Әлихан Бөкейханов — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері

Тарих
Ревшенов Шынгыс Айтбаевич, Әлихан Бөкейханов — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері

Мақала авторы: Ревшенов Шынгыс Айтбаевич
Жұмыс орны: Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектебі
Лауазымы: Мұғалім
Порталға жариялану мерзімі: 18.02.2018


Қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырып, Алашорда үкіметінің төрағасы болған көрнекті қоғам қайраткері – Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлын білмейтін қазақ жоқ шығар? .  Бұл сөйлем сенімділікпен жазылса да, анығында, сенімсіздікпен айтылған іспетті? Неге десеңіз, жастар арасында бұл есімнің қолданысқа да, толғанысқа да түспей жүргені себеп болады. Кейінгі буыннан Әлихан Нұрмұхамедұлын танисыз ба деп сұрасаңыз, тосылып қаларына куә боласыз? Бұл ащы шындық…

Ресей империясының қарамағында қараңғылықпен өмір сүрген қараша халқына қайтсем білім мен мәдениет беремін, қайтсем тұрмысын көтерем деп талпынған саяси күрескер жайлы білмеу бүгінгі ұрпаққа үлкен сын.

Өткен ғасырдың қойнауында қалса да, ұлт-азаттық көтерілістің мән-маңызы мол болатын. Әлихан Нұрмұхамедұлы сол ұлт-азаттық қозғалыстың ұйымдастырушысы әрі көсемі болған. Халықтың сана-сезімін оятуға әрекет жасап жүріп, қуғынға түсіп, бірнеше рет түрмеге қамалған. Ақырында, 1937 жылдың тамызында тағы да тұтқынға түсіп,  кейіннен жалған жаламен өлім жазасына кесілген.

Ойлап қараңыз? . . Өмірдің сан қилы ауыртпалығының бәріне шыдап, бәріне төзу, мойымай тек мақсатыма жетем деп ұмтылу кез келген тұлғаның қолынан келмесі хақ. Мұның бәрі жеке басының қамы үшін дейсіз бе? Жоқ… Билік те, мансап та, атаққұмарлық та емес. Бұл қараңғлықта, бодандықта жүрген қаймана қазақ халқының қамы үшін болатын.

Жүрегі мен тілегін де, жаны мен тәнін де қазағына арнаған мемлекет қайраткерінің ерлігі, ерлік жолы – бүгінгі жастарға үлгі болуға тиісті.

Шүкіршілік… Тәуелсіз елде өмір сүрудеміз. Бодандықты көрмесек те, оқып-білудің өзі жан-дүниеңді елжіретпей қоймайды.

Тағылымның бәрі тарихта жатқандай. Қазақ ұлтының, қазақ қоғамының мүддесі үшін тер төккен, қан төккен тұлғалар – әр қазақтың жадынан орын алуға міндетті деп ойлаймын.

Әлихан Бөкейхановтың 152 жылдығын мемлекет тойлап өтер, еске алар… Бірақ мен де, сен де тойлайық – жүрегі қазақ деп соққан бүгінгінің бақытты жастары!

 

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,

Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектебі

Ревшенов Шыңғыс Айтбайұлы