Оқытудың философиялық негіздері

Педагогика
Әжібекова Гүлнара Жамаханқызы, Оқытудың философиялық негіздері

Мақала авторы: Әжібекова Гүлнара Жамаханқызы
Жұмыс орны: Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеты
Лауазымы: филология ғылымының кандидаты
Порталға жариялану мерзімі: 14.05.2017


 

Мақала басында проблеманың жай-күйіне көшпес бұрын, жеке адам жөніндегі түсінікке тоқталғымыз келеді. Бұл арада жеке адам деп психология ғылымындағы “личность” үғымын беріп отырмыз. Алайда ғылымның түрлі салаларында терминдік алақұлалық бар екенін ескертеміз. Бір әдебиеттерде жеке адам “субьект” ретінде алынса, тағы бір ғылыми еңбектерде “индивид” деген ұғымды да аңғартады. “Личность” дара тұлға деп алынған әдебиеттер де кездеседі (сонымен бірге жеке тұлға, заңды тұлга деген атаулардың да қалыптасқаны белгілі).

Оқытудың философиялық-психологиялық проблемалары бұл ұғымның атауын педагогикада жеке адам деп (қолдануға негіз береді. Себебі өскелең жас ұрпақтан дара тұлға (индивидуальность) жасау үшін, алдымен оны жеке адам ретінде қалыптастыру қажеттілігі мәселені талдау барысында айқын көрінбек.

Сонымен философиялық тұжырым бойынша жеке адам дегеніміз кім? Ол — әрекет жүйесі шығармашылық болмыстан туындайтын тұлға. Жан-жақты дамыған жеке адам үшін шығармашылық — оның болмысының нысаны, әрекетінің тәсілі. Ал шығармашылық болмыс теорияға сүйенеді (қазіргі педагогикадағы теориялық сана, дамыта оқыту идеялары осымен байланысты). Қоршаған ортамен, адамдармен теориялық қарым-қатынас жасау деген сөз — кез келген құбылысты жалаң аңғарып, аңдап қана қоймай, фактілерді тізіп, топтап қорытумен шектелмей, сол құбылыстың, фактінің түпкі мәнін, терең негізін, ішкі әлеуетін, қозғалысын, дамуын, ішкі заңдьшықтарын ұғыну. Кез келген құбылысты соңғы нәтиже, тиянақталған қорытынды ретінде қабылдап қана қоймай, оны процесс ретінде тану.

Жеке адам туралы ұғым, адам мәні туралы ұғым философия ғылымында дәйектелген десе де болады. “Формирование личности не может быть сведено к системе воспитательных воздействий на нее, но выступает как процесс деятельного присвоения и реализации сущностных сил человека”, 1 “Когда труд становится только средством для создашия вещей и вещного богатства он перестает быть способом формирования мира человека” деген дәйектемелерді педагогика ілімі философиялық тұжырымдардың негізінде көтеріп отыр.

Философия ғылымында жеке адам белгілі бір мақсатқа жетудің құралы ретінде қаралмайды, жеке адам — түпкі мұраттың өзі болып табылады (яғни орыс тіліндегі ұғымымен берсек, “человек — как самоцель, как цель в себе”). Бұл не деген сөз? Яғни индивид әлеуметтік міндеттерді, қызметтерді атқарушы немесе жұмысшы күші ғана емес, ең бастысы, ол — Әмбебап болмыс (сыртқы және өз ішіндегі шектеуліктерден асып, шексіз мүмкіндіктерге ұласа алатын болмыс). Оның ішкі кеңістігі әрқашан кең.

Ол сыртқы ықпалға бағынып, шектеуліктерге тәуелді болуға тиіс емес. Жеке адам ішкі кеңістігі арқасында сыртқы жағдайларды қайта құрып, қайта жасай алады. Ол өзін-өзі өзгерте алады.

Индивидтер толық индивид ретінде жетілгенде ғана, олардың арасындағы қарым-қатынас теориялық қарым-қатынас деңгейіне көтеріледі. Толық индивид (целостный индивид) дегеніміз кім? Тұтас ойлау арқылы әрекет формасын өзгертіп, қайта кұра алатын, өзін-өзі өзгертуге қабілетті тұлға. Белгілі бір әрекет саласына қатысты білім, білік дағдыларды меңгерумен шектелмей, өзін-өзі жасап шығуға, өзін-өзі өзгертуге қабілетті адам.

Біз оқу, тәрбие процесінде көбіне-көп жас ұрпақтың сыртқы ортаға икемділігін қалыптастырумен ғана шектеліп келеміз. Мысалы, нарық заманында қандай білім, білік, дағды кешені қажет, соларды меңгертуді мақсат етеміз. Ал мұның бәрі адамның жеке адам ретінде қалыптасуына мүмкіндік бермейді. Адам әрекеті белгілі бір салаға ғана қатысты білім, білік деңгейлеріне, арнаулы бағдарламаларға тәуелді. Өздігінен әрекет ету, ішкі әлеуетін ашу, Әмбебап болмысын жүзеге асыруға белгілі бір саламен шектеліп қалатын білім, білік көлемі кедергі келтіреді. Белгілі бір саламен шектеліп қалған адам өздігінен әрекет формаларын тудыруға қабілетсіз боп шығады. Яғни ондай адам өзін-өзі өзгертуге де қабілетсіз. Сондықтан да бүгінгі таңда білім беру жүйесі бойынша адамды жеке адам ретінде тәрбиелеуге не бөгет жасауда? Оны анықтау үшін оқу пәні, оқу материалының құрамы, құрылымы деген мәселеге назар аударалық.

Оқу материалы (белгілі бір білім негіздері мен оларды қолданудың жүйесі) оқушыларды түрлі ғылым салаларында жинақталған білім көздерімен таныстыруды және оларды белгілі бір амалдарды қолдану арқылы жүзеге асыру қабілетін қалыптастыруды көздейді. Білім беру — адам баласының танымдық әрекетінің нәтижелерін қорыту болып есептеледі. Ол қандай нысанда көрініс табады? Бұл — оқу бағдарламаларындағы қүрылымдық жүйемен көрінеді. Оқу материалдарын іріктеуге қойылатын талап сол білімнің пайдаға жарамдылығымен өлшенеді. Алайда күннен-күнге ғылыми ақпарат та өсіп келеді, оқушы меңгеретін білім көлемі де артып келеді. Білім, білік құрылымы өзгеріске ұшырауда. Оқушы миы ақпараттарды жинақтаушы құралға ғана айналып келеді. Кешегі білім мен білік, дағды бүгінгі күн қажетіне жарамсыз болып жатыр. Өзгермейтін, тұрақты, барлығына негіз бола алатын нәрсе ғана оқушы санасының құрылымын жасауға тиіс. Ол үшін білім беру шығармашылық әрекетті дамытуға негізделмек.

Орта және жоғары білім тәжірибесінде білімді меңгеру процесі оны қабылдау мен еске сақтау деңгейінде ғана жүреді. Ал дидактикада көрсетілген білімді үлгі бойынша қолдану және білімді бейтаныс, жаңа, тың жағдайда қолдана білу деңгейлері өз дәрежесінде емес. Бұл — оқушының, студенттің шығармашылық қабілетінің төмендігін көрсетеді. Білімді шығармашылық тұрғыдан жаңа, тың жағдайларда қолдана білу қабілеті де оқушының оқу материалын меңгеру деңгейін анықтайды.

Білімді шығармашылықпен меңгеруге не кіреді? Шығармашылық әрекет құрамын белгілі дидакт ғалым М.Н. Скаткин былай жүйелейді:

  • білім мен икем нормаларын жаңа шығармашылық жағдайға сәйкес өз бетімен тасымал жасай алу;
  • бұрынғы таныс, белгілі жағдайдан жаңа, тың нәрсенің, проблеманың болмысын көре білу;
  • нысананың жаңа қызметін аңғару;
  • әрекет амалдарын өз бетімен басқаша құрастыра білу;
  • нысананың құрылысын тани білу, барлық элементтерін ажырата білу;
  • шешімге жетудің алуан түрлі нысан-дарын меңгеру, қарама-қарсы дәлелдеулердің болуы;
  • тың шешімдерді құра білу.2

Біз осы аталған шығармашылық әрекетті тудыру үшін оқу материалын меңгерудің бастапқы деңгейіне не кіретінін айта кетсек дейміз. Ең алдымен, білім негіздері құрылым, жүйе, үлгіге түсіріледі. Аталған құрылым, жұйе оқушыны теориялық ойлауға — белгілі бір пән, нысана, құбылыс бойынша ұғым құра білуге, нысананың сыртқы белгілерін танып қана қоймай, оның ішкі дамуын, ішкі заңдылықтарын, ішкі мәнін ұғынуға үйретпек. Осының ішінде ұғым құра білу деген түсінікке ерекше мән бергіміз келеді. Бұл мәселенің екі қыры бар: біріншідең, ұғымды оқушының өзі құра алуы тиіс. Оқушы үғым құра алуы үшін білім дайын күйінде берілмейді, процесс ретінде қабылданады (яғни оқушы ғылыми ойдың жүрісін бақылайды). Екіншіден, ой процесі үстінде құрылымның, нысанның қалай түзілгенін аңғаруы шарт (яғни мұны ұғымның түзілуі деуге болады).

Сонымен осы айтылғандарды дидакт ғалым В.В. Давыдовтың сөзімен тұжырымдауға болады:

“Иметь понятие о том или ином объекте — это значит уметь мысленно воспроизводить его содержание, строить его. Действие по построению и преобразованию мысленного предмета является актом его понимания и обьяснения, раскрытия его сущности” 3.

Сонда ғана оқушының (студенттің) алған білімі ақпараттар қоры немесе фактілер мен ғылым нәтижелерінің жиынтығына емес, оның (оқушының) ішкі қабілет-қасиеттерін жаңа негізде қайта құрап шығатын тетікке айналады. Өзін-өзі өзгерту қабілеті бар, ішкі мүмкіндіктерін шексіз жүзеге асыра алатын, сыртқы ықпалдарға тәуелсіз жеке адамды тәрбиелеудің педагогикалық құралы осында.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Михайлов Ф.Т. Эмперическое и диалектическое понимание личности // Философско-психологические проблемы развития образования. — М., 1994. – С. 11-13.
  2. Скаткин М.Н. Дидактика средней школы, М., 1982.-107 б.
  3. Давыдов В.В. Проблемы развивающего обучения: Опыт теоретического и экспериментального психологического исследования. М., 1986,- С. 105.
  4. Гусинский Э. Н., Турчанинова Ю. И. Введение в философию образования. М., 2000.
  5. Wilfred Carr, Philosophy and education, Journal of Philosophy of education, vol.38, 2004. P. 59.