Ағылшын тілі сабақтарында оқушыларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу

Ағылшын тілі
Альжикешова Динара Болатовна, Ағылшын тілі сабақтарында оқушыларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу

Мақала авторы: Альжикешова Динара Болатовна
Жұмыс орны: №68 МИББ кешені
Лауазымы: ағылшын тілі пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 21.02.2018


Қазақтың патриоттық, отансүйгіштік тәрбиесі-тереңнен тамыр тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетану көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр, мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпайынша, келер ұрпақты патриоттық отансүйгіштік тәрбиеге лайықты қалыптастырмайынша, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен қайратын жұмсайтын отаншыл азаматтарды, яғни нағыз патриоттарды тәрбиелеп шығару мүмкін емес.

Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу ісін жаңа мемлекеттік идеологияның аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде алға тартуының сыры да осында жатыр. Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде еліміздің тұтастығын, оны ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі жастарды отаншылдық, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеуді жүктейді.

Патриотизм- ол әрбір азаматтың бойында туа біткен сезім емес. Патриотизм Отанға деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік оның мүддесі үшін кез келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұрушылық. Қазіргі жағдайда патриотизм жаңа сипатқа ие болды, өйткені Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері өмір сүріп, «Қазақстан» деген мемлекетке бірікті. Міне, осы барлық ұлт өкілдерінде қазақстандық отансүйгіштік сезімді қалыптастыру қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.

Қазақ халқының ата-бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін келе жатқан рухани мұраның бірі — халықтық педагогика.«Халықтық педагогика — тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасын зерттеу негізіне халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, отбасы тәрбиесінің тәжірибелері жатады. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда — ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда — әсемдіқ тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек халықтық педагогика — тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, халықтың рухани мұрасы.
Ағылшын тілі біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Мемлекеттің халықаралық байланыстарының сапалық өзгерістері адамның практикалық және зияткерлік іс-әрекетінде шетел тілдерінің сұранысқа ие болу қажеттілігін туғызып отыр. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару — біздің қазіргі кездегі міндетіміз. Ағылшын тілін тереңдетіп, жан-жақты оқытуды қоғам, уақыт қажет етіп отыр. Қазақстан Республикасының тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі, ағылшын тілін жетік меңгертуді талап етеді. Бүгінгі қоғам мұғалімнің біліктілік деңгейіне де, ішкі жан дүниесіне де жаңаша талап қойып отыр, өйткені қазіргі күні ХХІ ғасыр ұрпағынан үлкен үміт күтілуде. Мектептегі басты тұлға — мұғалім, осы мұғалімнің алдында тұрған басты мақсат рухани жан дүниесі бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
Ата-баба мұралары негізінде тәлім-тәрбие барысында жеткіншектерді елжандылыққа, өз халқына деген сүйіспеншілікке, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа, кішіпейілдікке, елінің мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиелеу міндеті басты назарда тұрғандығы белгілі.
Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеуде шет тілін оқыту мен оқып үйренудің маңыздылығы және тәрбиелілік мүмкіндіктерін анықтауда елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы «Тілдердің ұштұғырлығы» мәдени жобасы басшылыққа алынды. Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеудің бағыттары мен мазмұны ретінде мыналар танылады: еліміздің өткен тарихы мен халықтың психологиясы Қазақстан азаматтарының елдің болашағына сеніммен қарауы; Қазақстан халықтарының басым көпшілігін құрайтын қазақ халқының өзіндік ерекшелігі; қазақ халқының өз ұрпағын елжандылыққа тәрбиелей алу қасиеті.Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеудің нәтижелері ретінде есептейтініміз: елжандылық қасиеттерін үйренуге талпынысы, елжандылық сипаттағы ағылшын тілі пәнінің мазмұнын эмоционалдық сезіммен қажетсінуі; елжандылық сипаттағы ағылшын тілінің елжандылық қасиеттерді қалыптастырудағы әлеуметтік мәнін түсінуі; ағылшын тіліндегі елжандылыққа баулитын бейнелерге қызығушылығы және аялы көзқарасы; ағылшын тіліндегі мәдени мұра құндылықтарын елжандылық сезіммен қабылдауы; ағылшын тілін оқып үйренудің елжандылық мүмкіндіктерін білуі және түсінуі; елжандылық сипаттағы ағылшын тіліндегі объектілердің мазмұнымен таныс болуы; ағылшын тіліндегі елжандылық мазмұндағы бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін көре, түсіне білуі; бейнелердің ағылшын тіліндегі елжандылық мазмұнына талдау бере білуі; ағылшын тіліндегі елжандылық бейнелерге еліктеуі, үлгі тұтуы; елжандылық мазмұндағы ағылшын тіліндегі шығармаларды талдағанда өзінің елжандылық көзқарасын көрсете білуі; ағылшын тіліндегі елжандылық көріністерді дәлелді әңгімелей білуі, оған деген өз ойын жеткізе білуі. Ағылшын тілін оқытудағы ұлттық ойындарды пайдалану тиімді болып табылады. Ойын арқылы бала қоғамдық тәжірибені меңгереді, сондықтан әр сабақ үрдісінде қандай ойын қолдануға болатынын сабақтың мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдау керек.
Кез келген ойынды қолданғанда келесі мәселелерді естен шығармау керек:
-мектепте әр-түрлі ойындарды ойнаған бала шығармашылдыққа дайын;
-ойын, оның түрі, мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай болуы;
-жарқын көрнекілік ойынды талапқа сай өткізуге ықпал етеді;
-ойынның қызықты материалы тақырыппен тығыз байланыста болуы;
Халық педагогикасының тағылымдарын ағылшын тілі сабақтарында қолдану – оның білімдік және тәрбиелік мақсаттарын жүзеге асырумен қатар халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеп, оқушыларды ұлттық мақтаныш рухында тәрбиелеуде зор мәні бар. Мақал-мәтелдерді қолдану пәнді дұрыс түсінуге мүмкіндік берумен қатар, саналы тәрбиелеудің бір жолы болып табылар еді. Бала ұлттың болашағы, қоғамның әлеуметтік байлығы, біз олардың адамзаттық жоғары парасаттылығын, ақылдылық пен білімділігін, адамгершілік негізін қалыптастыра білуіміз керек. Ұлттық педагогиканы қолдану арқылы оқушыларды әдептілікке, елжандылыққа тәрбиелеуге болады және әр сабақта халық қазынасын насихаттап отырамыз.