12 жылдық білім беру жүйесіне көшу — заман талабы

Білім берудің негіздері
Муратова Жамила Ергалиевна, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу — заман талабы

Мақала авторы: Муратова Жамила Ергалиевна
Жұмыс орны: Павлодар облысы Баянауыл ауданы №1Майқайың жалпы орта білім беру мектебі
Лауазымы: Пилоттық жобадағы бастауыш сынып мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 07.02.2018


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды одан әрі дамыту бағытында «100 нақты қадамды» белгілеп бергені мәлім. Соның ішінде елдегі білім беру саласына да ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, 76-қадамда «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізін­де адам капиталының сапасын кө­теру, 12 жылдық білім беруді ке­зең-кезеңмен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мек­тептегі оқыту стандарттарын жа­ңарту. Жоғары сыныптарда жан­басылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» делінген.

12 жылдық білім беруге көшу – неше жылдан бері ел арасында айтылып келе жатқан күрмеу қиын мәселе еді. «Енді осынша жылдан кейін 12 жылдық оқуға көшеді екенбіз, оның осындай ерекшеліктері бар екен» деп жүргенде біздің мектебіміз де Республика көлеміндегі 30 пилоттық мектептердің қатарына енді. Күнделікті тәжірибеде жүйелі түрде жүргізілетін оқулықтың талдауы, қосымша құралдардың сараптамасы сияқты толып жатқан жұмыс барысындағы іс-шаралар арқасында 12 жылдық эксперименттік байыбына бара бастадық. Оның пайдасы мен қажеттілігін біле бастадық.

Біз «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының оқулықтары арқылы оқу бағдарламасын апробациядан өткізудеміз. Сыныпта 20 оқушы білім алуда. Мектепке дейін оқушылар мектепалды даярлық топтарда, балабақшаларда білім алған. Сол себепті қысқа мерзімді сабақ жоспарын құрастыру барысында оқушылардың жас ерекшеліктеріне басты назарды аударамын. Мысалы, «Өрмекшінің өрмегі», «Планшет»,   «Сыртқы және ішкі шеңбер», «Қораптағы сұрақ», «Серпілген сауал» әдіс-тәсілдерін қолдану барысында оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарының арттатындығын аңғардым.  Сабақ барысында ресурстарды молынан қолдануға тырысамын. Мәселен, «Сандық заңдылықтар» тақырыбымен таныстыруда жұмыртқа қорабы мен  қызыл, көк кішкене шарларды қолдану арқылы  оқу мақсаттарына жеттім. Осы ресурстарды  «Ондықтар мен бірліктер» тақырыбында да қолдандым. Яғни, қолжетімді ресурстарды дұрыс, әрі ұтымды пайдалану тиімді.

«Планшет» әдісін көбінде «Блиц-турнир» өткізгенде қолданамын. «Блиц-турнирді» сабақтың қорытынды бөлімінде жиі өткіземін. Сұрақтар қою арқылы оқушының тақырыпты қалайша меңгергендігін анықтаймын.

 

Әрине, тәжірибе барысында осы аталған әдіс-тәсілдермен шектеліп қалмаймын. Семинарларда, коучинг сабақтарда  алған тиімді әдіс-тәсілдерді тәжірибемде қолданамын.