Қоғамдық пәндерді дамыта оқыту технологиясы арқылы студенттердің танымдық белсенділігін арттыру

Білім берудің негіздері, Педагогика, Қоғамдық пәндер
Казыгулова Маржан Ясыновна, Қоғамдық пәндерді дамыта оқыту технологиясы арқылы студенттердің танымдық белсенділігін арттыру

Мақала авторы: Казыгулова Маржан Ясыновна
Жұмыс орны: Гуманитарлық колледж
Лауазымы: қоғамдық пәндер оқытушысы
Порталға жариялану мерзімі: 06.10.2016


Білім беру жүйесін дамыту: тәжірибелері, мәселелері, шешу жолдары

         Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінің  басты міндеті – білім берудің жаңа технологияларына өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу, жеке тұлғаның дамуына жағдай жасау, өмірге жан-жақты даярланған тұлға етіп шығару. Оқу әдістерін жетілдіру үшін жас ұрпақтың ой еңбегін, өз бетінше жұмыс істей алу белсенділігін, алға қойған мәселені шеше білу қабілетін арттыру мақсатында оқу үрдісінде компьютерлерді және ақпарат  технологияларын кеңінен қолдану керек.

        Қазіргі өзгерістерге толы қоғамда оқу орнының негізгі міндеттерінің бірі – осы өзгерістерді тарихи даму тұрғысынан түсіндіру, көмектесу. Ал түсіндіретін пәндер – тарих, қоғамтану, құқық, экономика және басқа да қоғамдық пәндер.  Адам баласының ғылыми дүние танымын, көзқарасын қалыптастыруда қоғамдық пәндердің маңызы зор. Дүниені, дүниедегі құбылысты, өзгерісті жан-жақты түсіну үшін өткен өмірімізді, тарих беттерінің өткен кезеңдерін, ондағы тарихи деректерді білуіміз керек. Қоғамдық пәндерді оқытып білдіре отырып, жеке тұлға санасына дұрыс дүниетанымды қалыптастырамыз, қоғамда болып жатқан өзгерістерге ғылыми түрде түсіну қабілетін дамытамыз. Оқытуды әрі қарай дамыту, жетілдіру үшін жере тұлғаның ой-еңбегін, өздігінен жұмыс істей алу белсенділігінің , алға қойған мәселені шеше білу, қабілетін арттыру мақсатында оқу үрдісінда жаңа технологияны кеңінен қолдану керек.

         Студенттердің танымдық іс-әрекеттерді жоспарлау және ұйымдастыру біліктерінің қалыптасуына оқу-танымдық тапсырмаларды шығармашылық тұрғыдан шешудің маңызы зор. Танымдық тапсырмаларды орындау шығармашылықты, ізденімпаздықты талап етеді.

        Танымдық іс-әрекетте ізденімпаздықпен жұмыс істеу  — алдымен мақсатты дұрыс қойып, жоспарлы әрекет етуден басталады. Мақсатқа, нәтижеге жетуде жоспар екі  негізгі бағытты қамтуы керек: проблема жүйесі және оның шешу жолдары. Танымдық тапсырмаларды шығармашылықпен шешу үшін алдымен жоспарлау және ұйымдастыру бірлігінің болуы шарт. Бұл біліктер тек қана оқу танымдық тапсырмаларды орындау да үлкен рөл атқарады.

          Танымдық іс-әрекет  — жеке тұлғаның білімге деген өте белсенді оқу-ой әрекеті. Осы іс-әрекетті жетілдіру қажеттігі педагогтар мен психологтардың еңбектерінде айтылған. Сократтың өзі-ақ оқыту барысында оқушының танымдық іс-әрекетін  арнайы басқарудың маңыздылығын атап көрсеткен еді.

         Ұлы педагог Ы.Алтынсариннің пікірінше, педагогикалық жұмыстағы ең шешуші нәрсе: мұғалімнің ең жақсы оқыту әдістерін таба білуінде, балалармен дұрыс сөйлесе білуінде «үлгілі, дұрыс бағыты жолға қойылған мектеп оқушыларды қызықтырып, оларды мәдениетке, өз ортасын тануға, ой еңбегін тануға, ой еңбегін үйретуге тиіс».

         Ш.Құдайбердиев білім беруде оқушының ойлау белсенділігін, ақыл парасатын дамытуды басты бағдар деп таныды. Оқытудың әдіс-тәсілдеріне уақыт деңгейі тұрғысынан қарап, білім алудың өнегелі жолын көрсетті. «Оқыту мен үйрету зорлау, күштеу емес, баланың дербес ерекшелігі мен бейімділігіне қарай жүргізілсе дұрыс болады» — деп көрсетті. Жүйелі, дұрыс ұйымдастырылған танымдық әрекетке түрлері нәтижесінде шәкірттің білімі, біліктілігі кеңейіп, танымдық ізденімпаздығы қалыптасады. Студенттердің жұмысты шығармашылықпен ойлауы, оны ұйымдастыра білуі, танымдық іс әрекет түрлерін таңдап, оны жоспарлай білуі, ізденімпаздығын арттыру қазіргі кездегі көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр.

         Технология – жеке тұлғаны дамытуға негізделген мақсатты педагогикалық жүйе. Ал дамыта оқыту тарих сабағында  ауызша баяндау арқылы білім беретін пән. Қоғамдық пәндер тарих, қоғамтану, экономика негіздері сөз сабағы, сол себепті студенттердің өздігінше, көбіне жеке жұмыс атқаруына қолайлылығын, сызбалардың, кестелердің қолданылуы керектігі ескеріледі. Сабақ түрі жаңа заман талаптарына сай өзгеріп, жаңарып отырса, оқушыларға оның әсері мен ықпалы ерекше болады. Бұл үшін өз сабақтарымда жаңа технологиялық оқыту бағдарламаларының дамыта оқыту әдісін таңдап алдым.

           Сабақ – оқытудың негізгі үрдісі. Оны есте қалдыру, жеке тұлғаның санасына терең сіңіру әрбір мұғалімнің өзіндік шеберлігін қажет етеді. Сондықтан пән мұғалімдері  қазіргі оқытудың  тиімді әдіс тәсілдерін, жетістіктерін пайдаланып, сабақтың сапасын, ғылымилығын арттырып, оқушының өзіндік ойлау қабілетін дамытып, ізденіске, шығармашылыққа бағыттауы қажет. Өзімнің жұмысымда «дамыта оқыту технологиясы арқылы» сабақтарымды өткізіп жүргендігім жайлы және оның нәтижелерін ұсынғым келеді. Бұл жоба ең алдымен маған сабақ жоспарын жазуыма еш қиындық  туғызбайды, көптеген жоспарлау жұмыстарын жеңілдетеді. Ал оқушылар болса, жаңа тақырыпты өзінің ізденуі арқылы шығармашылыққа, ізденімпаздыққа ұмтылады, мұғалімнің көмегінсіз әрекет ете алады. Үй тапсырмасын орындауда көп ізденіп, қосымша әдебиеттерді  пайдаланып жауап береді. Сондай-ақ берілген тапсырмаға өздігінше мәнжазба, баяндама, зерттеу, саралау тест жұмыстарын жүзеге асырады.

       Қорыта келгенде, егер мұғалім сабақты қызықты, тартымды өткізіп, үнемі баланың ізденісіне көңіл бөлсек, тұлғаның ойлау қабілеті дамып, танымдық белсенділігі артады.

       Бұрыңғы оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық рөл берілсе, қазіргі технологияларда студент белсенділік көрсетуі тиіс, мұғалім бағыт беруші, ал тұлға өздігінен оқып білім алуы керек. Сол арқылы студент ізденіп, өз қажеттігін, өзі таңдаған  жолында іскерлікпен жетістікке жетуге мүмкіндік алады. Ал мұғалім әрбір жеке тұлғаның қызығушылығын және шығармашылық қабілеттерін ашуға көмектеседі. Ұлы тұлғалардың бірі Н.А.Рубакин: «Нағыз білім атаулыға өздігінен іздену арқылы ғана қол жетеді» десе, ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз» дей келе мәселенің түйінін шешу жолдарын ойластыруда, танымын арттыруға аса көңіл бөлу керектігін айтқан.  Оның маңыздылығың байқалу жолдары:

  • Жеке тұлға еркін ойлау қабілетін дамыту арқылы таным мақсатына жеткізетін сұрақтар туғызу және оларды анықтау;
  • Жаңа білімді игеру жолдарын іздестіру;
  • Жаңа білімді өздігінен іздену, қосымша құжаттармен, деректі материалдармен жұмыс істеу дағдысын, нақтыландыру, тереңдету;
  • Іздену мәселені дамыта жан-жақты шешуде жаңа білімді игеру кезіндегі пайдаланатын әдістерді меңгеру;
  • Таным белсенділігін дамытатын мәселелер ойлау белсенділігін арттырудың амалы ғана емес, көп жағдайда адамның қабілетінің ашылуына және қай бағытта дамып келе жатқанын да анықтайды.

           Дамыта оқытудың негізі – оның мазмұнында, оқытудың түпкі мақсаты-тек қана білім алу ғана емес, сонымен қатар жан жақты даму болып табылады. Бұл жобаның түпкі мақсаты: ғылыми танымның нәтижелерін игеру, оқушыларды ғылым негіздерімен қаруландыру, оларға тиісті іскерліктермен дағдыларды меңгерту. Сонымен қатар білімге құштар, ой өрісі жан-жақты  дамыған, демократиялық қоғамның азаматын тәрбиелеу.  Ол үшін төмендегі қағидаларды берік ұстанамыз:

    — жеке тұлға мен оқытушы арасындағы тепе-теңдік жағдай;

    — жеке тұлға мен оқытушы арасындағы өзара сыйластық, бір-бірінің үйренуіндегі және үйретудегі көмегінің маңыздылығы;

    — сабақта шешуші рөл оқытушы емес, керісінше жере тұлға екендігі туралы пікір қалыптастыру

    — әрбір жеке тұлғаның  білім дәрежесін басқамен   салыстыру емес, жеке тұлғаның  нәтижесін, бүгінгі мен ертеңін кешегі нәтижелерімен салыстыру арқылы дамыта оқыту.

            Қоғамдық пәндерді оқыту барысында жас ұрпаққа білім беруде білімділік, дамытушылық, тәрбиелік міндеттерді жеке тұлғаның дамыту белсенділігін дамыта оқыту технологиясы арқылы дамытсақ, жас ұрпақтың бойына жоғары белсенділікке, адамгершілік қасиеттерді, олардың дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру мүмкіндігі артады. Дамыта оқыту технологиясы арқылы жеке тұлғаның  танымдық және ізденіспен, шығармашылық қабілеттерін дамыту барысында өзіндік ізденгіштік, мақсаткерлік қасиеттері мен білім сапасының көтерілуі байқалды.

         Қоғамдық пәндерде дамыта оқыту технологиясы  арқылы студенттердің танымдық белсенділігін арттыра оқытудың тиімділігі зор.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Білім туралы » Заң
  2. Т.Тұрлығұл. «Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі». Алматы, 2003 ж
  3. Б.Тұрғынбаева «Дамыта оқыту технологиясы». Алматы, 2007ж