Математикалық планшет

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
Назымгүл Рысбембетова, Математикалық планшет

Мақала авторы: Назымгүл Рысбембетова
Жұмыс орны: Нұрбесік балабақшасы МКҚК
Лауазымы: Әдіскер
Порталға жариялану мерзімі: 16.03.2017


«Дамытушы ойындар» – бұл балалардың мүмкіндіктерін дамытуға арналған ересектердің ойластыруымен жасалынған ойындар. Олардың ішінде Кюизенердің түрлі түсті есептеу таяқшалары, Никитин мен Воскобович ойындары болып табылады.

Воскобовичтің Геоконт ойынына ұқсас «Математикалық планшет» дамытушылық ойыны. Бұл балаларға үлкен жазықтық бетінде әр түрлі бейнелерді жасауына мүмкіндік беретін ойын құралы болып табылады (сандар, әріптер, геометриялық пішіндер, өрнектер, тұрмыстық бұйымдар, жануарлар және т.б). Берілген нұсқаға қарай отырып «резеңке арқылы сурет салу» балаға «саусақтардың көмегімен» геометриялық пішіндерді сезіне білуге мүмкіндік береді. Балалар жазықтық бетінде жұмыс жасай білуге, үлгіге қарай отырып тапсырмаларды орындауға, қоршаған ортадағы заттардың байланысын және абстрактілі бейнесін, логикалық ойлауын, қиялын, шыдамдылығын, зейінін, ұсақ моторикасын дамытады.

Баланың қиялын дамыту қай салада болмасын оның шығармашылық тұрғыда көптеген нәтижелерге жетуіне мүмкіндік береді, сонымен қатар мектепке деген толық дайындығын көрсетеді.

Үлгі ретінде нені көрсетуге болады?

— Әртүрлі геометриялық пішіндер және геометриялық пішіндерден құралған бейнелер;

— Әріптер, сандар және сөздер;

— «+», «-», «=» белгілерін қолдану;

— Әр түрлі заттар мен өрнектер. Кез келген бір өрнекті бір түспен ғана жүргізіңіз (мысалы, қызылмен) , ал бала сол өрнекті басқа түсті қолдану арқылы жалғастырсын;

— Шытырмандар мен симметриялық суреттер;

— Жұмбақтар ойластыру және сол жұмбақтың жауабына байланысты үлгісін беру. Мысалы:

Аяғынан қаз тұрған,

Қалпағы бар антұрған. (Саңырауқұлақ)

 

 

 

Ағайынды бәрі:

Шықса – жасыл, түссе – сары. (Жапырақтар)

 

 

 

Математикалық планшеттегі жазықтық көлемі неғұрлым үлкен болса, онда ол жазықтықта бірнеше әрекеттерді қатар орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларға «үлкен», «кіші», «биік», «аласа» ұғымдарын үйретуге болады.

 

Егер барлығына үлгі жасау қиындық тудыратын болса, онда математикалық планшеттің бір жақ бетіне суретті өзіңіз бейнелеп көрсетсеңіз, бала екінші жақ бетіне сіздің салған суретіңізді қайталап бейнелеп береді. Балаларды мақтап отыруды да ұмытпаған жөн.

Бұл математикалық планшетті оқу іс-әрекеттеріне қолданып қана қоймай, сонымен қатар ойын барысында да қолдануға болады. Резеңкелер көмегімен шытырман жолдарды және бірнеше үй мен көлікжайларды жасап қоюға болады. Көлік түрлері мен әртүрлі жануарларды, жазықтық бетіне сәйкес келетін қуыршақтарды қолдануға болады. Ойын ойнау барысында жолда жүру ережелерін ескере отырып баланы ойнатуға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                   Кюизенер таяқшаларымен ойналатын ойындар

Бельгиялық бастауыш мектеп мұғалімі Джордж Кюизенер (1891-1976) балалардың математикалық мүмкіндіктерін дамытуға арналған әмбебап дидактикалық материал жасап шығарды. 1952 жылы ол «Сандар және түстер» атты кітабын басып шығарды.

          Кюизенер таяқшалары – бұл есептеу таяқшаларының жинағы, сонымен қатар оны «түстегі сандар», «түрлі түсті таяқшалар», «түрлі түсті сандар», «түрлі түсті сызғыштар» деп те атайды. Бұл жинаққа ұзындығы 1 см-ден бастап 10 см-ге дейін баратын төрт жақты 10 түрлі таяқшалар бар. Кюизенер ұзындығы бірдей таяқшаларды бір түспен белгілеген.

Кюизенер есептеу таяқшалары өзінің түстік гаммасымен ерекшеленеді. Ең алдымен 116 таяқшадан тұратын жинақты қолдануға болады. Оның ішіне 25 ақ, 20 алқызыл, 16 көк, 12 қызыл, 10 сары, 9 күлгін, 8 қара, 7 қою қызыл, 5 көкшіл, 4 қызғылт сары таяқшалар кіреді. Кюизенер таяқшалары 1 жас және 7 жас аралығындағы балаларға арналған оқу іс-әрекеттерінде қолданылады.

           Түрлі түсті таяқшалардың тапсырмалары

Кюизенердің есептеу таяқшалары балаға «қолдың көмегімен» сандық реттілікті, сандардың құрамы, «артық – кем», «оң жақ – сол жақ», «арасында», «ұзынырақ», «жоғарырақ» және т.б. ұғымдарды қалыптастыруға үйрететін көп қызметті математикалық құрал болып табылады. Бұл жинақ балалардың шығармашылығын, қиялы мен елестетуін, танымдық белсенділігін, ұсақ моторикасын, көрнекі-бейнелі ойлауын, қабылдауын, кеңістікті бағдарлауын, зейінін, комбинаторлы және конструктивті мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндік береді.

Бастапқы кезеңде Кюизенер таяқшалары ойын құралы ретінде пайдаланылады. Балалар қарапайым кубикпен, құрастырмалы ойыншықтармен ойнағаны секілді, бұл таяқшалармен де ойнайды және ойын, оқу іс-әрекеттері барысында оның түсімен, көлемімен, пішінімен танысады.

Екінші кезеңде бұл таяқшалар кішкентай математик балалардың анықталуына мүмкіндік беретін құрал ретінде қолданылады. Бұл жерде балалар математиканың ғажайып сандары мен басқа да түсініктерін аңғара бастайды.

 

 

 

Кюизенер таяқшаларымен жүргізілетін тапсырмалар

  1. Таяқшалармен танысу. Балалармен бірге қарап шығу. Түсін, ұзындығын айтып шығу.
  2. Оң қолына сыйғанша таяқшаларды жинау, ал енді сол қолына таяқшаларды жинау.
  3. Таяқшалардың көмегімен жазықтықтағы жолдарды, пойызды, текшені, тіктөртбұрышты, жиһаздарды, әртүрлі үйлерді және көлікжайларды жасау.
  4. Кюизенер таяқшаларын пайдаланып 10 таяқшадан тұратын төменнен жоғарыға қарай ақ таяқшалардан және жоғарыдан төмен қарай қызғылт сары таяқшалардан тұратын басқышты жасау. Басқышты саусақпен баса отырып 1 саны мен 10 саны аралығындағы сандарды атап шығу.
  5. Арасындағы таяқшалары тасталынып кеткен басқышты жасау. Ал бала сол жетіспей тұрған таяқшаның орнын анықтауы керек.
  6. Құрастырмалы ойыншықтардан құрастырған секілді таяқшалардан да үлкен құрылыстарды жасау: құдықтар, мұнаралар мен үйшіктер т.б.
  7. Таяқшаларды түсі мен ұзындығына қарай қойып шығу.
  8. «Мендегі таяқшаның түсімен бірдей таяқшаны тап. Ол қандай түсті?»
  9. «Менде қанша таяқша болса, сен де соншалықты таяқшаны қойып шық»
  10. Таяқшаларды түсіне қарай кезектестіріп қою: қызыл, сары, қызыл, сары (одан кейін тапсырма күрделене береді).
  11. Кюизенердің бірнеше таяқшаларын балаларға көрсету, оларды баланың есте сақтап қалуы, содан кейін баланың көзін жұмып, бір таяқшаны жасырып қою. Бала қандай таяқшаның жоқ екенін анықтауы керек.
  12. Бірнеше таяқшаларды қою. Балаға олардың қалай орналасып тұрғанын көрсету және содан кейін балаға көрсетпей таяқшалардың орналасу ретін өзгерту. Бала барлық таяқшаларды өз орындарына қайта орналастыруы керек.
  13. Бала алдына екі таяқшаны қою: «Қайсысы ұзынырақ? Қайсысы қысқа?» Содан кейін таяқшалардың шеттерін теңестіріп салыстыру.
  14. Балалар алдына Кюизенер таяқшаларын қою және сұрау: «Ең ұзыны қайсысы? Ең қысқасы қайсысы?»
  15. «Кез келген көктен қысқа, қызылдан ұзын таяқшаны тап»
  16. Таяқшаларды екі топқа бөлу: бір тобына 10 таяқша, екінші тобына 2 таяқша. Қай топта көп таяқша бар? Соны балалардан сұрау.
  17. Қызыл, көк, сары таяқшаларды көрсетуін сұрау.
  18. «Сары емес таяқшаны көрсет» (яғни балалар сары түстен басқа таяқшаларды көрсетуі керек).
  19. Балалардан Кюизенер таяқшаларының ішінен 2 бірдей таяқшаны көрсетуін сұрау. «Олардың ұзындығы және түсі қандай?»
  20. Ұзындықтары әр түрлі таяқшалардан пойыз құрастыру, яғни ең қысқа таяқшадан бастап ең ұзын таяқшаман аяқтау. Бесінші, болмаса сегізінші тұрған вагонның түсі қандай екенін сұрау. Көк вагонның оң жағындағы вагонның қандай түсті вагон, сары вагонның сол жағындағы қандай вагон екенін сұрау. Қай вагон ең қысқасы, ал ең ұзыны қайсысы? Қай вагондар сарыдан ұзын, ал қай вагондар көктен қысқа?
  21. Түстері бірдей бірнеше таяқшаларды қою және баладан «таяқшалардың жұбын көрсет» деп тапсырма беру.
  22. Кез келген бір санды атау, ал бала соған сәйкес келетін Кюизенер тақшасының түсін айтуы керек. (1 – ақ, 2 – алқызыл және т.б.) Керісінше, тәрбиеші таяқшаны көрсетеді, ал бала сол таяқшаның реттік санын атайды.
  23. Бірнеше таяқшадан қызғылт сары мен қою қызылдың ұзындығымен бірдей болатындай етіп таяқшаларды қойып шығу.
  24. Ақ таяқшаның ұзындығы көк таяқшаның ұзындығындай болуы үшін неше ақ таяқша болуы керек?
  25. Қызғылт сары таяқшаның көмегімен кітаптың және қаламның ұзындығын өлшеу және т.б.
  26. Үстел үстінде берілген таяқшаларды санап шығу.
  27. «Жинақ ішіндегі ең қысқа және ең ұзын таяқшаны көрсету. Оларды бірінің үстіне бірін қою және қарама қарсы қою»
  28. «Түстері бірдей екі таяқшаны көрсету. Олардың ұзындықтары қандай? Одан кейін ұзындықтары бірдей 2 таяқшаны көрсету және түстерін атау»
  29. «Көзді жұмып тұрып, жинақтың ішінен ұзындықтары бірдей 2 таяқшаны көрсету. Сенің бір қолыңдағы таяқшаның түсі көк, ал сенің екінші қолыңдағы таяқшаның түсі қандай болуы мүмкін?»
  30. «Көзді жұмып тұрып, ұзындықтары әр түрлі 2 таяқшаны табу»
  31. Кюизенер таяқшаларының көмегімен пирамида құрастыру. Құрастырып болғаннан кейін пирамиданың ең төменгі жағында, ең жоғарғы жағында, көк таяқша мен сары таяқшаның арасындағы қандай таяқша орналасқанын сұрау, қай таяқша төменірек орналасқан: қою қызыл ма, әлде көк таяқша ма?
  32. Кюизенер таяқшаларынан белгілі бір пішін құрастыру және баладан соған ұқсас пішіндер жасауын сұрау.
  33. Тәрбиешінің айтып отыруымен балалар таяқшаларды қойып шығуы керек: «Қызыл таяқшаны үстел үстіне қою, оң жағына көк, сол жағына сары таяқшаны қою»
  34. Таяқшалардан әртүрлі шытырман жолдарды, кілемшелерді, пішіндерді құрастыру.