Қазақ тілі және әдебиеті
Айкимбаев Данияр Талгатович, Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жүргізілетін дарынды оқушылармен жұмыстың түрлері

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жүргізілетін дарынды оқушылармен жұмыстың түрлері

Мақала авторы: Айкимбаев Данияр Талгатович
Жұмыс орны: №45 орта мектеп
Лауазымы: Директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары
Порталға жариялану мерзімі: 02.01.2018


Мектепте оқытылатын қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқушыларға өмірді, шындықты, қоғамды, сол қоғамда  өмір сүріп жатқан адамдарды танып білуге жәрдемдеседі, өмірге көзқарасын қалыптастырады, сөйлеу және жазу мәдениетіне баулиды. Күні ертең кәмелетке толып өмірге араласатын болғандықтан, оқушылардың мектеп қабырғасынан білім мен дағды, іскерлік қана алып шығуы бүгінгі күн талабына жеткіліксіз. Олар жан-жақты ой-қабілеті дамыған тұлға болуы тиіс. Адам шығармашылық ой-қабілеті арқылы қажетті арнаулы білімді тез игеріп білуге шабыттанып отырады. Оқушылардың өз бетінше атқаратын шығармашылық іс-әрекетін, белсенділігін дамыту мәселесі, оларды жан-жақты ойлай білу дағдысына үйрету ісі – өзекті мәселелердің бірі. Өз тәжірибемде кең қолданысқа ие болған В.С.Шубинскийдің шығармашылықты жүргізу барысындағы іс-әрекетін топтастыра қарастырып, оқушылардың шығармашылық тапсырмаларды орындауын ұйымдастырамын.

Шығармашылық үлгідегі өз бетінше орындалатын жұмыстар кезінде оқушы өзінің болжау, топшылау, түрлі құбылыстардың арасындағы байланыстарды салыстыра білу қабілеттеріне сүйене отырып, ой қорытындысын жасап, жаңа шешім табады, өзіндік жаңалық ашады. Сөйтіп, бұл жағдай белгілі дәрежеде оқушылардың бейімділігін анықтап береді.

Шәкірттің шығармашылықпен еңбектенуі үшін оған қозғау салып, оның белгілі бір дәрежеде білім қорын жинақтауына мұғалімнің шеберлігі керек. Оқыту мен оқу үдерісінде қолданылатын шығармашылық жұмыстың алуан түрлері бар. Әр сабақта оқушының ізденуіне мүмкіндік жасағанда ғана тиянақты білімге қол жеткізуге болады. Балаларды мұндай жұмыстарға баулудың бір жолы – пікірсайыс сабақтарын өткізу. Пікірсайыс сабақтарда ауқымы кең, оқушының ізденуіне жол ашатындай тақырып алынып, алдын ала тапсырма беріледі де, икемділіктеріне қарай балалар топтастырылады. Бұл – оқушы шығармашылығын дамыту жұмысының ең тиімді түрі. Өздері оқыған кітаптары туралы пікірлерін жан-жақты талқылап, өзіндік пікірлері, өздеріне деген сенімдері артады. Тіпті ғылыми ізденіс осындай әрекеттерден қалыптасады, ынта туғызады.

Шығармашылық жұмыстарға ынталандыратын әдістердің бірі – әңгіме не эссе жаздыру. Өйткені мұндай жұмыстарды орындау кезінде балалар сөзді сұрыптап қолдануға, ойдың байланысына, жүйелілігіне, көркемдігіне көңіл бөліп, ой қорытулары қалай берілгендігін басты назарда ұстауға дағдыланады. Мәселен, мұғалім «оттан шыққан болаттай жарқ етіп», «үміт кемесіне мініп, бақыт мұхитының кең жойқын төсін өрлемек», «дүбірің тұлпар жылқы жарысқандай», «үмітің айға шабар арыстандай» сияқты көркем оймен берілген тіркестерді ұсына отырып, белгілі бір тақырып төңірегінде оқушылар талабын айқындап, қосымша тапсырмалармен ойын шыңдауға болады.

Аталған жұмыстарға өтілген тапсырманы бекіту кезінде белгілі бір мазмұнға құрылған немесе адамдарға мінездеме, портрет, осыған байланысты оқушылардың шығармашылық тапсырма орындауы жатады. Мәселен, сабақтас құрмалас сөйлемдердің түрлерін өткенде, оқушыларға басыңқы сөйлемдердің бағыныңқы сыңарларын анықтау тапсырылады. Бұдан кейін толықтырылған әр сөйлем өздерінің мәтіндегі орнын табады да, қандай сөйлем екендігіне толық талдау  —  «мінездеме» жасалады. Сабақ түсіндіру кезінде мысалға алынатын сөйлемдерді мұғалім көркем шығармалардан келтіріп, олардың тағылымдық мәніне мән беруі керек. Себебі жоғары деңгейдегі мәтіндер оқушылардың тілі байлығының дамуына, қиялдауына, шығармашылыққа жетелейді.