Бала тілін дамытудағы халық ауыз әдебиетінің маңызы

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
Захарьянова Гульбаршын Какановна, Бала тілін дамытудағы халық ауыз әдебиетінің маңызы

Мақала авторы: Захарьянова Гульбаршын Какановна
Жұмыс орны: ШҚО, Катонқарағай ауданы, Солоновка ауылы, "Балауса" балабақшасы
Лауазымы: Тәрбиеші
Порталға жариялану мерзімі: 05.01.2018


«Еліміздің ертеңі – бүгінгі  жас  ұрпақтың  қолында,

 ал  жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың  қолында»

                                                                                           Н.Ә. Назарбаев

 

Бала  тілін  дамытудағы  халық  ауыз  әдебиетінің  маңызы.

Қазақ  халқы  қай  уақытта  болмасын  ұрпақ  тәрбиесін   ұлттың  тағдыры,  ұлттың  болашағы  деп  білген.Сондықтан  тәрбие  мәселесіне  көңіл  бөліп,  болашақ  ұрпаққа  сапалы  тәрбие  беруді   басты  мақсат  еткен.

Соңғы кезде балалардың сөйлеу, тіл дамуының проблемасы өткір мәселе болып тұр. Неге балалар нашар сөйлейді? Мүмкін біз олармен сөйлесуді ұмытқандықтан болар. Ата-аналар балаларымен сөйлескенде мақал-мәтел, нақыл сөздерді сирек қолданады. Негізінде, халық ауыз әдебиеті адамдардың мейрім шуағын оятатын ғажайып қабілетке ие. Балалармен жұмыс жасағанда халық ауыз әдебиетін қолдану дегеніміз — баланың тілін, ойлауын дамыту, мінез-құлқын реттеу, адамгершілік , патриоттық  сезімдерге  ие жеке тұлғаны қалыптастыру.

Қазіргі  заман  талабына  сай  ұлттық  психология негізінде  қалыптасқан,  дені  сау,  білімге  деген  қызығушылығы  жоғары,  өздігінен  іс- әрекет  жасау  дағдыларын  меңгерген  тұлға  даярлап  шығару  мектепке  дейінгі  мекемелердің негізгі  міндеті.

Балаң  білім  жолын  қусын  десеңіз

Бесігінде-ақ  ілім  шоғын  көсеңіз.

Білім  үйрет  сәбиіңе  сарыла

Уыздай  ілім  сүттей  сіңер  қанына.

Сәбиінде  көкірекке  түйгені,

Өлгенінше  санасында  жүреді»,-  деп        Ж.Баласағұн  айтқандай,  балабақша  тәрбиешілеріне  өте  үлкен  де   жауапты  міндет  жүктелінген. Әлі  тілі  де  шықпай  келген  кішкентай  бүлдіршіндерді  тәрбиелеп,  оқытып,  мектепке  дайындау  аса  зор  жауапкершілікті  талап  етеді.  Балабақшадағы  сәбилер  жас шыбық  секілді,  қалай  майыстырса  солай  өседі. Сондықтан  да   тәрбиешінің  білім  дәрежесі,  мәдениеті, үлгілі  сөйлеу  тілін  меңгеруі  өте  маңызды .

Тіл – табиғаттың үлкен сыйы.Тіл арқылы адамзат тілдесудің үлкен мүмкіндіктеріне қол жеткізеді, қарым — қатынасын біріктіреді, және көзқарастарын қалыптастырады. Дүниенің қыр — сырын танып білуге жол ашады.Сондықтан, тілдің дамуына, әсіресе

 

мектеп жасына дейінгі бала тілінің дұрыс қалыптасуына ерте бастан ерекше мән берген жөн.

Бүлдіршіндердің ой — өрісін дамытуға, қиялын шарықтатып, тіл байлығын дамытуда ауыз әдебиет үлгілері — ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, ұлттық  ойындардың тигізетін пайдасы   ұшан — теңіз.

Өз тәжіребиемде, күнделікті оқу іс-әрекетінде және  одан  тыс  уақыттарда  да халық ауыз әдебиетін түрлерін  кеңінен қолданамын. Сонымен қатар бала тілін ,сөздік қорын молайтуына әртүрлі көрнекі құралдарды түрлендіре пайдаланғанды жөн санаймын.Өйткені олар арқылы балаларды қызықтырып,өзіңе тарту қиынға соқпайды.

Б. Момышұлы  атамыздың   «Ертегісіз  өскен  бала  рухани  мүгедек адам»,- деген  қанатты  сөзі бар. Шыныныда  да  ертегі  балаларды  төзімділікке, еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Балаларға  ертегілерді  үстел  үсті  театры, саусақ  театры, қуыршақ театры, көлеңкелі  театр арқылы сахналау өте  ұнайды және  олардың  қызығушылығы, қабылдауы  жоғары  болады.

Бізде  балалармен   түскі   ұйқыға   жатар  алдында  ертегі  айтып  беру  әдетке  айналған. Оған  балалар  да  үйреніп  алған, төсектеріне  жатқан  соң  ертегіні  күтіп  жатады. Жылдың  басында  ертегіні  біз  айтсақ   ,  II- жарты  жылдықта  балалардың  өздері  айтады. Бұл  жерде  балалар  ертегіні  естеріне  сақтап  қана  қоймайды,  олардың   тілі  дамиды,  бала  байланыстырып  сөйлеуді  үйренеді және  ойлау, қиялдау  қабілеттері  жетіледі. Балалар жағымсыз кейіпкерлердің жаман әрекеттерінен бойларын аулақ ұстап, жақсылыққа құмартады.

Ал халық  ауыз  әдебиетінің тағы  бір  түрі  жұмбақтар — баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой — қиялын ұштастыруға көп әсер етеді.  Мен  өз  тәжірибемде  жұмбақтарды  кең  қолданамын. Оны  оқу  іс- әрекеттерінде  де,  басқа  уақыттарда  да  қолдана  отырып  балаларды  жауабын  іздеуге  итермелеймін. Жұмбақтардың  жауаптарын  іздей  отырып  балада  ойлау  қабілеті жақсы  жетіледі.

Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр – жаңылтпаш. Балалар жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйренеді. Мен  осы ертегілерді  айтқызғанда, жұмбақтар,  жаңылтпаштарды  үйретуде  мнемотехника  әдісін кеңінен    қолданамын.

Бұл  әдіс баланың   суреттерге  қарай  отырып  сөздерді  айтуға,  есіне  сақтауына  жақсы  көмектеседі.

Балабақшадағы  тәрбиеленушілердің тілін дамытуда ұлттық ойынның орны ерекше. Халық педагогикасында ойындар өте көп және мазмұндарды да, бағыттары да бірін-бірі қайталанбайтындай сан-алуан, әрі қызықты. Олар, «Ақ серек,  көк  серек», «Тақия тастамақ», «Айгөлек», «Мысық пен  тышқан» , «Арқан  тарту», «Ханталапай» және т.б. Ойын ережелерінің балалар үшін үлкен тәрбиелік маңызы бар. Олар ойын барысын белгілейді, балалардың тәртібі мен іс-әрекеттерін  олардың өзара қарым-қатынасын бақылап, ерік-жігерінің қалыптасуына  ықпал етеді, тілін  дамытады. М: «Айгөлек»  ойынын  алатын  болсақ, ондағы

«Айгөлек – ау, айгөлек

Айдың  жүзі  дөңгелек

Ана  топтың  ішінен

….  деген  ұл(қыз) керек, -деп  кезек-кезек  қайталай  отырып біріншіден,  ойынның  ережесін  сақтайы; екіншіден  осы  сөздерді  жаттап  алу  арқылы  тілдері  дамиды.

Біздің  балабақшадағы  балалар  «Асық»  ойындарын  жақсы  көреді. Әр  түске  боялған  асықтарды кіші  топ балаларымен  түстерді  ажыратуда, заттардың кеңістікте  орналасуын  үйретуде  қолдансақ, одан  үлкенірек  балалармен   дидактикалық ойындарды  ұйымдастырғанда(«Қай  қатардағы  асық  көп?»немесе «Асықтарды санап  бер»т.б.) қолданамыз.Топішілік  сайыстар  өткізген  кезде  де жеңімпаз  алған  асық  санына  байланысты  анықталады.

Ұлттық ойындардың мазмұндық ерекшеліктері, біріншіден, баланың ақыл-ойының белсенді жұмыс істеуіне, дүниетанымының кеңеюіне, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруға  мүмкіндік жасайды.

Екіншіден, ойын ережелерінде жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін үлкен тәрбиелік мән бар. Ұлттық ойындар балаларға халықтың салт-дәстүрі мен тұрмыстық шаруашылық еңбегінен түсінік береді.

Үшіншіден, балалардың  қимыл-қозғалысын дамытып, дене тұлғасының дұрыс қалыптасуына мүмкіндік жасайды.

Төртіншіден, бала  қиялын, ақыл-ойын, дене қимылын дамытатын тәрбие құралы. Бесіншіден, ұлттық ойындар балалардың  тілін ширатады, зейінділікті, ұстамдылықты, ойлылықты, зерделікті ,кеңістікті бағдарлай білуді, әрекет үйлесімділігін, өжеттілікті, тапқырлықты, шапшаңдықты, төзімділікті, мергендікті, батылдықты дамытады.

Ертегі, әңгімені, өлең – тақпақтар мен жаңылтпаштарды, сондай — ақ мақал — мәтелдер мен жұмбақтарды мәнерлеп оқып беру мен әсерлеп айту – тек қана олардың сөздік құрамын байытып қана қоймайды, сонымен қатар, сәбидің ақыл — ойының жетілуіне әсерін тигізеді. Баланың әдепті, көргенді болып өсуіне ықпалы өлшеусіз, баланың Отанын, өз ұлтын, өз жерін сүюі, оны қадірлей білуі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің әсері деп білеміз. Өйткені, бала кітаптағы жағымды кейіпкерлерге еліктеп, ер атанғысы келіп, еркелікке, еңбекке құлшынып өседі.
Жас кезінде әңгіме, жырларды көп тыңдаған бала өз көрген — білгенін қиыстырып, тұжырымдап достарына, тәрбиешілеріне, ата — аналарына айтып бере алса, тіл шеберліктері артады. Мұндай жақсы қасиеттер баланың парасатты, инабатты, әдепті, еңбексүйгіш, көргенді болып өсуіне әсер етеді.

Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді қазақ  халқының   әдеби мұраларымен сусындатып тәрбиелеу қазіргі  заман  педагогтарының негізгі  міндеттерінің  бірі.Қазіргі  кезде  балабақша  қабырғасынан  бастап  үш  тілді  үйретудің  қолға  алынғаны  белгілі. Бірақ  та , қазақ  баласы ең бірінші  өз  ана  тілінде  сөйлеуі  тиіс  деп  ойлаймын. Ана  тілінде  сөйлеп, барлық  дыбыстарды  дұрыс  айтып  үйренгеннен  кейін  ғана  басқа  тілді  үйретсе  нұр  үстіне  нұр  болар  еді.

Халық ауыз әдебиетімізде халқымыздың түсінік, пайымы, тәлім-тәрбиесі бар. Бала тілін дамытуға халық ауыз әдебиетін орынды, жүйелі пайдалана білген әрбір тәрбиеші баланың санасын арттыра отырып, түсінігін кеңейтіп, ұғымын байытады. Ондай  балалардан  болашақта  елін,  жерін  сүйетін, тілін  ардақтайтын  жақсы  азаматтардың  шығатынына  сенімім  зор. Сондықтан  да,  мен  жас  ұрпақты  тәрбиелеу  жолында халық ауыз әдебиетінің  барлық түрі мен салаларын   тиімді пайдаланатын боламын,  бұл  менің  қоғам  алдындағы  міндетім  деп  білемін.