Дін мен дәстүрден теңдік іздейік

Дінтану
Ақбура Ақтөре, Дін мен дәстүрден теңдік іздейік

Мақала авторы: Ақбура Ақтөре
Жұмыс орны: Қарағанды облысы
Лауазымы: Дінтанушы
Порталға жариялану мерзімі: 30.07.2018


Аса рахымды,  ерекше мейірімді  Алланың атымен бастаймын.

Адам — әуел баста Ұлы  Жаратушының ерекше махаббатымен жаратқан теңдессіз жаратылысы, бөлекше ақыл иесі еді. Ал қазір ғаламды алапат қатерлерге тіреген түйткілдің түбірі болып тұр. Әрине бәрі емес. Құдайым өзі сақтасын.

Кейбір адамдардың осыншалық төмендеп, қиратушы күшке айналуына нәпсі қалауын құрықтай алмай, адамдық мұратынан айырылуы себеп болды. Нәпсі шайтан талайларды тура жолдан тайдырды. Тіпті өздерін өркениетті, дамыған ел санайтын әйдік елдердің кейбірі бір  жынысты неке тәрізді азғындықты заңмен қорғап, шайтан қамалмен мықтап бекітіп алды. Ал алпауыт күшке ие державалар саяси ойын тақтасындағы көпе-көрнеу озбырлық пен жымысқы жүрістері арқылы бірнеше жұрттың туырлығын тіліп, өз тұтастықтарын өздеріне ойран еткізді.

Тыныш елдің берекесін қашыру, іштен бүлік шығару осы ғасырдың байлық жолындағы жорықтарының ең басты тактикасына айналып отыр. Қазақ «іштен шыққан жау жаман» деген. Бұл тарихтан түйген түйін еді.

Айдаһар жұрт айдап салған жоңғар шапқыншылығы кезіндегі шашырау, патшалық Ресей заманындағы ыдырау, Кеңестік империяның тұсындағы қыл бұрау құлдық санаға дейін сүйреледі.

Аз уақыттың ішінде экономикалық және елдік қалыптасу тұрғысынан өрлеген тәуелсіз ел болғанымызбен сол бір құлдық сана ұлттық құндылығымызды жегі құрттай жеп жатыр. Әлемдік қамқор күштердің арқасында ол тіпті ұлттық негізгі тіректерімізді шайқалта бастағалы қашан.  Ең қауіптісі оның қорғаны жалпы жаһандық өркениеттің жетістігі саналған ұстанымдар болып тұр. Көзің көріп, жаныңа батады бірақ шарасызсың.

Бір тықырдың таянғанын ұлттық имуннитеттің соңғы тірі жасушалары сезсе керек. Шымырлап әр жерден түйнектеліп бой көтерген қан түйіршіктеріндей бірігудің қажет екенін түйсіне бастаған тәрізді.

Бір кездері «Оян қазақ» деп дабыл қаққан ұлт жанашырлары көтерген алаш туының астында бас қоса алмаған момын жұртым  бейғамдық пен кеңдіктің де бір кемдігі болатынын көздерімен көре бастады. Көрмеске жол да қалмай барады. Сол себепті елдік мұрат, біртұтас татулық, ұлттық болмыс мәселесі әр қазақтың терең ойлап, бір қаракет жасау керектігін анық сездірді.

Өткен ғасырдың бастауында кеңестік идеологияға иланам деп тұтас ғасырға жуық тоталитарлық торда тұншыққан елім, жаңа ғасырдың алғашқы ондығында-ақ  жаһандық рухани мешелдіктің жұтқыншағынан көріне бастады. Бұл қауіп көп елге ортақ болса да біз үшін ата тарих кешірмес сынақты сәт.

Патшалық империя қазақ елінің алтын тамырына іріткі салып, ру-руға бөліп бас біріктірмеді. Кеңестік жүйенің шіріткен жемісі тілі шұбарланып, ділінен жұтап, түбінен түңілген жартылай мәңгүрттенген қазақ болды.  Ал тәуелсіздіктің тұғырына қонып тұрып, ең соңғы сүйенішіміз болған дінге бөлінуіміз қатерлі болып тұр.  Шоқынып, тасқа табынғандарға «ат айналып қазығын табар» деп шабыла қоймадық. Арқандаулы ат айналып қазығына оралатыны түсінікті  болғанда, бағусыз бос кеткен елдің болмысы жат болып ораларын өз уақытында түсіне алмадық. Түсінгенде, мыңдаған қаракөздер өздері-ақ бас қосып өзге дінді насихаттайтын уағыз конференциялар өткізбес еді. Аллаға серік қосып, тас мүсінге табынып тұрмас еді. Бауырлас туыстары дәрменсіз күйде қапа боп қалмас еді. Іргеңнің сөгіле бастағанын көрген соң да бір әрекет жасағанда олардың артынан тағыда шатасқан бауырларымыз шұбырып ермес еді. Ең сорақысы бір сапта намазда тұрған ниеттес мұсылмандардың арасына жік түспес еді ғой.

Асыл дініміз қуатында болғанда осы бір қасіреттер болмас еді.  Өкінішке орай осының бәрі жеті ағайынды жұттай жұтынып тұр. Қазақы салт-дәстүріңді өз жанында толық түсіне алмайтын орыс тілді ағайынға түсіністікпен қарайтын едік. Ал ел ішіндегі қара қазақтың бір құбылаға қарап тұрып екі түрге құбылуы, дәстүріңе қарсы дәлел іздеп, дін үшін шаһид боламын деп шала бүлінуі елдігімізге үлкен қауіп-қатер төндіріп отыр. Әрине бұл бауырларымыздың артында олар өздері де бағамдай алмайтын теріс пиғылды топтардың барлығы бәсенеден белгілі.

Жасампаз қазақ мемлекеті үшін этникалық құрам мен тілдік теңгерімсіздіктің мәселесі де өте күрделі болатын. Ендігі өз ішіміздегі діни алауыздық пен өз түбіріне балта шауып, өткенге тас ату өте қауіпті құбылыс болып тұр.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Діни экстремизммен күрес дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс. Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет» деді. Мемлекеттік биліктің таяқтың екі ұшын да ескеріп екшеген сарабдал саясаты діннің маңыздылығын меңзейді.

Жалпы алғанда ежелден дінмен үйлесіп қалыптасқан салт-дәстүрімізді дін шарттарына сай емес деп ойлайтындар көбіне орта буынды орыс тілді қала қазақтары мен әсершіл ауыл жастары десе болады. Бірі дәстүрден бейхабар, енді бірі діни сауатсыз болып отыр.

Ислам дініміздің шарттарын сақтай отырып, ғасырлардың сүзгісінен өткен салт-дәстүрімізді сыртқа тебу рухани жаңғыру алдындағы тоқырау сынды. Ақиқатында жастардың қандай жолдармен болмасын Аллаға бет бұруы дінсіздік үстемдік еткен қоғамның көктегі жарық бір сәулеге талпынуы деп түсіну керек. Тек осы талпынысты дұрыс игере алмай отырғанымыз бәріміз мойындау керек шындық тәрізді.

Қазақ халқы ежелден жақсылықпен жарысқан, не нәрсе болса да саф алтындай мінсіз тазасына ұмтылатын ел болатын. Қазіргі қайта түлеу кезеңінде Алласына деген ынтық жүректері заман шиырлаған дәстүр мен дін арасындағы хаоста тұрғандай. Ол бос кеңістікті басқа діннің секталары мен исламдық адасқан ағымдар белгілі бір мақсаттармен толтырып тұр. Ал бейбіт сипаттағы ислам дінінің өзінен басқа Қазақстанда арнайы  тіркелген 45 діни конфессияға бәсекелестікте жұмыс жасауы да оңай емес екені түсінікті. Сондықтан халықты немесе діни басқарманы біржақты кінәлау орынсыздау. Дегенмен де билік пен дін басыларының, жеке сенім мен ұлттық мүдденің төрт құбыласы тең әрекеттегі тұтас бірлігі керек екені анық болып тұр.

Ұлттық мүдденің ең негізгі тірегі ұлттың санасында қатталған ұлттық таным түсінікпен екшеліп, Хақ дінімен тексеріліп төл мәдениеттің мәйегіне айналған ұлттық салт-дәстүріміз екендігіне еш күмән жоқ.

Дала өркениетінде әу баста да ханифтік таза діннің болғаны белгілі. Сол себепті ислам діні қазақ халқының дәстүрімен өзара үйлесіп жүректерге ықтиярлы түрде тез әрі берік орнықты. Бұл дәстүрдің туралығының айғағы.

Бодандық дәуіріндегі діннен аластау, көшпенді өмірден отырықшылыққа көшу, ұлттық тамырларға балта шабу біртіндеп дәстүрдің әуел бастағы сипатына  селкеу түсірді. Дұрыс зерделегенге біздің дәстүріміздің өзегі исламда жатқанын көру қиын емес.

Дәстүрден бидғат іздеп ұлттық тұтастыққа сызат түсіру Аллаға қарсы келу десе де болады. Ұлт туралы «Хужурат» сүресінде: «…Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық» деп айтылған. Яғни, Алланың адам баласын ұлттар мен руларға бөліп жаратуында үлкен хикмет бар. Сондықтан ұлттық ерекшелік пен ұлттық болмыс өз табиғатында сақталып, қорғалуы керек. Дінді насихаттағанда  халықтың таным түсінігін ескере отырып, қиындатпай орта жолмен жүру керектігін Алла Тағаланың Өзі «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», — деп ескерткен. Сол себепті дәстүрімізді дінімізден бөліп қарау, мойындамау діннің талаптарына белгілі бір деңгейде қырын қарау дегенге саяды. Дәстүрдің озығы да, тозығы да болады десек те біздің салтымыздың дінімізге тікелей қайшы келетін жерлері жоқ десе де болады.  Халқымыз үшін дәстүрдің Ұлы Жаратушы белгілеген өлшемдердің шеңберінен шықпауы негізгі шарт болғаны шүбәсіз. Тәубе деп жантайып, шүкір деп оянған қазақ елі туралы басқаша ойлау мүмкін емес.

Бүгінде қазақ елі туралы өзіміз де өзгелерде қаны таза, кеңпейілді, қонақжай, бауырмал деген оң пікірлермен бірге аңғал, момын, жалқау, талапсыз дегендей  жағымсыздау пікірде. Осы қасиеттерімізді дәстүр мен дін таразысына салып бағалап көрелікші.

Қанның тазалығы ананың ақ сүті, атаның ақ жолы мен ақ тілегі арқылы  келді.  Ақ сүт адал астан, бойдың тазалығынан (ертедегі текті аналарымыз сәбиін дәретсіз емізбеген) болса, ақ жол ораза намазын қаза қылмаған ата-баба салты болатын. Жеті атаға дейін қыз алыспау қан тазалығын сақтаумен қатар қазіргі сан түрлі қауіпті ауруларға жол бермейтін, медицина мойындаған ақиқат. Ал текті жұрттың тілегі ұрпақ берсең қайырлысын бер деп келетін еді.  Өйткені,  Құранда не тілесең де қайырлысын тіле деген.

Кеңпейілді қонақжайлылық пен бауырмалдылық ежелден қазақтың қанында бар асыл қасиеттер.  Алла не берсе де пейіл ниетіңе қарап береді деп білетін еліміз келер ұрпаққа «Алладан тілегеннің екі бүйірі, адамнан тілегеннің екі көзі шығады» деген аталы сөз қалдырған. Пейіліміздің кеңдігін кемдік көріп момын, аңғалға балап ақ ниетімізді бағалай білмейтіндер де, асыңды ішіп, сырмағыңды тіліп  пайда  іздейтіндер де баршылық. Бірақ көктен түскен әрбір әмірді қанына сіңіріп, өмірінің өзегіне айналдырған асыл елім бәріне сабыр қылады.  Себебі, «Сабыр-иманның жартысы», ал иманы бардың – ақыретке жиғаны бар деп,  Алланың: «Расында, Алла тағала сабырлылармен бірге» («Бақара» сүресі, 153-аят) деген сөздерін медет тұтады.

Сәбә сүресінің 39-аятында «Аллаһ жолында не жұмсасаңдар да,  Аллаһ Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» десе, қазақ қолы ашықтың жолы ашық деген. Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ» — деген.  Ал қазағым оны қара өлеңінде «Қонақ келсе есікке, жүгіре шық кешікпе. Қарсы алмасаң қонақты, кесір болар несіпке» деп зерделеген.

Қонақжай жұрттың қонағы негізінен туыстары болып келеді. Туыс деген қазақ үшін жеті ата аралаған өз жұрты, нағашы, қайын жұрты, құда-жекжаты және де тілектес дос, көрші-қолаңы. Оның көптігіне пейілдерінің кеңдігі де жетеді. Дініміздегі туысымен байланысын үзген адаммен Алла тағала да байланысын үзеді, көрші ақысы-тәңір ақысы деген ескертпелер қазақ ортасындағы туыстық бауырмалдық сезімнің негізгі тірегі. Осы бір туыстық қатынастар мен бауырмалдылықтың әлі де болса өз күшін жоймауы қазақ халқын  жаһандануға жұтылып кетуден  сақтап тұрған қорған. Ал діннің де негізгі көркі мен тірегі мұсылманның мұсылманға бауыр болуы емес пе.

Ислам діні жамағатпен бірге құлшылық жасау, көппен кеңес құру, ауызбірлікте  болу адамдардың өздері үшін жақсылық екенін уағыздайды. Осы негізбен қазақ елі әрқашан берекені бірліктен, келісті істі келелі кеңестен іздеп отырған.  «Ел іші алтын бесік» деген ақсақал қарттарымыз тентегін тектеп, жетімін жетектеп ел қатарына қосқан.  Ұл-қызының өресін арттырып, салт-дәстүрін ұқтырып, дәріптеп, жаңғыртып отырған. Содан болар ата-дәстүрі мен аталы сөзді ешкім аттап кетпеген. Ал қазір сол ел іші деген ұғым әлсіреп кетті. Заман тез өзгеріп, жастардың бәрі қала жағалап кетті. Не көріп, не істеп жүргендерін саралауға шама жоқ. Күн-көріс үлкенді кішінің аузына қаратқандай жайы бар. Кейбір шала сауатты бауырларымыз ақиқат дін мынау, дәстүрің дүдәмәл деп ел ішін дүрліктіре бастады. Екі жақта да бір кем дүние бар. Жастарда дәстүрдің сабақтастығы жоқ болса, дінсіз қоғамда тәрбиеленген үлкендер жағында дінге үрке қараушылық бар, бетбұрыс жоқ. Содан барып дін мен дәстүрдің сабақтастық мәселесі көтеріле бастады.

Қазіргі қоғамдағы дін мен дәстүрдің тартысына жиі түсіп жүрген тақырыптардың ең бастылары діндегі сенім, мәзхаб мәселесі және де қыз баланың тәрбиесі мен өсіп өнуі, отбасылық қарым қатынастар.

Негізі сенім мен мәзхаб мәселесі қазақ үшін ешбір дау тудырмайтын дүние болса керек еді. Ата-баба сенімінде шикілік бар десек, дәл бүгінгідей мешітте мыңдаған жастарымыз сап түзеп тұрмаған болар еді. Қанша дегенмен алдыңғы буынның ықпалы болғаны даусыз.  Қазіргі жастар аспаннан түскен жоқ. Исламдағы төрт мәзхаб та мақұлданған дұрыс жол. Ал біртұтас елің ұстанған жолдан тайқып басқасына қосылу бүліктен басқа ештеңе бермейді. Жүрегің ауратын жайттар баршылық. Мешітте намазда тұрған бауырларымыз әу баста Алланың разылығы үшін имамға ұйып тәкфір айтады да намаз ортасында ол уәдесін бұзады. Иә, әрбір дауыстап оқылатын парыз намаздарының басында имам фатиха сүресінен кейін «амин» дұғасын іштен айтуды өтінеді. Бірақ жамыраса шыққан қарсылықты дауыстар іштен шыққан бүліктей, бір жамандықтың белгісіндей зілді естіледі. Сонда ол бауырларымның имамға ұйығаны қайда қалды. Жұма намазының парызынан кейін дұға, баталарға қол жаймастан жамағат қатарынан сытылып сыртқа ұмтылған бауырларым тәнімнен бір-бір жапырақ ет кесіп алып бара жатқандай сезіледі. Құлшылығыңның берекесі кетеді. Мен олардың намаздары қабыл болмай кетті ма деп қорқам. Әрине, анығын бір Алла біледі. Дегенмен де Алла тағала көпшіліктен бөлінбеуді, имамға бағынуды бұйырады. Ал басшының, үлкеннің сөзіне тоқтау не болса да ши шығармау, ұйыған бірлікте болу ұлтымыздың ұлық санаған дәстүрі еді ғой.

Ертеде «әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп жасы үлкеннің жолын кеспек түгілі сөзін бөлмеген есті ел едік. Қазір оның да күші кеміп кетті.

Дінді дұрыс түсінбей осы бір сый құрметті төмендеткен өзім көрген жағдайды  айтайын. Бір саналы деген намазхан досым айтады мешітте алдыңғы қатарда отырғам бір жасы үлкен кісі келіп, балам орын бересің ба деген де мен бермей қойдым дейді. Мен таңқалып неге десем, мешітте кім бірінші келіп отырса, сол орын соған тиесілі деген хадис бар деп екіленеді. Ондай хадис барын білмесем де оның бұл қылығын  қабылдай алмадым. Есесіне Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген хадистерін оқыдым. Дәстүрлі тәрбие әлсіреді ма, дінді таратып түсіндіру кем болды ма, әлде адамның өзімшілідігі көкірегін көтерді ме білмедім.

Жалпы дәстүріміздегі қыз бен жігіттің құда түсіп табысуынан басталатын, ақ тілекті той, отбасы құндылықтары, жүкті болу, бала тәрбиесі, адами қарым-қатынастар, жан байлығы, азаматтық және де  ата-аналық мақсат міндеттерге негізделген өмірдің мәні жөніндегі қағидалардың барлығында асыл дініміздің өлшемдері болғаны көрініп тұрады. Оған ешкімнің қарсы дауы болмауы керек.

Бір дәстүрдің сәл-пәл артық кеміне бола оны толықтай күстаналаудың реті жоқ.  Мысалы, қазақ елінің бақилық болған бауырын жоқтау салтын алайық. Шындығында дін пәтуасы бойынша адам қайтқанда жақындары бетін тіліп, шашын жұлып жылауы дұрысқа саналмайды. Бірақ қазақтың жоқтауының негізгі жолы тура осы деп айта алмаймыз. Асылында, дауыс салып жақынын жоқтау исламда қатты дәріптелген қазақы бауырмалдық пен туысқандық қимас сезімнің биік шыңы десе болар еді.  Себебі, жоқтаушы адам  жақынын шын Иесіне қимай тұрған жоқ, бар болғаны бауырынан  ажырап қалғанын мұң қылып  тұр. Дін мен дәстүріміздің айшықты кезіндегі жоқтауларда ата-текті, сый-құрметті бағалау, жалған өмір мен мәңгілік өмірдің мұратын насихаттау көбірек айтылған. Сондықтан жоқтау салты уағыз айтудың ұлттық үлгілерінің бір жолы болған шығар деп түйер едім. Ал бір кездегі дінсіз қоғамдағы Алласына тіл тигізе айтылған жоқтауларға халқымыздың өрелі дәстүрінің еш қатысы жоқ.

Мені қатты алаңдататын екі нәрсе бар. Бірінші, құрсағынан шыққан сәбиін қоқысқа тастап кеткен ана мен жетімдердің тағдыры. Екінші, Елбасына тіл тигізіп еркіндік деп өзеуреп елдігімізге селкеу түсіріп, ғайбат сөйлеп жүрген бауырларымыздың жайы.  Бір кезде жетімін жылатпаған, ері ел үмітін ақтаған, басшысына бағынған ел едік.  Қазір қандай күйдеміз. Ойласам тұла бойым шымырлайды. Тыңдаңызшы. Шетелдегі қазақ балалары бағдарламасының тілшісі:  «Шетелге сегіз мыңдай бала сатылыпты. Не айтуға болады. Құтты бір іргеңнен бірнеше ауыл үдере көшіп кеткендей» деп жанары жасқа толды.  Ойланайықшы. Қызымызды қырық үйден тыйып, тағдыр жазған жетімді әмеңгерлік салтымын туғандарының арасында жетілдірген текті жұрттың ұрпағы едік қой.

Құранның Ниса сүресінің 59-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бой ұсыныңдар, Елшіге және әміршілеріңе бой ұсыныңдар!» деген жоқ па. Неге бір сәт өзімізге қарамай ауыр міндет арқалап, қылыштың жүзінде жүрген еліміздің басшысы туралы бақталас елдің баласына еріп ғайбат айтамыз.

Қадірлі, ағайын, ел іргесі бүтін болсын десек дәстүр мен дінімізге теңдік іздеп, бірімізден біріміз кемдік іздемейік. Оны бәтуасыз бүлік сөздер толтыра алмайды. Кемшілік кімде болмайды. Алладан шын ниетпен тілеген қайырлы дұғалар ғана бағаңды арттырып, жаныңды жұтатып көңіліңді құлазытқан кем дүниеңді толтырады. Алланың көктен түсірген жібінен бірге ұстап, шын бақытқа бірге жетейік ардақты жұртым.