Жастар мәселесі

Адам және қоғам
Айкимбаев Данияр Талгатович, Жастар мәселесі

Мақала авторы: Айкимбаев Данияр Талгатович
Жұмыс орны: №45 орта мектеп
Лауазымы: Директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары
Порталға жариялану мерзімі: 02.01.2018


Тірлікті жатқан қоздатып

Мен мынау Ата-жердеймін.

Жанымның отын маздатып,

Түнде де дамыл көрмеймін.

Қалғыма, әлем, мен саған

Бәрібір тыным бермеймін.

Т.Айбергенов

         Заман өзгерісі әрқашан да жаңа ұрпақтан танылатыны бұрыннан белгілі. Бірақ сол ұрпақ өз көзқарасын қалай өзгертетіні – ауқымды мәселе. Оны шешу үшін осы күнгі жастардың өмір салтына, өзіндік құндылықтарына үңілейік. Олар өткен заман құндылығынан өзгеше ме? Әрине, иә! Өзгермек түгіл тіпті басқаша болып кеткен.

Бұрынғы кезде, ата-анамның, жалпы ересек адамдардың айтуынша, адамдар достық, махаббат сынды сезімдерді жоғары бағалаушы еді. Әрине, қазіргі жастар да осы құндылықтарды құрметтегенімен, онысы өмірде айқын білінбейді десек, артық айтқандық емес. Себебі қазіргі жастардың көпшілігі рухани байлықтан гөрі өмірдің материалдық жағын маңыздырақ бағалайды. Екі ұрпақтың ең басты айырмашылығы осында шығар. Бүгінгі біздің нарық заманында адам баласының талаптары сол нарыққа байланысты. Қазіргі күннің жастары таң сәріден кешке дейін, кейде тіпті күн батқанға шейін еңбек етіп, қыруар ақша табуды өмірдің мәні деп біледі. Алайда ешбіреуі қарапайым жұмысшы болғысы келмейді. Олардың алдарына қойған мақсаттарын мұзарт шыңға теңеуге болады. Мақсатына жету үшін қолынан келгеннің де, келмегеннің де бәрін жасауға дайын. Құйрықты жұлдыздай ғарышта зымырап, бүкіл жерді айналып өту – ХХІ ғасыр жастарының арманы. Осыған көзіміз жетіп жатқаны да рас. Алайда аға буынның жастарға көңілі толмайтын кездері де аз емес. Неліктен?

Ең алдымен, жасөспірімдер ата-бабаларымыз қалдырған ақылға толы нақылға көп құлақ аспайды. Кейде байлық – өмірдің мұраты емес екендігін ұмытып та кетеді. «Қорада малың болғанша, далада талың болсын» деген нақыл атам қазақтың табиғаттағы тепе-теңдікке баса көңіл аударғанын көрсетеді. Ендеше, бұдан неге сабақ алмасқа?!

Бабаларымыздың бізге қалдырған баға жетпес асыл мұрасы – тіліміз бен діліміз, әдетіміз мен салтымыз, тағылымымыз бен тәліміміз. Бұл құндылықтардың жастар бойынан табыла бермейтіні де анық, сондықтан «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» дегенді де назарға  алмаса болмас.

Әрине, қазіргі жастар, еліміздің нұрлы келешегіне баланғандар, ХХІ ғасырдың ұрпағы болғанын асқан мақтанышпен айтады. Жаңа заманға лайық жаңа дәстүрмен өмір сүреді. Бірақ жаңаның бәрі ескінің сынығы ғой! Сондықтан құндылықтарды жаңғыртып, өзара сыйластық пен жарасымдылықты өмірдің басты мәні етелік! Өйткені, менің ойымша, өмірдің шынайы мәні – бұрынғыны қастерлеу, қазіргіні бағалау, болашақты ажарлау.