Музыка үйірмесінің тұлғаны қалыптастырудағы рөлі

Ән-күй
Аксакова Балым Макановна , Музыка үйірмесінің тұлғаны қалыптастырудағы рөлі

Мақала авторы: Аксакова Балым Макановна
Жұмыс орны: «Маяковский атындағы орта мектебі» КММ
Лауазымы: музыка пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 30.11.2016


Қоғамдағы кез-келген оқиға, құбылысқа сергек қарайтын қағылез азаматты тәрбиелеуде музыка өнерінің рөлі орасан зор. Музыка арқылы бала тәрбиелік және білімділік қасиеттерді бойына сіңіреді. Ол баланың сезімдеріне тікелей әсер ете отырып, оның моральдық бейнесін қалыптастырады. Музыка баланың жеке басының адамгершілік сезімдерін дамыту үшін қажет, сондықтан мектептерде музыка пәні белгілі бір жүйелі бағытпен жұмыс істейді. Оқушылармен өткізілетін музыка сабақтары шығармашылық күш оятып, әдемілікке деген құштарлығын арттырады. Әсіресе, ғасырдан- ғасырға, атадан — балаға жалғасын тауып, келе жатқан  аса бағалы ән — күйлер, терме, жыр, қисса, толғаулар мектеп жасындағы балалардың ұлттық мәдениетін көтеру мақсатындағы жақсы бағыт – бағдар деп есептеймін.

Сондықтан келешек ұрпақты музыканың түрлі жанрларын сүйсіне тыңдайтын, музыкадан сауаты бар, өзінің сүйетін әнін музыкалық аспапта ойнап немесе дауыстап айтып беретін жағдайға жеткізу. Ұлттық музыкамызды құрметтеп, қастерлеуге тәрбиелеуіміз қажет.

Қазақтың домбыра үні арқылы адам ішіндегі лас дүниені тазартуға мүмкіндік алады. Домбыраның үні тыңдаушылардың үйренуіне естігенін ұмытпауға әсер етеді.

Бүгінгі таңда ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді сақтап қалу мақсатында мектебімізде 2012 жылдан бастап, «Мұрагер» атты  домбыра үйірмесін 1-«Ә» сынып оқушыларымен  жүргізе бастадым.  Жалпы сыныпта 23 оқушы бар. Барлық оқушылар қазақтың киелі аспабы домбырамен  толық қамтамасыз етілген.

Үйірменің негізгі мақсаты — өзінің тілін, дінін,  салт-дәстүрін, өнерін, әдет-ғұрыптарын білуге, халқының асыл қазынасының мұрагері сезінетін, өз елін туған жерін, ата мекенін сүйетін Қазақстан Республикасының азаматын тәрбиелеу.

Үйірменің негізгі міндеттері:

1)        домбыра сүйемелдеуімен ән айтып, күй тартуды және терме үйрету.

2)        қазақтың кейбір қолөнер түрлерін үйретіп, оқушылардың  көркемдік ой жүйесін қалыптастыру.

3)        балалардың  шығармашылық ынтасын, ой-өрісін, қиялын дамыту.

4)        дәстүрлі өнеріміз арқылы  қайырымдылыққа, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеп, мәдениетті, жан-жақты дамыған адам етіп шығару.

Оқушыларға домбыра үйрету арқылы олардың өнерге деген құлшыныстарын арттыру. Домбыра үйрету барысында халықтық музыка педагогикасына арқа сүйедік. Оқушылар домбыра қағыстарын көзбен көріп, сөз иірімдерін құлақпен ілу сияқты домбыраны нотасыз үйренді.  Сонымен қатар, дәстүрлі ортада шәкірт ұстазына еріп жүріп, жекеше түрде дайындалады. Ал бала саны жиырмадан асатын сыныпта бұл әдіспен жұмыс істеу өте қиын. Бірақ  оқушылардың санына қарамай әр сабағымды әр түрлі әдіс-тәсілді қолдана отырып, домбыра тартуды үйретемін.

Ең алдымен оқушыларға домбыра туралы мәлімет беріп, олардың аспапқа деген көз қарастарын бақылауға алып, аспаптың қасиетті екенін таныттым.

Домбыра – қазақтың ұлттық аспабы. Қазақ халқының  әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген.  Бүгінге дейін  «Домбыра» атауының шығуы жайлы таластар өте көп. Солардың бір қатары: «Дембира» деген қыз атынан шыққан болуы керек деп те топшалайды, себебі Шығыс елдерінде қастерлі, қасиетті, нәрсеге немесе кейбір көпшілік орынға әйел адамның есімін беру үрдісі бар. Пішіні домбыраға ұқсас төрт ішекті шертпелі аспап үнді халықтарында «тамбура» деп аталады. Гректерде ішекті шертпелі аспапты «пандура» дейді.  Сонымен нақты атауы қайдан шыққаны белгісіз. [4;3]

Аспаптар көлемімен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатынан оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйдің,   олардың   орындалу арасында тығыз байланыс бар. Домбыра екі ішекті ғана емес үш ішекті де болып келеді. Өткен кезеңде үш ішекті домбыра Қазақстанның әр түрлі аймақтарында кездескен, қазіргі кезде бұл аспаптың түрі тек Семей өңірінде сақталған. [5;10]

Оқушыларға қазақтың ою-өрнектерінің символдық мазмұнын білу арқылы балалар күйдің саз иірімінің сұлулығын көбірек аша түссе, күйдің тарихын білу арқылы халқының тарихын тереңірек түсінеді. Сонымен қатар аспаптық саз өнеріміз аңыз-әңгімелерімен, көне мифологиямен, ауызша поэтикалық дәстүрімен астасып жатыр. Қысқасы, ән – күй  пәні музыка, ауызша поэтикалық, көркемөнер, қолөнер түрлерінің басы  тоғысқан интеграцияланған комплексті пән деуге болады.

Домбыра тартудың ең  қарапайым жаттығуларынан  бастап, жеңіл әндер мен күйлер үйреніп, репертуарды жылма – жыл байыта, күрделендіре түсудің арқасында күйдің композициялық құрылысын түсініп, аяғында өз жанынан өлең ұйқастырып, бір – бірімен қағыспа түрінде айтысуға дейін жетіп, жыраулардың үлгісімен өз толғауларын шығаруға  дейін жетеді.

Домбыраға  репертуар  таңдау  барысында балалардың ойнап үйренуіне жеңіл болуымен қатар, ел арасында кеңінен танымал халықтың сүйіп тыңдайтын   ән-күйлері  іріктеліп  алынды.

Оқушыларға музыканы тек  қана  құлақпен тыңдап, көркемдік бұйымдарды тек қана көзбен көріп, тамашалау  арқылы өнерге баулуға болмайды. Негізі оқушылар халық өнерінің шынайы  мұрагерлері болуы керек. Асыл өнерді өз қолымен  жасай алатын адам ғана ата – бабадан қалған   мұраны   көбейтіп, байытып келесі  ұрпаққа жеткізе  алады.

Үйірменің ерекшелігі – балаларға домбыра үйрету арқылы халық өнеріне ынтасын арттыру көзделген.

Музыка сабақтарында шығармашылық қабілетті дамытудың әдістері сан түрлі. Оның әр сабақтың тапсырма орындату бөлімінің мысалдарынан көріп отыруға болады. Орта буын сынып оқушыларының жұмыс түрі – жеке тапсырма, топтық тапсырмалар, жан — жақты тапсырмалар – олар өз бетінше тыңдап жүрген күрделі музыкалық шығармаларды талдап беру. Шығармашылық қабілетті дамытуда оқушыларға жан-жақты тапсырма беру арқылы мысалы жұмбақ, ребус, сөзжұмбақ, тест сұрақтарына жауап беру, экранда жаңа естіген музыкаларды талдау мен күнділікті білімді толықтыру жұмысын жүйелі жүргізе отырып әр балаға талдау жасалып жұмыс сапасы үнемі арттырылып отырады.

«Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, мен ше сүй.»

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең….»,- деген өлең жолдарында ұлы Абай әннің өмірдегі орнын нақ суреттегендей музыка адам өміріндегі алатын орыны зор [1; 5].

Қазақ халқы ән — күйді жанындай жақсы көріп, іштегі қайғы — мұңдарын, қуанышын ән арқылы шебер жеткізе білген. Осы кезге дейін өз тәжірибемде ән айтқысы келмейтін ешбір жанды көрмедім. Хан, би, шешен , ақын, батыр, бұқара халық домбыра аспабы негізінде тәрбиеленіп, өзінің ұлттық мәдениетін қалыптастырды.

Бүгінгі қазақ зиялыларына келсек, Тұнғыш  Президентіміз Н.Назарбаевтан бастап, Ә.Кекілбаев, И.Тасмағамбетов, М.Оспанов, С.Қасқабасов, А.Сейдімбек, М.Шаханов т.б айтуға болады. Өзім тәрбиелеп отырған шәкірттерім де өнердің биік шыңына жетіп, бойына осы адамдардын   игі қасиеттері дарыса екен деймін.