АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ағылшын тілі
МЫСАЕВА АЙЫМГУЛЬ , АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мақала авторы: МЫСАЕВА АЙЫМГУЛЬ
Жұмыс орны: І.ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП
Лауазымы: АҒЫЛШЫН ТІЛІ МҰҒАЛІМІ
Порталға жариялану мерзімі: 28.12.2016


Соңғы жылдары қазақстандық қоғамда шет тілдерінің статусы айтарлықтай өзгерді. Қазір шет тілдерін, соның ішінде, ағылшын тілін меңгеру заман талабына айналды. Қазақстаннның әлемдік қоғамдастыққа енуі, елдегі экономикалық, әлеуметтік мәдени жағдай қоғамда шет тілдерін меңгеру қажеттілігін тудырып отыр.

ХХІ ғасырда Америка Құрама Штатының әлемде ықпалының  артуының басты көріністерінің бірі — ағылшын тілін халықаралық тіл деңгейіне көтерді. Интернет ақпараттарына сүйенсек, ағылшын тілі қазір әлемде 375 млн. адамның ана тілі болып есептеледі және 500 миллионға жуық халық оны екінші тіл ретінде қолданады. Күн өткен сайын бұл статистикалық көрсеткіш артып, ағылшын тілін қолданушылар саны миллиардқа жетіп қалды дейді зерттеушілер. Олар ағылшын тілінің әлемде көшбасшылыққа ие болуын тікелей ғаламдастырудың ықпалы ретінде де  қарастыруда.

Еураазияның жүрегінде орналасқан Қазақстанда да  ағылшын тілінің ықпалы жыл сайын басымдылыққа ие болып келеді. Ағылшын тілін заманауи талаптарға сай елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани білімін арттырудың негізгі құралы деп атауға болады. Себебі, Қазақстан қазір әлемдік аренада өз орнын айқындап, халықаралық қоғамдастықтың бөлінбес бір бөлшегіне айналды.

Қазіргі кездегі Қазақстанның лингвистикалық кеңістігін алып қарасақ, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде танылса, орыс тілі ұлтаралық қолданыстағы тіл, ал халықаралық тіл ретінде ағылшын тілі ерекше маңызға ие болып отыр.

Яғни Қазақстандағы тіл саясатының басымдылыққа ие бір бағыты ағылшын тілін мектептерден бастап үйретуге назар аударту. Бұл 2007 жылы ағылшын тілін әлемдік экономикаға интеграциялану тілі ретінде қабылдаған  «Үштұғырлы тіл» жобасынан бастау алды. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында» республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін 2014 жылға қарай  – 10%, 2017 жылға қарай  – 22%, 2020 жылға қарай  – 25% арттыру жоспарланған. Осы бағдарламада «қазақстандықтардың лексикалық капиталының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі шет тілдері болып табылады. Осы міндеттің аясында шет тілдерін оқыту процесінің ауқымды білім беру кеңістігін сақтау көзделіп отыр» деп атап көрсетілген. Сонымен қатар, шет тілдік мәдениетпен өзара іс-қимыл жасау мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы үкіметаралық келісімдер аясындағы мәдени-көпшілік іс-шаралар атқарылатыны атап өтілген. Бұл бағдарламадан күтілетін нәтижеде орталықтардың жалпы санына шаққанда ағылшын және басқа да шет тілдерін үйрету қызметтерін ұсынатын мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының үлесін  2014 жылға қарай  – 50%, 2017 жылға қарай  – 75%, 2020 жылға қарай  – 100% арттыру жоспарланған. Бағдарламаны іске асыру үш кезеңге бөлінген. Осы бағдарламаға сәйкес барлық білім беру орындарында үш тілді білім беру идеясын насихаттауға және ынталандыруға бағытталған арнайы іс-шаралар жүзеге асуда. Мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беру ұйымдарындағы үштілді білім беру және тәрбиелеу қызметіне арналған әдістемелік материалдар ұсынылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Халықтар Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде ағылшын тілінің мағынасы мен рөлі жайлы «ағылшын тілі – қазақстандықтарға инновация, технология мен бизнес әлемін танытатын терезе» деп атап көрсетті.

Жоғарыда атап көрсетілген бағдарламаға сай шет тілдерді оқыту мақсаты мен міндеті өзгеріп, заманауи педагогикалық технологияларды пайдалану көзделуде. Алайда, бұл бағдарламалардың іске асуына ауылдық жерлерге қарағанда қалалық елді мекендерде жақсы жағдай жасалғаны айқын.

Ең басты мәселелердің бірі — мектеп оқушыларының бастауыш сыныптардан бастап шет тілдерін үйренуге психологиялық тұрғыдан дайын еместігі. Бұның екі себебі бар, біріншісі үйдегі ата-ананың көпшілігі шет тілді өзі меңгермеуіне байланысты балаларға үй тапсырмаларын орындауда көмектесе алмауы. Сондықтан, ата-анасының оларға көмектесе алмай қиналғанын көрген баланың санасында «шет тілін үйрену қиын» деген пікір қалыптасады, сол арқылы көпшілігінде тілді үйренуге деген ынтасы нашарлайды. Сонымен қоса, ата-аналарда «мұғалім үйретуге міндетті» деген көзқарастың қалыптасуы. Мәселен, бір сыныпта жиырма оқушы деп алсақ, қырық бес минутта мұғалім сабақ бағдарламасын бәріне бірдей түсіндіреді. Алайда, сол жиырма оқушының тек бес-алтауы қажетті деңгейде қабылдаса, бес-алтауы жай ғана түсінеді, ал қалған жеті-сегізі тіпті мұғалімнің не айтқанына назар аудармайтын болады. Содан келіп бағдарламаны дұрыс меңгермеген жеті-сегіз оқушының ата-аналары мұғалімді білімсіз немесе сапалы білім бермеді деп кіналау мәселелері туындайды. Мұнда негізгі мәселе – оқушының қабылдау қабілетіне тікелей байланысты.

Екіншісі, оқу бағдарламасы, оқулық және әдістемелік құралдар деңгейі. Қазіргідей технологияның қарыштап дамыған ғасырында лингвистикалық өзгерістердің жиі байқалатыны анық. Мысалы, Еуропада жыл сайын жаңадан лексикаға енген сөздердің сөздігін жариялап отырады. Ал, біз оқытып жүрген ағылшын тілі оқулықтары көп жағдайда өзге елдер тәжірибесіне негізделген немесе шетелдік авторлардың кітабы. Сондықтан, көп жағдайда мәдениетаралық және тіларалық коммуникацияда қиындықтар туындайды. Бұл мәселені шешуде шетелдік заманауи оқу бағдарламалары мен оқулықтарымен қоса, отандық оқулықтарды да қатар қолданған дұрыс деп есептеймін. Қоғамда қалыптасқан тағы бір қоғамдық пікір егер оқушы білімсіз болса, оған мұғалім кіналы деген дәстүр қалыптасқан. Әрине, барлық шет тілі мұғалімдері бірдей  білімді немесе білімсіз деп атауға болмайды. Алайда, кез келген шет тілдерін үйренуде қалыптасқан тәжірибе бойынша адамға тілді үйрету емес өзі үйрену маңызды екенін түсінген абзал. Сонымен қоса таңнан кешке дейін жұмыс істейтін мұғалім еңбегінің дұрыс ақталмайтыны оның ай сайын алатын еңбекақысынан-ақ байқауға болады. Сондықтан, мектептегі ұстазға қойылатын талап пен оған төленетін еңбекақы сай болуы керек.

Жалпы жоғарыда атап кеткен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында» көрсетілген республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін арттыру үшін қандай басымдылықтарға назар аударған жөн:

Біріншіден, жалпы білім беретін мекемелерде инновациялық қызметті жүзеге асыра алатын кәсіби білімі жоғары педагог мамандарды дайындау мәселесіне назар аудару:

Екіншіден, үздіксіз тілдік білім берудің заманауи жүйесін қалыптастыру;

Үшіншіден, халықаралық және отандық стандарттарды ескере отырып шет тілдік білім беру сапасын көтеру;

Төртіншіден, шет тілдерін оқытудың инновациялық үдерісін жандандыру;

Бесіншіден, шет тілдерін оқыту бағдарламаларын заманауи талаптарға сай өзгерту.

Бұл басымдылықтарды жүзеге асыру арқылы тілдік білім беру жүйесінің бірнеше міндеттерін жүзеге асыруға болады. Олардың қатарына:

  • білім беру мекемелерінде шет тілдерін оқытуды жақсарту мен оны дамытуға жағдай жасау;
  • білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту;
  • оқыту жүйесін интеграциялау;
  • шет тілдері мұғалімінің біліктілігін көтеру курстарын жандандыру.

Әрине, шет тілдерін оқытуда әлі шешімі табылмаған мәселелер көп. Білім беру мекемелерінде шет тілдерін оқыту бағдарламаларының жетістіктері мен кемшіліктерін талдау, саралау арқылы олардың тиімділігін арттыру маңызды.

 

Әдебиеттер:

  1. 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».
  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Халықтар Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзі. 27 сәуір 2012 жыл [Электронды ресурс] Akorda.kz/ru/speeches/addresses_ congratulations/obraschenie_uchastnikov_xix_sessii_assamblei_naroda.