Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы бағалау саясаты

Білім берудің негіздері
Чекетаева Лаура Ануарбекқызы, Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы бағалау саясаты

Мақала авторы: Чекетаева Лаура Ануарбекқызы
Жұмыс орны: Н.Островский атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы
Лауазымы: Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 28.11.2016


12 жылдық білім беруге көшу мектептегі оқыту нәтижелерін бағалау  жүйесін қайта қарастырып, өзгеріс енгізілуде. Қолданыстағы бағалаудың  5 балдық жүйесі оқушылардың оқу жетістіктерін, олардың даярлық  деңгейлерін толық қамти алмайды. Қазір көптеген мектептерде  (1-сыныптан басқа) бес балдық жүйеге негізделген бағалаудың дәстүрлі

жүйесі сақталып келеді: 2 («қанағаттанарлықсыз»), 3 («қанағаттанарлық»),  4 («жақсы»),          5 («өте жақсы»). 5 балдық жүйенің орнына іс жүзінде 4 балдық жүйе қолданылады, себебі «бір» бағасы іс жүзінде қолданылмайды.

Бағалаудың бұл түрі мұғалімнің толық билігіндегі құралы болып  табылып, білім беруде авторитарлық әдіс қолданылады, мұғалім сабақтағы  жалғыз бағалаушы. Бес ұпайлық бағалау шкаласы — басқа да дәлдігі  жетіспейтін нормативтік бағалау құралы, бүгінгі күні сабақтағы бағалау  үрдісіне өзгеріс енгізу — мұғалімнің міндеті. Ол оқу үрдісінің түрлі  сатысында оқушының білімін, біліктілігін және сезімдерін айқындайды.  Бағалау үрдісіне қатысушылардың барлығы (оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар және әкімшілік) бағалау құралдарын, мақсатын, міндетін,  объектісін, қағидасын, әдістерін жақсы түсінуі тиіс. Бағалау үрдісі  оқушылар жетістігі үшін негізгі элемент болады: пәннің мазмұнын түсіну, білім алу, дағдыларды жетілдіру, жауапкершілік пен оқыту қызметіндегі  тәсілдерді қалыптастыру .

Бағалау саясаты оқу үрдісінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады.  Бағалау — бұл оқушылардың үлгерімі жөніндегі мәліметтерді жинақтау  және сараптау. Бұл ғылыми  ұғым. Оқушы көзқарасымен бағалау — сабаққа  оқушының ынтасын оятатын немесе қызығушылығын жоятын құрал.  Дәстүрлі білім беруде пән мұғалімі жалғыз өзі сыныптағы оқушылардың  жауабын бағалап келді. Оқушы жақсы оқыса, жақсы бағасын алады, мұнда  көбіне механикалық есте сақтау арқылы айтылған жауаптары бағаланады.  Бірақ түсінуі, білімді қолдана алуы сияқты тағы да басқа дағдылары  ескерілмей қалып жатқан кездер де болды.

Бұрын не үшін бағалады? Баға үй тапсырмасы үшін немесе бақылау  жұмыстары, тақырыптық тексерулер, тест жұмыстары, фронтальды сұрақтар қою т.б кезінде қойылды. Суммативті бағалаудың да маңызы бар: мұғалім жұмысының тиімділігін көрсетеді, оқушының қандай деңгейде  тұрғанын анықтауға мүмкіндік береді. Ал, кемшілігі оқуды бағалау үшін  жүргізіледі, оқушы мотивациясын азайтады, қателікті түзету үшін ақпарат

бермейді. Оқушы жұмысын бағалауда ақпараттың сенімділігі мен  дұрыстығы мұғалім өткізетін жиынтық бағалаудың негізгі ұстанымы  болып табылады. Сенімділік оқушының оқу үлгерімі туралы шынайы және  толық ақпарат беру дәрежесін білдіреді, ал дұрыстығы бағалау үшін  маңызды және түбегейлі болып табылатын барлық тұстарды бағалауды

талап етеді. Жиынтық (суммативті) бағалауды сапалы жасау мұғалімдердің жоғары шеберлігін талап етеді, мұғалімдердің формативті бағалауы  жиынтық бағалау талаптарымен бұрмаланбауы керек, ал бұл өте күрделі  мәселе. Мұғалімдердің көбі қалыптастырушы бағалаудың ынталандыру әрекетін көрсеткенмен, стратегияларын нақты көрсетпейді. Бағдаршам, бас бармақ, шапалақ, смайликтерді қолдану оқушыларды ынталандырады, дегенмен оқушы жұмысын түзету, жетілдіру үшін бұл әдістер маңызды  ақпарат, тиімді кері байланыс беру жағынан керемет емес. «Екі жұлдыз, бір тілек», «Плюс, минус, керемет»,  «жарық жұлдыз», «Колб циклы» т.б стратегияларын қолдану кезінде оқушылар қалай үйрену керек екендігін  үйренеді, өзара және өзін-өзі бағалау, жетілдіру жолдарын түсіне білуді дамыту жақсы жүреді.

Жаңартылған білім мазмұнында бағалаудың критериалдық жүйесі мұғалімге оқушының білімін, ептілігін  және дағдысын анықтап қана қоймай, сонымен қатар оларды оқушының функционалдық сауаттылығымен байланыстырып қарауға мүмкіндік береді. Критериалды бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда  қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленеді. Қалыптастырушы бағалау оқытуды, әдістерді және  осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған болса, жиынтық  бағалау мақсатты баға қою және сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту  қорытындысын шығару үшін қажет.

Критериалды бағалау бойынша мысалы формативті бағалауға тапсырма жасаған кезде оқу мақсаты /сабақтың мақсатындағы етістікті Блум таксономиясының қай сатысы екенін анықтап алу қажет. Яғни, ойлау  дағдыларының деңгейін сәйкестендіреміз. Оқу мақсаттарын ойлау дағдыларының деңгейімен және бағалау  критерийлерімен сәйкестендіру маңызды рөл атқарады. Оқу мақсаты — дегеніміз оқу бағдарламасына сәйкес пән  бойынша оқушының оқу барысында меңгерген білім, түсінік, дағды жетістіктерінің күтілетін нәтижесі арқылы  қалыптасқан тұжырым.

Берілетін тапсырма Блум таксономиясы бойынша сол ойлау деңгейінен асып кетпеуі шарт. Қолдану болса  тапсырмада одан жоғарғы талдау, жинақтау, бағалау бойынша тапсырмалар берілмейді. Блум таксономиясы  оқыту нәтижелерін жазу үшін жиі қолданылады, ол дайын құрылыммен және етістіктер тізімімен қамтамасыз  етеді. Етістіктерді дұрыс қолдану – оқыту нәтижелерін ойдағыдай жазып шығудың кілті. Бағалау критерийі де  оқу мақсатымен тығыз байланысты. Бағалау критерийі дегеніміз — білім алушылардың оқу жетістік деңгейлері  өлшенетін белгі, өлшем, негіздеме. Одан кейін тапсырма құрастырамыз. Бағалау критерийінен дескрипторлар  беріледі, яғни критерийді қадам бойынша ашамыз. Дескриптор – оқушының жұмысты қаншалықты жақсы  орындағанын бағалайтын тұжырым.

Мұғалім мен оқушылар арасында тиімді қарым-қатынас, өзара түсінушілік арқылы формативті бағалауды  сабақта қолданса, табыс критерийлерін оқушылармен бірлесе отырып құрса, оқушының да пәнге деген  қызығушылығы артады. Формативті бағалау үздіксіз жүргізіледі, оқушы қатесін түзетуге мүмкіншілік беріледі.  Сабақта мұғалім әрбір тапсырмадан кейін формативті бағалауды кіріктіріп отырса, Джон Хэтти зерттеулеріне  сәйкес оқушының оқуына әсер етуде жазбашаға қарағанда ауызша кері байланыс неғұрлым тиімдірек екені  ескерілсе, оқыту нәтижелі болады. Оқушылар да құрбыларын бағалауда бір-біріне құнды кері байланыс ұсына  алады және бір-бірінен үйренеді, бір-бірін қолдайды.