Колледж жүйесінде тілді оқытуды тиімді ұйымдастыру

Қазақ тілі және әдебиеті
Құнанбаева Ардақ Асылхановна, Колледж жүйесінде тілді оқытуды тиімді ұйымдастыру

Мақала авторы: Құнанбаева Ардақ Асылхановна
Жұмыс орны: Степногорск қаласының № 2 индустриалдық-техникалық колледжі
Лауазымы: қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы
Порталға жариялану мерзімі: 29.03.2016


Колледж жүйесінде тілді оқытуды тиімді ұйымдастыру

Колледждің «Қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық технологиялар мен ғылымды қажет ететін экономикасы бар демократиялық мемлекет, азаматтық қоғам мен постиндустриялық өркениеттің жағдайында өмір сүруге болашақ мамандарды даярлауды қамтамасыз ететін құзіреттілік оқытуға бағдарланған оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту» атты әдістемелік тақырыбына сәйкес қазіргі жұмыс жасап жүрген  өзіндік білім жетілдіру тақырыбым: «Сөйлеу мәдениетін жетілдіру студенттердің кәсіби құзіреттілігін қалыптастырудың негізі».

Оқытушы еңбегінің тиімділігі сол, оқушылардың әлеуметтік немесе өндірістік іске дайын болуы, яғни қалыптасуы. Мамандыққа бейімделуі тым жоғары болса, оның шеберлігі мен дағдысы да жоғары болады. Соған сәйкес оқытып тәрбиелеген оқушының да жеке тұлғасы жоғары дәрежеде қалыптасуын басты нысана етіп аламын.

Педагогикалық қызметте кәсіби қызығушылықтың қалыптасуына көп мән бере отырып, жеке пән ерекшеліктеріне байланысты іскерлік, дағды, білімнен басқа жалпы педагогикалық талаптардың ең маңыздысы ретінде оқытушы төмендегі зерттеушілік қабілетін басты принцип ретінде ұстанады. Олар:

  • Оқушы мен ұжымның жеке ерекшеліктерін зерттеп білу
  • Өз тәжірибесін, ісінің нәтижелерін сын көзімен қарап, бағалау
  • Жұмыста психо-педагогикалық зерттеулерді пайдалану
  • Қолданылатын құралдар мен әдістерді алдын-ала ойластыру
  • Оқушының жеке басы және дара ерекшеліктерін ескере отырып, даралап қорғау әдісін жүзеге асыру
  • Жұмысты оқу-тәрбие жүйесімен жоспарлау, қажетті істерді таңдап ала білу
  • Оқушыларды қызықтыру, сендіру, дем беру және тоқтату
  • Сөйлеу техникасы мен мәдениетіне ие болу

Колледж аясында оқытушы жұмысын төмендегідей 4 бағытта ұйымдастырады.

  1. Оқытушының оқу жұмысы. Ол оның оқу жылындағы жүктемесі.
  2. Оқу –әдістемелік жұмысы. Бұл бағытты мынадай жолдармен жүзеге асырады.
    • Оқушының теориялық білімін қадағалау
    • Нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру
    • Оқыту жүйесін педагогикалық-психологиялық тұрғыда ұйымдастыру
    • Пән мазмұнын кәсіби бағытқа негіздеу
    • Оқытудың жаңа технологиясын сабақта тиімді ұштастыру, атап айтсақ, дамыта оқыту, Шаталовтың тірек сигналы, Ә.Қараевтың деңгейлік тапсырмалары, М.Жанпейісованың модульдік оқытуы, Блум технологиясы және оларды ақпаратты коммуникативті технологиямен ұштастыру
    • Оқытуды ұйымдастырудың әр түрлі формаларын (ұжымдық, топтық, жұп және дербес) жүзеге асыру
    • Үздіксіз оқыту мен білім берудің нәтижелерін салыстыру,талдау
  • Оқытушының ғылыми-зерттеу жұмысы. Ол;
  • Өз мамандығы бойынша үздіксіз теориялық білімді тереңдету
  • Ұлттық тілдің терминделуін қадағалау: балама-аударманың өміршеңдігі мен негізділігін назарда ұстау
  • Әдеби нормаға енген өзгерістер мен жаңалықтардан мәлімет жинау
  • Әдебиеттің жанрлық және тақырыптық жағынан түрленуін қадағалау
  1. Оқушымен жұмыс
  • Дарынды оқушылармен жеке жұмыс жасау
  • Оқушының сөздік қоры мен сөйлеу мәдениетін жетілдіру
  • Оқушының дүниетанымын базалық мәдениет негізінде жетілдіру
  • Жеке адамның құндылықтарын қалыптастыру

Өз жұмысымда тілдің ерекшеліктерін танытуда алдымен оқытудың басты мәселесі оқушы бойына жүйелі білім қалыптастыруды мақсат етіп аламын. Осы мақсатты тиімді жүзеге асырудың жолы ретінде Блум жүйесі педагогикалық технологиясын жиі қолданамын. Сонымен қатар, модульдік оқыту технологиясы, дамыта оқыту технологияларындағы оқушының жеке тұлға ретінде шығармашылық, ізденушілік, оқушының кәсіби шеберліктерін шыңдау бағытында берілген әдіс-тәсілдерді жиі қолдануы, әсіресе орыс тілді топтарда қазақ тілін оқытуда  тиісті нәтижесін  беріп жүр.

Екінші тілді үйрету мақсатында оқушылардың санасына орфографиялық дағдыны қалыптастыру; грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету; қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстыра отырып, оқушылардың лексикалық сөздік қорларын байыту,сөйлеуге үйрету деген әдістемелік ережелерді басшылыққа ала отырып жұмыс істеймін. Оқушыларға екінші тілді үйретуде көрнекіліктерді, техникалық оқу құралы мен көркем мәтіндерді пайдалану, есту құралын қолдану, қазақ тілі пәнінің басқа пәндермен байланысын іске асыру ережелерін ескеру, оқушының тілді логикалық және грамматикалық жағынан қабылдауы, яғни сөздің, сөйлеудің мазмұны мен формасын түсінуді жеңілдетеді.

Сабақ – ол мұғалімнің жеке педагогикалық шығармашылығы. Соның бір дәлелі ретінде модульдік оқыту технологиясына негізделіп құрылған пән бағдарламасына сәйкес орыс тілді топтардағы қазақ тілі сабағының «Бұл әлемде қызық көп» тарауы бойынша қорытынды сабақтың құрылымына назар аударайық.

Технологиялық сабақ жоспарының жобасы                                                                                Оқу модуліндегі оқу циклі: Қорытынды бөлім. Ол тарау бойынша жүйелеу сұрақтары мен бақылау тестісінен тұрады.

Сабақтың тақырыбы: «Бұл әлемде қызық көп»

Сабақтың түрі: бекіту

Сабақтың жабдығы: оқу-әдістемелік әдебиеттер, «Қазақ тілі» оқулығы, интерактивті тақта, Пифогор тестік құрылымы

Сабақтың мақсаты: білімдік; модуль бойынша білімдерін анықтау,жүйелеу

дамытушылық;  өз-өзіне сенімді, кәсіби білікті мамандар даярлау

тәрбиелік;  өз пікірін қорғай алатын, өмірге бойына сіңірген тұлға қалыптастыру

Сабақ мазмұны: 1.Ұйымдастыру кезеңі.

2.1. Өтілген тарауға қысқаша шолу. Лексикалық тақырып негізінде: Мұхиттың адам тіршілігіне әсері туралы қай мәтінде айтылады?                                                                                                                     Ғарыш кемесін басқару жөнінде қай мәтінде айтылады?                                Жердің күннен энергия алу мөлшері туралы мәтін қалай аталады?         “Тригонометрия” термині ұғымын қай мәтінде түсіндіреді?                          Жиырма бес жасында Флорида университетін тамамдап, математик атағын алған жас ғалым туралы мәтін қалай аталады?                                      Грамматикалық тақырып негізінде:                                                                     Үнемі, ылғи, әрқашан сөздері бір-біріне қандай сөздер?                                        Халықтың даналық ой-тұжырымдары берілген сөздер қалай аталады?                                                                                                                          Биік-аласа, ұзын-қысқа, жақсы-жаман сөздері бір-біріне не болады?           Бірте-бірте, қолма-қол, жап-жақсы сөздері қандай тәсіл арқылы жасалған?                                                                                                                                 Әрі қарай бөлшектеуге келмейтін морфема қалай аталады?                 2.2. Мақал-мәтелдер жарысы.                                                                                         Ас — ……..

Жеті рет өлшеп, …….

Аңдамай сөйлеген, ……

Екі кеменің басын ұстаған ….

Білгеніңнен білмегенің …..

Досыңа достық …..

Анасыз өмір ….

Байлық –мұзға жазылған сөз, ….

  1. Пифагор тестік құрылымына негізделген бақылау тест. Тест орындалған соң оқушылар бірден нәтижесін көреді, пайыз есебімен әр оқушының баллдық жүйеде бағасы электронды журналда шығарылады.

Осы жерде техникалық оқу бағдарламаларының көмегі арқылы оқушылардың білімін бағалаудағы  тиімді тұстарын атап өткен жөн; «Ақпараттық – коммуникативтік технологиялар (АКТ)– жеке тұлғаға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беретін маңызды жүйе» деп айтуға болады, электронды бағалау оқушының жеке басына байланысты бұған дейінгі сабақта көрсеткен білімін ескермей, тапсырманың тікелей орындалу сапасына негізделеді, сонымен қатар оқушыда ұстаздың бағалауына күмән тудыратындай жайт орын алмайды, яғни бағалаудың әділдігіне талас жоқ. Сондықтан тапсырманы орындауда оқушы тек қана өз біліміне сене алады, алдағы уақытта белгіленген бақылау сабақтарына дайындықта өз іс-әрекетін ұйымдастыруға, ізденуге, білімді өз іс-әрекеті арқылы алуға дағдыланады. Сондықтан бақылау жұмыстарының сапа көрсеткіштері де жоғарылайды.