Көптілді білім – мәдениетті тұлғаны қалыптастыру

Қазақ тілі және әдебиеті
Сандыбаева Альбина Баймулдиновна, Көптілді білім – мәдениетті тұлғаны қалыптастыру

Мақала авторы: Сандыбаева Альбина Баймулдиновна
Жұмыс орны: "Михайловка орта мектебі" КММ
Лауазымы: қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 18.11.2018


Ел тәуелсіздігінің маңызды нышаны – мемлекеттік тіл. Ол тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен салт- санасының, рухани болмысының тірегі. Тіл арқылы халық өзге халықтардан ерекшеленеді. Тіл – ұлттың өзгеден ерек даралығын анықтайтын белгісі. «Қай ұлт болсын тілі арқылы ғана халықтың өзге туыс және туыс емес халықтардан ерекше болмысы мен табиғи қалпын, өзіндік дәстүрін көрсете алады»

Н.Ә.Назарбаев

Қазіргі таңда азаматтарымыздың алға ілгерілеп, күн сайын жаңарып, тез қарқынмен дамып бара жатқан өзгерісшең өмірге ойдағыдай сәйкесуі үшін , қостілді болып қана қоймай, қайта көптілді болуы төтенше қажеттілікке айналуда. Бұлай істеу әр азаматтың өзіне де, өзгеге де тиімді. Сондықтан қазіргі қоғамда көп тілді болу әр адамды кең өріске, тың өмірге бастайтын жол есептелмек. Жалпы көптілді меңгеру деген ұғым қазақ дүниетанымында бұрыннан бар түсінік. Мұны ел басқарушыға қойылатын талаптардың бірі «жеті жұрттың тілін білу» екендігінен байқауға болады. Себебі ата-бабамыз көптеген хандықтардың көшбасшысына жеті өнерді меңгерген адамды лайық деп танып, сайлаған. «Ел қорғауда – бес қаруын толық пайдалана білу», «ата-бабасының салып кеткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білу», «тұрмысты елді мекеннің географиялық орналасуына сәйкес ұйымдастыра білу» және «көршілес мемлекеттермен сауатты саяси қатынас жасай білу».

Сондықтан білім беру жүйесін дамыту – елімізде басты бағыттардың  бірі болып саналады. Бұл бағытта мемлекетіміз білім беру саласында көптеген реформаларды жүзеге асырып жатқаны баршаға мәлім. Солардың бірі – «Үштілділік» мемлекеттік бағдарламасы. Бастауын елбасымыз Н.Ә.Назарбаев салып берген бұл бағдарлама қазақ тіліне үлкен басымдылық беріп отыр. Бағдарламаның басты мақсаты: Қазақ тілінің мәртебесін көтеру; мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу; ағылшын тілін меңгерту; орыс тілін жетік білу; әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау; тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу. «Үштіліділік» бағдарламасының негізінде қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілдерін меңгеру көзделуде. Орыс тілін білу – тарихи артықшылығымыз. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын орталарын кеңейтіп жатыр. Ағылшын тілін меғгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Еліміздің тәуелсіздігінің нышаны. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, яғни қазақ тілі – болашақтың тілі.

Көптілді білім беру дегеніміз – оқу үрдісі барысында екі не одан да көп тілде білім беру. Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту – қазіргі заман қажеттілігі. Бүгінде адам қызметінің барлық салаларында жаһандану үрдісі орын алғандықтан, білім беру саласында қайта қарастырулар жетілдіруде. Сол себептен ақпараттық-коммуникативтік құзырлықпен қатар, полимәдениеттілік бүгінгі уақытта әлемдік білім беру құзырлығының басты бағыттарының бірі ретінде анықталды. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі білім ордалары мектеп оқушыларының тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында үштілділікті енгізудің, оны тиімді жүргізудің тың жолдарынан ізденіс табуда.