Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
Шерімбетова Гулбибі Жолдықожақызы, Отбасындағы тәрбиенің ерекшеліктері

Отбасындағы тәрбиенің ерекшеліктері

Мақала авторы: Шерімбетова Гулбибі Жолдықожақызы
Жұмыс орны: Нұрбесік балабақшасы МКҚК
Лауазымы: меңгеруші
Порталға жариялану мерзімі: 06.11.2017


 

Халқымыздың сан ғасырдан бергі  даналығына    құлақ салсақ, «Адамның   бақыты-балада» деген екен. Кез келген адам  өзі өмір  бойы  қуып  жете алмайтын    бақыт деген  құдыретті   сөздің өлшемі  өмірінің  жалғасы  ұрпағымен  келетініне  мән бермеуі   де мүмкін.  Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі   даңқ пен  атақтан. Мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның  бәрі түсінген адамға   қолдың кірі  сияқты нәрсе. Адамға  нағыз  бақытты — тәрбиелі  ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген  сөз тегін айтылмаса   керек. Олай болса   адам өмірінің   мәні – өз ұрпағы.

Шыр етіп  сәби  дүниеге  келген сәттен бастап ата-ана  алдында нәзік те қиын, қыр –сыры  мол  үлкен қоғамдық міндет   тұрады.  Ол – бала    тәрбиесі. Бала   тәрбиесінде алғашқы  ұстаз — ата-ана. Бала      үшін үй ішінен,  ата-анадан артық  тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – жанұяда тәрбие  балаға   сөзбен, теориямен дамымайды,  үлкендердің  үлгісімен  сіңеді. «Әкеге  қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала  кішкентай  кезінен- ақ  әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге   көмектескісі келеді. Бұған  кейбір әке-шеше  «жұмысымды  бөгейсің, істеп  жатқан ісімді  бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі  мүмкін. Бұл  қате   түсінік. Керісінше, өзің  жұмыс     істеп жүргенде  баланың қолынан   келетін ісіне  жағдай  туғызып, оның  үйренуіне  көмектескен орынды.  Тіпті  балаға  берген    тапсырмаңыздың   аяғына дейін орындалуына төзімділікпен бақылау керектігін  де ұмытпаған жөн.  Өстіп баланың  бірте –бірте  еңбекке  деген   болашағына жол ашылды. Әр   істеген ісіне  ұқыпты да тындырымды  орындауына бағыт   беру қажет.  Баланың жақсы  ісін мадақтап.   Терісін  оң   етіп түсіндіріп   отырса,  ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға  қарсылық  білдірмейді. Орынсыз  ұрысу, зеку, сұрақтарына  дөрекі  келте  жауап  беру  немесе әділ   талап  қоя  алмау  ата-ананың беделін  түсіреді.

Ата – ана — бала  тәрбиесіндегі   басты тұлға. Сондықтан әке де шеше де  балаларының  жан дүниесіне үңіліп, мінез- құлқындағы ерекшеліктерді  жете білгені жөн. Балалармен  әңгімелескенде  олардың пікірімен де санып отырған орынды.  Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де  жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан  қол тимейді, баламен  сөйлесуге уақыт  жоқ» дегенді   айтады.  Бұл    дұрыс емес. Баламен  сөйлесуге тіпті  арнайы уақыт  бөлудің  қажеті    жоқ. Әке мен ана  ұл қыздарымен үй шаруасында   жүріп – ақ әңгімелесіп, ой  бөлісуге  неге болмасқа. Отбасындағы жанжал,  үлкендердің ауызына келген сөздерді айтуы,  баланың  көзінше  басқа біреуді сөгуді, біреудің сырынан өсек айтуы балаға  теріс  әсер  етеді. Бала  алдында  ата-ана  үй ішінің  үлкендердің  әдептілік  танытқаны   жөн. Бала  бойында барлық жақсылық қасиеттерді  дарыту,  тіпті жанында  жүрген достарына  дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту,  дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың   басты парызы.Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен  қателесуге   қақымыз  жоқ. Бала – әр жанұяның  бақыты. Олай  болса, өз бақытымызды  бағалай білейік.