Өрлеу өрге жетелейді

Білім берудің негіздері
Жайлаубаева Индира Жубаткановна, Өрлеу өрге жетелейді

Мақала авторы: Жайлаубаева Индира Жубаткановна
Жұмыс орны: Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі
Лауазымы: Қостанай облысы Рудный қаласы
Порталға жариялану мерзімі: 14.06.2017


Жаңашыл мұғалім бүгінгі заман талабы. Соңғы жылдары еліміздің үздіксіз білім беру кеңістігінде озық технологиялар білім сапасын көтерудің нақты нәтижеге бағытталған кепілі болып отырғаны баршаға мәлім. Сондықтан да мұғалімнің маңызды қызметінің қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Осыған орай барлық педагогтердің білім шеңберін кеңейтіп қана қоймай , кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында елімізде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 232 қаулысымен құрылды. Білім орталығының жалпы қызметінің негізгі мақсаты әлемдік және қазақстандық озық тәжірибені енгізу негізінде жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететін педагог кадрлар біліктілігін жүйелі түрде арттыру. Қазіргі таңда білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институт пен 16 облыстық және Астана, Алматы қалалық біліктілікті арттыру институттары Ұлттық орталықтың филиалдары ретінде анықталып жемісті жұмыстар атқаруда.
Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Ұлттық орталықтың филиалдарының бірінен саналады. Облысымыздағы беделді мекеме білім саласына қатысы бар барлық мамандарға өте жақсы таныс. Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты өзіндік даму жолында сан қырлы асуларды бағындырып, биік белестерден өткен болатын.
Ең қызығы біліктілікті арттыру тек Тәуелсіздік жылдардан кейін ғана қолға алынған жоқ . Аталмыш мәселе бұрыннан білім басқармаларының білікті басшыларының күн тәртібінен түскен емес . Сөзіме дәлел, 1937 жылдың қыркүйек айында Қостанай облыстық білім беру бөлімі жанында әдістемелік кабинет құрылып , кейіннен 1948 жылы мұғалімдерді жетілдіру институты қайта ұйымдастырылып өз жұмысын жандандыра түсті. МЖИ-ның тұңғыш директоры И. Г. Гриненко болды.Ол өзіне тапсырылған қызметті бар жан-тәнімен беріліп абыроймен атқарды. Облыс аймағында білім беру қызметкерлерін біліктілікті арттыру жүйесіне орасан зор үлес қосқан директорлар есімі тарихта мәңгіге қалмақ. Олар : П.Н.Рузанов, В.Н.Колесник, Г. Н.Золотухин, Ю. С.Мануйлов, Т.А.Климчук, А.К.Жаркенов, А.Б.Шалгимбеков, Т. С.Ермағамбетов.
МЖИ –ның ынтымағы жарасқан ұжымына Қазақ КСР ағарту Министрлігі мен ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелердің қызметкерлерінің кәсіптік одағы орталық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы берілді.Мақсатты жолда маңдай термен келген еңбектің өз бағасын алуы заңдылық .
Уақыт өте келе Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты алғашқы құрылған жылдардан өзгеше , өзіндік бағытпен жұмыс жасауда.
2012 жылдың қазан айында – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Қостанай облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты» РМҚК-ы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына» қайта ұйымдастырылды . Әйтсе де алға қойған мақсат-міндеттер өз тұғырынан ешбір түскен емес. Бүгінде республикадағы ең таңдаулы филиалдардың бірі.
Жаңашылдыққа жаны құмар білімді басшы Слесарь Марионелла Васильевна басшылық етіп отырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Мектепке дейінгі және бастауыш оқыту ,тұлғаны тәрбиелеу» мен «Білім беру үрдісін психологиялық –педагогикалық қолдау» кафедралары жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар білім берудің мазмұнының сипаты толықтай өзгеруіне байланысты 2013 жылдың наурызында Деңгейлік бағдарламалар орталығы құрылды. Орталық қызметінің мақсаты — деңгейлік бағдарламалар бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруды сапалы ұйымдастыруды қамтамасыздандыру.Біліктілікті жетілдіру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыруды қолға алған институттың өзге мемлекеттік мекемелер сынды өзіндік жұмыс жасау стилі қалыптасқан.
Институт ұжымы көрнекті педагог Ы.Алтынсарин мұрасын насихаттау және ұлт ұстазын ұлықтау мақсатында көптеген айтулы шараларды ұйымдастырды. Сонау 1981 жылдан бастап институт қабырғасында облыстық Алтынсарин педагогикалық оқуларын өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы жылы Ы.Алтынсариннің туғанына 175 жылдығына орай игі шараларды ұйымдастыруды қолға алған. Соның бірі ретінде «Ыбырайдың ізбасарлары» Қостанай облысының педагогикалық қызметкерлері туралы деректер банкінің«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының төл сайтында жинақтап орналастырылуы көңілге нұр ұялатады. Облысымыздың бетке ұстар ұлағатты ұстаздарының есімін біліп қана қоймай олардың тынымсыз еңбек жолымен жақынырақ танысу жас мамандар үшін таптырмас рухани азық.
Сонымен қатар үнемі педагогикалық-психологиялық бағыттағы вебинарлар мен конференциялар , марафондар және олимпиадалар т.б іс-шаралар жоғары деңгейде өткізіледі.
Ал, өңіріміздің барлық аймағынан курс тыңдаушылар тренерлердің қызметіне дән риза. Әр дәріс сайын педагог тренерлер оқытудың әдіс-тәсілдерін теориялық түрде меңгертіп қана қоймай, оны тәжірбие барысында көрсетіп заман сұранысына орай жаңашыл білімді меңгертеді.
Әр курстың соңында қатысушылардың барлығы электрондық жүйеде тест тапсырмаларын орындайды.Тест нәтижесі бойынша біліктілікті арттыру туралы сертификат беріледі. Қатысушылар арасынан 100 пайыз білім дәрежесін көрсеткен үздік тыңдаушылар анықталып сайттың құрмет тақтасына жазылып отырылады.Мұның өзі кез-келген ұстаздың өз мамандығына деген қызығушылығын арттыра түсіп, курстың тақырыбын толық меңгеруге саналы түрде бағыттайды
Курс тыңдаушыларының қатарында өз мамандығының хас шеберлері мен ұстаздық жолға енді ғана аяқ басқан жас мамандар бар. Олар бір-бірімен тәжірбие алмасып, өз білімдерін одан әрі жетілдіре түседі. Өзара тәжірбие алмасу кәсіби шеберлікті шыңдай түсетіні рас.
Сөз соңында өрлеуліктерді кілең кәсібилердің жинақталған командасыдеуге де болады.Болашақта қол жеткізетін жетістіктерінің ұлғая түсетініне сенімдімін.

Жайлаубаева Индира Жұбатқанқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық
колледжінің арнайы пәндердің оқытушысы.