Нәтижеге бағдарланған білім беру жағдайында бастауыш сынып пәндерін оқытуды жетілдіру

Бастауыш сынып
Жанысбаева Алия, Нәтижеге бағдарланған білім беру жағдайында бастауыш сынып пәндерін оқытуды жетілдіру

Мақала авторы: Жанысбаева Алия
Жұмыс орны: №20 жалпы орта мектебі
Лауазымы: Бастауыш сынып мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 24.03.2016


«Адамды бір нәрсені қайталауға  үйреткеннен гөрі,оған жаңалық ашуға көмектескен жөн»                        

                                                                           Г.Галилей

Технология, коммуникация мен ғылым салалардағы мұндай елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, ХХІ ғасырда табысты болу үшін әрбір азаматқа қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Қарқынды жаһандану, сондай-ақ, ұлт­тық экономикаға да ықпал етуде және қазіргі уақытта экономикалық дамуды қамтамасыз ету­ге бағытталған халықаралық бәсекелестік артты. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда қол­данылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.

Мысалы, спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын бол­са, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады.

Брунер адамның танымдық қабілеті шартты түрде бөлінген үш сатыдан тұрады деп тұжырымдайды:

  • белсенді (жұмыс үдерісінде білім алу);
  • бейнелік (суреттер мен бейнелердің көмегімен білім алу);
  • таңбалық (сөздер мен сандардың көмегімен білім алу).

Оқушылардың бойында өмір бойы білім алу дағдыларын қалыптастыру мақсатында бастауыш сыныпқа арналған пәндердің аясында мұғалімдер әрбір оқу жылында нені оқыту керектігін және оқу сапасы қандай болу керектігін нақты білуі тиіс. Оқушылардың, сондай-ақ мұғалімдер мен мектептердің  әр алуандығын қамту үшін бастауыш сыныпқа арналған білім беру бағдарламасы айтарлықтай икемді. Туған тілі қазақ тілі болып табылатын оқушыларға арнап бай, құнарлы тілдік орта ұсына отырып, білім беру бағдарламасы мұғалімдердің тіл са­ласында туындап қалуы мүмкін проблемалар туралы барынша хабардар болуын қамтамасыз етуге тиіс. Оқушылар әртүрлі пәндердің аясында қолдануға болатын білім алып, дағдылары мен мінез-құлқын қалыптастырады, бұл оқушыларға мектептен тыс өмірде қолдануға болатын дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Осындай дағдыларға сауаттылық, математикалық ойлау қабілеті, сын тұрғысынан және шығармашылық ойлау кіреді, бірақ бұл тізім бұлармен шек­телмейді. Жаңаша көзқарасты талап етеді.

Жаңаша көзқарас дегеніміз не? Осы бағыттағы әдебиеттерге жүргізілген талдаудың негізінде нәтижеге бағдарланған білім моделін, оның өзіне дейінгі үлгілерден әдіснамалық деңгейдегі айырмашылықтарын п.ғ.д., профессор Мақпал Жұмабайқызы Жадринаның еңбектеріне сүйеніп талдамақпын.   Ғалымның пікірінше, білім беруді ұйымдастыру  ХХ ғасырда «ғылым-өндіріс-білім» атты мәдени макромодель аясында жүрді.(А.Е.Чучин-Русов).

Ал ХХІ ғасыр білімді ұйымдастыру «мәдениет-білім-тарих» мәдени макромоделі аясында болатындықтан, білімге деген жаңа көзқарас туды. Білім мәдениетінің бөлігі ретінде төрт жақты сипатта болатындығы нақтыланған. Атап тоқталсам, білім-құндылық,білім-жүйе,білім-нәтиже. Осы төрт құрындыны біртұтас қарастырғанда ғана бүгінгі тарихи кезеңге сай білім мәні шығады. Сонда ғалымдардың ХХІ ғасырды ақпарат ғасыры, адам ғасыры деген сипаттамасына жүгінсек, білім – адам және ақпарат капиталын қалыптастырудағы негізгі фактор болып табылады.

Білімге деген жаңа көзқарас тұрғысынан оның сапасы да жаңаша пайымдалуда. Бұл негізінен білімнің төрт сипатын біртұтас қарастыра отырып, оның ішінде білімнің құндылық ретінде және білімнің нәтиже ретіндегі қырларына аса мән берумен байланысты. Осыған орай білім жүйесінің соңғы нәтижесі оқушының бастауыш білім бойынша алған білім, білік,  дағдылары емес, оларды пайдалану арқылы қалыптасып, дамытылатын өмірлік дағдылар, құзырлықтар болып табылады.

Қазіргі кезде Қазақстанда жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере ала­тындай деңгейде ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Осы реформалау аясында бастауыш сыныптарға арналған білім беру бағдарламасы да қамтылмақ. Бұл оқушылардың оқылым, жазылым, айтылым, проблемаларды шешу, ғылыми зерттеу жүргізу және анықтамалық материалдарды зерделеумен байланысты дағдыларын да­мытуға көмектеседі. Оқушылар бастауыш сыныпта оқытылатын әр пәндік саланы түсінетінді­гін көрсете отырып, алдағы уақытта осы білімдерін басқа жағдайларда қолдана білулері қажет. Сондықтан оқушыларды өз білімдерін кез келген жағдайға қалай бейімдеу керектігін біліп, болашақта кездесуі мүмкін кез келген күрделі тапсырмаларды шешуге икемді болуға баулу маңызды болып табылады.

                                  Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Жадрина М.Ж. «Білім берудегі жаңа үдерістер» // Открытая школа
  2. Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық, Алматы 2007
  3. Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пəндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы
  4. А.А.Бейсенбаева. Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру