Қазақ тілі және әдебиеті
Айкимбаев Данияр Талгатович, Өнер әлемі

Өнер әлемі

Мақала авторы: Айкимбаев Данияр Талгатович
Жұмыс орны: №45 орта мектеп
Лауазымы: Директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары
Порталға жариялану мерзімі: 02.01.2018


     «Әдебиет» деп аталатын тылсым әлем кімнің де болса жанын баурап, қиялын шарықтатып, рақатқа бөлері сөзсіз. Оның «асыл сөз» атануы да сондықтан. Әрбір тармағы мен шумағы, бунағы мен сөзі ғибрат пен өнегеге толы сөздер бір арнаға тоғысқандай. Кезінде ұлы Абай «сөз патшасына» теңеген поэзия мен талай ұрпақ тағылым алған проза әлемі небір асқақ армандар мен ұлы мұраттарға толы. Менің ойымша, кез келген жанды «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» шақыратын да «Әдебиет» деп аталатын құдіретті өнер. Асыл сөздің сыр сандығын ашқан сайын биік адамгершілік пен ізгі қасиеттермен қауышамын. «Ақырын жүріп, анық басқан» сайын, ғажайып дүниенің сиқырлы қақпасы алдымнан айқара ашылады. Ал сол қақпаны күнде ашуға мүмкіндік беретін пән – қазақ әдебиеті.

Болашақ мамандығымды өнермен байланыстырғанымнан шығар, менің мектептегі ең сүйікті пәнім – қазақ әдебиеті. Бұл сабақты жақсы көретінім сонша – сабақ кестесі бойынша күнде өтпесе де, мектепке оқулығымды күнделікті апарамын. Әр үзіліс сайын оқып, білім қоржынымды байытамын. Мені осы пәнге деген ерекше қызығушылығымды оятқан– көркем туындылар, дәлірек айтсам, оқыған шығармаларымның кейіпкерлері. Себебі әдеби туындыларда кездесетін кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы мен әрқашан жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан арылдым. Бал балалық шағымда әжем айтқан ертегілердегі ғажайып қаһармандардан бастап, ересек кезімде оқыған күрделі шығарманың сан мінезді кейіпкерлеріне дейін көз алдымнан өтіп қана қоймай, тұла бойымды баурап алды. «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Алтын сақа», «Қырық өтірік» менің балалық дәуренімнің сүйікті шығармалары болса, ондағы қаһармандар адал достарыма айналған еді. Еш уайымсыз балалық шағымның куәсіндей болған Кендебай мен Күнікей де, Тазша бала да мені талай армандарға жетелеп, шексіз қиялға шомдырған еді. Олардың қайсарлығы мен келешекке деген сенімдері мені де жігерлендіре түсетін. Сондықтан болар, мен әрдайым Кендебайдай ержүрек, Күнікей сияқты асқан ақыл иесі, Тазша баладай тапқыр болғым келетін. Ертегілер менің әдебиеттің ғажайып әлемімен танысуымның алғашқы баспалдақтары еді.

Иә, халқымның «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» шығарған шығармаларымен мені таныстырып, онымен сусындатқан бастау – қазақ фольклорының ел жадынан мәңгі өшпес туындылары еді. Ертегілердің ғажайыпқа толы әлемі мені аңыз әңгімелердің шынайы дүниесімен қауыштырды. Енді мен Асан қайғымен желмаяға мініп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» Жерұйықты іздедім. Данышпан Жиренше мен кемеңгер Қарашашпен бірге мірдің оғындай өткір сөздермен Әз Жәнібек ханның меселін қайтардым. Енді бір кезде Алдар көсемен бірге уытты көңілге бөлендім.Тіпті өзімді Шық бермес Шығайбайдың сараңдығын бетіне басып, Алдармен бірге Бізбикешті қиялымдағы арғымаққа отырғызып алып бара жатқандай сезінетінмін.

Мұның бәрі «Өнер алды – қызыл тіл» деп ой қорытқан халқымның құдіретті бастауларының қасиеті шығар. Сөйтіп жүріп қазақ әдебиетінің тұңғиығына тереңдей бердім. Енді Мағжан Жұмабаевтың әсем поэзиясымен сырласып, Ғабит Мүсіреповтің сөзден түйген зерлерімен таныстым.  Сәкен Сейфуллиндей азаттыққа ұмтылып, Ілияс Жансүгіров болып туған жерім – Жетісуымды асқақтаттым. Әдебиетіміздің ұшы-қиыры көрінбес өлкесі мені қазақтың тұңғыш эпопеясы – «Абай жолы» романымен табыстырды. Талай елдің ұлыларын таңғалдырған туындыны алғаш қолыма алған сәтім әлі есімде. Ұлтым үшін өшпес тұлға болған Абайды күн өткен сайын тани түстім. Ұлы ақынмен бірге қуанып, бірге қайғырдым. Бала Абайдан дана Абайды таныдым. Ғұламаның әр сөзімен жанымды байыттым. Әсіресе:

Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез, —

деген өлең жолдары дәл  маған арналғандай әсер етті.

Осындай рухани құндылықты бойыма сіңірген – әдебиет пәні. Сондықтан бұл пән мен үшін ең сүйікті. Менің ойымша, бүгінгі таңда өскелең ұрпақ кітапты жан досы деп ұғынса, елімнің ертеңі мерейлі болары сөзсіз. Өйткені асыл сөздің кені болып табылатын әдебиет кез келген оқырманды ерлікке, елдікке баулып, адамгершілікке тәрбиелейді. Ал осындай ізгі істі жүзеге асырып, барша шәкірттерін тәуелсіз Қазақстанымыздың абыройлы азаматтары болып тәрбиеленуіне барынша үлес қосып отырған жан – менің  ең сүйікті ұстазым.  Өзім оқыған көркем туындылардың қаһармандары аңсаған асыл армандарға жетуіме талмай еңбектеніп келе жатқан мұғалім – Алматы қаласындағы №15 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мұнасаева Рая Нұрқызы. «Әдебиет – елдің айнасы» деген қағиданы берік ұстанған ұстазымның әлі талай шәкірттері мен сияқты қолына қалам ұстап, Қазақ елінің мәртебесін арттыратынына өзім де үлкен сенім артамын.