басқадан биікпін деп асқыну адамды өзгенің аяқ астына жығатыны-ай. Біреуіміз мықты болсақ, екіншіміз осал болып үміттің жібін үземіз. Пасық атақ, сасық ырыс…ешкімді жеткізген емес абыройға, керек десек өлгенді тірілткен емес» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы…8- том,16-б.). Бұл – түп тұлға Шоқанның әдеби кейіпкер тұғырындағы жалпы адамзатқа ортақ гуманистік-ағартушылық ойыны көрінісі.

Ғалым-жазушы А.Ә.Нұрмановтың «Шоқан сагасы» он томдық романы кітаптарының көркем-әдеби стилімен жазылған композициясы Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның, әкесі Шыңғыстың және өзінің мемлекеттік-әкімшілік, ғылыми шығармашылығына қатысты мұрағаттық құжаттардың қосыла өрілуімен ерекшеленеді. Сонымен бірге Шоқанның және оған басқа адамдар жазған хаттар да эпикалық туындының тарихи-дәйектемелік, ғылыми-танымдық құрылымының маңызын дәлелдейді. Шоқанның әлемдік тарих, фольклортану, әдебиеттану, этнография, түркітану, география, т.б. ғылымдар салаларына арналған ғылыми еңбектері он томдықтың әдеби-ғылыми тұтастығын айқындайды. Басты кейіпкердің ғылыми таным иесі  тұғырындағы көркем бейнесін дәйектей, дәлелдей таныту қызметін атқарып тұрған мол санды ғылыми еңбектерінің мәтіндерінің романдар құрылысындағы оқиғалар мен қосыла өрілуі шығарманың құндылық сипатын айқындай түседі. Мысалы, «Тәңірі (Құдай)», «Ұлы жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» (1-том); «Қозы Көрпеш–Баян сұлу (Құсмұрын тізімі)», «Қазақ сұлтандарының шежіресі», «Орақтың жырлағаны», «ХVІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз-әңгімелер», «Абылай туралы жыр», «Көкетайдың ертегісі («Манас» жырының Шоқан жазып алған бөлігі)», «Ата тек ұрпақтары жүйесі»(2-том); «Қоқан хандығы туралы жазба», «Қашғарға сапар ұйымдастыру туралы жазбалар», «Қашғарға бара жатқандағы және Алатау округіне қайтардағы жолжазба», «Верный бекінісінен: Тұрфан, Ақсу, Қашғар, Яркенд, Хотан қалаларына дейінгі керуен жолдарының сипаты», «Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың алты шығыстық қалаларының 1858-1859 жылдардағы жағдайы туралы» (3-том); «Қырғыз (Қазақ) шежіресі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қытай, монғол және түркі сөздерінің сөздігі», «Құлжадағы 1855ж. сауда барысы туралы», «Оңтүстік бағыт», «Жеті қаланың тарихы» (4-том); «Ұйғырлар», «Қытайдың географиялық сөздігі және Әбілғазы бойынша мағлұмат», «Жалпы тарих», «Баянауыл округі туралы», «Қашғардағы көтерілістер туралы алғашқы жазба нобайы (Күнделіктен үзінді)», «Қырғыздардың байырғы кезеңдегі қару-жарақтары мен әскери сауыт-саймандары», «Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы», «Көх тиюден, жын-шайтаннан және түрлі дерттерден сақтайтын бойтұмарлар» (5-том); «Абылай», «Әбу Насыр Самани», «Еділ бұлғарлары», «Сот реформасы туралы жазбаға қосымша», «Түрікмендер туралы», «Қазақ хандары мен сұлтандарының рулық шежіресі» (6-том);  «Қытай трибуналы құжатынан аударма», «Полковник Паблуцкийдің Абылайға жазған хаты» (7-том);  «Шона батыр», «Тарих-и Рашидиден», «Жапония картасы туралы жазба», «Сот реформасы туралы жазба», «Ескі халықтық үлгідегі билер соты», «Қырғыздардың қоныстары туралы» (8-том); «Қыз айттыру», «Наурызнама», «Жарапазан», «Тұрмыста қолданылатын киіз атаулары», «Қазақ дастарханының тағамдары», «Жол атаулары», «Жыл он екі ай сипаттамасы» (9-том), т.б.

Он томдықтың кітаптарында Шоқанның өз қолымен салған суреттері де мол енгізілген. Әлем өркениеті тарихындағы саяхатшы ғалымдар дәстүріне шығармашылық тарихи дарынымен толық сәйкес болған Шоқанның романдағы әдеби-көркем бейнеленуіне оның ғылыми-танымдық еңбектеріне, дерекнамалық мәтіндерді, хаттарды, т.б. тарихи құжаттарды, этнологиялық-этнографиялық материалдарды сабақтастыра пайдалану арқылы автор өзіндік жазушылық-ғалымдық стиль ұстанымын жүзеге асырған. Роман-эпопеяның оныншы томында Шоқанның Жетісу өңіріндегі Алтынемел мекенінде өткен өмір кезеңі қамтылған. Жетісудағы аға сұлтан Тезек төре Абылайхановтың батасымен оның қызы Айсараға қосылған, екеуінің шынайы сүйіспеншілік сезім шуағымен бақытты айларда бірге өмір сүргені, бірақ Шоқанның ауруы асқынып, меңдеп ақырында фәниден бақиға көшкені баяндалған. Жазушы роман кейіпкерінің  фәниден бақиға мезгілсіз шұғыл кетіп бара жатқан сәтін романтикалық-психологиялық  егіздеу тәсілімен суреттеген. Шоқан тектес болмыс-бітімі айрықша дара дарынымен тіршілікке мол үлес-қазына қосқан тұлғалар жан-діліне ортақ көңіл-күй ахуалын суреттей бейнелеудегі көпсарындыүндердің, көпбояулы көріністердің, қимыл-қозғалыстардың кешенді поэтикалық тұтастықпен суреттелуін оқимыз. Шоқанның фәнидегі сәті аяқталарындағы ауыл ішіндегі басқа тіршілік иелерінің қозғалыстары, үндері («…желідегі ақ боз ат жұлқынсын-ай кеп. Бірде көкке аяғын ербеңдетіп құлындай шұрқыраса, бірде жерге аунап кісінейді. Алдындағы бар иттер аттың істегеніне абалана ма? Әйтеуір иттер ұлиды. Қойлар маңырайды. Сиырлар мөңірейді. Әтештер шақырады, айнала азан-қазан шу болды да кетті…Шоқан Айсараны ыммен қасына шақырып, иығына басын қойып: — Ананы қара! Ай туылыпты! Ананы қара. Ақ қанат қыранды қара! Шоқан серігін көргесін бе… ол да қуанып айқыш-ұйқыш ұшып жүр – деп, иегімен көкті көрсетті») (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы…10-том,141-б.). Бұл – жазушының басты кейіпкер көңіл-күй арқылы ақыл-ой алыптарына ортақ осындай психологиялық құбылысты өзіндік көркемдік қиял қисынымен бейнелеуі. Ғарыштық-ғаламдық кеңістік пен жер бетіндегі құндылық атаулыны қамтып бағалап ұлықтаған, адамзат ұрпақтарын ата-бабалық қасиетті мұралар ұлағатымен тәрбиелеуді, мәңгілік достық, адамгершілік-имандылық салтанат құру үшін жанкештілікпен-құштарлықпен еңбек еткен даналардың фәниден кетер сәттері де қоршаған жаратылыспен, табиғатпен біртұтас мазасызданатыны, сан алуан құбылыстарға ұшырайтыны – Жаратушы Алланың шешіміндегі көріністер. Роман авторы классикалық әдебиет дәстүрі аясында бас ты кейіпкер Шоқанның бақиға мәңгілікке аттану сәтінде бүкіл тіршіліктің үйлесім  тұтастығымен қозғалатын құдіреті тұрғысында суреттеген: «Жайнақ байлаулы атқа жете бергенде жылқы босанып, шылбырды үзіп Алатау Жоңғарына қарай тартты. Басын шұлғи кісінеп шауып бара жатты. Дәл сол кезде Жер мен Аспан бірін-бір қия алмай бозарып тұрған еді. Алатаудың жон арқасын тілгілеген найзағай барынша от шашып, күркіреп жарқ етті. Аттың соңынан жүгіріп бара жатқан Жайнақ сүрініп құлады» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы…10- том,141-б.).

Фәниден бақиға өтер сәттегі ақыл-ой иесі адамзат ұрпақтарының соңғы сөздері – мәңгілік ұлы қозғалыстағы тіршіліктің аса елеулі оқиғасы. Ол, бәлкім, дауыстап, мүмкін адамның ішкі жан-ділінен үнсіз, дыбыссыз айтылар! Туындыгер романының басты кейіпкері Шоқанның жары Айсарамен бақұлдсуы-қоштасуы жағдайындағы соңғы рет тілдесуі мен қимыл-қозғалысын ғарыштық денелер сабақтастығы рухымен реалистік-мифологиялық дүниетаным сабақтастығы сипатымен суреттеген: «Айсара, ренжімеші…орта жолды қалды демесінші…достықты ұлықтаймын деп жүріп, Шығыс пен Батыстың орта жолын шамам келгенше ұластырдым ғой! – деді де Шоқан оның қолын қатты қысты. Сол уақытта аспаннан бір үлкен шоқ жұлдыз жерге ағып түсті. Ақырғы реткі ыстық демін Шоқан Айсараның мойнына төкті де мәңгіге көз жұмды» (Нұрманов Ә.А. Шоқан сагасы…10-том,141-б.).

Көркем тарихнамалық-ғұмырнамалық классикалық дәстүр негізінде жазылған белгілі ғалым-қаламгер, жазушы Әбен (Әбдуәлі) Алдабергенұлы Нұрмановтың он томдық «Шоқан сагасы» романы – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы жаңашыл мәнердегі маңызды туынды. Әлем өркениеті тарихындағы көрнекті ғалым Шоқан (Мұхаммед-қанапия) Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми мұраларымен сабақтастырып, әдеби көркем бейнесінің бұлайша сомдалуынан туынды авторының да әлемдік деңгейдегі көркемдік-эстетикалық дүниетаным тереңдігі танылады. Қазақ өркениетінің рухани құндылықтарын осындай жаңашыл туындылар арқылы Мәңгілік Ел дамуы бағдарымен таныту – біздің ұрпақтың болашаққа жалғасатын қасиетті борышы.